1010
Әдемілік пен әдептіліктің символы
Әдемілік пен әдептіліктің символы
Әр адам өз ғұмырында ісімен, парасат-пайымымен, қабілет-қарымымен із қалдырады. Ал егер ол өнер адамы болса, ол тұлғаның жасаған дүниелері сол ұлттың мәдени қазынасын байытып, ұрпаққа мол рухани мұра болары мәлім. Сондай суреткерлердің бірі және бірегейі – сахна шебері Зәмзәгүл Шәріпова еді.
Зәмзәгүл Шәріпова – жер жаннаты Жетісуда туды. Оның балалық шағы Жамбыл ауданы, «Көкөзек» ауылында өтті. Мектеп қабырғасында жүргенде жас қыздың өнерге құштарлығы оянады. 5-сыныпта «Сын сағатта» деген қойылымға қатысып, Рәш деген қыздың рөлін ойнайды. Өнерге құштарлық мектепті бітірісімен Алматыға жетелейді. Бұл соғыс аяқталып, халық шаруашылығы қалпына келіп жатқан шақ еді. Жастар өз армандарына ұмтылып жатты. Зәмзәгүл де арманына қол созып, 1948 жылы Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіреді. Одан «Қазақфильм» киностудиясында актриса, «Қазақ радиосында» диктор болып еңбек етеді. Актрисаның диапазонының кеңдігі, дауыс бояуының сұлулығы мен қанықтығы көрермендер мен тыңдармандарды бейжай қалдырмады. Жас актрисадан үлкен үміт күткендердің бірі Рахия Қойшыбаева болатын. Ол жас актрисаны жетектеп, М.О. Әуезов театрына алып келеді және 1953 жылы Зәмзәгүл Шәріпова М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданады. Ал театрда оның арқа сүйері, ақыл-кеңесін аямайтын Серке Қожамқұлов пен Сәбира Майқанова еді. Міне, сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет етіп, ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургияда көптеген бейнені сомдады.
Театр – өзгеше әлем. Қойылым уақытында көрермендерді кейіпкерлер өміріне, сол оқиға кезеңіне ендіріп, тылсым дүниеге жетелейді. Кейіпкерлер тағдыры, дүниетанымы, олардың қарым-қатынасы, сезімі жақсыға ұмтылдырып, жаманнан жирендіреді.
Ал актрисаның әр рөлінде қиындық пен қиналыс, іздену мен шыңдалу жатыр.
Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Зәмзәгүлдің тек өзіне тән қасиеті – ол сахнада қандай бір құбылыстарға барынша құлай сенеді. Өнер адамына тән жарасты аңғалдығы, адалдығы бар. Сәби мінезді. Олай десек, осы ізгі қасиеттердің бәрі табиғи шынайылыққа әкеп соқпай ма?
Ал шынайылық бар жерде, диапазон, яғни өре, ауқым, алым деген нәрселердің өнерпаз үшін ауылы алыс емес. Актер адамның, ол мүсіндеген кейіпкерлердің эстетикалық болмысы, табиғи бояуы, әдетте сол өнерпаздың өзінің әдепкі төл-тума мінезінен, оның адамшылдық, азаматтық қолайынан туындап жатады. Бұл ретте, Зәмзәгүл Шәріпованың кісілік, қарапайымдылық, адалдық қасиеттері ерекше көзге ұрып жатады», – деп жазады өзінің «Сахна саңлақтары» кітабында.
Зәмзәгүл Досанованың театр сахнасында жасаған бейнелерінен галерея жасайтын болсақ, драматургияның ұлттық және әлемдік классика жауһарлары кейіпкерлерінің бейнелері шеру тартар еді. Олардың қатарына: М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Айман, «Қарагөзіндегі» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» Ақтоқты, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард ІІІ» спектаклінде Королева, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л.Зориннің «Варшава әуендерінде» Гелена, М.Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген бейнелері кіреді.
Осы бейнелерді шығару үшін актриса өз кейіпкерлерін терең зерттейді. Оларды өз жүрегінен өткізіп, олардың болмысын, жан-дүниесін көрермендерге ашып көрсетуді алдына мақсат етіп қояды. «Шіркін-ай, халық әндерінің әсеріне не жетсін, – дейді ол, – кең даланың кең қиялындай өлеңдер әрі сазды, әрі мағыналы болып келеді. Сахнаға шығар сәтімде «Қараторғай» мен «Екі жиренді» ыңылдап, ішімнен айтатын әдетім бар. Көктемгі шуақ та, қабыршық мұздар да, бал тілді бұлақ – міне, осының бәр-бәрі жаныңа жылу құйып, жас балаша елітетіні бар. Мен жаңа бір рөлдерді дайындауда таңғажайып табиғатқа сейілдеп шығатынмын. Сонда мен жалғыз аяқ жолмен ұзақ жүріп, сонау бір қысылтаяң, болайын деп бола алмай жүрген балалығымызды есіме түсіріп, майда мұңға берілетінмін, менің марқайған бақытты санамнан, сезім түйсігімнен бұлақ басында жылап отырған күнім әсте де кетпейді. Ол маған қуат береді, өмірді үйретеді. Бәрі де балалықтан басталмай ма? Айталық, Қаракөзді дайындау үстінде өзімнің де көңілім босап, әлденені жазғым кеп, сүйікті кейіпкерімнің мәңгілік махаббатын өлең жолына түсіріппін ғой. Менің пірім – Қарагөз. Мен оны Сырымнан да қызғанам. Мен оған ғашықпын». Зәмзәгүл Шәріпованың жүрекжарды сыры Оралхан Бөкейдің қаламымен «Менің пірім–Карагөз» сыпаттамасында осылай өріледі. Міне, актрисаның шығармашылық зертханасына үңілсеңіз, ол Табиғат-Анадан күш алатынын байқайсыз. Жасаған бейнелерінің де шынайы шығатыны содан деп ой түйесіз. Актрисаның бойындағы ғаламат шығармашылық қуаттың тағы бір қайнар көзі халықтың ауыз әдебиеті, ән-жыры, салт-дәстүрі екенін аңғарасыз. Актриса қандай бір кездесу, телехабар болса да өлең, көркем сөз оқығанда, томағасы сыпырылған қырандай сезінеді өзін. Кеңістікте еркін самғап, өзінің әуезді үнімен ғажайып әлемге жетелейді.
«Ең бастысы, Зәмзәгүл ұлттық дәстүрімізді, халқымыздың әдет-ғұрпын, психологиялық ерекшеліктерін, құнарлы тілін жан-жақты игерген. Әсіресе, тарихымызды сөз ететін көлемді шығармаларда, әрбір сөздің өзіндік ажарын тап басып танып отыру, тап басып қана қоймай, сол тасып-төгіліп жатқан нәрлі де әрлі тілдердің көңілден таса жатқан құпия астарларын ойлы аңғару – Зәмзәгүл шығармашылығының айрықша жетістігі» деп жазады театр сыншысы Әшірбек Сығай.
«Мен өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері қазақ театры, кино өнері саласында қызмет етіп келем. Театрсыз ұлтты, мемлекетті мәдениетті және өркениетті ел деп айту – өте қиын. Театр өте асыл, ардақты, бекзат өнер. Ол адамды адамгершілік пен сұлулыққа, өмірдің мәнін ұғынуға шақырады, ақыл-парасатқа үндейді», – дейді Зәмзәгүл Нүсіпбекқызы бір сұхбатында.
Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында актриса Қарагөздің бейнесін шынайы сомдады. Сүйгеніне қосыла алмай, кертартпа қоғамнан теперіш көріп, жаны жараланады. Оның өз кейіпкерінің әлеміне еніп, күйзеліп, дертке шалдыққан тұсын көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей: «Сырыммен қайтып қосыла алмайтынын білген Қарагөз, қайғы-қасіретіне төзе алмаған Қарагөз есінен ауысты. Сіздің көз алдыңызда дода-додасы шығып, дірілдеп жатқан бір бейбақ... «Қайран Қарагөз!» Бұл – анау сахна төрінде топырлап жүрген қауымның да, мынау көрерменнің де аузынан ah ұрып шыққан сөз... Сіз бұл сөзді жаныңыз жаншыла, шын күйініштен туған күйзеліспен айтасыз. Көрерменнің көзінде жас. Әнеубір қария терең күрсінді, әнеу бір жап-жас қыз қасындағы жігітке тығыла түсті. Залды тым ауыр қайғы басқандай, сахнадағы көрініс үлкен өмірдің өзіндей бүкіл бір дәуірдің бар болмысын, ішкі тіршілігін, қайғы-қуанышын «Miнe, куә бол, халайық» деп жайратып тастады алдыңа. Қарагөз енді жоқ. Күрсіну, жылау. Бұл актердің құдіреті. Керегі де сол еді. Көрермендердің жүрегіне жарылқаушы сәуле боп кіру еді. Ол міндет орындалды. Олай болса, актер бақытты. Неше күнгі еңбек, ізденіс, маңдай тер босқа кетпеді. Демек, Қарагөздің қайталанбайтын сол бейнесі тұлғаланды қазақ театрының сахнасында» деп толғайды.
Осы Қарагөз бейнесін қалыбынан айнытпай, шегіне жеткізе бейнелегені үшін Мұхтар Әуезов актрисаға бата берген деп атап өтеді театр сыншылары. Сондықтан Зәмзәгүл Шәріпованың көрермендер есінде «Қазақтың Қарагөзі» болып қалғаны заңдылық.
Зәмзәгүл Шәріпова қазақ киносында да өзіндік із қалдырды. 1955 жылы Шәкен Аймановтың «Өжет қыз» фильміне түседі. Актриса мұнда жас бойжеткен Нұржамалдың бейнесін сомдады. Фильм оқиғасы Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнау кезеңін алға тартады. Ақтанбай ауқатты адам. Ол өз малын айдап, шекара асып кетпекші. Ал асудан өтетін соқпақты қойшы Малбағар ғана біледі. Өзіне жолбасшы ету үшін Ақтанбай Малбағарға жетім қыз Нұржамалды күштеп береді. Бірақ жолда Нұржамалдың көз жасын көріп, өзіне әйел болғысы келмейтінін ұққан Малбағар қызды еркіне жібереді. Нұржамал көп қиындық көрсе де мойымайды. Оқып, білім алады. Көп жылдар өткен соң өз ауылына дәрігер болып оралады. Нұржамалдың өжеттігін Зәмзәгүл Шәріпова шынайы бейнелейді.
Зәмзәгүл Шәріпова 1957 жылы «Біз осында тұрамыз» фильміне түседі. Кинотуынды тың игерушілер туралы еді. Актриса Динаның бейнесін сомдады.
1958 жылы «Советский экран» журналының №16 санында «Замандастарымның жарқын бейнесін жасағым келеді» деп жазды.
Ал 1961 жылы түсірілген «Өмір жолы» фильмі Түрксібті салушылар туралы болды. Мұнда актриса құрылысшы Хадиша бейнесінде көрінеді. Жас жігіт Оспан екеуінің жол құрылысындағы еңбегі, сезімі, қиындықтарды жеңулері фильмде әдемі өріледі. Олардың тағдыры Қазақстан жайлы материал жинап жүрген қытай жазушысын қызықтырады.
Актриса бұдан өзге Прокурор («Шыңдағы шынар», 1965), Қарлығаш («Абай» телефильмі, 1976), Балзия («Заман-ай», 1997) сияқты басқа да кейіпкерлерді сомдады.
«Өнердің ең тамаша сапалылығы – шындығы» деп жазады Оралхан Бөкей.
Зәмзәгүл Шәріпова театр мен кинода өзінің табиғилығымен ерекшелене білді. Кейіпкерлерінің жан-дүниесін жасандылықсыз шынайы көрсетіп, көркемдікпен ашқаны үшін халықтың ықыласына бөленді.
«Зәмзәгүл – әдемілік пен шеберліктің символы. Қарагөз, Ажар сынды образдарды аса биік деңгейде сомдаған актриса. Театрда өзіндік мінезімен ерекшеленген талант иесі. Театр үшін туған, театр үшін жаралған тұлға. Сахнада әдемілік пен мінезділікті, адамгершілік пен сыйластықты ұштастыра білген. Мен сыйлайтын, құрметтейтін адамдардың бірі. Зәмзәштің жас кезін есіме алсам, қабырғам қайысады. Көз алдымда Зәмзәштің тек әдемілігі мен әдептілігі қалыпты. Осындай жақсы адамның ортадан кеткені жүрегіңді ауыртады. Қимаймыз...» Бұл – Зәмзәгүл Шәріпова дүниеден озғанда Асанәлі Әшімовтің күңірене айтқан сөзі.
Енді Зәмзәгүл Шәріпованың театр мен кинодағы кейіпкерлерінің салтанатты шеруі басталды. Оның мұрасы ұлттың рухани игілігіне айналғалы қашан. Есті ұрпақ сол қазынаны қаузап, қазақ өнері, әдебиеті мен тарихынан сусындайды.
Нұрлан Есенов,
тарих ғылымдарының кандидаты
Тараз қаласы