«ҚАШАНҒЫ КҮТІП ОТЫРАМЫЗ?»

«ҚАШАНҒЫ КҮТІП ОТЫРАМЫЗ?»

«ҚАШАНҒЫ КҮТІП ОТЫРАМЫЗ?»
ашық дереккөзі
Өткен аптада 2018 жылдың 5 айындағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысын саралаған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қаржы министрлігінің есебін тыңдағаннан кейін әріптестеріне түйіле қарап: «Бюджет қабылданды. Бірақ қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ... Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер... Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер», – деді шарасыздық танытқандай болып. Жыл соңына дейін бюджеттен бөлінген 275,5 млрд теңгенің игерілмей қалған 85 пайызын тиімді пайдалану қатаң тапсырылды. Қолда қаражат бола тұрып, оны уақтылы әрі тиімді жарата білмеген министрліктерге жеті ай мерзім үлкен сын болмақ. Цифрлар сөйлегенде министрлердің үн-түнсіз қалатын әдеті. Осылай боларын алдын-ала сезгендей Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев биыл министрлер кабинетінің есебін жылдағыдан ерте өткізді. Онысы дұрыс та болғандай. Қыстың қамын жаз ойлап, берілген тапсырмаға бажайлап қараған Премьер біраз министрді сын садағына алды. Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті цифрландыру талқыланды.  Су – тіршілік көзі. Егемендік алғалы ширек ғасырдан асса да, бұл мәселе түбегейлі шешімін таппай келеді. Неге? Сұрақ бар, жауап берер жан қайда? Қаржы мен жұмысшылар бұл орайда сыныққа сылтау болуға жарамайды. Өйткені Үкімет бюджеттен жыл сайын жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп келеді. Тіпті, Елбасы халыққа Жолдауында Үкіметке ауылдарды ауыз сумен қамту үшін жыл сайын 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу керектігін де тапсырды.  Нәтижелі жұмыстар атқарып жатырмыз деп, есеп бергенде қамшы салдырмайтын құзіреттілерге «сусыз өмір сүріп жатырмыз» деген қара халықтың жан айқайы неге жетпейді? Әсілі, бөлінген қаражат игерілмесе бюджетке қайтар, министрлерге үкімет басшысы қатты-қатты сын айтар, мұңайтатыны екі ортада қалған халық жайы. Талайды басынан кешірген қазақ ауыз сусыз не газсыз, тіпті, қара жолсыз да күн кешер, күні бүгінге дейін солай өмір сүріп те жүр талай қандасымыз. Мемлекеттің ең басты құндылығы халық екендігін ескерсек, бірді-екілі басшының салғырттығынан не жалқаулығынан неге мыңдаған қандасымыз қиянатқа ұшырауы тиіс?

ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛМАЙТЫН ТҮЙТКІЛ

Жалпы игерілмеген қаржы тым қомақты. Қорғаныс министрлігінде – 17,2 млрд, Ауыл шаруашылығы министрлігінде – 8,5 млрд, Ішкі істер министрлігінде – 5,4 млрд, Мәдениет және спорт министрлігінде – 7,8 млрд, Қаржы министрлігінде – 3,3 млрд, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде – 3,4 млрд, Жоғары сотта – 1,8 млрд теңгені құрайды. Тіршілік барда түйткіл болары бесенеден белгілі. Бір ғана ауыл шаруашылығының маңайында да түйіні тарқамаған түйткіл көп. Мал басының санын көбейту, ет және сүт өнімдерінің экспортын арттыру, жайылымдық жерлерді игеру, тамақ өнеркәсібі, тағы сондай жүздеген мәселені тізіп өтуге болады. Қайсыбір жылы оңтүстік дихандарын табиғаттың тосын мінезі дүрліктіріп, тасқын сел біраз діңкелетті. Еккен егін жер бетіне шығып үлгермей жатып қайта-қайта жауын-шашын болды. Соның салдарынан қара шаруа егінін жинап үлгерместен қар түсті. Бұл әсіресе, оңтүстіктің мақталы аудандарына ауыр тиді. Мақтарал ауданының тұрғындары бүгінде техника тапшылығын қатты сезініп отырғанын айтып жиі арызданады. Орташа есеппен алғанда, 3000 тұрғыны бар ауылдар небәрі 10-15 техникаға жыл сайын қарайлап отырғаны. Оның өзінде әлгі әлжуаз техника бір күн жүріп, он күн бұзылады. Егін егу – жинауға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Мәселен, бір ауылда 3-4 комбайн, оған кезекке тұрған 100-200 адамды көз алдыңызға елестетіңіз. Кезек келгенше қыс түспей қайтсін. Жеңіл затты мысал етсек, мақта жеп-жеңіл дейміз, үш мезгіл (көктем, жаз, күз) табанын тоздырып жиған мақтаның келісін 80-100 теңгеге өткізеді. Етпеттеп, ентігіп жүріп 5 гектар жерден 7-9 тонна өнім алады. Оның 20 пайызы қысқартуға ұшырайды. Осы секілді толып жатқан түйткіл бар жер-жерде.  Бұл мәселенің барлығын оңтайландыруға игерілмей қалған 8,5 млрд теңге теңізге тамған тамшымен пара-пар. Мәдениет және спорт министрлігіне бөлінген қаржының 7,8 млрд теңгесі неге әлі тиісті орындарға бөлінбей отыр. Сын садағына көп ілігетін айтулы министрлік қазақ өнері мен спортына келгенде шық бермес Шығайбайдың шекпенін кимесе екен дейсің. Отандық продюсер Жәнібек Мадиевтің айтуынша, өткен жылы мәдениет министрлігіне таңдамалы қысқаметражды 10, толықметражды «Барсия патшалығы» атты мултьфильмдерін ұсынған. Голливудта оқып, сонда жұмыс істеп келген мамандар шоғырланған орталық жасап шыққан таныстырылым мультфильмі туралы министрлік бір ауыз пікір де білдірмепті. Оны қаржыландырмақ түгілі,  көз жүгіртіп өтуден бас тартқан. Есесіне, көрші Қырғызстан тарапынан қазақстандық продюсерлік орталық оң бағасын алып, осылардың қызметіне жүгініпті. Ал біздің министрлік жаңа дүние жасағаннан гөрі, дайын өнімдерді синхронды аудармамен ұсынғанды тиімді көретін секілді. Бүгінгі бүлдіршіндер батырға теліп жүрген «Кунг-фу Панда», сағызша созылған «Симба» сынды мультфильмдерді сынға алу біздің міндеттен тыс. Десек те, ұлттық идеологияның иісі шықпайтын туындыны тамашалаған бүлдіршіндер ұлттық намыс пен рухқа қырын қарамасына кім кепіл?! Игерілмеген қаржылардың тасасында талай ұлттық мүддеміз мұңайып тұрғаны айдан анық. Расында, қашанғы күтіп отырамыз?

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН