ҚАДІРІ ҚАШҚАН ҚОЛЖАЗБАЛАР

ҚАДІРІ ҚАШҚАН ҚОЛЖАЗБАЛАР

ҚАДІРІ ҚАШҚАН ҚОЛЖАЗБАЛАР
ашық дереккөзі

Жылдар бойы жүйкемді, шашымды жұқартып, сарсылып іздеп жүрген қолжазбаның бірі «ой, бауырымдап» алдымнан шықса болар ма. Екі елі шыныдан жасалған берік тақтайдың астындағы қолжазбаға жоғалтқан баламды көп жылдан соң тапқандай көзім жасаурап үңіле қарап, көп аялдап тұрып қалғаным бар. ­Өзбек ғылымы өзек жарған ойымды сезіп қалды ма, «бу иерға жудә көп тоқташқа болмаиды» деді де, әңгімеге айналдырып, мені әрі қарай жетектеп кете барды. Ботасын іздеген бозінгендей бүйірім босап, жаңағы жерден ұзай алар емеспін.

Әлгі өзбек ғалымнан қолжазбаның мұнда келуінің мән-жайын сұрастырдым. Сөйтсе, сонау бір алыста қалған ағайындас жылдары өзбек зерттеушілері кең дорбаларын мойындарына асып, жартысын ақшаға толтырып, Қазақстанның байтақ аймақтарын шарлап қолжазба жинап, уыс-уыс ақша беріп, кемпір-шалдардың кебеже түбінде жатқан, сан жылдар бойы сары майдай сақтаған қолжазба қазынасын, шай-қантқа айырбастап алып, Ташкентке таси берген екен. Жаңағы мен көрген «Шахнаманың» сиямен жазған қолжазбасы да сондай жолмен жетіпті. Енді өзбек өлдім десең де өз қолжазбаңды өз қолыңа ұстатпайды. Бір жылқы берейін десем де бір парағын бермейді. Артыңа қарай-қарай кете барасың.

Ал, біз осылай пысықтап, мұқият мәтін жинай білеміз бе. Жоқ, әлі күнге дейін етек-жеңімізді жинай алмай, жалпақ елге жатып төсек болған елміз. Тозбайтын темір көпір секілдіміз, үстімізден бәрі өтеді, тәуірімізді тартып не жыртып әкетеді, не алдап, не жалдап әкетеді. Қолда бар алтынның қадірі жоқ-ау дейміз де маужырап отыра береміз. Қолжазба түгілі халқымыздың құнды қазыналарын, заттарын түгендей алмай жүрміз. Баспасөз беттерінен, теледидарлардан қазақтың бренді деп айқайлаймыз. Кейінгі кезде қымыз, қарта, қазыдан айрылып бара жатырмыз. Ал, қолжазбаңды ешкім аузына алмайды. Бұл салада мынау іргедегі өзбектен, анау тәжіктен көп кейін қалдық. Душанбеде Фирдоуси «Шахнамасының» 1000 жылдығына арналған дүниежүзілік ғылыми-теориялық конференцияға қатысып, «Фирдоуси «Шахнамасы» қазақ әдебиетінде» деп аталған баяндама жасағаным бар. Сол жолы тәжіктер бізге қолжазба институтын аралатты. Шырайын бұзбай сақталған Шығыс қолжазбаларын, Шығыстың ежелгі кітаптарын көріп, таңдай қаққанымыз бар. Таңдай қағып қасымда ағылшын, итальян, поляк ориенталистері де тұрды.

Ұмытпасам 1960 жылдары ғой деймін, қазақ жазушыларының, ғалымдарының М.И.Есенәлиев, Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов бастаған делегациясы Ленинградқа барып, қазақ әдебиетінің күндерін өткіздік. Естен кетпес ғажайып күндер еді. Қазақтарды Ленинград құшағын жайып қарсы алды. Ленинград балалары Жамбылдың балаларымен табысқан шақтар еді. Айтайын дегенім – сонда біздерді А.С.Пушкин мұражайына апарды. Көріп таңқалған ғаламат нәрселеріміздің бәрі – Пушкиннің өз қолымен жазылған қолжазбалары еді. Әйнектің сыртынан сипап қарай бердім. Атақты орыс өмірінің энциклопедиясындай болған «Евгений Онегин» романының дәптерге жазылған беттері, Пушкин шумақтары бірін-бірі қуып келе жатқан керемет толқындардың тізбегіндей елестейді, немесе ауыздықтарымен қарш-қарш шайнасып, адуын айқаспен шауып келе жатқан жалынды арғымақтардай көрінеді. Пушкин қолтаңбасына қарағанда асығып-аптығып жазғандай, алтын уақыты алды-артына қаратпағандай, шың басына шырқап ұшқан қырандай қанатының қайратты сусылын тыңдатады. Әрбір жыр жолдарынан, шумақтардан Пушкин саусақтарынан ескен самалға маңдайымды тосқандай боламын. Пушкин шын мәнінде өмірден ертерек өтіп кететінін сезгендей асыққан екен. Сонда: «Пушкин қолжазбаларын тек қана қазақтарға ғана көрсеттік, себебі біз оларды жақсы көреміз» деген ленинградтықтардың айтқан сөзі жадымда қалыпты.

