Ел тірегі – Елорда

Ел тірегі – Елорда

Ел тірегі – Елорда
ашық дереккөзі
478
Алматы қаласындағы №32 кітапханада белгілі саясаттанушы Айдос Сарыммен кездесу өтті. Жиынды жас қаламыздың 20 жылдық торқалы тойына орай Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.  Кездесуде саясаттанушы бас қаланың құрылу кезеңі мен бүгінге дейінгі даму қарқынына тоқталып, өзіндік ерекшеліктерін сөз етті. Ол«Астананы арқаға көшірудегі басты мақсат – еліміздің тұтастығын, бірлігін сақтап, халықты қазақыландыру еді. 1997 жылы Елордадағы қазақтың саны 16-17%  құраған. Ал қазір 76-78 % -дық көрсеткішті көрсетеді. Бұл әрине үлкен жетістік. 20 жыл бұрынғы мен бүгінгі  Астананы салыстыру тіптен мүмкін емес. Қазір алып қалаға айналып, бейбітшілік, ынтымақтастық және келісім ордасы ретінде орнықты. Еліміздің мақтанышы, көз қуанышы. Бүкіл халық абыройының асқақ көрінісі. Жас қалаға дүниежүзі халықтарының көпшілігі туристік, дипломатиялық сапармен қонаққа келіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып келе жатыр» -деді. Сондай-ақ, Елорданың этникалық келбетінің қыр-сыры, әлем елдерінің тарихында шапшаң жылдамдықпен қарыштаған еңселі шаһарға айналғанына ерекше тоқталды. Бұған қоса, Елорда Алатаудан Арқаға көшіріліп, солтүстікті қазақыландыру бүгінгі уақытта өз нәтижесін бере алғандығын әңгімеге арқау етті. «Астананы көшіру туралы шешім шыққанда көптеген пікірталас орын алды. Қолдаушылар да, қарсы шыққандар да болды. Ал бүгінде жүйелі жұмыс пен жоғары нәтиженің арқасында көптің көңілі орнына түсті. Біз осы күнімізге шүкір айта білуіміз керек. Өйткені, біздің деңгейімізге жете алмай жатқан, бейбіт елді аңсайтын елдер қаншама. Небәрі аз уақыт ішінде адам танымастай өзгерген Астанадан алдағы уақытта да күтеріміз көп. Енді алдағы 10 жыл қазақ үшін тағдырлы, шешуші, өзінің жаңа болмысын анықтайтын жылдар болмақ. Оның ішінде халық санының өсімін күшейту, қалаларды қазақыландыру, рухани, саяси ахуалды бекітуді одан әрі күшейту керек»- деп сөзін нақтылады. Іс-шараға қатысушылар Айдос Сарымға көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Сонымен қатар, еліміздің ары қарайда егемендігі сақталып, босағамыздың берік болғандығын қалайтындарын жеткізді. Саясаттанушы да ұрпақ сабақтастығы жалғасып, білімді, саналы жастардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанатынын айтып, кездесуді қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары