756
Алысқа аттанады ақ кемелер
Алысқа аттанады ақ кемелер
Жарқыраған күн сәулесінің астында ақ көбік толқындар құмдақ жағалауды аялап соққан шексіз айдындар мен телегей теңіздер адам жанын ұмытылмас әсерге бөлейді. Теңіз жағасында қимылсыз тұрып, алысқа сапар шеккен қимас жандарын күткендер де бақытты, туған жерге табаны тиіп, топырағын сүйгендер де бақытты.
Көк теңізде толқынмен бірге тербеліп, еркін жүзіп бара жатқан кемелерді көргенде ақын Рза Оңғарбайдың «...Арманға аттанады ақ кемелер, Қазақтың жалғыз теңіз қақпасынан» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қазақстан егемен ел атанғалы бері теңіздегі жағдайды мықтап назарда ұстап келеді. Соның нәтижесінде, бүгінде Каспий теңізі арқылы түрлі тасымалдар жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жаңадан ашылған теңіз порттары еліміздің әлемдік аренадағы беделін биіктетуге үлес қоса бастады.
Бұл күнде «Ақтау» халықаралық теңіз портына айналып үлгерді. Қазір халықаралық теңіз сауда портының Қазақстан көлік инфрақұрылымында алар орны ерекше. «Ақтау» порты – халықаралық тасымал жолы арқылы ел экономикасын елеулі жетістіктерге жетелей алатын бірден-бір теңіз қақпасы. Азия мен Еуропаның көптеген елдерінің су-құрлық, әуе-темір жолдарының тоғысар торабында орналасқан бірегей порттың қызметі халықаралық жүк тасымалы жүйесінде айрықша маңызға ие. Тіпті, өзге көршілес елдердегі көлік дәлізімен салыстырғанда, бүгінде Ақтау портының бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай жоғары.
Қазір қазақ теңіздерінде сауда-саттық дамып, зерттеу жұмыстары мен тасымалға арналған су көліктері тоқтаусыз жүріп жатыр. Жалпы, Қазақстанда сұлу теңізге көрік беріп, тасымал жұмыстарымен айналысатын су көліктерінің саны артқан. Бүгінде еліміздің теңіз флоты құрамында 300-ден астам кеме бар, оның ішінде 12-сі халықаралық сапарларға шығады. Теңіз флоты құрамындағы алып кемелердің қатарында «Атамекен», «Жібек жолы», «Түркістан», «Бекет ата» секілді атауларды иемденген кемелер елеулі орын алады. Өткен жылы отандық кемелер елеулі көлемде жүк тасымалдады. Бір ауыз сөзбен айқанда, халықаралық жүк тасымалына жұмылдырылған Қазақстан кемелері ел үмітін толық ақтап келеді.
Ал Каспий теңізі түрлі бағыттағы ірілі-ұсақты кемеге толы. Ел аумағында орналасқан «Ақтау» теңіз айлағы арқылы ғана емес, сонымен қатар Қытай, Әзірбайжан, Латвия порттары арқылы шет мемлекеттерге жөнелтілетін қазақстандық жүк көлемі өскен. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің ішкі су жолдарына жеңілдетілген транзит тәртібін енгізу туралы келісім де тауар тасымалын арттыра түспек. Биыл «Құрық» теңіз портының қуатын 3 есеге арттырып, порт арқылы 4 жарым миллион тонна жүк жөнелту көзделіп отыр. Ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 16 миллион 700 мың тоннаға жетпек. Жылма-жыл кемелердің жүзу жылдамдығы, жарақтандырылуы, сыйымдылығы жетілдіріліп келеді.