345
Шемонаиха қаласында 39 көшенің атауы өзгереді
Шемонаиха қаласында 39 көшенің атауы өзгереді
Жыл аяғына дейін Шығыс Қазақстанның Шемонаиха қаласында 39 көшенің атауы заман талабына сай өзгереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Шемонаиха аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсия Селтееваның айтуынша, қазірдің өзінде шаһардағы 23 көше жаңа атауға ие болған.
Енді қыркүйек айына дейін тағы 16 көшенің атауы өзгермек. Шемонаихалықтар жалпыға ортақ істе белсенділік танытып, ұсыныстарды бір ауыздан қолдап әкетуде. «Әр көшенің атын өзгертпес бұрын тұрғындарды жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірнеше көшеге осы Шемонаиха топырағынан шыққан батырлардың есімі берілді. Қалғандарына Тәуелсіз Қазақстанның қастерлі ұғымдары ұсынылып отыр. Әзірге қайта аталған 23 көшенің 70 пайызына қазақша атау берілді. Тұрғындар да бұл өзгерістерді құптап отыр. Ең бастысы, барлығы заң аясында жүзеге асуда», - дейді Әсия Селтеева. Шемонаиха ауданында көшелерден бөлек елді мекен атаулары да ескінің сарқыншағынан арыла алмай келеді. Әкімдік өкілі бұл бағыттағы өзгерістер келесі жылға жоспарланғанын айтады. «Мәселен, Қызыл Шемонаиха деген ауыл бар. Біздің ауданның да, оның орталығының да аты - Шемонаиха. Оған қоса Қызыл Шемонаиханы қосыңыз. Былай қарасаңыз, үш атау да бір-бірін қайталап тұр. Оның үстіне «Қызыл» деген сөз де тәуелсіз Қазақстанның картасына сәр бермесі анық. «Қызылкүнгей», «Қызылағаш» сияқты жер бедерінің ерекшелігіне байланысты болса, бір сәрі. Әзірге ол ауылдың нақты қалай аталатынын белгісіз. Бірақ жаңа есім алатыны анық», - дейді Әсия Селтеева. Ауданда бұған қоса төрт мектептің атауы жаңаланды. Бұл ұсыныстар қоғамдық кеңестің мақұлдауынан өтіп, облыстық ономастикалық комиссияға жолданыпты. Мысалы, Киров атындағы орта мектеп бұдан былай М.Әуезовтің атын алмақ. Атауы өзгерген көшелердің қатарында аудан орталығының үш орталық көшесі бар. Урицкий көшесіне - Кеңес Одағының батыры Серікқазы Бекбосыновтың, Советская көшесіне жазушы Анатолий Ивановтың, Чапаев көшесіне Халық қаһарманы Александр Капориннің есімі берілуі мүмкін. Сонымен бірге, Желтоқсан, Бастау, Тәуелсіздік, Мерей, Жастар, Ертіс, Бірлік сынды атаулар идеологиялық тұрғыдан ескі атауларды орнынан ығыстырмақ. Ал Октябрский ауылдық округінің Луговое ауылы Жастар деген атауға ие болуы мүмкін.