1119
Қазақтың кәсіби хоры Түркиядан табыспен оралды
Қазақтың кәсіби хоры Түркиядан табыспен оралды
Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі TURKSOY халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен 23 маусымда Анкара қаласында «ODEON» фестивалі өтті.
Осыған орай, Түркия елінен оралған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов: «Мұндай ауқымды әрі маңызды фестивальге қатысуға біздің ұжым үш жыл қатарынан шақырту алды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға қатысуымызға мұрындық болған TURKSOY халықаралық ұйымына алғыс айта отырып, еліміздің кәсіби хор өнерін әлем сахналарында көрсетіп жүргенімізді мақтан тұтамыз. Түрік бауырларымыздың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп қайттық. Бұл біздің бірінші және соңғы сапарымыз емес. Алдағы уақытта, Алла қаласа, жаңа жобалар бойынша жұмыс істеу жоспарда бар», – деді.
Концертке қатысқан ұжымдарға Мюнхен камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Кристоф Поппен жетекшілік етті. Сонымен қатар, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Альфия Каримова, Әзірбайжанның еңбек сіңірген әртісі, контртенор Ильхам Назаров, Анкара Мемлекеттік опера және балет театрының солисі, баритон Арда Актар, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Астана қаласының Мемлекеттік Академиялық филармониясының камералық хор ұжымы, сондай-ақ, Анкара қаласының BILKENT университетінің симфониялық оркестрі қатысып, əр елден келген көрермендерге өнерін паш етті. Өнер ұжымдары тыңдарманға неміс композиторы Карл Орфтың 25 бөлімнен тұратын «Ка́рмина Бура́на» шығармасын, латын тілінен аударғанда «Бойерна əндері» бағдарламасын ұсынды.