ЕГИПЕТТЕГІ ЕРЕГІС – СИРИЯДАҒЫ СЕРГЕЛДЕҢ
ЕГИПЕТТЕГІ ЕРЕГІС – СИРИЯДАҒЫ СЕРГЕЛДЕҢ
Ал халықаралық қауымдастық Сириядағы сергелдең Египетте қайталанбаса деп тілейді. Бірақ бұл тілектің орындалуы мүмкін емес тәрізді.
Президентті тақтан күштеп тайдырды
Үстіміздегі жылдың 26 маусымында Египет президенті Мұхаммед Мүрсидің жақтастары мен қарсыластары арасында өткен қақтығыс соңы аса кең көлемдегі наразылық шарасына ұласып, 3 шілдеде оппозиция мүшелері египеттік билікті президенттен бастап түгел тұтқынға алды. Оқиғаның қалай басталғанына келсек, 26 маусымда Каирдің солтүстігіндегі әл-Мансұр қаласында билік пен оппозиция жақтастарының арасында болған қақтығыс салдарынан 1 адам қаза тауып, 237 азамат жарақаттанған. Мүрсиді отставкаға жіберіп, мерзімінен тыс президенттік сайлау өткізуді талап еткен белсенді топ 15 миллионнан астам қол жинапты. Кейбір деректерде бұл көрсеткіш 22 млн. деп көрсетілген. Бұл 2012 жылғы сайлауда қазіргі президент Мүрсиді жақтап дауыс бергендерден 2 млн.-ға көп көрінеді. «Бүлік» аталған шараның ұйымдастырушылары 2 ай бойы Мүрсиге қарсы қол жинаған. Қақтығыс болған күннің ертеңінде Мұхаммед Мүрси Египет халқына арнап үндеу жариялады. Аталған құжатта ол президенттік тақта отырған 1 жылда қандай тірлік атқарғанын, ел Конституциясына енгізілуі тиіс өзгерістер мен толықтыруларды бекітетін Ұлттық келісімнің жоғары комиссиясын қалыптастыруға шешім қабылдағанын айтып, Египеттегі барлық саяси күшті бірге жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар ол ішкі істер министрлігінен тонаушыларға қарсы күрес комитеті құрылатынын мәлімдеді. 28 маусымда Мүрсидің жақтастары мен қарсыластары елдің барлық аймағында шеру өткізді. Кейбір жерлерде, мысалы, Александриядағы оппозициялық бағыттағы жастар президентті жақтайтын «Бостандық және әділдік» партиясы мен «Мұсылман бауырлар» саяси күшінің ғимаратын басып алуға ұмтылды. Ал Каирде президентті қолдайтынын білдірген Мүрсидің ондаған жақтасы «Рабиа Адавийя» мешітінің жанында шеру ұйымдастырып, Мүрсидің басына төнген қауіп сейілгенше, Тахрир алаңынан кетпейтіндіктерін жеткізді. Ал алаңдағы қарсыластар тобы Мүрси мен оның үкіметін қызметтен қуып, мерзімінен тыс президенттік сайлау өткізуді тағы да талап етті. Ертесі күні олар 22 млн. 134 мың қол жинағанын мәлімдеді. 30 маусымда, яғни, Мұхаммед Мүрсидің 1 жылдық инаугурациясы күні Египеттің түкпір-түкпіріндегі барлық орталық алаңға президенттің отставкасын талап еткен ондаған мың адам жинала бастайды. Оппозициялық бағыттағы Ұлттық азат ету майданының мәлімдемесінде оппозиция өкілдері халықты билікпен келісімге келмеуге, қарсылық пен наразылық шараларын жалғастыра беруге шақырса, отставка туралы мәселе көтерген «Тамарруд» оппозициялық қозғалысының өкілдері Мұхаммед Мүрсиге өз еркімен қызметтен кетуіне екі күн уақыт берілетінін айтты. Сол күні кешке қарсыластар жағы президенттің жағындағы «Мұсылман бауырлар» қозғалысының ғимаратына шабуыл бастады. Бірақ ешкім тұтқынға алынған жоқ. Өйткені, ғимараттың ішінде ешкім болмаған. 1 шілдеде Египеттің қарулы күштері саясаткерлерден 48 сағаттың ішінде елдегі саяси ахуалды тұрақтандыру туралы келісімге келуді талап етті: «Егер халықтың осы талабы орындалмаса, күш қолданылады». Осы оқиғадан кейін Мүрсидің кеңесшісі, генерал Сами Аннан өз еркімен отставкаға кетті. Президентұстанған саясатпен келіспейтіндіктерін айтқан тағы бірнеше министр генералдың соңынан ерді. Египет әскерінің арнайы өкілі Ахмед Әли: «Қарулы күштер қойған 48 сағатқа қатысты талаптың астарында саяси төңкеріс жатқан жоқ», – деді. Осы мәлімдеменің соңын ала бере, Египет сыртқы істер министрі Мұхаммед Камел Әмір мен Мүрсидің БАҚ өкілдерімен байланыс жасайтын екі қызметкері қызметтерінен кететіндіктерін мәлімдеді. Сол күні кешке Мұхаммед Мүрси Қарулы күштерден 48 сағаттық талаптың күшін жоюға шақырған. Сонымен қатар ол Египеттің ішіндегі және сыртындағы, яғни, шет елдерден келетін кез келген бұйрықтың орындалмайтынын, отставкаға кетпейтінін кесіп айтты: «Президенттік міндетімді Конституцияға сәйкес атқара беремін. Елдегі тұрақсыздық пен берекесіздікке экс-президент Хосни Мүбарактың режимін жақтайтындар кінәлі. Билік басына заң бойынша келгендерді арандатуға тырысуда». Мүрси елдегі барлық саяси күшке алдағы парламенттік сайлауға дайындық жүргізетін коалициялық үкімет құруды және Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бекітуге, сондай-ақ, парламент мүшелерін анықтауға тәуелсіз комиссия құруды ұсынды. Бірнеше ұсыныс айтқан Мүрси оппозиция тарапынан дағдарысты жоюға қатысты айтқан ұсыныс-талапты қатаң сынға алды. Арада аз уақыт өткенде Египеттің қорғаныс министрі Әбделфаттах ас-Сиси: «Египет армиясы Мұхаммед Мүрсиді отставкаға жібергенін мәлімдеді. Конституциядағы заңдар уақытша тоқтатылады. Оған халықтың талап-тілегіне сәйкес өзгерістер енгізіліп, елде жаңа министрлер кабинеті түзіледі». Сонымен, египеттік әскерилер президенттің міндетін уақытша атқаруды Конституциялық соттың төрағасы Адли Мансұрға тапсырды. Бұл талаппен келіспеген Мұхаммед Мүрси өзінің жақтастарын қарсылық танытуға шақырды. Осының салдарынан болған қақтығыста 14 адам қаза тауып, 350 адам түрлі деңгейде жарақат алды. 4 шілдеде әскери қолбасшылық өкілдері Мұхаммед Мүрсидің тұтқынға алынғанын хабарлады.
Египеттегі саяси күштер
Оппозиция өкілдерінің «Мұсылман бауырлар» қозғалысына шүйлігуі тегін емес. Өйткені, ол – Египеттегі ең танымал әрі ең ықпалды күштердің бірі. 1928 жылы құрылған бұл қозғалыс кезінде радикалдық бағытты ұстанып, батыстық құндылықтарға қарсы шыққан, ислам мемлекетін құруды жақтаған. Алайда 1954 жылы «Мұсылман бауырлардың» Египеттегі қызметіне тыйым салынып, саяси сахнаға тек 2000-жылдары ғана қайта шыққан. Парламенттен орын алған қозғалыс мүшелері Хосни Мүбарак тақтан тайдырылып, билік әскерилерге тигеннен кейін үлкен саяси күшке айнала бастайды. Бірнеше жыл бойы Мүбаракқа қарсы наразылық шараларын үзбей өткізуге атсалысқан «Мұсылман бауырлар» «Бостандық және әділдік» партиясын құруға шешім қабылдайды. Партияның көсемдерінің бірі ретінде танылған Мұхаммед Мүрси 2012 жылдың 24 маусымында Египеттің президенттігіне сайланады. Бірақ ол таққа отыра салысымен, қозғалыстың да, партияның да құрамынан шығып кетеді. 2013 жылдың 3 шілдесінде Мүрсиді отставкаға жіберген египеттік қарулы күштер 4 шілде күні «Мұсылман бауырлар» қозғалысының белсенділерін біртіндеп тұтқындауға кірісті.
Мүрсидің соңына шам алып түскен Ұлттық азат ету майданы – Египеттегі ең ірі оппозициялық саяси күш. Елдегі либералдық-демократиялық партиялардың мүшелері саналатын, батыстық білім алған жастар Амр Мұса, Мұхаммед әл-Барадеи сияқты әлемге танымал қоғам қайраткерлеріне қарап бой түзейді. Былтыр Мүрсимен бірге саяси додаға қатысып, есе жіберіп алған Амр Мұса египеттік қарулы күштерді де, египеттік БАҚ пен сот жүйесін де сынға алуда аса белсенді. Ұлттық азат ету майданы былтыр күзде құрылды. Себеп: оппозиция өкілдері Мүрсиге лауазымы мен қызметтік міндетін жасанды жолмен кеңейтіп алды деген айып тақты. Осының арқасында жыл соңында Египеттің Атазңына енгізілген өзгерту күшін жойған.
Египеттегі саяси тұрақсыздыққа байланысты 5 шілдеде Египеттің Африкалық Одақ құрамына мүшелігі уақытша тоқтатылды. «Демократиялық жолмен сайланған президентті тақтан тайдыру египеттік конституцияға сәйкес келмейді. Демек, билік заңсыз жолмен ауысты. Африкалық Одақ кеңесі Египетті Одақ құрамында әрекет ету құқығынан уақытша айыруға шешім қабылдады» делінген осы мәлімдемеде конституциялық құқық қалпына келтірілмейінше, мүшелік құқығы қайтарылмайтындығы айтылған. Тұтқынға алынды деген Мұхаммед Мүрсидің қайда екені әзір белгісіз. 2012 жылғы президенттік сайлаудың ІІ кезеңінде басты қарсыласы Ахмет Шафиктен басым түсіп, 51 пайыз дауыс жинаған Мүрсиге қазір тағылып отырған басты кінәлардың бірі – «Мүрси жеңіске жете сала, саяси қарсыластарын шетке қақпайлап, парламент пен соттың жұмысын шектеді, журналистерді қуғынға ұшыратты». Кейбір сарапшылардың пікірінше, тағылған осы айып пен үкіметтің дағдарыстан шығар жолды көрсете алмауы Мұхаммед Мүрсидің беделіне нұқсан келтірген. Ал халықаралық қауымдастық болса, Сириядағы сойқан мен сергелдең Египетте қайталанбаса деп алаңдайды. Өткен сенбіде Мүрсиді тақтан тайдыруға күш салған оппозиция өкілдері египеттік үкіметті либералдық оппозиция көсемі, МАГАТЭ-ні бұрғынғы жетекшісі Мұхаммед әл-Барадей басқаратынын айтты.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