1129
КСРО НАТО-ға КІРУГЕ НЕГЕ ҚҰМАРТТЫ?
КСРО НАТО-ға КІРУГЕ НЕГЕ ҚҰМАРТТЫ?
НАТО жайлы әдетте сөз қысқа. Пәлен жерде әскери ойындар өтті немесе ұйымға мүше елдердің басшылары жыл сайынғы басқосуға жиналды деген сыңайдағы едел-жедел ақпараттар ғана. Шын мәнінде, осынау әскери блоктың халықаралық саясатта қандай ықпалы бар екені және оның ғаламдық күн тәртібін өзгертуге қалай әсер ететіні көп айтыла бермейді. Бір ғана мысалды алыңыз, Ресейдің экономикалық құрсауға түсуіне жеткізген оқиғалар тізбегінің бір ұшы НАТО-ға барып тіреледі. Әскери блоктың экономикалық блокадаға не қатысы бар деуіңіз мүмкін, бірақ әлемдік геосаясаттағы соңғы он шақты жылдағы шежірені тарқатып қарасаңыз, бұған күмәніңіз болмас.
Кеше – КСРО, бүгін – Ресей
Анығы, соңғы он жылдық емес, жиырма жеті жылдық тарихты жете зерттеу қажет болар. 1991 жылы КСРО ыдырап, Варшава келісімі күшін жойған соң, Солтүстік Атлант келісім одағы, яғни ағылшынша аббревиатурасы NATO болып оқылатын одақтың мақсаты мен міндет аясы өзгерді. Дұрысы, кеңейді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1949 жылы құрылған ұйымның мүддесі қазіргіден басқа еді. Әу баста ол коммунистік идеологияны ту еткен социалистік елдердің екпінін басу үшін керек болды. Атлант мұхитының екі жағында орналасқан он екі мемлекет КСРО тарапынан болуы мүмкін шабуылдан өздерін қорғауды мақсат етті. Кәрі құрлыққа социалистік лагерьден төнген қауіпке тосылған қалқан есепті еді. Бірақ тоқсаныншы жылдарға дейін НАТО күштері ресми түрде ешқандай соғысқа қатыспағаны да рас. Басты қарсыласы құрдымға кеткен соң, НАТО-ның әскери мақсаты өзекті болудан қалды. Қазіргі кезде 90-жылдардан кейін бұл ұйым тарап кетуі керек еді деген пікір айтылып жүр. Бірақ АҚШ бастаған, Батыс Еуропа елдері қоштаған ұйымға мүше елдер басшыларының ойы өзгеше еді. НАТО енді КСРО-дан босаған, жаңадан егемендік алған елдерді өз қанатының астына алып, идеологиялық және құрылымдық жаңартуларды іске асыруға кірісті. Айтпақшы, 1954 жылы КСРО-ның өзі осы әскери одаққа кіруге өтініш беріп, меселі қайтқанын біреу біліп, біреу білмес. Осыдан соң, 1955 жылы КСРО Варшава келісімі атты бөлек әскери одақ құрған болатын. Бірақ қызыл империяның өзі де, ол құрған әскери одақ та бүгінде тарихқа айналды. Әйткенмен, КСРО келмеске кетсе де, оның басты мұрагері Ресей бар. Путин билікке келген 2000 жылдардан бері Кремль НАТО-ның құзырет аясының кеңеюіне ашықтан-ашық наразы. Әсіресе, 1999 жылы бұрынғы Варшава келісімінің мүшелері – Венгрия, Польша, Чехияның, ал 2004 жылы – Болгария, Румыния, Словакияның және кешегі «советтік бауырлас» елдер – Латвия, Литва, Эстонияның Солтүстік Атлант одағына мүше болып қабылдануы Кремльдің жанына қатты батты. Бұл аз дегендей, 2009 жылы Албания мен Хорватия, 2017 жылы Черногория да альянс мүшелігіне өтті. НАТО-ның бұлайша қанатын кеңге жайып, кешегі социалистік санатта болған елдерді өз панасына алуын Ресей басшылығы өз мемлекеттік қауіпсіздігіне төнген қатер деп санайды. НАТО күшейген сайын Кремль қорғануға мәжбүр екеніне меңзейді. Ал қорғаныстың ең жақсы тәсілі – шабуыл екені бесенеден белгілі. Ресейдің Грузиядағы, Украинадағы қақтығыстарға белсене араласуының сыры осында жатыр. Украинада 2014 жылғы ішкі жағдайға сыртқы күштердің араласуы халықаралық саяси ахуалды одан әрі шиеленістірді. АҚШ, Британия, Батыс Еуропа елдері Ресейді Украинаның ішкі ісіне араласып, оның мемлекеттік тұтастығына қол сұқты деп айыптаса, Ресей, керісінше, АҚШ бастаған Батыс елдерін өзіне қарсы ауыз жаласып, ымырасыз жаулыққа бастап отыр деп санайды. Ал Украина екі түйенің арасында қысылған шыбын секілді «шықпа, жаным, шықпалаған» күйге түсті. Осылайша, НАТО-ның күшеюі Ресейдің сыртқы саясатын күрделендіріп, оған қарсы халықаралық наразылықты арттырды. Бұл теке-тірестің ауаны әзірге саяси-дипломатиялық және экономикалық кикілжің шегінен шыққан жоқ. Бірақ Кремль қарсы екен деп НАТО жаңа мүшелерді санатқа қосуды тоқтатпайды, ал экономикалық санкциялар созылған сайын, Кремль саяси шешім қабылдауда бұрынғыдан ширыға түсетін сыңайлы.Трамп тұсындағы НАТО
НАТО-ның тарихын бұған дейін шартты түрде екіге бөліп қарауға болатын: КСРО күшінде тұрған кезде және Қызыл империя ыдырағаннан кейінгі кезең. Енді Солтүстік Атлант одағының шежіресіне «АҚШ басшылығына Дональд Трамп келгеннен кейін» деген тағы бір өтпелі кезең қосылды. Қазіргі Ақ үйдің альянстағы одақтастары мен кешегі басты қарсыласының мұрагеріне қатысты ұстанған саясатына қарап осылай ой түюге болар. Трамп президенттікке келгелі бір жарым жылда талай рет еуропалық одақтастарын ашықтан-ашық сынап, тіпті, дөңайбат көрсетуден тартынған жоқ. Еуропамен сауда-саттықта тарифтерге қатысты ымырасыз саясат жүргізуден тайынбайтын сыңай байқатады. Ал КСРО-ның мұрагері – бүгінгі Кремль басшысына қарсы бір ауыз сын айтпады, керісінше, барынша дипломатиялық әдеп сақтайтын әріптес болуға дайын екенін көрсетті. Анығында, қазіргі Ақ үй әкімшілігінің Ресейге қатысты нақты ұстанымы қандай екенін айту қиын, себебі бұған дейін Дональд Трамптың Владимир Путин туралы жария болған жеке пікірі әр кездегі жағдайға сай құбылып отырады. Бір жағынан, НАТО-ның ішкі қайшылықтарға шалдығуы заңды да. Себебі қандай да бір блок мүшелерін, яғни ортақ идеяға ұйыған одақтастарды біріктіретін, оларды тізе қосып әрекет етуге көндіктіретін күш – қарсы жақтан төнген қауіп. Ең басты қарсыласы тарих оқулығындағы естелікке айналған соң, натолықтардың басты қарсыласы – Ресей еді. Тіпті, 2016 жылғы саммит кезінде қазіргі одақтың 29 мүшесі түгел Ресейді сыртқы қауіп деп танып, оны тоқтатуды мақсат етеміз деп ресми түрде жариялаған. Алайда бұл – Америкада Дональд Трамп билікке келгенге дейінгі ахуал. Халықаралық саясатта жазылмаған заң – демократиялық елдер ешқашан бір-бірімен соғыспайды. Керісінше, олар демократиялық лагерьге қосылмаған мемлекеттен күні бұрын қауіп күтеді. Сондықтан Ресейдің 90-жылдардан кейін егемендік жариялап, демократиялық сайлаулар өткізіп, нарықтық реформалар жасау талпыныстары сыртта скептицизммен қабылданатын. Әлбетте, Ресейдің демократиялық ел екеніне күдіктенуді негізсіз дей алмаймыз. Сонымен, Ресей кешегі советтік империядан қалған жұрнақ қана болғанымен, Батыс елдері үшін идеологиялық және әскери бәсекелес образында қала берді. Бұған себеп жоқ еді деп тағы айта алмаймыз. Бұған дейінгі президенттер – Билл Клинтон да, Джордж Буш та, Барак Обама да Ресейді ешқашан либералды демократия құндылықтарын мойындайтын ел санатына қосқан емес. Егер «ежелгі дұшпан» ортақ жау болудан қалса, қарсылас лагерьде алауыздық бар деген сөз.Ішкі қайшылық арта түсті
