Мұхтар Әуезов және кітап

Мұхтар Әуезов және кітап

Мұхтар Әуезов және кітап
ашық дереккөзі
«Абай жолы» эпопеясында Абайдың жас кезінде де, одан бергі есейген шағында да Семей қаласына барған сайын қоржын-қоржын кітап алып қайтатыны жөнінде әңгімеленетіні бар. Кейін сол жағдай Мұхтар Әуезовтің өз басында да қайталанады. Ол да ағасы Раззақ пен жиені Мәжит Диханбай баласы өзін демалысқа алып қайтуға барғанда: «Базарлықты өздеріңіз ала беріңіздер, маған кітап алатын ақша берсеңіздер болды» деп, базар мен кітап дүкендерін аралап, бума-бума кітаптар алып қайтқандығынан көрінеді. 1910 жылдардың соңы мен 1920 жылдардың басында мемлекеттік қызметтерде жүріп, газет-журналдардың бас редакторлығы қызметін де қоса атқарды. Осы кездерде жинаған кітаптары аса мол болды, бірақ тағдырдың оны ана жаққа, мына жаққа бір айдауы кезінде жинаған кітаптарының ауылдағысы ауылда, қаладағысы – қалада қалып қойып жатты, ауылдағы үйіне жеткені жетіп, жетпегені жетпеді. Орынбор мен Ташкентте қызмет еткен, Ленинградта оқыған жылдарында жиналған кітаптары да аз болмап еді. Ташкенге ауысқанда солардың ең негізгілерін ғана алып кете алды. Ол мектеп бетін көрмей тұрып-ақ Абай өлеңдері мен Құран сүрелерінің көбін жатқа білді. Атасының екі-үш атанға жүк болардай Бұхар, Наманган, Қоқан, Стамбұл, Мысыр, Ташкент, Уфа, Қазан, Орынборда басылған кітаптарының қатарына өзінің жинаған орыс тіліндегі кітаптары да қосылды. Бірақ атасы қасиетті кітаптардың қатарында бұлардың аралас тұруын күнә сияқты қабылдайтын. Ал кейін аумалы-төкпелі замандар туғанда осылардың бірде-бірін сақтап қала алмады және қандай жағдайларға душар болғанын ешкім анықтап айтып бере де алмады. Ленинградтағыдай емес, Ташкендегі өмірі аласапырандылау болып кетті. Жазар дүниелеріне деректер жинап, жүзеге асыруды бастап жібергенде әлдебір салқындықтың ызғар лебі есе бастады. Казкрайкомның Орта Азия университетінің ректорына Әуезов туралы берген мінездемесінде буржуазияшылдықтан беті бері бұрылғаны, ғылыми қызметке қабылдауға болатыны жөнінде айтылады. Сонда да ол САГУ-дың түрік филологиясы бойынша аспиранты болады, тақырыбы: «Орта Азия халықтарының әдебиеті» (жыл аяғында ол «Қырғыздың батырлық эпосы – «Манас» жырына өзгертілді). Осының алдында 1929 жылдың 29 сәуірінде «Советская степь» газетінде бір топ мемлекет, қоғам қайраткерлерінің А.Байтұрсынов пен М.Әуезовке қатысты мінездемесі жарияланды. Сонда мыналар айтылады: «Біздің ойымызша, сыпайылап айтқанда, Әуезовтің өзін де, оның творчествосын да білмеу, түсінбеу болып табылады. Біріншіден – Колчактың тұсында Алашорданың Шығыс бөлімінің белсенді қайраткерлерінің бірі ретінде М.Әуезов Колчакқа қарсы күреспеді, күрескісі де келмеді. Керісінше сол кездегі Алашорда үкіметі, оның ішінде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, кеңес үкіметіне қарсы күрескені белгілі» деп берген бағалары жарияланды. Алған тақырыбы бойынша Фрунзе қаласына ғылыми командировкаға кеткен кезде оны тұтқындау жөнінде Қауіпсіздік комитетінің бұйрығы шығады, бұл шешім орындалғанда бүкіл қолжазбалары мен кітапханасы қоса тәркіленеді. Бұл жағдай Қазақстанда болса, сол тәркіленген дүниелері аман сақталып қалуы әбден мүмкін еді. Өкініштісі сол, Ташкенде қолды болуы бір ғайыптыққа сіңгендей із-түссіз дерегін қалдырмай кете барды. Ал қазіргі Мұражайындағы мұрағаты мен кітапханасы негізінен 1932 жылдардан бермен қарайғы жинап-терген, сақталған дүниелері болып табылады. Осы бай қазынаның ішінен кейбіреулер оқимын деп алып қайтармай қойғандары да кездеседі, соның бірі – Ісләм Жарылғапов. Ол 1960 жылдары жазушының «Қараш-Қараш оқиғасы» деген атпен шыққан шығармалар жинағының және «Әр жылдар ойлары» деп аталатын ғылыми зерттеулерінің құрастырушысы бола жүріп, жазушы сеніміне еніп, солардың сирек кездесетіндерімен танысуға мүмкіндік алады, соның бірі Спенсердің «История философии Европы» деген кітабы. Көп ұзамай қаламгер о дүниелік болып кетеді де, кітап орнына қайтарылмай, І.Жарылғаповтың қолында қала береді. Бертініректе ол тағдырдың тәлкегімен Ақселеу Сейдімбековтің қолына түседі. Мұхтар Әуезовтің мүлкі екенін біле тұра, ол да өзінің тиісті орнына қайтармайды, Алматыда ашылған кітап мұражайына табыс етеді. М.Әуезовтің 1930 жылдарға дейінгі жинаған кітаптарының барлығында да оқып-ізденгендегі белгілері, пікір-ойлары, қолтаңбалары болды. Өте жас шәкірт шағындағы қолтаңбаларының кейінгі оқығандағы қолтаңбаларынан бөлектік, алшақтық байқалмайды. Енді 1932 жылдардан бергі кітапхана­сындағы кітаптар өзіндік тәртіп, өзіндік жүйемен, араб жазуы секілді оңнан солға қарай жиналған: алғашқы шкафтарда әр кездің басылымы ретіндегі энциклопедиялар мен сөздіктер, мемлекет, саясат классиктерінің шығармалары да, одан әрі философия, тарих, ғұмырнама, әдебиеттану, тіл білімі, музыка, театр, кино, көркем әдебиет, туысқан халықтар әдебиеті, қазақ тіліндегі, араб әрпіндегі кітаптар мен өз шығармаларының әртүрлі халықтар тілдеріндегі басылымдары сияқтанып кете барады. Жазушы оларды жүйелі оқып отырудың тәртібін қалыптастырған, көбіне көңілін айрықша аударған тұстарын блокноттарға түсіріп отырды: мейлі Батыс, мейлі Шығыс, мейлі Ресейде болсын оқу жүйесінің өзіндік өріс-өрнектері қалыптанғанын ол жақсы білді, ал оқуға салыну мен оны жүйеге айналдыру өнер екенін терең ұғынды. Ол кісіні бір құмарлықтың шексіз шыңырауына батырып, сол арқылы дүниенің не бір тылсым сырларымен сырластырады. Осының бәрі кітап жинауға қатты себеп болды Оқуға салынып, ізденумен табылған ілім-білім бұлағын шығыс ғұламалары «мұталағасы ашылған» деуші еді, әрине бұл көрінгенге ашыла бермейді, әсіресе жүрдім-бардым қарайтындарға. Салынып, жүйе-жүйесімен оқитындарға, соның жолына түсіп шын арнасын тапқандарға ғана ашылады, сиқырлы құшағына алады. Әрине ондайлар көп емес, сирек, санаулы. М.Әуезов мұның сырын жақсы білді, жақсы ұғынды. Осы ретте оның қабат-қабат қатпарлы білімдарлығы көлбеңдейді. Орысша білімі өз алдына, Шығыс ақыл-ойына да жетік болды. Ол онымен мұқият, жан-жақты, терең айналысты: Иман шарт, әфтиек, құран, қырық хадис, шуритиссалат, тағлимуссалат сатылары ілімдерін медреседен емес, атасынан және өз бетімен, өз ізденуімен үйренсе, мұхтасар, фикқайдани, тухфатул-мүлк, мантық, нахусарф, бидан, кафия, ғақаидтардың сырына, маңызына да көп үңіліп көрді. Үңіле берсе бұдан ары тарамданып, тармақтанып кете беретініне көзі жетті, нағыз ғұламалар деңгейіне көтерілдіретін «Шарх Абдолла» дейтін сатысын да бағдарлап, шолып көрді. Сала-тармақтанып кете барар күрделі жүйені салынып көңіл бөлмесе, жүрдім-бардым көз салғанға ішін аша қоймайтынын, салынып ізденуді керек ететінін білді. Абайдың «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп – екі