ӨМІР – КүРЕС КүРЕС – ӨМІР

ӨМІР – КүРЕС КүРЕС – ӨМІР

ӨМІР – КүРЕС КүРЕС – ӨМІР
ашық дереккөзі
1705
Өмір – күрес. Күрес – өмір. Ол – өмірлік мақсат, ол – тағдыр жолы. Біреу үшін жеңіс, біреу үшін жеңіліс, біреуге сәттілік, біреуге сәтсіздік. Алайда, барлығын бір мақсат пен бір арман күрес әлеміне жетеледі. Ол әлемде тынымсыз еңбекпен келген жеңістің дәмін татқандар көп. Біз тек күресті теледидардан тамашалап, жерлестеріміздің жеңісіне шын ниетімізден қуанамыз. Ал жүректегі толғаныс пен жандүниедегі жарылысты экранның арғы бетіндегі, біздер, байқай бермейміз. Олардың сезімдері, сырлары, толғаныстары, армандары іштерінде ашылмай сақталып жатады. «Күрестің мәні жеңіс пен жеңіліс емес. Оның мәні көрерменнің алдында өз бақытың үшін күресуде», – дейді Қажымұқан атамыз. Біз үшін спортшылар әлемі басқа дүниедей көрінеді…

Қазақ балуандары. Олар кімдер?

Қазақ ұғымында «балуан» деген тіркес бұрыннан бар. Тарихқа көз жүгіртсек, балуан Қажымұқан есімі ең бірінші еске түседі. Одан кейінгі тізбек Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Мәулен Мамыров, Шәміл Серіков, Валерий Резанцевпен жалғасады. Одан соң Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Ниязбеков көш бастайды. Сонымен қатар, аудан-аймақтардағы күрес мектептерінде чемпион болуға ұмтылған қаншама жас өрен бар. Әр буын өз балуандарының есімін тарих беттеріне жазып келеді. Дәстүр бойынша, «Қазақ балуандары» жинағына барлық балуандардың есімдері енгізіледі. Онда қазақ күресшілерінің өмірлері мен бозкілемдегі жеңістері суреттеледі. Қазіргі Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушылары, әлем чемпиондары, күресте өз ізін қалдырған азаматтар осы кітапқа енген. Олардың арасында кезінде даңқы асқанымен, кейін тасада қалғандары да бар. Әр спортшының өмірінде өрлеумен бірге, құлдырау кезеңі де болады. Біреу денсаулығына, біреу жасының келгеніне байланысты, әлде біреу басқа себеппен спорттан қол үзеді. Күрес барлығына бірдей атақ пен даңқты бере салмайды.Мысалы, Берік Жетпіспаев 25 жасында бүйрегі ауырып, спортпен қош айтысты. «Дұрыстап дайындалуыма жағдай болмады. Жарыстарға бару үшін демеуші іздеуден жалықтым. Әйтпегенде, иек артқан белестерім бұдан да биік болуға тиіс еді. Бірақ, мен ешнәрсеге өкінбеймін. Спорт менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті» дейді.Тағы бір топ күрес үшін «жасы келген» кезде кетеді. Осы турасында Мәулен Мамыров «Адамның қарым-қабілеті жаспен өлшенбейді. Егер еркін күрестің тарихына зер салсақ, ресейлік Арсен Мекокшвилли 40 жасында Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Атлантадағы ойындардаалтын медальды кеудесіне таққанда Валентин Иорданов 36 жаста болатын». Бұл пікірлер «Қазақ балуандарына» жазылған балуандардың ішкі сырлары. Қай уақытта болмасын барлық балуандардың тағдыры ұқсас секілді. Қазір уақыт та, талап та өзгерді. Чемпион болуға ұмтылған әр адамға барлық мүмкіндік жасалады. Алайда, көптеген жас күресшілер жаттығуда, жарыста алған жарақаттарынан зардап шегіп жүр. Денені шынықтырғанмен, көп жағдайда денсаулыққа мән бермейді. Қазақ күресінің де, қазақ күресшілерінің де жағдайы мәз емес.

 

Арман мен мақсат

Жеңіс пен атақ

  Мойынға таққан алқада қаншама ерік-жігер мен төгілген тер бар. Жеңіске апарар жол тынымсыз еңбектен, шар болаттай берік мақсаттан құралады. Қазақтың көк туы көкке желбірегенде ғана сарқылған күш қалпына келеді. Олар дүйім жұрт алдындағы, өзінің алдындағы мақсатына, бақытына сонда ғана жетеді. Бұл бақыт үшін олар өзге «бақытты» құрбан етті. Күрес жолында барлығын артқа қалдырды. 1 аптадағы 12 мәрте дайындық, әрдайым бір формада жүру, бүкіл уақытыңды күреске арнау, кімге болмасын оңай емес. Төлеген Жәкітайұлының «Жақсылық» атты кітабында: «Тәртіп өте күшті еді ғой. Ерте де, кеш те емес, тура 7.15 те тұрамыз. Ал, 7.30 да даладағы сапта тұруың керек. Бір минут кешігу, я болмаса, бірер минут бөлмеңнен ерте шығу жоқ. 8.30-ға дейін дене қыздыру, жаттығу. Сәлден соң тамақтану, бір сағат тоқ басу. Ал, содан кейін Геннадий Сапуновтың бар сөліңді сығып алатын нағыз жаттығуы басталады. Ол кейде 2, кейде 3 сағатқа созылады. Түс кезінде асықпай тамақтанып, тынығуға мүмкіндік бар. Түстен кейін тағы да сілікпеңді шығаратын жаттығуға барамыз. Бір спортшыда «қыңқ» еткен қарсылық болмайды, кешігу, сылтау деген жоқ»,  деп еске алады Жақсылық Үшкемпіров. Осы тәртіптің арқасында қазақтан көптеген чемпиондар тәрбиеленді. Әлі де солай… Байқасаңыздар, чемпиондар ауылдан өсіп шығады. Күрес, бокс, ауыр атлетика сынды спорт түрлері ауылдан бастау алады. Оларда заманауи жабдықталған спорт залдары болмаса да, кішігірім спорт мектептері бар. Сол кішкентай залдан олар үлкен жарыстарға аттанады. Сол бала арман боз кілемдегі әр кездесуде демеу болады, қайраттандырады, биікке жетелейді.

Күрестен кейін…

Кезінде қазақ туын көкке көтерген күрес­шілер қазір немен айналысып жүр? Жеңіс тұ­ғырына көтерілген жеңімпаздардың қаншасы күрес­тен алшақтап кетті?Олар өмірде өз орын­дарын тапты ма? Бірінші топ, ауыл-аймақтардағы спорт мектептеріне жол тартады. Сонда өз шәкірттерін тәрбиелеп, өздері таңдаған жолмен аяғына дейін барады. Олар да күресті жанына серік еткен, мамандығына адал берілген жандар. Екінші топ, күреспен қатар жоғары оқу орындарында басқа салада білім алып, «еркіндікте» өз өмірлерін жалғастыратындар. Үшінші топ, күреспен қоштасып, алайда басқа мамандыққа машықтана алмай, өмірден өз орындарын таба алмағандар. Олар кейін криминалды әлемнің серкелеріне айналып кетулері де ғажап емес. Уақыт өте тек мықтылар, күреске адал берілгендер ғана іріктеледі. Десе де, күрес күресшілерді «асырай ала ма?». Міне, сұрақ. Ғабит Мүсіреповше айтсақ, «Жастарға сенім арту, оларға шын көңілмен моральдық, материалдық қамқорлық жасау –ерен елдің ертеңгі күнін, нұрлы болашағымызды терең ойлау деген сөз. Бүгінгі азамат жастарға әкелік қамқорлық пен аялы алақанның жылуымен қарай білуді үйретуіміз де қасиетті қағида болуға тиіс». Қай заманда болмасын, қай елде болмасын елдің атын ұлы тұлғалары мен спорттың жұлдыздары шығарған. Сондықтан, жақсы спортшы тәрбиелейміз десек, ең бірінші, спортшыларға жағдай жасау керек. Олимпиада чемпионы болғанда ғана емес, сол биікке ұмтылғанда. Олимпиадаға дейін де кез келген спортшы талай жарыстардан өтеді. Соған орай, әр чемпионаттың, турнирдің жеңімпаздарына жалақы тағайындау қажет.Мәселен, әр жеңіске тек медаль емес, материалдық та қолдау берілсе. Біздің елде халықаралық дәрежедегі спортшылар, кейбір спорт шеберлері ғана ондай мүмкіндікке ие. Алайда, күресшілерді жалақымен қамтамасыз ету жағы қарастырылса, игілікті істің бірі болар еді. Қызығы мен қиындығы көп күрес әлемі айтылмаған сырларға толы. Соңғы жылдарда Қазақстан күресшілерінің арасында сырттан келгендер де пайда бола бастады. «Ерім дейтін елің болмаса, елім дейтін ерің қайдан болсын» дейді дана қазақ. Елім деген күресшілерімізді ерім деген ел тек Олимпиада кезінде ғана еске алмаса игі еді. Мәулен Мамыров бір сұхбатында: «Мен ізімді басып келе жатқан бауырларымды тек биіктен көргім келеді», – деп тілек білдірген екен. Сол ізді жалғастырушылардың бірі Олжас Шыңғысбаев: «Күрес тынымсыз еңбектің алмайтын қамалы жоқ екенін, өмірлік мақсат құруды, мұратқа бір адымдап жақындауды үйретті. Күрес өмірдің өзі күрес екенін ұғындырды. Күрес менің тұлға болып қалыптасуыма, өмірден өз орнымды табуыма көмектесті», – дейді. Бұл – балуанның жүрегіндегі кішкентай бір сыры ғана. Ол қазақтың еркін күресінің еңсесін көтерген белді балуандардың бірегейі. Алайда, Олжас аяғынан алған жарақатынан кейін, боз кілеммен қоштасуына тура келді. Алдағы Олимпиада ойындарында өнер көрсету Олжас үшін орындалмас армандардың біріне айналды. «Қырандар тек көз арбаған биіктерге көз тігеді. Олар оған жетеді де». Ал Олжастың ендігі мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның көк туын биікке көтеретін белді балуан тәрбиелеу. Ол биылдан бастап, Маңғыстау облысы бойында еркін күрестен жас жаттықтырушы. Өзі жете алмаған биікке шәкірттері самғап ұшса дейді ол. Өмір  – күрес. Күрес – өмір…                  

Сәния Әбдіғапар,

Аманғали Жартыбаев

Серіктес жаңалықтары