1306
«Цифрлы Қазақстан» – денсаулық саласына тиімді жүйе
«Цифрлы Қазақстан» – денсаулық саласына тиімді жүйе
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасалуы керек. Осыған байланысты қазіргі уақытта жер-жерде медицина саласын цифрландыруға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық орталық ауруханасында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының орындалуында оң өзгерістердің бары байқалады.
– Өркениет жетілген сайын біз де замана көшінен қалмауымыз керек. Өйткені қазіргі талап осындай. Ол үшін өзіміздің мамандармен қатар, халықтың да сауаттылығын арттыруға күш салудамыз. Өйткені үйде отырып-ақ жедел жәрдем мен дәрігерді шақырып, бүкіл емдік, медициналық қызметті алуға болады. Осыған қатысты біздің аудандық орталық аурухана «Даму» ақпараттандыру технологиялық орталығымен келісімшарт жасады. 2018 жылы «Мемлекеттік электрондық ақпараттық жүйе» (АИС, КМИС және Egov) іске қосылды. Осыған байланысты 91 дәрігер, 22 орта буындағы медицина қызметкерлерінің пайдаланушы логиндері ашылды. КМИС порталымен емхана және аурухана бөлімінде оқытылу жұмыстары жүргізілді. Науқастардың кезекке тұруын реттеу мақсатында емханаға ROST – терминал орнатылып, дәліздеріне қосымша 3 монитор қойылды. Емханаға да 2 картрейдер аппараты алынып, орнатылды. Жеке куәлігінде электронды қолтаңбасы бар азаматтар дәрігерлік қабылдауға картрейдер арқылы тіркеліп, қабылдануда. Барлық жүкті әйелдер Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электрондық қолтаңба алып жатыр. Олар дәрігердің жеке қабылдауына келгенде де қолтаңба арқылы жазылады, – дейді Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, Денсаулық саласының үздігі Махамбет Бейсеуов.
Расында да, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы денсаулық саласына өте тиімді жүйе екендігін осы қызметтерден-ақ анық аңғаруға болады. Өйткені мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, атқарылып жатқан шаруалар ең алдымен халықтың өзіне ыңғайлы. Бұрынғыдай уақытын босқа жұмсап, кезекке тұрмайды. Үйде отырып-ақ қажетті қызметтің бәрін ала беруге болады.
Бас дәрігер Махамбет Бейсеуов аудандық ауруханада 410 жұмыс орнында 210 компъютердің бар екенін айтты. Алдағы уақытта да басшы 200 компъютер алуды көздеп отыр екен. Әрине, соншама техника алынғаннан кейін онда жұмыс істей білу ләзім. Бағдарламаға сәйкес, аурухана, емхана қызметкерлері 100 пайыз оқытылып, біліктілігі арттырылған көрінеді.
Дәрігер мамандардың ғана емес, халықтың да цифрлық жүйемен жұмыс істеуге үйрене бастағанын аудандағы мына бір деректер де айқындап тұрғандай. Мысалы, 2017 жылы еgov бағдарламасы арқылы дәрігерлік қабылдауға 14 науқас жазылса, 2018 жылдың басынан бері 2437 адам электрондық жүйе арқылы дәрігердің алдына келген. 2017 жылы электронды қызмет арқылы 19 науқас дәрігерлерді үйге шақырса, 2018 жылы 1476 сырқат аталған жүйе бойынша мамандардың қызметіне жүгінген. Халықты тіркеу порталына да науқас жандардың назар аударуы күрт артты. Қазіргі уақытта жедел қызмет нөмірлерін (101, 102, 103) бір қоңырау арқылы қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қысқа 112 нөміріне интеграциялау мен қосу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, жақында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жақсы және жүйелі жұмыстары үшін аудандық ауруханаға жедел жәрдем көлігін берді. Әрине мұның барлығы да жұмыс барысында үлкен жауапкершілікті жүктейтіні ақиқат.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина ұйымдары медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетінін, соның ішінде электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі де болатынын атап көрсеткені белгілі.
Расында да осы уақытқа дейін дәрігерлер бір деректі 3 реттен жазуға мәжбүр болып келді. Алдымен қағазға түсіреді, одан денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне және денсаулық мекемесінің ішкі ақпараттық жүйесіне енгізіп, қыруар уақытын кетіреді. Ал цифрлы жүйе қолданылса, мұның бәрінен арылып, тіпті жаңадан жұмысқа келген дәрігердің өзі алдына келген пациенттің ауру тарихын сұрастырып отырмайды. Комъпютерге үңіледі де, сырқаттың тарихына дереу қанығады. Міне, Президент атап көрсеткен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының медицина саласына тигізер тиімді пайдасы осы.
– Біз Елбасының медицина саласын цифрландыруға қатысты тапсырмасын жергілікті жерде барынша тез әрі тиімді етіп орындауға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Медицина саласы әлемдік өркениет көшінен қалмауы керек. Әрине, жыл сайын дәрігер, мамандарымыз біліктілігін арттырып отыр. Енді «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын аудан көлемінде толыққанды енгізсек, халық та бұған тезірек үйренеді. Біз медицинада электронды қызметті пайдалануға қатысты аудандық басылымда бірнеше рет мақала жарияладық. Тұрғындар электронды қызметтің тиімді екеніне барған сайын көздері жетіп келеді, – дейді Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.
Мейрамгүл СЫБАН