549
Астананы асқақтатқан 20 жыл
Астананы асқақтатқан 20 жыл
Алматы қаласындағы № 45 кітапханада «Ел-шежіре» қоғамдық қоры Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әлібек Асқаровпен кездесу өткізді. Жиын Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Кездесудің басты мақсаты – Астананың еліміздің дамуына қосқан үлесі мен атқарылған істерін барлық буын өкілдеріне тыңғылықты түсіндіру.
Тың идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелген Астананың 20 жылдығы халықаралық деңгейдегі айтулы оқиға. Осы орайда Әлібек Асқаров жас қаланың екі он жылдықтағы қалыптасу және қарышты даму кезеңі хақындағы ой-толғанысын ортаға салды. Сондай-ақ, бірлік пен келісімнің жалпы ұлттық үлгісі бола алғандығын, бүгінде халқы бір миллионнан асатын алып қалаға айналғандығын әңгімеге арқау етті. Ол «Қазақстанның қазіргі заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені мəлім. Елбасының осындай батыл қадамға баруына түрлі фактор себеп болды. Ең бастысы еліміздің экономикалық жəне геосаяси мүддесіне байланысты еді. Астана ел аумағы ортасында орналасып, Еуропа мен Азияны жалғастыратын алтын көпір. Бұрынғы мен қазіргі қаланы еш салыстыруға болмайды. Елорданы алып қала етіп қалыптастыруға бір емес, бірнеше жылдар кетті. Қомақты қаржы құйылып, көп күш жұмсалды. Бүгінде Астана –жедел қарқынмен дамып келе жатқан заманауи қала. Оны бүкіл əлем мойындап отыр» -деді.
Бұған қоса, « Сол кездің өзінде үйлер қымбаттау еді. 2-шілде күні көшіп бардық. Қаланың ішіне кіргенде «Біз қайда келдік?Мына жерді астана жасағанша қай заман?» -деген күдік санамызда сайрап тұрды. Сол күні аспан ашық болса да, жылы жаңбыр құйып жауды. «Алланың нұры жауды»– деп жақсылыққа баладық. Ал басқа министрліктер мен президент әкімшілігі 10 желтоқсанда 6 айды артқа тастап бізден кейін ат басын бұрды. Осылайша алғаш біздер көшіп барған болатынбыз. Міне бүгінде күдігіміз сейіліп, үкілеген үмітіміз ақталды. Шет елдермен тереземіз теңесіп, асығымыз алшысынан түсті. 20 жыл бұрынға шешіміміздің дұрыс болғанына қазіргі уаақытта шүкірлік айтамыз. Астана – Еуразияның дəл кіндігінде орналасқан əсем шаһарлардың бірі əрі бірегейі»- деп Әлібек Асқаров өз сөзін әдемі естеліктерімен аяқтады.