350
Екі елге талас болған
Екі елге талас болған
Македония Республикасының атауы төңірегінде ширек ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан дауға нүкте қойылды. Республиканың атауы өзгеріп, картада Солтүстік Македония Республикасы пайда болды. Грекия мен Македонияның премьер министрлері Алексис Ципрас пен Зоран Заев 13 маусым күні балқан мемлекетін «Солтүстік Македония Республикасы» деп атауға келісті.
Республиканың атауын ресми түрде өзгертуге байланысты жалпыхалықтық референдум осы жылдың соңына қарай өтуі тиіс. Ал Македония енді жаңа өзгерістерге байланысты Конституцияға өзгертулер енгізуі шарт. Бұған дейін Македония президенті мемлекет атауын өзгерту туралы құжатқа қол қоюдан бас тартып келген. Скопье тұрғындары мемлекет басшысының қадамын қолдап, наразылық шараларын да ұйымдастырған еді. Мыңдаған адам үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен.
Ал Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас бұл шешімді тарихи маңызы зор оқиға деп бағалап отыр. «Бұл қадамның тарихи маңызы зор. Өйткені бұл шешім тек Еуропа елдеріндегі емес, сонымен қатар, Балқандағы ынтымақтастық пен бейбітшілікті нығайта түсетініне сенімім мол. Сонымен қатар, бұл өзгеріс гректердің Македониясы мен солтүстіктегі көршілеріміз арасында айырмашылық бар екенін көрсететін болады», – дейді Алексис Ципрас. Айта кетейік, ресми Афина бұл келісімнің жасалғанына ерекше қуанғаны сөзсіз. Өйткені Грекия мемлекеттің солтүстігіндегі Македония қаласына байланысты шекаралық шиеленісті болдырмау мақсатында Македония Республикасының атауын өзгертуді талап етіп келген.
Мемлекеттің атауына байланысты дау Македония өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы басталған. Ал құрамында дәл осылай аталатын шаһары бар Афина сол кезден-ақ наразылық білдірді. Сол кезде бұл атауды 142 мемлекет қолдағанда да Грекия жалғыз өзі қарсылық танытып еді. Халықаралық деңгейге жеткен даулы мәселе реттелгенше Македонияны «Бұрынғы Югославияның Македония Республикасы» деп атау ұйғарылған. Бірақ түбінде Афина өзінің қалағанына қол жеткізді.
Ұзақ жылдар бойы Грекияның талабына бас имей келген Македония шешімін неге өзгертті? Скопье билігінің пікірін өзгертуіне 2017 жылы билікке келген премьер-министр Зоран Заев ықпал етті десек қателесе қоймаспыз. Себебі үкімет басшысы билік басына келгеннен-ақ Македонияның атауын өзгертуге байланысты Грекиямен келісімге келуге болатындығын мәлімдеді. Ал премьер-министр лауазымын иеленбей тұрып, Македонияның НАТО мен Еуроодаққа кіруі үлкен мәртебе екенін айтып, жұртшылықты құлаққағыс қылып жүрген.
Македония Республикасы дау тудырған атауы үшін Грекиямен арадағы қарым-қатынас қиындағанымен қоймай, талай жылдардан бері НАТО мен Еуроодаққа мүше бола алмай жүрген. Афина мен Скопье ортақ келісімге келгеннен кейін НАТО Македонияның мүшелікке енуі туралы мәселенің қайта қарастырылатынын мәлімдеген болатын. Алайда Грекия егер конституцияға өзгеріс енгізу ісін соңына дейін жеткізбесе, Македонияның НАТО-ға қосылуы туралы шақыртудың жіберілмейтінін, республиканы Еуроодаққа кіргізу туралы келіссөздерді бастамайтынын хабарлады.