606
Пәкістан шайынан денсаулыққа зиян бояу табылды
Пәкістан шайынан денсаулыққа зиян бояу табылды
Құрамынан зиянды бояулар мен зең табылғандықтан Қазақстан Пәкістан шайын кіргізуге тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулығын сақтау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Пәкістанда өндірілген шайдың Кеден одағының «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Азық-түлік өнімдерін маркалау талаптары», «Азық-түлік қоспаларының, иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы заттардың қауіпсіздік талаптары» сияқты техникалық регламенттеріне жауап бермейтіндігі анықталды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Пәкістанда жасалған: «Al Barkat» (өндіруші - «A.A. Mughal General Traders»), «Gajjal's Теа» (өндіруші - KPK «Gajjal's»), «Allama» (өндіруші - «MTI medical Pvt»), «Pac Tea» (өндіруші - «Zaib-un-Nisa street Sadar Karachi») және «Allied Tea» (өндіруші - «S.I.T.E. Karachi») шайларынан синтетикалық бояулар табылған.
Бұдан тыс, «Al Barkat» шайындағы зең нормадан 10 есе, «Gajjal's Теа» шайында 2-4 есе артық екені анықталды.
Сондай-ақ пәкістандық шай таңбалау талаптарына да сай емес: өнімнің шығарылған күні, өндірушінің атауы және орналасқан жері, ЕАС (еуразиялық сәйкестік) бірыңғай белгісі көрсетілмеген.
Комитет қазіргі кезде жоғарыда аталған өнімдерді тәркілеу және жою шараларын жүргізіп жатыр.