Бірақ альянс мүшелері арасындағы пікір қайшылығы бір Ресейге ғана тіреліп тұрған жоқ. Мысалы, Трамп командасының Иранға қатысты ұстанған саясатына еуропалық елдер түбегейлі қарсы. Биыл мамыр айында Трамп Иранмен 2015 жылы жасалған Ядролық келісімнің күшін біржақты түрде бұзған болатын. Бірақ Германия, Франция және Ұлыбритания қалайда осы келісімді (АҚШ-сыз болса да) күшінде сақтап, Иранды ядролық қару жасаудан барынша алыс ұстауға тырысып бағуда. Вашингтон болса, керісінше, еуропалықтардың Израильге қатысты ұстанған саясатына наразы. 14 мамырда Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Иерусалимге барып, АҚШ елшілігінің жаңа қонысын ашу салтанатына қатысты, ал президенттің өзі «Иерусалим – Израильдің астанасы» деп ашық мәлімдеме жасады. Бұған дейінгі президент Обаманың кезінде АҚШ Израильден біртіндеп бойын аулақ салуға тырысқан еді, ал қазіргі әкімшілік Тель-Авивті басты стратегиялық одақтасы әрі өзінің мүдделес серігі ретінде санайтынын жасырмайды. Еуропа елдері Иерусалимнің мәртебесі туралы біржақты кесім сөз айтудан тартыншақтайды, ал Британия премьер-министрі Тереза Мэй америкалық елшіліктің қоныс аударуына қатысты «Бұл шешім аймақта бейбітшілік орнатуға көмектеспейді» деп мәлімдеме жасады. Сонда Солтүстік Атлант аясында АҚШ пен оның одақтастарының Ресей, Иран, Израиль сияқты кесек мәселелерде көзқарасы тоқайласпайды, тіпті, қарама-қайшы деген сөз. Оның үстіне, Еуропалық одақтың картасы өзгеріске түскен сайын, біртіндеп жайылған вирус сияқты, ыдырау мен ажырау идеясы Солтүстік Атлант альянсына да тарауы мүмкін. Мысалы, Еуропалық одақтан шығамыз деп, кесімді күнді белгілеп қойған британдықтар болашақта осы әскери одақтан шығып кетпесіне кім кепіл? Қазірдің өзінде осындай пікір ашық айтылып жүр. Немесе Еуропаның өз ішіндегі, мысалы, Италия, Франция, тіпті, Германиядағы популистік, әсіреоңшыл көзқарастағы қозғалыстар мен партиялар біртіндеп күш алып, саяси билікке қол жеткізетін болса, Одақ аясында ортақ құндылықтар ұстану түгілі, ортақ саясат жүргізудің өзі өткен күндердің еншісінде қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда Дональд Трамптың натолық одақтастарын сынап, араға ши жүгіртуі анау айтарлықтай арандату көрінбес. Керісінше, бәлкім, осынау күрделі халықаралық жағдайды баққан Ақ үй әкімшілігі өзін суға кеткелі тұрған кемеде отырғандай сезінетін болар. Бәлкім, әркім үшін «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін күн алыс емес шығар? Тағы бір қайшылық – Түркия. Бұл ел НАТО мүшесі болғанымен, Еуропалық одаққа қабылданған жоқ. Бүгінгі жағдайға қарағанда, Еуропалық одаққа қабылдану ықтималдығы жылдан жылға азайып барады. Дэвид Кэмерон айтпақшы, «үш мыңыншы жылға дейін» Еуроодаққа кіре алмайтын сияқты. Ал НАТО жарғысының 2-бабы мүше мемлекеттердің бәрін «бостандық институттарын нығайтуға» үндейді. Осы талап арқылы ұйым аясында либералды демократиялық құндылықтар сақталуы тиіс болатын. Бүгінде еуропалық елдердің дені Түркия либералды демократия құндылықтарын аяқасты етіп, авторитаризмге бет бұрып бара жатыр деп санайды. Осы орайда, Трамптың «НАТО құрамында бір-екі «диктатор» басшы бар» деген сөзі кімге қарата айтылғанын түсіну қиын емес. Түркия, негізі, осыдан 66 жыл бұрын, яғни Германиядан үш жыл бұрын НАТО-ға мүше болған. Онда да бұл одаққа кірген бүгінгі біртұтас Германия емес, 1955 жылғы Батыс Германия болатын. Ал Түркия НАТО құрылғаннан кейін оның кеңеюіне бірінші болып есік ашқан екі мемлекеттің бірі (екіншісі – Грекия). Содан да әскери альянстың басқа мүшелері онымен санасуға мәжбүр. Оның үстіне, қазіргі Түркияның ресми билігі Ресеймен тығыз қарым-қатынаста, ынтымақта болуды жөн көреді. Ресейдің Иранмен және Түркиямен бірге Сириядағы соғысты тоқтатуға талпынып, одан соң Сирия келіссөздерін өткізуге мұрындық болуы жағдайды одан әрі күрделендірді. Осылайша, Солтүстік Атлант елдерін бір кезде біріктірген либералды демократиялық құндылықтар бәріне ортақ бағыт болудан қалуы мүмкін. Сонда алдағы уақытта одақтастардың іргесін ажыратпай, оларды бірге ұстап тұратын не деген заңды сұрақ туады. Соғыс жағдайында, бұл – ортақ жау болар еді. Соғыс алдындағы жағдайда – жаппай қауіп төндіретін қатерлі қарсылас. Өткен айдағы саммитте қабылданған НАТО-ның қорытынды құжатында «Түркияның оңтүстікте туындауы мүмкін қауіпке қатысты алаңын түсінеміз» деген сөздер бар. Бұған қарағанда, НАТО елдері аймақтық соғыс қимылдарын тоқтатпайтыны, керісінше, арттыратыны анық. Ал «оңтүстіктен» төнуі мүмкін қауіптің артында қай елдің тұрғаны мәлім емес. Әйтеуір, альянстың оқ-дәрісін жаудыратын қарсылас табылғалы тұр.Еуропа өзін-өзі қорғауға қауқарлы ма?
Бұдан соң не болар? Геосаяси ұстанымдағы қайшылықтарды былай қойғанда, жақында Трамп одақтастардың ара-жігін ашатын тағы бір мәселенің шетін шығарды: мүше мемлекеттердің мойнына алған өз міндеттерін орындау мәселесі. Анығын айтқанда, НАТО бюджетін толтыру, қорғаныс саласына жұмсалатын шығын көлемін көбейту.
Кей деректерге қарағанда, АҚШ НАТО-ның жалпы шығындарының 70 пайызын қамтып отыр. Мысалы, 2016 жылы бұл ел әскери мақсатта 664,1 млрд доллар жұмсаған, яғни жалпы ішкі өнімнің 3,6 пайызы. Сол жылы НАТО-ның жалпы әскери шығындары 918 млрд доллардан асқан, қарапайым математикалық есепке жүгінсек, альянстың қажетіне жұмсалған қаражаттың кем дегенде 72 пайызы – АҚШ-тың қосқан үлесі. Ортақ келісімге сай, Солтүстік Атлант одағының әрбір мүшесі 2024 жылға дейін қорғаныс саласына бөлінетін қаражат көлемін ЖІӨ-нің 2 пайызына жеткізуі тиіс. Бірақ Еуропа елдерінің көбісі соңғы жылдары қаржылық-экономикалық дағдарыс салдарынан қорғаныс саласындағы шығындарды азайтуға мәжбүр болған. Тек Британия, Грекия мен Эстония екі пайыздық талапты орындап келді. Соңғы саммит кезінде Трамп бұл межені 4 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Сонда АҚШ-тың өзі қазіргіден көбірек қаражат шығаруы тиіс болады. Бәлкім, Трамп осылайша «түйе сұрасаң, бие береді» деген қағиданы іске асыруға бейіл болар. Қазірдің өзінде Американың шығыны 3,5 пайыздан көп, ал еуропалық елдердің дені 1,2 пайыздан асыра алмай отыр. Сонда 4 пайыздық меже қабылданар болса, оны толық орындамаса да, еуропалықтар қорғаныс шығындарына ЖІӨ-нің екі пайызынан көбірек жұмсауға мәжбүр болар. Батыс Еуропаның ең бақуатты мемлекеті саналатын Германияның өзі 2017 жылы қорғаныс саласына ЖІӨ-нің тек 1,2 пайызын жұмсаған. Еуропалықтар әскери дайындық, қару-жарақ өнеркәсібіне бөлінетін қаражатты зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларына жұмсағанды жөн көреді. Америкалықтар болса, еуропалықтардың жанға жайлы тұрмыс кешіп отырғаны біздің қорғанысқа жұмсаған ақшамыздың арқасы деп санайды. Трамптың НАТО мүшелеріне айтқан ащы сыны баспасөз бетіндегі мұндай пікірлердің көбейе түсуіне жол ашты. Бірақ НАТО-ның сырттағы бейбіт операцияларының жанама салдарын АҚШ емес, кәрі құрлық тартып отыр. Ирак, Балқан түбегі елдері, Ауғанстан, Судан, Ливия, Сирия сияқты елдердегі әскери қақтығыстарға НАТО әскерилері тікелей атсалысты. Ақыры, соғыстан бас сауғалаған бейбіт халық Еуропаға қарай босты. Оның нәтижесі кәрі құрлықтағы миграциялық дағдарысты тудырғанын білеміз. Бүгінде Еуропаның кескін-келбеті өзгеріп барады. Париж, Брюссель, Лондон сияқты ірі қалаларда тұрғын халықтың қанын төккен террорлық оқиғалар көбейді... Шын мәнінде, еуропалық елдерді толтырған миллиондаған мигранттар бұл аймақтың келешек тағдырына қалай әсер ететінін әлі алдағы уақыт көрсетеді. Жалпы, Солтүстік Атлант одағы құрылғалы бері өзінің басты миссиясын атқарған емес. Яғни, өз аумағындағы елдерге жасалған қандай да бір басқыншылыққа қарсы қорғаныс майданын жүргізген жоқ. Керісінше, әскерлер мен қару-жарақ аттандырған соғыстардың бәрі – НАТО аумағынан тыс жерлерде болып жатқан қырғындар. Жетпіс жылға жуық уақыттан бері бұл ұйым «болуы мүмкін қауіптермен» соғысып келеді. Мұндай жағдайда, яғни өз басына тікелей төніп тұрған қауіп жоқ бейбіт кезеңде қару-жарақтың жаңа түрлерін жасап шығаруға ақша жұмсауды артық көретін еуропалықтарды түсінуге де болар. Оның үстіне, АҚШ-тың НАТО бюджетіндегі үлесі 72 пайызға жетсе де, бұл қаржының төрттен бірі ғана Еуропаның қорғаныс қажеттіліктеріне жұмсалады. Америка Ұлттық қорғаныс университеті жариялаған дерекке сәйкес, еуропалық елдердің өз аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсайтын қаржысы АҚШ бөлетін қаражаттан екі есе көп. Ендеше, Дональд Трамптың еуропалықтарды америкалықтар қорғап отырғандай міндет ете сөйлеуі қисынға келмейді. Анығын айтқанда, Американың қорғаныс саласындағы бюджет шығындарының төртен үш бөлігі Тынық мұхиты аймағында АҚШ үстемдігін сақтауға, Таяу Шығыстағы операцияларды жүргізуге және басқа аймақтарға бағытталған. Айтпақшы, Франция жақында «Еуропалық интервенциялық бастама» құру жайлы ұсынысты ортаға тастады. Яғни, Еуропалық одаққа мүше елдер мен Британия бірігіп, кәрі құрлықтағы қауіпсіздікке кепіл болатын әскери күштердің тобын құруы мүмкін. Бұл, бір жағынан, Брекситтен кейін іргесі ажырайтын Британиямен әскери бірлікті сақтауды көздесе, екінші жағынан, НАТО-ның бүгінгі жағдайын бағамдаудан туған, яғни, «әркім өз жайын ойлаған» қам сияқты. Егер Дональд Трамп «НАТО-ның күні өткен» деген мәлімдемелер жасап, одақтастарын «Американы пайдаланып отыр» деген сөздермен сынап-мінеуді жалғастыра берсе, еуропалықтар әскери қорғаныста оқшаулану мәселесін мықтап ойланулары кәдік. НАТО-ның ең басты қағидасы – барлық одақтастарға бірдей қорғаныс кепілдігін беру, яғни біреуіне сырттан шабуыл жасаса, қалғаны түгел көмекке келуі тиіс. Ал Трамптың НАТО құрамынан шығу ықтималдығы жайлы айтқан екіұшты сөздері осы кепілдемелік уәденің мызғымастығына күмән түсірді. Рас, Дональд Трамптың бұл сөздері АҚШ-тың өз ішінде де жаппай қолдауға ие емес. Тіпті, оның НАТО құрамынан шығуға талпыныс жасауына заңдық тұрғыда тыйым салу керектігін айтып жатқандар бар. Себебі қазіргі Ақ үй басшысының ойына нелер келіп, күні ертең қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін ешкім білмейді. Париж келісімі сияқты әлемдік экологиялық бастамадан бас тартқаны рас, Транс Тынық мұхиты серіктестігі сияқты экономикалық келісімнен шыққаны рас, Иранмен жасалған ядролық келісім сияқты саяси келісім-шартты біржақты бұзғаны рас, ендеше, күні ертең НАТО құрамынан шығу туралы шешімге қол қоймасына ешкім кепіл бола алмайды. Әлбетте, жетпіс жылға жуық тарихы бар, КСРО сияқты басты қарсыласының күні батқанын көрген әскери одақ Трамптың қалған екі жыл президенттігі кезінде тарай қоймас. Бірақ жаңағыдай саяси мәлімдемелер ұйымның іргесін шайқап-ақ жатыр.НАТО-ға 30-шы мемлекет қосылады
Альянсқа мүше елдердің әскери қуаты, жер көлемі, экономикалық жағдайы әркелкі болғанымен, олардың бәрі ұйым жарғысының 5-бабы аясында қорғаныс кепілдемесіне ие. Ендеше, болашақта НАТО-ның ең «жас» мүшесі Черногория сияқты шағын мемлекеттің тағдыры осы ұйымның тағдырына ықпал етуі әбден ықтимал. Бұл шағын елдегі тұрғын халықтың саны 630 мыңнан аспайды, ал армиясы бар-жоғы 2000 адамнан құралған. Сербиядан тәуелсіздігін 2006 жылы ғана алған, былтыр ғана альянс мүшелігіне қабылданған мемлекет енді сырттан интервенцияға ұшырар болса, 28 мемлекет оны қорғауға асығуы тиіс. Шөкімдей ғана халқы бар мемлекет НАТО-ның қорғауына ең мұқтаж ел екені онсыз да түсінікті. Сондықтан Черногория Ауғанстандағы әскери операцияларға белсене араласып, өз әскерін тұрақты түрде аттандырып отырады. Бірақ Дональд Трамп жақында «Fox News» телеарнасына берген сұхбатында Черногория туралы айта келіп: «Бұл елдің адамдары өте агрессивті. Олар агрессия жасауы мүмкін, сонда үшінші дүниежүзілік соғыс басталады» деді. Осыдан соң НАТО жарғысының 5-бабы Черногорияға қатысты орындалмауы мүмкін деген долбар айтылып, америкалық, еуропалық саясаткерлердің арасында түрлі пікір өрбіді. Егер ұйым мүшелері өз миссиясын орындаудан бас тартса, онда ұжымдық келісім күшін жойып, одақтың ыдырап кетуі ғажап емес. Ұйымның шілдеде өткен саммитінде Югославиядан бөлінген тағы бір кішкентай ел – Македонияға мүшелікке өту туралы ресми шақырту жасалды. Осы аптада Македония парламенті қабылдаған шешімге сәйкес, 30 қыркүйекте бұл ел Еуропалық одақ пен НАТО-ға мүше болуға қатысты референдум өткізетін болды. Осы уақытқа дейін Грекия бұл елдің осы екі ұйымға қабылдануына қарсы болып келсе, жақында ғана екі мемлекет басшылары келісімге келіп, мемлекеттің атын «Солтүстік Македония Республикасы» деп өзгерту жөнінде уағдаласты. Есесіне, Грекия бұдан кейін Македонияның Еуроодақ пен НАТО мүшелігіне өтуіне кедергі жасамайтын болды. Егер екі айдан соң өтетін референдумда екі миллион македониялық осы келісімді қолдаса, онда НАТО құрамы тағы толығуы ғажап емес. Осылайша, Солтүстік Атлант одағының құрамындағы елдер саны 30-ға жетуге шақ қалды. Бұл тағы да Кремльдің қолайына жақпайтын іс екені белгілі. Солтүстік Атлант келісім одағы әу баста либералды демократиялық құндылықтарды қорғау үшін құрылып еді. Сыртқы қарсыласын жеңіп, бұған дейін мерейі үстем болып келді. Бірақ ішкі қайшылықтары – Еуропадағы белең ала бастаған популизм, Америкада күшейіп келе жатқан оқшаулану, Түркияда күшейе бастаған авторитаризм, ең бастысы, сыртқы қарсыласы Ресейге қатысты өз ішіндегі алауыздық – мұның бәрін қалай еңсермек? Бәлкім, мұның бәрі кезекті өсудің алдындағы дағдарыс болар. Егер осы қиындықтардан өте алса – күшейе түсер. Басқаша болса – ақыры белгілі.Ұлыбритания, Ньюкасл қаласы