890
Қазақ даласын шарлаған ағылшындар туралы кітап жарық көрді
Қазақ даласын шарлаған ағылшындар туралы кітап жарық көрді
«Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібір және Қазақ даласындағы бастан кешкендері». Дәл осындай атаумен британиялық жазушы Джон Масси Стюарттың биографиялық туындысы жарыққа шықты.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов қатысты. Салтанатты шарада одан бөлек Корольдік географиялық қоғамның мүшелері, іскерлік және академиялық ортаның, Біріккен Корольдік қауымдастығының өкілдері болды. Тұсаукесер рәсіміндегі қонақтар қатарында Аткинсондардың ұрпақтары Стив Браун мен Пеппа Смит бар.
Аталмыш кітап ержүрек ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон жайында жазылған. Бұл – Томас және Люси Аткинсондар жайында жазылған екінші кітап. 2015 жылы британиялық журналист Ник Филдингтің «Ұлы даланың оңтүстігіне қарай: Томас және Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты» атты кітабы жарық көрген еді. Ал Стюарт еңбегінде саяхатшылар сапары одан әрі тереңірек зерттелген.
ХІХ ғасырда Томас Аткинсон жұбайы Люсимен жеті жыл, жеті ай бойы сапарлатып, Сібірде және Қазақ даласында болады. Сол сапарда жүріп ұлды болған ерлі-зайыптылар балаларына жергілікті тау мен бұлақтың құрметіне Алатау Тамшыбұлақ деген есім береді. Айта кетейік, Томас Аткинсонның ұрпағы Пеппа Смит те 10 апта бұрын дүниеге келген қызын Алатау деп атапты.
Сонымен бірге, кітаптың бас кейіпкері сапар барысында жергілікті халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрі жайында қойын дәптеріне жазып отырған. «Бұл кітапты жазу үшін мен бірнеше жыл бойы зерттеу жүргіздім. Міне, енді оны басып шығарудың сәті туды. Туындыны кітапсүйер қауым жоғары бағалайды деп ойлаймын», – деді туынды авторы Джон Масси Стюарт кітаптың тұсаукесер рәсімінде.