жаққа үңілдім» дегенінде осындай сырлы қатпарлар жатқанын, мұның шын зейін қоюды қажет ететінін ұғынды. Жалпы мұсылман ғаламына танымал кітаптар мен көп-көп ойшылдарға көз сала жүріп түсінік, ұғым қалыптастырғандығы аңдалады. Сөйтіп барып Шығыс ғылымы, ақыл-ойы, логикасы, философиясы, аһл-тарихат, ұждан, ахлақ мәселелері төңірегінде ой толғайтындай түсінік қалыптастырды. Абайды осы тұрғыдан зерттеуді де ойға алды. Бірақ ақынның Шығысы жөнінде ой толғауына болмайтынын сезінген соң ойда бар пиғыл-ниеттерінен тартынып қалды. Оның кейбір сырлары мен қырларын сыртқа шығарып шаша бермеді, кейбір салаларын көркем тұрғыдан жеткізудің жолдарын ойластырды. Егер тұтас алып қарасаң,онда оның осы ғасырдағы қазақ оқыған зиялыларының ішінде ең білімді, ең терең ойшылы екендігі көрінеді. Оның білімі, оның танымы, ғұлама ойшылдығы бүгін үшін де, келешек үшін де үлкен үлгі, үлкен өнеге, мектеп, оған көне тарих, сол тарихтың өткен-кеткен бел белесіндегі ақыл-ой дамуларының саты-саты жолдары, ғылым мен өнер, этнография, философия, әдебиеттану, фольклор, драматургия, театр, өз халқы мен өзге халықтар мәдениетінің белгілі қайраткерлерінің өмірі мен еңбектері, диссертациялық жұмыстарға жетекшілігі, студенттерге оқитын дәрістеріне дайындығы тұсында танылар білімпаздығы жатады. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріндегі еңбектерді де еркін меңгерді. Абайды тануына, тереңдеп, жан-жақты қамтуына мүмкіндік туғызды. Сол тілдердегі кітаптарды оқуы арқылы жетті. Абай танымына тереңдеп барды, бұған жетуі романдағы бейнесін ірілендіріп, үлкен топшыламмен типтендіруіне, өмірдегі ағымдық өсіп-өркендеулерін жиып-жинақтауына да көп пайдасын тигізді. М.Әуезов өз ғасырындағы қазақ оқығандарының ішіндегі білімдісі екенін бәрі де білді, мойындады. Бұл деңгейді ол өмірінің соңына дейін жоғарылатпаса төмендетпей өтті. Оның білімділік жолы бүгін үшін де, келешек үшін де үлкен үлгі, үлкен өнеге, – оны жатқан бір университет деуге болады. Ол көне тарих, сол тарихтың өтіп кеткен бел-белесіндегі ақыл-ой дамуының саты-саты баспалдақтарына еркін көтерілген ғұлама. Сонда оның ой-дүниесін тек гуманитарлық кітаптар ғана емес, өзге саланың кітаптары да қызықтырды. Олар да оны әрқилы ой-қиялдарға шарқ ұрдыратын сияқты. Сондықтан биология, химия, астрономия, медицина, техника мен басқа да ғылым салаларындағы кітаптарды оқығанды жақсы көрді. Енді кітапханасының құрамына көз жүгіртсең мынадай болып жалғаса береді: ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр аралығында Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында басылған басылымдарына Л.Толстой, Ф.Достоевский В.Белинский, Кольцов, И.Гончаров, Салтыков Щедрин тағы басқаларының таңдамалылары, толық жинақтары, Шопенгауэр, Муравьев, Катанов, академик Граттың кітаптары, «Записи Восточного отделения», «История русской литературы», «Древнеславянский рукопись», «Игорь князь Северский», «Седая старина Москвы», «Сцены из частный и общественный жизни животных» тәрізді жекелеген басылымдар жатады, түптелуі, көркемделуі жағынан жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде шыққан кітаптар бірден назарды аударады. Олар: «Принципы философского языка опыты точного языкознание», 10 томнан тұратын «Итоги науки» (в теории и практики), бұл басылымда ғылым саласында зор жаңалықтар ашқан, оған тұтастай өзгерістер енгізген ұлы ғалымдардың туындылары топтастырылған. «Библиотека великих писателей» деген атпен шыққан кітаптар сериясында Шекспир, Мольер, Байрон, Шиллер, Гейне, Пушкиннің толық шығармалары қамтылған. Беріректегі жылдар басылымына Бальзак, Флобер, Франс, Золя, С.Щедрин, Бунин, Горький, Р.Ролланд, Диккенс.Ч. тағы-тағылар жатады. Бұлардың ішінде көркем әдебиеттен басқа салаға меңзейтін кітаптар да мол. Олар: Элиза Реклю «Человек и земля» (бұл адамзат қоғамын қамтитын көп томды кітап), Фридрих Ратцель «Народоведения», Рязанов «В мире неясного и нерешенного», Мальвер «Наука», «Наука и религия», Биль «Философская хрестоматия», Кэтнер «Химия неосязаемого», Бюхнер «Сила и материя», Дарвин «Мое миросозерцания», Ренан «Антихристы», Леви Брюл «Сверхестественное в первобытном мышлении», Стерн Л. «Сентиментальное путешествие», Стрейс Я. «Три путешествия» және Фуанкаре, Флетчер, Стрейс, Иоффе, Лурье, Струбе, Фриче, Рихард Г., Крауфод К., Потанин секілді көптеген авторлардың еңбектері. Осылардың өзі-ақ жазушы ойын аударатын салалардың не екенін ұғындыра алады. Ежелгі Шығыс, Грекия, Рим, Орта Азия Орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірлері ойшылдарының кітаптары өз алдына бір төбе. Осындағы көне Грек, римдіктерден: Гомер, Лисии, Эсхил, Аристофан, Сенека, Ксенофонт, Аристотель, Горацин, Цицерон, Цезарь, Лукиан болса, Шығыс даналары: Рудаки, ибн Сина, Фирдоуси, Бируни, Сағди, Руми, Хафиз, Омар Хаям, Низами, Ұлықбек, Жәми, Бабыр, Науаи, Хосроу, Ходжанди болып кете барады. Олардың бұрын-соңды басылғандары мен көне нұсқалары кітапхана көркіне көрік қосады, ерекше өң береді. Ол осыларды оқығанда көбіне сөйлемдер мен тұтас абзацтардың астын және сол тұстың бос жиегін тігінен бір немесе екі сызады да «М» әрпіне ұқсас белгісін қояды, кейде ойларын да жазады. Мұндай белгілер сол шығарманың өзіне қаншалықты дәрежеде әсер еткен, көңілін аударған тұстарға ғана қойылады. Ертеректе оқыған кітаптары мен өмірінің соңғы кезеңдерінде оқығандарының арасындағы белгілерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Кейбіреулер секілді ерсілі-қарсылы сызып, шимайлап, жағымсыз сөздер жазып мүлде оқу әдетінде жоқ. Ең ерекше деген кездер мен көңіл-ойын жарып шыққандай жағдайда ғана ойлары мен пікірлерін кітап беттерінің бос жиегіне көбінесе араб және латын, бүгінгі қолданып жүрген әріптермен жазады. Мұндай сызу белгілерді ол әсіресе көркем шығармалардан гөрі ғылыми, тарихи, теориялық еңбектерді оқығанда көбірек қолданады. Бұл жерде философия, тіл білімі, драматургия, театр, әдебиеттану, әдебиет теориясы, фольклор сияқты салалары болса, онда оның бір емес, әлденеше реттен оқитын тұстары жиі кездеседі. Сонда оның бір бетінің өзінен үш-төрт түсті қалам іздерінің кездесетіндігі көрінеді және бұлар бір мезгіл, бір уақыттың белгілері еместігі, әр кез, әр уақытта қайта-қайта қарап, оқып отырғандағы сызулар екендігі аңғарылады. Сонда оның барлығының болмыс астарына терең үңілгендегі, халық тұрмысындағы тілі, салты, санасындағы тарихи өсу, даму өзгерістерін нәзік қалтарыстарына дейін жіті бақылап отырғандағы машық әрекет, әдеттенуі екендігі байқалып жатады. Эпопеясын жазу кезінде ақын өмір сүрген заманды, кез-кезеңді танытатын әдебиеттерді үздіксіз оқып отырады; бұрын-соңды жарық көрген тарихи шығармалар мен архивтік деректерді, елеулі оқиғаларды терең зерттей жүріп, олар жөніндегі белгілі қайраткерлердің баға көзқарастарына да көңілін ұдайы аударып отырды. Романды жазуда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қоғамдық құрылыс пен саяси өзгерістер, Шығыс туралы, Ресей отарындағы елдер туралы белгілі классиктердің айтқандарын қатты ескерді. Л.