КҮРДТЕР КӨСЕМІ АШУЛЫ

КҮРДТЕР КӨСЕМІ АШУЛЫ

КҮРДТЕР КӨСЕМІ АШУЛЫ
ашық дереккөзі
230

Мыңдаған адамның өмірін жалмаған қарулы қақтығыстар күні кешеге дейін толастамаған еді. Алайда, тәубесіне келген күрд содырларының көсемі қантөгісті тоқтатуға көмектесетінін айтып, өзін өмір бақи темір торға тоғытқан соттан кешірім жасауды өтінді. Арасында түрік билігіне айбат шегуді де ұмытқан жоқ. 

Түркияның Жоғарғы Қылмыстық соты қапаста отырған Күрдістанның Жұмысшылар партиясының жетекшісі Абдолла Өджаланның үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта қарау және оны тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. CNN Turk телеарнасының хабарлауынша, Оджаланның адвокаттары өмір бақи бас бостандығынан айрылған ол бүгінде күрд белсенділері мен түрік билігі арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы өзін абақтыдан құтқарады деген үмітте отырғанын айтқан. Кенияның арнаулы қызмет өкілдері 1998 жылы Өджаланды ұрлап әкетіп, оны Анкараның қолына тапсырады. Ал Түркия соты оны Имралы аралындағы түрмеге өмір бақи бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. 

Күрдістанның Жұмысшылар партиясын 1984 жылы құрған Өджалан тәуелсіз күрд автономиясына жету жолындағы күресін бастаған. Отыз жылға жуық жүргізілген саяси және әскери текетіресте, яғни, күрд содырлары мен түрік әскерінің арасындағы қарулы қақтығыстарда 45 мыңға жуық адам қаза тапқан. Олардың арасында балалар мен қарттар, әйелдер, яғни, жазықсыз жандар да бар.

Ресми Анкара 2012 жылдың қарашасынан бері КЖП жетекшісімен бірге текетіресті бейбіт жолмен шешу туралы келіссөздер жүргізуде. Үстіміздегі жылдың наурызында абақтыда жатқан Өджалан жақтастарына қаруды тастауды бұйырды. Арада бір ай өткенде күрд содырлары келіссөзді жалғастыру үшін қоятын талаптарын ресми түрде мойындап, мамырдан бастап күрд әскерлері Түркиядан шығарыла бас­тады. Бүгінде күрдтер жағы Анкарадан келісімнің алдағы қадамдары қандай болатынын анықтап алуды талап етуде. Өджаланның бауыры Мехмет Өджалан: «Егер күрд проблемасын бейбіт жолмен шешудің келесі қадамдары анықталмаса, біз қаруды тастау және келісімге келу туралы айтқан сөзден бас тартамыз. Бүкіл жауапкершілік түрік билігінің мойнына артылады». 

Күрдтер қойған талаптар үш кезеңнен тұрады – күрд содырларын Түркиядан шығару, түрік билігі тарапынан күрд тұрғындарының құқығын қамтамасыз ету және бейбітшілікті тұрақтандыруға қатысты реформалар жүргізу және әлеуметтік ахуалды жақсарту. Анкараны «екінші кезеңді жүзеге асыруға мүдделілік танытпай отыр» деп айыптаған күрдтер көсемінің інісі Мехмет Өджалан: «Ағам өзіне қойылған талаптардың бір бөлігін орындады және алдағы уақытта да осы процесс нәтижелі болғанша қолынан келген көмегін аямайды. Алайда, әрекеттер біржақты болуда», – дей келе, егер түрік билігі КЖП тарапынан қойылған талаптар орындалмаса, қантөгіс қайта басталатынын ескертті. Өджаланның туыстары оның денсаулығы сыр бергенін айтып, алыс аралдағы түрмеден Түркияның ішкі қалаларына ауыстыруды да талап етуде.

Түркия, АҚШ, Еуропалық Одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Абдолла Өджалан құрған Күрдістанның Жұмысшылар партиясын лаңкестік ұйым ретінде таныды. 

Түркияның оңтүстік-шығысынан тәуелсіз Күрдістанның іргетасын қаласам деп жанталасқан күрд содыр­ларының түрік әскерлеріне тұтқиылдан бас салып, қантөгіске жол бергенін сынға алған Абдолла Өджалан інісі арқылы Анкараға: «Күрдістанның Жұмысшылар партиясы өкілдерінің түрік әскерлеріне шабуыл жасауын жауапкерсіздік деп білемін. Бейкүнә жандардың қаны судай аққанына жаным ауырады. Сондықтан келіссөздер жүргізуге ықпал еткім келеді», – деп ағынан жарылған. Бұған дейін абақтыда жатып, алыстан айбат шегетін Өджалан шынында да тәубесіне келгендей. Осыдан екі жыл бұрын Түркия Премьері Реджеп Тайип Ердоғанға: «Егер үш айдың ішінде күрдтерге қару көтеруді тоқтатпасаң, сені де Тұрғыт Өзал сияқты о дүниеге аттандырамын», – деп қорқытты. «Түркияның алдында екі таңдау бар: демократия немесе жеңіліс» деп аттандаған ол қаншама түрік әскері мен қарапайым халықты ажал құштырған күрд содырларына қарсы шабуылды тоқтатуды бұйырған болатын.

Содырлардың көсемін түрмеде асырауға кеткен шығыннан бөлек Түркия билігі түрмені де жаңалауға 4 миллионға жуық доллар жұмсапты. Ал он үш жылдан бері темір тордың арғы жағында отырған Өджаланға араша түскен Еуропалық Кеңес комитеті денсаулығы сыр берген оған кешірім жасауды ұсынуда. Тағы бір маңызды жайт, Ердоған билік басына келгелі күрд тілінде хабар тарататын телеарна іске қосылды. 

Бүгінде Түркия билігіне наразы күрдтердің күресі қашан басталды? 1920 жылы қабылданған Севр бейбітшілік келісімінен кейін Түркия мен Антанта арасында тәуелсіз Күрдістан мемлекетін құру туралы мәселе көтерілді.  Антанта (француздардың «entente» яғни, «келісім» деген сөзінен шыққан) – Англия, Франция мен Ресейдің әскери-саяси одағы. 1904-1907 жылдары құрылған бұл Одақ әлемдік саяси сахнадағы бәсекелестіктің ықпалынан туындаған. Алайда, Күрдістанға егемендік алу туралы бастаманы көтеруге Түркияны іштен ірітуге мүдделі сыртқы күштің ықпалы болғаны анық. Осының нәтижесінде 1923 жылы қабылданған Лозандық келісімге орай, Күрдістанға тәуелсіздік беру жайлы мәселеге ты­йым салынды. 1920-1930 жылдары күрдтер түрік билігіне қарсы күрес ашты. 1961 жылы Иракта күрдтер көтерілісі басталды. Ондаған жылдарға созылған бұл баскөтеру соңы 1978 жылы Күрдістанның Жұмысшылар партиясының құрылуына ұласты. Түрік билігіне сөзін өткізе алмаған күрдтер 1985 жылдың 15 тамызында Түркияның шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде партизандық соғысын бастады. Қаша жүріп ұрыс салудың салдарынан 45 мыңға жуық адам қаза тапты. Күрдтердің негізгі әскери базасы Ирактың солтүстігіне орналасқан. Екі ел арасындағы келісімге сәйкес, Түркия әскерлері Ирактың аумағына кедергісіз кіріп, күрд содырларын тұтқындауға құқылы. Бұл әлбетте, Өджалан бастаған күрд содырларына ұнамайды. Сол себепті, бір емес, бірнеше рет «Егер Түркия күрдтерге қарсы әрекетін Түркия шекарасынан тыс жерлерде өткізсе, қатты өкінеді» деп Анкараға айбат шекті. Күрдтер көсемі Өджалан абақтыға жабылмай тұрып, Жер шарындағы бүкіл күрдті бірігуге үндеп, Ирактың солтүстігін кездесетін жер ретінде белгілеген. Алайда, америкалықтардың көмегімен Өджалан қолға түскеннен кейін Күрдістанның Жұмысшылар партиясы әлсірей бастады. Бүгінде түрмеде жатқан көсемдерін шығарып алуға жанталасып жат­қандары да сондықтан.  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары