349
Екі жүректі Месут
Екі жүректі Месут
Месут Озил Германия құрамасы сапындағы мансабын аяқтады. Спортшы бұл туралы «твиттер» парақшасында ресми мәлімдеме жасады.
«Кеудемде 2 жүрек бар. Бірі «неміс», бірі «түрік» елі үшін соғады» деп басталған мәлімдемеден Месуттың неміс билігіне деген өкпесін байқауға болады. Спортшының түрік президентімен түскен суретін неміс бұқаралық құралдары сынға алып, саяси астар іздеп бақты. Осы жайында толықтай түсініктеме берген футболшы: «Мен Германияда өстім, бірақ отбасымның ататегі түріктен тараған. Бала кезімнен бастам анам туған елімді ұмытпауға және оны құрметтеуге баулыды. Осы аталған құндылықтар күні бүгінге дейін мен үшін маңызды. Мамыр айында президент Ердоганмен Лондондағы қайырымдылық және білім беру мерекелік кешінде жолықтық. Онымен түскен сурет ешқандай саясатқа да, таңдауға да қатысы жоқ. Ол менің отбасымның ел басшысына деген жеке құрметі. Мен саясаткер емес, футболшымын» деп біршама жан сырын жайып салды.
Президент Ердоганның да бала кезінде футбол ойнағанын тілге тиек еткен Месут кездесу үстінде саяси жағдай жайы емес футбол тойы сөз болғанын айтты. Неміс бұқаралық ақпарат құралдары мәселенің мән-жайына байыппен қарамай, барлығын түбегейлі өзгертіп жіберді. Бірақ шындық біреу, мен сонда Түрік президентімен кездеспеуім керек пе? Ол ашықтан-ашық менің шыққан тегім мен ата-бабама құрметсіздік болады» деп Озил өз ойын тарқатқан.
Және Месуттың ғаламторда талқыға түсіп жатқан «Жеңсем – неміс, жеңілсем – келімсек екенмін» деген сөзінің астында үлкен зіл жатқаны анық.