Толстой жөніндегі мақалалардан Абай көзқарастарына жанасатын ойлар кезіксе тұсына белгілер соғып, өз пікірлерін қоса жазып отырды. Сонда ол тек оқып қана қоймайды, конспекті түрінде қойын дәптеріне немесе бөлек-бөлек қағаз беттеріне түсіріп те отырады. Жалпы әдебиет, өнер, ғылым, тарих жөніндегі таным көзқарастары сараланады. Студент кезінде оқыған философиялық еңбектердің конспектіленген дәптері қандай жолмен екені белгісіз, әйтеуір сақталып қалыпты. Жалпы оқыған, ізденген кездерінде оның көз алдында үнемі жазар дүниелері мен кейіпкерлері тұрды. Олардың қалай сомдалып, қалай өріс алмақтығы мазалады: Абай ойларымен ұқсас ой, ұқсас көріністер кезіге қалса, қағазға түсіріп отырудан жалықпады. Оның айрықша мән бергендерінің бір арнасы драматургия мен әдебиеттану болса, оның алғашқы қалыптасу, даму кезеңдерінен бастау алады. Театр, кино, музыка жөнінде де осыны айтуға болады, салынып қалған жол-соқпақ болмаған соң ол үшін көп оқып, көп ізденуіне тура келді. Француз Жозеп Тальманың «Памятники театрального быта», В.Приченің «Социология искусства», А.Крайскийдің «Что надо знать начинающему писателю о построении драмы», Мюллердің «Драма и театр» (эпоха возрождения), В.Дасмановтың «Музыкальное и звуковое оформление пьесы», Г.Лессингтің «Гамбургская драматургия», К.Державиннің «О камерном театре», Иоффенің «Культура и стиль», «История западноевропейской литературы» (ранние средневековие), С.Мокульскийдің, С.Игнатьевтің және басқаларының кітаптарындағы белгілері ізденулерінің қандай бағытта өркен жайғандығын көрсетеді. Батысы, шығысы, көне дәуірлер дүниелері оның білмекке, танымаққа ұмтылысын, қай бағыт, қандай деңгейде екендігінен хабардар етеді. Әдебиет тарихы мен теориясы, фольклорына қатысты кітаптардың қатарында белгілі ақын-жазушылар өмірі мен шығармашылығы туралы монографиялар, зерттеу еңбектері де мол жинақталған. Эпосқа, ертегіге, жалпы ауыз әдебиетіне айрықша көңіл бөлгендігі, дүние жүзі халықтарының мұралары жинақталуынан да көрінеді. Биікке көтерілу халықтың азды-көптігіне қарамайды екен. Аз ұлт өкілдерінің де жарық көрген фольклорлық дүниелері биік деңгейлерден табылып жатады. Фольклорды зерттеудің ірі-ірі мамандары өздерінің газет-журналдарда жарияланған мақалаларынан бастап, көлемді-көлемді зерттеулерін қолтаңбаларымен оған арнайы жіберіп отырды. Олар М.Әуезовтің пікір-ойларын білгісі келетінін айтады, солардың ішінде әлемге әйгілі академиктер: Малов, Орлов, Азадовский, Бертельс, Жирмунский, Руденко, Брагинский, Зелинскийлер бар. Барлығы да онымен шығармашылық байланыста болуға тырысады және өзіндік ой-ұсыныстарын білдіруге асығады. Жазушылық өнер, жазушылық шеберлік жаратқанның ғана берген ерекше сыйы деп біледі, әдебиет мәселелерінің сан қырлы салалары оның ең жанды жерінің бірі. Осылармен байланысты оқып-ізденулеріне келсе, онда оның өзін шексіз бір кеңістікке салып жібергендей болғанын сезінеді: П.Медведовтің «Формальный метод литературоведении», Бизнестің «Сборник литературного центра конструктивистов», Б.Эйхенбаумның «Литература (Теория)», В.Пропптың «Морфология сказки», Крицфорд К. «Методы умственной работы», Г.Шенгелидің «Как писать статьи, стихи и рассказы», «Школа писателя», Томашевскийдің «Теории литературы» т.б. жан-жақтылығынан, сан қырлылығынан хабардар етеді. Бұл салада әсіресе жиырмасыншы, отызыншы жылдардың басылымдары көбірек кездеседі. Мұнда жазушы ой-қиялының шексіздігін меңзейтін бір мол дерек көздері мұрағатында жатыр, сондағы жазбаларына көз салсақ онда оның әр салаға көңіл аударулары, тереңдеп ізденулері ашыла, күрделене түседі. Мұрағат дегенде ол отыз екінші жылдан бермен қарайғы кітаптары мен жазбалары екенін еске алған жөн. Әртүрлі себептермен солардың жалғыз-жарымы ғана аман сақталып қалған. Сол аман сақталып қалғандарын Смағұл Сәдуақасовтың жары Елизавета Бөкейханова елуінші жылдардың аяғына таман М.Әуезовке тапсырады. Олар: С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Бернияз Күлеев, Ж.Сыздықов, С.Сәдуақасовтың араб әрпіндегі қолжазбалары. Осылардың ішінде І.Жансүгіров, С.Мұқанов пен Ж.Сыздықовтың өмірбаяндық қолжазбалары, С.Торайғыровтың көлемді өлеңдер жинағы, Ж.Аймауытовтың «Ақ білек» романы, Б.Күлеевтің өлеңдер жинағы мен С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» романы және бір топ орыс тілінде жазған мақалаларының қолжазбасы оңып, өшіңкіреп кеткен. М.Әуезовтің осы оқуларынан әдебиетімізбен қатар туысқан халықтар әдебиетінің өткені мен бүгініне, оның қол жеткізген табыстары туралы үздіксіз толғанатындығы айрықша көрініс берді. Оны Орта Азия, Закавказье, Балтық бойы, Украйна, Белоруссия, Сібір халықтары әдебиеті туралы жазбаларынан көруге болады, онда барлық кез-кезеңдері қамтылған. Әсіресе көршілес өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан, татар, башқұрт әдебиетінің ертедегі ұмыт болған өкілдері мен фольклорына дейін жақсы білетіні, студенттерге оқитын дәрістеріне дайындығынан, басқа да ізденгендегі мол жазбалары көрсетеді. Ұлы жазушы Негізінде Шығыс пен Батыс, Азия мен Африка, Америка елдерінің белгілі, атақты ақын-жазушыларының өмірін, еңбектерін, сол әдебиеттердегі ағымдарға да әр қырынан зер салып, ондағы көтерілген түйінді мәселелер мен суреткерлердің іс-әрекеттеріне де қатты көңіл аударды. «1959 жыл, октябрь» деп басталатын блокнотта Жорж Санд, Оноре де Бальзак, Л.Фейхтвангер мен А.Гриннің және Дж. Олдридждің «Не хочу чтобы он умирал» романы, М.Ибрагимовтің әзірбайжан тіліндегі шығармалары, Сенд Бейлидің «Телефонистка» повесі мен Э.Ремарктің «Три товарища» романы, Уйлсон Митчель мен Грем Гриннің «Брат мой, враг мой», «Тихи американец» романдарын, бұлардың қатарында ерте дүниедегі араб жазушысы Әбу-Фарадж, Ибн Мункыз бен Э.Хэмингуэйдің «Старик и море» повесті де бар. «Асыл нәсілдер», «Дос – Бедел досты» жазу кезінде ол биологиялық, зоологиялық, селекциялық, космостық еңбектерге қатты көңіл бөлді. