Көкшетауда 15 жастағы жасөспірімді иттер талап тастады (ВИДЕО)

/
Көкшетауда 15 жастағы жасөспірімді иттер талап тастады (ВИДЕО)
istockphoto.com

Көкшетаудадағы «Застанционный» шағын ауданында 15 жастағы қызды иттер талап тастаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Куәгерлердің айтуынша, мектеп оқушысын бес-алты ірі ит қоршап алып, тістеп тастаған. Қыз өзін сабырлы ұстауға тырысып, айқайламай жануарларды арандатпауға тырысқан. Алайда иттердің бірі бәрібір шабуылдап, тістеп алған.

Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, жәбірленуші қыз туылғаннан бері жүрек ақауымен ауырады. Мұндай балаларға қатты эмоциялық күйзелістерге түсуге болмайды. Ата-анасының айтуынша, енді ол күн сайын емханаға барып, екпе мен таңу процедураларынан өтіп жүр. Емдеу курсы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Тіпті біз, ересектер, өзімізді дәрменсіз сезінеміз — балаларымызды қорғай алмай отырмыз», — деп Көкшетау әкімі Ануар Кумпекеевке жазған хатында шағын аудан тұрғыны мәлімдеген.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де қаңғыбас иттер мен иелері босқа қоя беретін үй жануарлары мәселесін бірнеше рет көтерген. Алайда, тиісті қызметтердің тарапынан ешқандай әрекет болмаған.

Застанционный тұрғындары енді балаларын мектепке жіберуге қорқатындарын айтады.

«Бүгін қыз бала зардап шекті, ал ертең бұл кез келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Билік шұғыл әрі нақты шара қабылдасын — қайғылы жағдай орын алмай тұрғанда әрекет етсін», — дейді олар.

Айта кетейік, Көкшетауда үй жануарларын ұстау және олардың санын реттеу ережелері бар. Бұл талаптарды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен, тұрғындардың айтуынша, ережелердің орындалуын бақылау әлсіз, тіпті мүлде жоқ деуге болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары