Жетім балалар баспаналы болды

Жетім балалар баспаналы болды

Жетім балалар баспаналы болды
ашық дереккөзі
Ағымдағы жыл Ақтөбе облысында «Бала жылы» деп жарияланған болатын. Соның аясында «Бақытты бала» ауқымды жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапты. Сонымен бірге, жобаға қатысуға отбасы және бала мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары ниет білдірді. Басты мақсат – балаларға, олардың интеллектуалдық, физикалық, рухани-адамгершілік жағынан дамуларына қолайлы жағдай жасау. Бүгінде жоба барлық сегіз бағыт бойынша табысты жүзеге асырылып жатыр. Сонымен, білім басқармасының мәліметінше, «Балалардың ІТ әлемі» бағыты аясында 20 мектепті интерактивті жабдықтармен, кешенді робот техникаларымен, 3D-принтерлермен жабдықтау жалғасуда. Бұл жұмыс бүгінде Қобда, Мәртөк, Ойыл, Темір және Хромтау аудандарында толықтай аяқталды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қабылдануда. Бұл үшін «Кедергісіз білім» іс-шараларының жекелеген блогі жасалған. Ерекше балақайларға арналған балабақша мен Қазақстандағы тұңғыш жыл бойғы инклюзивті «Күншуақ» демалу және сауықтыру лагері ендігі ашылып, жұмыс жасап жатыр. Бұдан басқа церебралды сал ауруымен және аутизммен ауыратын балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, оңалту орталықтары ашылды. Жалпы облыстағы 34 мектепке кедергісіз білім беру ортасын жасау көзделген. «Дені сау болашақ» блогін жүзеге асыру үшін бүкіл облыс бойынша 140 спорт, ойын және воркаут алаңдары, сонымен қатар жабық спорт кешені мен 24 хоккей корттары салынып жатыр. Бұл мақсатқа 385 млн теңгеден астам қаражат аударылмақ. Денсаулығында күрделі кінәрәті бар балалар қымбат тұратын медициналық қызметтерді тегін алатын болады, соның ішінде Оңтүстік Корея мен Түркияға емделуге жіберіледі. Осы жылғы тамыз айының соңына дейін 118 мың бала жазғы демалыспен қамтылмақ. 10 мыңнан аса бала Қазақстанның киелі жерлеріне тегін саяхаттау үшін мүмкіндік алды, тағы жүздеген жас ақтөбелік Татарстан, Өзбекстан, РФ-ның Орынбор облыстарындағы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болып қайтады. Сонымен қатар Ақтөбенің өзінде «Артекке» ұқсауы тиіс «Әсем» жыл бойғы лагері ашылған болатын. Бұдан өзге «Бақытты бала» жобасы аясында кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған мыңдаған баланы өз қамқорлығына алды. Олар балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшоттарын үнемі толтырып отырады. Жоба басталғалы бері 58 жетім бала баспаналы болды.