ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТІЛ ФЕСТИВАЛІ  МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
ашық дереккөзі
213

 Жыл бойы Алматы қаласындағы жергілікті атқарушы органдарда, кәсіпорындарда, білім мекемелерінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға белсенді атсалысқан тіл жанашырларының еңбегі елеусіз қалмады.  

Тіл саясатын тиімді жүргізуге үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Фестиваль барысында бұған дейін өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Үздік аудармашы», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Абай оқулары» қалалық байқауларының  жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы Әуезов ауданындағы №53 балабақшаның қазақ тілі оқытушысы Сәрсен Ержанова, «Үздік аудармашы» байқауының жеңімпазы Алматы-1 станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының қызметкері Ерғали Шашаев, «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы №56 гимназияның 8-сынып оқушысы Лия Уразаеваның аты аталды. 

Тіл саясатын тиімді жүргізу үшін орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздіктердің, орысша-қазақша тілдескіштердің, ресми іс қағаздары үлгілерінің жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бірге кітап және диск түрінде таратылды. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетінің туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкірттерге шашу», жасөспірімдер үшін қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудиокітаптар шығарылды. Сонымен бірге, балалар үшін үш дискіден тұратын, қазақ тілін үйренуге арналған бейнеқұрал жарық көрді. Оған әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілді.

Тағы бір үлкен жоба – «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты және қазақ халық ертегілері мен эпостарының желісі бо­йынша түсірілетін көп сериялы мультфильм­дер жинағын шығару ісі қолға алынды. Анимациялық фильмдерді жарыққа шығарудағы мақсат – мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту. 2009-2011 жылдар аралығында «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» мультфильмінің 85 сериясы жарық көрді. 2012 жылы қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мульт­фильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылды. Жоба 2013 жылы белгілі қазақ эпостарының желісінде түсірілген анимациялық фильмдермен толықтырылмақ. 3D форматындағы графикалық тәсілмен жасалған қазақ тіліндегі тұңғыш мультфильмнің басты ерекшелігі – тіл үйретуге арналған бағдарлама енгізілгені және қазақ халқының этнографиясынан бірқатар мағлұмат беретіндігі.  Мультфильмдер жинағы қазақ тілін үйретуге арналған көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, балалар үйлері мен кітапханаларға тегін таратылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс­пен шыққан «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенін де айта кетуге болады. Бұл қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған, оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттік балабақшалармен мектеп-интернаттарға тегін таратылды. 

Динара Дүрмән 

Серіктес жаңалықтары