Туған жерде білім алудың құны

Туған жерде білім алудың құны

Туған жерде  білім алудың  құны
ашық дереккөзі
231

Бірі Қытайдан, енді бірі Моңғолиядан, келесісі Өзбекстаннан дегендей…

Елбасының 1996 жылғы 31 желтоқсандағы «Шет елде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығының негізінде Білім және ғылым министрлігі қазақ диаспорасы өкілдерінің Атамакенінде оқуын жүзеге асырады. Осыған орай, дайындық бөлімі еліміздің әр түрлі өңіріндегі 14 жоғары оқу орнында бар. Шетелдегі қазақ диаспорасынан дайындық бөліміне 2001-2002 – 306 бала, 2002-2003 – 608 бала, 2003-2004 – 775 бала, 2004-2005 – 470 бала, 2005-2006 – 567 бала, 2008  – 2040, 2010 – 1430 бала, 2011 – 1287 бала қабылданса, бейресми деректер 2012 жылы бөлінген 1400 орынның толмағандығын айтады. Олардың Қазақстанға келгенде, жаңа ортаға бейімделуі мен үйренісіп кетуі де басты мәселе. Мәселен, Моңғолия қазақтары бұрын Қазақстанның оқу бағдарламасына сәйкес оқып келсе, соңғы он шақты жылдан бері моңғол тіліндегі оқулықтарға қазақша аударма жасап оқиды. Яғни олар кириллицамен оқитын болғандықтан тіл-жазудан онша қиналмайды. Ал Түркия, Иран, Пәкістан секілді мемлекеттер мен Еуропа елдерінен келетін студенттердің кириллицаны әрі қазақ тілі мен тарихын білуге мүмкіндігі болмайды. Қытайдан келетін қазақ жастары сол елде төте жазумен қазақша немесе қытай мектептерінде оқиды. Бірақ олар елге келген соң конкурсқа қатысу үшін біздің әліппиді өздігінен оқып үйреніп, сауат ашқан болады.

Ұзынқұлақтан естуімізше, Қазақстандағы дайындық бөліміне түсетіндері сол елде қазақ тілі мен математикадан сынақ тапсыратын көрінеді. Мұндағы оқуға түсу үшін орташа балл 20 болса, соңғы жылдары ең төменгі шегіне дейін төмендеген. Қазақстанға келгенде әрбір құжатының қазақша куәландырылғанымен қатар соңғы өзгерістер оқу визасын алу үшін әр елдің астанасына ат сабылтуы қиындық тудыруда. Атамекенге ат басын бұрып, өз елінен оқығысы келетін қазақтарға Білім және ғылым министрлігінен тыс Көші-қон департаментінің бүйрегі бұрылатын күн арман болғаны ма? 

Дүниежүзі қазақтар қауым­дастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың айтуынша, мәселе жыл сайын келетін 1000-1500 баланың жоғары оқу орындарына түсуінде емес, гәп тіл үйреніп, бейімделуінде. Жоғары оқу орындарына түспегендері колледж, лицейлерге түсіп, мамандық алсын. Әсіресе, Өзбекстандағы ағайындарға қиын, өйткені олар 9-сыныпты бітірген соң, не түгел өзбекше оқулары керек, не Қазақстанға келіп, төл тілінде білім алулары керек. Осы пікірге қосылатындардың көзқарасынша: «Дайындық бөлім­дерінің міндеті – шетелдік қазақ жастарын ана тілінде кириллицамен оқып жаза білуге үйрету, Қазақстан тарихының негіздерін түсіндіру, қазақ тілін терең игеруге баулу, олардың жалпы білім төңірегіндегі дайындық деңгейін көтеру, тек жоғары оқу орнында ғана емес, колледждерде, кәсіптік лицейлерде оқуын жалғастыру, әлеуметтік жағынан бейімделуі үшін жағдай жасау, техникалық, медициналық, ауылшаруашылығы, педагогтық мамандықтар жөнінде мектептен кейінгі білім беру». 

Облыстар бойынша оралман­дардың жоғары оқу орындарында оқуы «Халықтың көш-қон туралы» Заңының 29-2 бабына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі оралмандарға орта кәсіптік және жоғары оқу орнына түсуге Қазақстан Үкіметі белгілеген көлемде квота бөлінуін қамтамасыз етеді. Мұнан өзге мемлекеттік кредит пен гранттың 2%-ы оралмандарға арналған. Ал дайындық бөлімі тыңдаушыларының кешенді тесті тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алмағандарының кейбірі келген іздерімен кері қайтса, енді бірінің немен айналысып, қайда жүргені ешкімнің түсіне де кірмейді. Олар әуелде дайындық бөліміне қабылданған соң, сол оқу орнының құзырында болады. Оқытушыларының сөз ләміне бақсақ, оқуға түсуді әркім қаласа да арасында аспаннан шұға жауады деп арманмен жүретінері де кездеседі. Тіпті, мектептегі еркелігін тастамағандарын не дейсің  деп отыр. Дайындық факультеті студенттерімен тілдескенімізде, әрбірінің оқуға түссек деген үмітінің зор екенін білдік. Сондай-ақ оларды алыстан әкеліп жағдай жасағаны мен мемлекеттен берілетін 13 мың теңге шәкіртақысын біреудің аузынан жырып алғандай, Қазақстандағы жетім-жесірге де жағдай керек екенін алға тартатындар бар көрінеді. Бірінің еркелігін бәрінің бетіне басып, «қайдан келсең, сонда кет» деп өзекке тебетіндердің сөзі жарасын тырнайды екен. Мұны олар сыр етіп айтпаса да алыстағы ата-анасына деген сағынышқа толы жанарлары жасырмайды.

Алтын Бейімбет

Серіктес жаңалықтары