361
Кереку өңіріндегі келелі кеңес
Кереку өңіріндегі келелі кеңес
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сейсенбі күні Павлодар қаласына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Елбасының қатысуымен өткен кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері қатысты.
Павлодар қаласына сапары барысында Елбасы өңірдегі бірнеше кәсіпорындарға бас сұғып, өндірістік саланың жай-күйімен танысқан еді. Арнайы кеңесте Мемлекет басшысы әңгімені сол кәсіпорындардан бастады. «Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осылай дей келе, Елбасы Павлодар облысы басшылығының аталған мәселелер бойынша нақты жұмыс атқарып жатқандығын, өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын атап өтті. Одан әрі Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне айрықша назар аударып, бұл өңірдің өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор екенін жоғары бағалады. «Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді, жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созылады. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Елбасы шикізатты қайта өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселесіне тоқталды. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы өңірдегі алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын компаниялардың және өзге де кәсіпорындардың жұмысымен танысқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруды, осы іске инвестиция тартуды тапсырды.
Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Облыс басшысының дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша, өңірдің жалпы өнімі алғаш рет 2 трлн теңгеден асып, 3,6 пайызға жеткен. «Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 пайызға артты. Облыс кәсіпорындарындағы өндіріс үдерістерін цифрландыру жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды», – деді облыс әкімі.
Ал жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өндіріске халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінде көрсетілген «жасыл» технологияларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекаралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.