ШҚО-да шипажайда емделген зейнеткердің өкпесі тесілгені анықталды

/
ШҚО-да шипажайда емделген зейнеткердің өкпесі тесілгені анықталды
istockphoto

Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес шығыс медицинасымен емделген 72 жастағы зейнеткердің өкпесі тесілуіне байланысты шипажайға қатысты тексеру басталды, деп жазады Қазақпарат.

Оқиға Выдриха ауылында орналасқан "Уба" санаторийінде болған. Зардап шеккен әйелдің қызының айтуынша, акупунктура сеансы кезінде анасы кенеттен қатты ауырсынуды сезінген. Алайда процедура жүргізген дәрігер бұл жағдайды асқыну деп бағаламай, науқасты жібере салған.

Рентгенологиялық тексеру барысында науқастың өкпесі тесіліп, пневмоторакс пайда болғаны анықталған. Зейнеткер шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер плевралық пункция жасап, өкпеден шамамен 1,5 литр ауа шығарған.

Жағдайға байланысты ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан түсініктеме берді.

"Уба" шипажайында физиотерапия, массаж, парафинмен емдеу, ингаляция, гальваникалық ванна, фитотерапия, циркулярлы душ, парафитобөшке, балшықпен емдеу, емдік дене шынықтыру, галотерапия, шунгитотерапия және тұзды ванналар қызметтері көрсетіледі. Ал инемен емдеу шипажай ұсынатын кепілдендірілген қызметтер тізбесіне кірмейді. Болған жағдайға байланысты басқарма тарапынан қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі тарапынан да процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары