Қызылордадағы III Халықаралық интернет форумы

2016 жылдан бастап Қызылорда облысында жетекші сарапшылардың қатысуымен халықаралық интернет форумы өткізіліп келеді. Алғашқы интернет форумы – электрондық сауда жасау мәселелеріне, екіншісі – Байқоңыр қаласындағы кәсіпкерлікті дамыту, ал бүгінгі үшінші интернет форумы цифрландырудың аймақтарды дамыту үшін мүмкіндіктеріне арналды.

«Цифрландыру: аймақтардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты интернет-форумына Ресей, Татарстан, Беларусь, Украина және Қытай сарапшылары мен «Huawei», «Dell», «Сколково» секілді цифрландыру саласының әлемдік жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Шарада ақпараттық және сандық технологиялардың қазіргі заманда маңыздылығын атап өткен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев: «Адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияға қарай қадам басты. Оның өз қағидалары бар. Онлайн мен оффлайн арасындағы шекаралар жойылып, киберфизикалық жүйелердің заманы келе жатыр. Сәйкесінше, осы жүйедегі салалардың құрылымы мен мемлекеттердің рөлі өзгеруде. Цифрлық технологиялар жаңа заманның «мұнайы» атанды. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрлық форматқа көшеді», – деді. Сондай-ақ, облыс әкімі түрлі салаларды цифрландыру бойынша өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

«2018 жылы цифрландыруға облыстық бюджеттен 2,4 миллиард теңге қарастырылды. Ақылды басқару, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік және бизнес салаларында 50-ге жуық жоба жүзеге асырылуда», – деді Қ.Көшербаев.

Форум барысында Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары-Ақпараттандыру және байланыс министрі Роман Шайхутдинов сөз сөйлеп, онлайн-баяндамасында электрондық үкімет пен цифрлық экономика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Оның айтуынша, бүгінде Татарстанда IТ саласында 1700 компания мен 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, интернет форумда «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің жетекші талдаушысы Илья Романовский «Цифрлық трансформация: ортаны цифрландырудан ақылды қалаға дейін» тақырыбында баяндама жасады.

Одан бөлек, форумда Қазақстандағы «Huawei» компаниясы корпоративтік сату департаменті бас директорының орынбасары Zhao Hongbin, reactor.ua тұғырнамасының құрылтайшысы Евгений Саранцов,  Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің аға оқытушысы Наиль Гафуров және т.б. баяндама жасады.

Форум аясында бірқатар әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда,  «Astana Hub» Халықаралық стартап-хаб ұйымымен IT-жобаларды жүзеге асыру туралы, «Какаду Девелопмент» ЖАҚ «Smart city» технологияларын енгізу туралы, сондай-ақ, «Барс групп» және «Транстелеком» компанияларымен цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Бүгінгі күні аймақта цифрландыруды дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Қызылорда облыстық кітапханасында ІТ саябақ ашылса, одан бөлек, Сырдарияның сол жағалауында ІТ саябағы бар заманауи ресурстық орталық салынуда. Онда жас программистер үшін 20 жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі күні аймақ жастары Ресей Федерациясының Үкіметі мен облыс әкімінің гранттары есебінен сұранысқа ие ІТ саласындағы мамандықтар бойынша білім алуда. Сонымен қатар, Татарстандағы «Иннополис» университеті мен «Microsoft» академиясы және «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнатылды. Нәтижесінде облыс делегациясы Татарстан және Қытай Халық республикасына жұмыс сапарымен барып, ондағы «ақылды» және қауіпсіз қалаларды салу, түрлі салаларда инновациялық технологияларды енгізу тәжірибелерін зерттеп келді. Сапар қорытындысы бойынша «Huawei» компаниясы және «Иннополис», сондай-ақ, ерекше экономикалық аймақ арасындағы меморандумға қол қойылды.

Back to top button