Ие десеңші, орыстар Пушкинін осылай қасиет тұтып қадірлей білгенде біз қайда қалдық. Абай атамыздың, Абылай ханның, басқа да белгілі хандарымыздың, Алаш алыптарының, қазағымның дүниеге аты шулы болған ғалым әкелеріміздің, ағаларымыздың, мемлекет қайраткерлерінің алтыннан ардақты, күмістен салмақты қолжазбалары аспанның астын керіп тұратын үлкен бір сәулетті сарайдың жарқыраған залдарын толтырып тұрмас па, жанарыңа жылу беріп жатпас па деймін. Мәдениет ескерткіштерін жинауға құмармыз, шет елдіктерге мақтанып көрсетіп те жүрміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ашып, бастап, жолын салып берген «Мәдени мұра» бағдарламасына мың тәубе! Десек те, қазақ қолжазбалары әлі есіктен сығалаған жетім баладай босағада қалды, ішке ене алмай жүр. Республиканың басты кітапханаларындағы бағалы қолжазбалар қайырымды қуатты қолдарға, компьютер жүйелеріне жинақталғанша, түптелгенше, реттелгенше, «жаралары» жазылып, емдеулерден өткенше іріп-шіріп бітетін хәлге жетті. Кейбір құнды, қымбат қолжазбалар көрінгеннің қолтығында кетіп, иесіне қайтарылмай келеді. Қордағы сақталып жатқан шығыс тілдеріндегі қолжазбалардың жағдайы нашар: беттері түгел емес, жыртылған, сызылған жазылған, ұрланған, соғыста қол-аяқтарынан ажыраған мүгедектер сияқты мұңға батулы күйде жатыр. Біз Есіктен табылған Алтын Адамды қаншама жылдан қадірлеп, күтіп, марапаттап келеміз, қаншама елдерді аралаттық, көшірмелерін сыйға тартып келеміз және Қазақ даласының әр түкпірінен табылып жатқан алтын адамдарымызды да солай қасиет тұтсақ нұр үстіне нұр болмақ.

Қазақ, парсы, араб, түркі тілдеріндегі жаңадан табылған бір қолжазбаның құны бір алтын адамға пара-пар болмаса кемшін түспейді. Қолжазбаны жинай білейік, талдап, жүйелей білейік. Қолжазбаларға қамқорлық көзімен қарай білейік. Қараңызшы, алақанға сиып кететін Армение Матендаран атты қолжазба кітапханасымен жер жүзіне танылып отыр, ондағы қыпшақ қолжазбаларының өзі қаншама ғылыми материалдарға, кітаптарға тиек болды.

Мәскеуде аспирантурада оқыған жылдарымда қолым бос кезде мұражайларға барып тұратынмын. Ең алғаш барған музейім Л.Н.Толстойдың мұражайы еді. Жазушының жазбалары, жариялаған кітаптары ерекше ыждаһатпен сақталыпты. Әсіресе, бір қалың кендір жіпті көріп, жағамды ұстағаным бар. Сексенге толған жылы бір дұшпаны Лев Толстойға: «енді асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз, енді мынау дұзақ кендір жіпке асылып, өле қалсаңыз да жетеді» деп жазып, салып жіберіпті. Музей ұлы жазушының дұшпанының да көңіл-күйін бұзбай сақтап, белгісін шыны астына салып тастаған. Пушкин музейінде ақынның соңғы демі үзілер сағатында басынан алынған бір уыс шаштары жатыр.

      

Өтеген КҮМІСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор