Көкөніс тәуелділігінен құтылар күн жақын

Көкөніс тәуелділігінен құтылар күн жақын

Көкөніс тәуелділігінен  құтылар күн жақын
ашық дереккөзі
341

Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ескі тәсілмен жұмыс істеп келген шаруалардың алдына ауыл шаруашылығын өркендету, инновациялық технологияларды ендіру, соның бір басым бағыты ретінде жылыжай салып, бақша, көкөніс өнімдерін еселеп арттыру, осы арқылы көрші елдердің импортынан құтылу мақсаты қойылған еді. 

Бүгінде сол мақсатқа ақырындап жетіп келеміз. Жүргізілген тиімді реформалардың арқасында елімізде жыл санап жылыжайлар саны артуда. Әсіресе көктем мен күзі жылы, жазы ыстық келетін Оңтүстік Қазақстан облысында бұл кәсіп ерекше дамыған. Соңғы деректерге жүгінсек, бүкіл Қазақстан бойынша жылыжай көлемінің 75 пайыздан астамы күнгейдегі осы облыстың үлесінде екен. 

Жылыжайы жайнап тұр

Таяуда Бәйдібек ауданына жолымыз түсіп, осындағы жылыжаймен айналысатын диқандардың шаруашылықтарына бас сұғып, жұмыстарымен таныстық. Биылғы қыстың қаттылығынан аман-есен өткен бәйдібектіктер көктемгі қарбаластың тақырыбын ерте қозғапты. Ауданды көкөніспен қамтуда жылыжайдың ықпалы мол боларын білген аудан әкімі жылдық есебінде биылдан бастап Бәйдібекте жылыжайлар ісі қарқынды жұмыс істей бастайды деп сендіргені есімізде. Расымен де жұмыстар басталып кетіпті. 

Боралдай ауылында «Мырза» шаруашылығының шағын жылыжайы бар екен. Диқаншы Абай Жайнақовтың осы жылыжайда жұмыс істеп жүргеніне небары 2 жыл ғана уақыт болған. Бұл отбасында жылыжайда өскен көкөніс қысы бойы асханасынан үзілмейді екен. Аумағы 3 соттық жылыжайда қияр мен қызанақ жыл алмасып кезекпен өсіріледі. Мәселен, былтыр қызанақ өсіруге басымдық берілсе, биыл қиярды молынан егіпті. «Бұл сәбиді күткендей тіршілік. Ерекше ықыласпен баптап, күте білмесең, өнім ала алмайсың. Бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіпті, тілін тапсаң, сөйлейді де. Ауырғанын, мазасы болмай тұрғанын айтады»,– дейді агроном. Қыс бойы жердегі барлық тіршілік иелері жылы жерді іздейтіні белгілі. Яғни, қыс күндері жылыжайды паналағысы келген құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жыландармен күресуге де тура келеді екен. Мұнан бөлек қыс суығында жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау үлкен еңбекті қажет етеді. Әрине, жылыжайды жылумен қамтамасыз ету үшін бұл жай ғана мәселе емес. Көктемнің суығында жылыжай іші бір сәтке суымапты. Көкөніске қажетті жылылық бірқалыпты сақталған. Дегенмен, суықта алаңдамас үшін жылыжайға түнеген күндер аз болмағанға ұқсайды. Мұнан бөлек, көкөністің өз деңгейінде өсіп, өнім беруі үшін 17 сағат күннің энергиясы қажет екен. Қыс мезгілінде тұманды күндер бола қалса, арнайы лампа қосуға тура келеді. Суық күндері бір күнде 50 литр жанармай жағады.

Күн жылына келе жанармай 20-30 литрге азайып, кейін күннің қуатымен-ақ жылыжай іші жыли бастайды. Уақытылы суару, тыңайтқыш беру секілді көзге көрінбейтін, күтіп-баптау тіршілігі аз емес дейді баптаушы. Өткен жылы аядай ғана жылыжайдан 1,5 тонна қызанақ, 500 келідей қияр жиналған. Мұнда жұмыс істейтін тек өз отбасының адамдары. Шағын жылыжайды болашақта үлкен жылыжайға айналдыру жоспарларында бар. «Отбасымызбен ақылдаса келе жылыжайды үлкейтпекпіз. Жаңа жылыжай салынса, қыс мезгілінде қауын-қарбыз, құлпынай, лимон егетін боламыз»,– дейді Абай. Жылыжайдың қыр-сырын меңгерген маман негізінен арнайы кітаптарды көбірек оқитынын, жылыжай шаруашылығына қатысты кітаптар, жаңалықтар болса, оқудан, үйренуден әлі де жалықпайтынын байқатты. Басқа да аудандарда орналасқан жылыжайлардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасудан ерінбейді. Қайтсем де егін егу ісіне «инновацияны» енгізіп, оны ауылдағы ағайындарға да үйретсем дейтін арманы да жоқ емес. Айтуынша, жылыжайға лайықталған соңғы технологиямен дайындалған қауын-қарбыз сорттары 20 күнде піседі екен. Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлар. Жаңалыққа жаны құмар Жайнақовтар отбасы шаруашылықтың ісін жан-жақты дамыту үшін аянбай еңбек етуде.

Үйінің ар жағындағы алаңқайға орналасқан бау-бақша өзінше бір әлем. Мұндағы орналасқан жылыжайды, алма бауын, бидай, жоңышқа алқабын диқаншы Абай асықпай аралап көрсетіп, жасалып жатқан тіршіліктен хабардар етті. Тиянақты етіп орналасқан жылыжайға жылу жүйелері тартылып, арнайы қатты отынмен жанатын, жылуды қамтамасыз ететін пештер, күннің «орнын басатын» жарық шамдары тартылып, құнарлы топырақ төгіліп, жылыжай жасауға ерекше мән берілгені байқалады. Жылыжайға итальяндық там­шы­латып суару қондырғысын ор­натқан. Компьютермен басқары­ла­ды. 5 минөтте су бой­ын­дағы тыңайтқыштарымен жылыжайдағы өнімдерге барады.

Жылыжайда негізінен көкөніс өсіруге ерекше мән берілсе, мұнан бөлек болгар бұрышы, қызыл бұрыш, редис­ка, аскөк, көк жуа, салат жапырағы өсуде. Жылыжай қызметкерлері өз ісінің нағыз маманына айналған. Бұл жерде жайқалып өскен әрбір өнім олардың қыс бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Жылыжайға мән бере бастаған боралдайлық жігіттердің еңбегі сәтті жүруде. Бұл қарқын алдағы уақытта қыс бойы сырттан келген өнімді базар қатарынан ысыратын жағдайға да жетіп қалар. «Боралдайдың жылыжа­йынан» деп көкөніс жегенге не жетсін?!

Орайын тапсаң істің оязы келе берер екен. Қызанақ пен қиярды өз аудандарынан бөлек, Сайрам ауданы мен Шым­кент қаласының базарларына тасымалдайды. Тіпті, Алматыға да жөнелткен екен. Ұзақ жолда қызанақ жаңа үзіп алын­ған сәтіндей болу үшін не амал жасау керек дейсіз ғой? Кәдімгі банан таси­тын жәшіктердің ішінен кленка қаптап, қызанақ толтырғаннан кейін, езіліп қалмауы үшін үсті ма­йыспайтындай картонмен жабылады да мұз толтырылған құтылар байланады екен. Тоңазытқыш десеңіз жарасар. Қызанақты бір апта жолда ұстасаң да сөлін, үзіп алынғандай қалпын жой­майды. 

Талап­тары таудай жігіттер тамшылатып суару арқылы бау-бақша көлемін алдағы уақытта одан әрі ұлғайтпақшы. Сонда осыдан алынған өнімнен-ақ күреп пайда табуға, әрі қосымша ауыл азаматтарын жұмысқа тартуға болады. 

Иеліктерінде 5 гектар бидай, суармалы 5 гектар алмасы, 3 гектар жоңышқасы бар. Ал, қырда 42 гектар жоңышқасы өсуде. Ша­руаларына тап-тұйнақтай жігіт­тер жүгеріні де егіп тастайды. Ат шап­ты­рым жерді қоршап мал қора салады. Жайылымда 500 бас уақ малы, он шақты ірі-қарасы жүр. Бергі бетте қасапхана іске қосылғалы жатыр. Шынында да қарқындары қатты. Шикізат жа­нын­да. Жігіттер мұнымен де тынбапты. Аулада алып қойма бар. Іші толған картоп, пияз, алма, жем, тағы басқалар. Шамамен 40 тоннадай жиналған. Іргесінде жем тартатын цех бар. Қысқасы, «Мырза» шаруа шаруашылығы бордақыға қа­жет жем-шөптің мәсе­ле­сін түбегейлі шешкен.

Ал, кезінде колхоз-совхоздарда еңбек еткен ағаларымыз білмегенімізді үйретіп, жаңа идеялармен байытып отырады дейді. Ел ішінде ағаларының аялы алақанының табын сезініп, бой­ла­ры­на қуат құйылып, жұмыстарын одан әрі ширата түскен төрт бауырға біз де сүйсіндік. Елбасының шаруаларға айтып жүргенінің, толассыз көмекті бергі­зіп жатқанының астары ауылдың экономикасы көтерілсін деген жақ­сы тілек қой. Ал, ауыл дегеніңіз — қа­зақ. Қазақтың дәулеті көтерілсе, мем­лекеттің іргесі мықты, қадамы нық. 

Кемеқалғандағы жайқалған пальмалар


Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданына қарасты Кемеқалған ауылында Оңтстік өңір үшін таңсық көкөніс түрі жайқалып тұр. «Ниматулла» шаруа қожалығы лимонның «Мир» деген сұрыпын егуді былтыр қолға алыпты. Қожалық төрағасы Дидар Имашев өскіннің бір түбінен 40 дана алудамыз, келешекте әр түптен 300 дана лимон аламыз деп жоспарлап қойыпты. Лимон көшеттері өсіп тұрған 1,2 гектар алқап болашақта 5 гектарға ұлғайтылмақшы. Нарықтағы баға бо­йынша лимонның бір данасын 40-50 теңгеден кем алмайсыз. Цитрустық дақыл ағзаны тұмау секілді аурулардан қорғайтын иммунитетті күшейтетінін білетін халық бұл өнімнен бас тартпайтыны анық. Сондықтан жергілікті диқандар берекелі әрі пайдалы істі шындап қолға алғаны көрініп-ақ тұр. 

Бір қызығы, аталмыш жылыжайға лимон көремін деп кірген адам алғашында тосылып қалар еді. Лимон жапырақтарын мұнда өзгеше сәнді өскіндер қалқалап тұр. Таңданысымызды жасыра алмай, қожалық қызметкерлеріне сұрағымызды қойғанша асықтық. Сөйтсек, көздің жауын алып тұрған ерекше өскіндер пальма ағашының көшеттері екен. Бұл хабар қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Былтыр қалада бақуатты отбасылар мұның бір данасын 500-700 АҚШ долларынан алған. Биыл енді 1000 АҚШ долларына саудалайтын шығармыз дейді. Қазір мұнда пальманың 3200 түбі өсіп тұрғанын ескерсек, оны сатқанда түсетін «жасыл ақшаның» мөлшерін өзіңіз бағамдай беріңіз. 20 градус аязға шыдас беретін декоративтік ағаштан бөлек, «ниматуллалық» шаруалар арша, боз арша егу ісін де қолға алыпты. 

Шілтер су қоймасының маңында орналасқан қожалық қызанақ, қияр сынды көкөніс егеді, бау-бақшаны көмкерген алма, жеміс-жидектері де бар. Балық шаруашылығын дамыту ісі де қаперлерінде. Жобаның бәрі жүзеге асса, жыл сайын мұнда 630 тонна көкөніс, 120 тонна лимон және 140 тонна алма сатылымға шығарылмақ.

Жылыжай көлемі артады

Республикадағы жылыжайлардың 75 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында. Егін шаруашылығына ауа-райы аса қолайлы өңір үшін озық технологияны игеру аса қиын болмады. Мәселен, 2009 жылы бар болғаны 24 гектар жерге жылыжай орналас­тырылса, бүгінгі таңда көлемі артып, 541 гектарға  жетті. Сәйкесінше өнім көлемі де артып отыр. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтің айтуынша, жылыжай шаруашылығындағы бірінші айналымнан дихандар 68 мың тонна көкөніс жинаған. Ал екінші айналым 130 тоннаға дейін өнім берген.

Ал 2016 жылы жылыжай орналастырылатын жердің көлемін Елбасының тапсырмасына сәйкес 800 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күннің өзінде еліміздің солтүстік аймақтары және Германия мен Ресейді бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған өңіріміз өзімізді де қарық қылып, өзгеге де беретіні мол болмақ. Қазірдің өзінде жағдайымыз жаман емес дейді басқарма басшысы. 

Былтыр облыстағы ауыл­шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 160 млн. теңгеден асқан. Оның ішінде егін шаруашылығы 73 млн. теңге мал шаруашылығы 86 млн. теңге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілген қызмет көлемі 647 млн. теңгеден асады.

Шаруаны шылаушындар дөңгелетеді

Жердің құнарлылығын арттырып, түсімді молайту көптен бері диқандардың бас ауруына айналғаны мәлім. Тіпті шаруалардың «нөмірі бірінші» мәселесі дерсіз. 

Бұл ретте әуелі ірі қара малдың қиындысы, сабан және өсімдік қалдықтары өңделмек. Бір айта кетерлігі, мал шаруашылығының қал­дықтарын өңдеу үшін калифор­ниялық қызыл шылаушындар қолданылмақ. Кәсіпкерлердің пайымынша, шылаушындар малдың қиын қорытып, шаруаларға экологиялық таза әрі құнарлы биогумус тыңайтқышын береді екен. Бұл тыңайтқыштың ерекшелігі сол, экологиялық таза ауылшаруашылығы өнімдерін өсіріп, минералды тыңайт­қыштарды аз пайдалануға септігін тигізуінде. Жоспар бойынша екі жылдың ішінде 2000 тонна мал қиы өңделіп, 150 тонна биогумус өндірілуі тиіс. 

Енді экологиялық таза тыңайт­қыштарды өндірудің бірқатар пайдасын тізбектей кетейік. Біріншіден, жердің құнарлылығы молайып, түсім көлемі 30-дан 70 пайызға дейін ұлғаймақ. Одан кейін екі қолға бір күрек іздеп жүргендер жұмыспен қамтылса, жобаға қатысушы шаруа­шылықтардың жұмысы жанданып, халықтың әлеуметтік ахуалы көтерілетін болады. 

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары