Ыстанбұлдың Зейтинбурну ауданында қазақтың тұңғыш бард ақыны, композитор Табылды Досымовты еске алу кеші өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл, алғашқы Қазақ консулы, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас кеңесшісі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс, «KATEAD» Қазақ қауымдастығының төрағасы Сүлеймен пен төраға уәкілі Эрол Жолшы, Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғалымы Әбдуақап Қара, Вена қаласындағы қазақ қауымдастығының төрағасы Қадыс Зәлін, Мюнхен қаласындағы қазақ қауымдастығының тең төрағасы Сүлеймен Сатқам, мәдениет майталманы Бешір Көсе, Мұстафа Қазантук, Абылай Қылыш, Мұрат Теміз, дәстүрлі әнші Майра Сахитова, «Томирис Хатун» Түркі әлемінің мәдениет, өнер және білім қауымдастығының жетекшісі Анар Байжан және де басқа мәдени қайраткерлер, студенттер мен өнер сүйер қауым қатысты.
Кеш басында Табылды Досымовтың өмірі жайлы баяндалып, бейнебаян ұсынылды. Табылды 1965 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰ университетінің журналистика факультетін тәмәмдаған, Германияда әскери борышын өтеген. Атырау телерадиокомитетінде жаңа облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. «Желтоқсанның жебесі» атты жас талаптар тобының жетекшісі, Индер аудандық тіл басқармасының бастығы, облыстық дәрежедегі «Махамбет» қорының директоры, Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы сынды түрлі маңызды лауазымдарда қызмет атқарған.
Кеш барысында ақынның «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтіп, Ақтөбе облысы мәслихатынын депутаты, «Табылды Досымов» республикалық қорының директоры Бижан Қалмағанбетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер және меценат Қайырбек Баймұратов Табылды Досымов жайлы естеліктерін бөлісіп, Қытай, Моңғолия, Ресей, Орта Азия мемлекеттерінде ақынның шығармашылығын жақыннан танитын тыңдаушылардың алдында концерттік бағдарлама қойып, түрлі іс-шара өткізгенін атап өтті. Сонымен қатар, Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев пен «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың қолдауымен үлкен іс-шара өткенін мақтанышпен жеткізіп, ел ағаларына алғысын білдірді. Енді міне, Қазақ қауымы шоғырланған Түркияның тарихи және мәдени астанасы Ыстанбұл қаласында аталып өткен шара үшін Бас консул Н.Аманқұл, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Е.Уәйіс, «KATEAD» төраға уәкілі Е.Жолшы, профессор Ә.Қара мырзаларға алғысын білдіріп, «Табылды Досымов» республикалық қорының төс белгілерін табыстап, жарық көрген туындысын тарту етті. Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Уәйіс мырза да алыстан ат терлетіп келген қонақтарға «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлының ыстық сәлемін жеткізіп, ұйымның алғыс хаттарын топ басшылары мен өнерпаздарға табыстады.
Аталған кеште Қазақстанның мәдени қайраткері, ақын Орал-Қосай Байсеңгір, «Ұлттық Ұлан» әскери оркесторының мүшесі, әнші Асхат Әмірғалиев, «Таңшолпан» бағдарламасының продюсері, журналист Тәуірбек Жұмабергенұлы және Табылды ақынның тұяғы, ұлы әнші Абыл Аяш ақынның әндерін шырқады. Әр қазаққа белгілі «Биіктік», «Күнекей қыз», «Жалған дүние», «Ұнатамын мен сені», «Сәйгүлік» сында Табылдының гитарасынан туған белгілі әндері айтылып, ақынның өзін, өмірді түсіну жолында айналасындағы адамдардың ішкі жан дүниесін зерттеп, іздеп өткен аз ғана ғұмырындағы туындылары көрерменнің жүрегіне жетті.
Тағы да аса мақтанышпен айта кететін жайт, салтанат барысында Ыстанбұл қаласында қазақ өнерін танытушы, таратушы, белгілі домбырашы Седат Шолақұлы марапатқа лайық деп танылды. 25 жыл бойы мәдениет майданында тер төгіп, Түркияда домбыра үйірмелерін ашып, өнер сүйер халыққа Қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнауды үйретіп, түркі мәдени іс-шараларда ән-жыр мен күй орындап, қазақ өнерін асқақтатуда өз үлесін қосқаны үшін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жарлығымен «Мәдениет саласының үздігі» медальіне ие болды. Аталаған жоғарғы дәрежелі төс белгіні Қазақтың Бас консулы Н.Аманқұл домбырашының кеудесіне тағып, құттықтауын жеткізді.
Кешті ақын Орал-Қосай Байсеңгір және Ыстанбұл университетінің докторанты Жібек Нағмет қазақ және түрік тілдерінде жүргізді. Табылды Досымов сынды біртуар азамат өмірден ерте кеткенмен, артында мол мұра, ойнап та, жылап та шырқалатын туындылары мен адамға ой салатын ғажайып әндері қалды. Қолына гитара ұстаған қазақ жастарының әрбірі кем дегенде Табылдың бір-екі әнін орындап, басқа тыңдарманға жеткізеді. Осылайша неше уақыт өтсе де, заман өзгеріп, мәдениет басқа бағытта дамыса да, гитара ұстаған әр қазақ Табылдың әнін шырқамауын қоймайды. Биыл ақын тірі болғанында 60 жасқа келеді екен. «Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған, бауырыңа басып егіліп жылайсың әлі» деп ақынның өзі айтып кеткендей, шынымен-ақ, бүгінгі кеште ақын өзін сағындырды. Дегенмен де, артында қалған ұлы Абыл бастаған қазақ жастары бард ақынның әндерін өскелең ұрпаққа жеткізіп, оның рухын сөндірмей, есімін өшірмейтіні анық.
Ержан Уәйіс,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы,
Ыстанбұл қаласы.