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары малды асылдандыру ісі баспасөз беттерінде айрықша сөз бола бастады. Белгілі ғалым Кәрім Мыңбаевпен әңгімелесулері кезінде пікір-ой алмасулары көңіл-көкейін біржола өзіне аударып алды. Онымен айналысатын ғылыми-зерттеу институты және онымен байланысы бар шаруашылықтарды жақын білуге тырысты. Содан соң ондағы өмір ағымы, қоғамдық ортаны ұғынғандай болды. Оның алғашқы әсер-сезіністері «Үшқоңыр жайлауында» болып өрнектелді, онысы ұлғайып-ұлғайып «Асыл нәсілдер» атты көлемді әңгіме мен пьесаға жалғасты, бұлар нұсқалық үлгіде де өрнегін тапты. Ауыл шаруашылығы ғылым саласының тәжірибе жасайтын орталығы тектерді ауыс­тырып, араластыру нәтижесі ірі табыстарға қол жеткізді. Мұнда қой ғана емес, басқа да түліктерді бірімен бірін будандастыру нәтижесі үлкен табыстарға иек арттырды: жүні жібек, еті асыл, құм мен тау жайылымдарына төзімді тұқым пайда болды, асылдың асылдары өсіп жетілді. Осындағы ғалымдар мен шопандар, малшылар ғылымдық тәжірибеде сыналды. Қазақ қойлары мен еуропаның прекосы екеуінен пайда болған жүні жібек, еті мен сүті нәрлі жаңа тұқым шықты. Асыл тұқымды жетілдіру ісімен ғалымдар ерте замандардың өзінде-ақ айналысқан. Американың, Азияның бірқатар елдерінде қой өсірудің теориясы мен практикасы қатар дамып, жемісті нәтижелерін берген. Жазушының жазар дүниесі солармен байланысты болған соң Дарвин мен Тимирязовтың, Мичурин мен Лысенконың, Бальмонт пен Мыңбаевтың селекциялық практикалық тәжірибелерін, ғылымдық басылымдарын, оқып, оның әртүрлі, әрқилы, әралуан қырларын білмекке, танымаққа барын салды. Бірде жайлауда малшы, шопандармен сұхбаттасып отырғанда кенеттен төбелерінде сусылдаған бөгде бір үн естіледі. Отырғандардың бәрі де жалт-жалт жоғары қарағанда, қос бүркіт бір суырды кезектеп іліп алысып, биік шыңға қарай тартып барады екен. Сонда бірі тырнағындағы жемді түсіріп жіберсе, екіншісі шүйіліп барып іліп алады да, әрі қарай биіктей береді, отырғандардың үлкені екі қарт ақсақал бұлардың нағыз қырандар екенін әңгіме етіседі. Бүркіттің осалдары ұяны төменге салып, жемін ылдиға тасиды екен де, нағыздары төменнен жоғарыға, ұяларын биік шыңдарға салып, өрге өрлейтін көрінеді. Ақпан, қаңтардың қатты аяздарында жұмыртқасын бауырына алмай жанында қонақтап отырып, жарылмай аман қалғанын ғана басып шығарады екен, биік шыңға өрлейтіндері сондай сынға шыдас берген жұмыртқалардан шығатын көрінеді. Бұл көріністі эпопеясының үшінші кітабына да пайдаланды. «50 жылдан соң» деген көлемді жоспарында космосты қазақ ғалымдарының игергендігі көрсетіледі. Мал тұқымдарын асылдандырудағы жеткен жетістіктерін конспектілей отырып, шұқшия зерттеген. Жиырмасыншы жылдардың ішінде 65 том, елуінші жылдары қайта басылған Үлкен Совет энциклопедиясы, Әдебиет пен Кіші Совет энциклопедиясын оқығандағы белгілері көп. Сондағы мұқият қарағандығының белгісіндей болып әр түсті қалам іздері жатыр. Олар терминдік атаулар, әдебиет пен өнер, архитектура, философия, социология, соғыс ісі, мемлекеттер, діндер, биология, жеке адамдар сияқты салаларға қатысты үлкенді-кішілі мақалалар: «Мировая война», «Бресткий мир», «Индийская литература», «Персидская литература», «Америка», «Бальзак», «Белинский», «Загадка», «Буддизм», «Персия», «Якобинский», «Женская движения», «Бой», «Артиллерия» дегендей бірде техника, бірде дипломатия, бірде медицина, әлеуметтік мәселелер болып кете барады. Өмірінің елеулі, маңызды салаларының бірі ұстаздығы болса, қай салаға жататындығына қарамай докторлық, кандидаттық жұмыстарды оқып шығып, пікір ескертпелерін жазады, өзі осындай ғылыми жұмыстарға жетекшілік те етеді. Туысқан халықтар әдебиетін түпнұсқасында оқуы осындай тұстарда болды. Сондағының оқығандары мыналар сияқты салаланып, тармақтанып тереңдей түседі: Кэтнердің «Химия неосязаемого» кітабындағы осы ғылымның тарихы мен даму жолдары, Аристотель салып кеткен пайымдауларды Галилейдің шәкірті Торичеллидің бұзғанына дейін белгілі бір шешім, тоқтамға келе алмағандығы, Геронның ауа мен су, кеңістік жөніндегі ілімдерді, кейбір ғалымдар сиқырлық жасап көрмек болғандағы тәжірибелері, Гельмонттың алхимияға, газдарға берген анықтамасы, Бойль мен Кирхгоф, Бонзеннің ашқан жаңалықтары, Даньтонның атом жөніндегі түсіндірулері, Бонзеннің жаңалықтары, Аренниустың теориялары сияқты ғылымға енген жаңалықтарға назар аударды. Дарвиннің «Мое миросозерцание», Бюхнердің «Материя и сила», философтар: Риль, Меттри, Шмидт, Реймон Буссе, Пуанкаре, Ферворн, Бундт, Зигвардт, Клаузевиц, Виндельбандттарды тереңдей ұғынуға тырысуы оқу аумағын кеңейтіп, тереңдете түскенінен хабардар етеді. Француз Леви Брюль М.Әуезовті алғаш­қы қауым адамдарының наным-сенім, діндік ұғымдары мен фольклорынан бай мағлұматтарымен көңілін аударды. Бұл жерде ол өзі көтеріп, өзі қозғап отырған алғашқы қауым адамдарын тым жабайы, тым анайы қылып көрсеткісі келетіндермен мүлде келіспейтіндігін білдіреді. Олардың ойлау жүйесінің кейбіреулер жазғандай жабайы да, анайы, надан да еместігін кейінгі өсіп өркендеді, жетілді, дамыды, мәдениеттілігі артты деген уақыттың әсерінен аса алмай жүрген пенделердің нанымдарымен салыстырады. Жеке ойлау, жеке тіршілік, іс-харакет, жеке психология қоршауында өмір сүрді дейтін ағылшын ғалымдарының пікірін мансұқ етті. Оларды мансұқтайтын ұжымдық ойлау, ұжымдық идея, ұжымдық елестету, яғни партиципация (қайшылық) заңымен өмір сүрді дегенді алға тартты. Бұндай болжамдарды еңбегінің өн бойында көптеген деректермен негіздеп, тарата талдап, дәлелдеп отырады. Сонда әсіресе кеңестік дәуір орнағаннан кейін ғылым мен дін өз алдына бөлек-бөлек қарастырылды. Олардың арақатынасы мәселелері қозғалатын Мальвердің «Итоги науки» атты еңбегінің біз білетін, біз пайымдайтын діннен көп уақыт бізді үркітіп, теріс қаратып келген. Толстойдың да, Абайдың да дінге оң қарап, қатты ықылас қойғаны белгілі. Бар ерік-жігері мен қайрат-күшін Абайды танымаққа арнаған Әуезов өзін оқып-ізденудің небір қиын, күрделі соқпақтары мен өр-қияларына салды. «Ықыласты шәкірт көп оқыған жылдар соңында бір уақыт жайшылықтағы оқып жүрген жылдарынан, айлар мен күндерінен бөлек бір жаңалыққа ұмтылады. Дүние есігі, ақыл-көзі жүре бара өзінен өзі кең ашылып кеткендей болады. Оқушы талапкер тірлігінде ол «ең бақытты шақ» дегенді айтқызатыны да сондықтан». Өйткені мұндай бақытты шақтарды жазушының өз басы көп көрді, көп сезінді. Әрбір табыстан кейінгі қуаныш-серпілісті басқа ешбір қуаныш-серпілістермен салыстыра алмайды. Батыс пен басқа да аймақтардың көбінде Исламды кертартпа, схоластика деп ұғындырды. Кейінгі замандарда оны тіпті үдетіп, бар жолсыздықты соған телитін болды. Егер бүкіл әлемдік ақыл-ойға үлес қосқан ұлы даналарды іздер болсақ, қазіргі дамыды деген ғылым салаларының негізін қалағандар да сол ислам ғұламалары болатын. Үзіліп қалған Грек, Рим мәдениетін, ақыл-ойын кейінгілерге жеткізуші, жалғастырушы да исламның Әл-Кинди, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Омар Хаям, Әл-Бируни, Ибн-Сина, Ұлықбектен Абайға дейінгі аралықта қаншама алыптардың бірде-бірінің исламнан бөлініп, шет қалған жері болған жоқ. Сондағы дін ғұламаларының түсіндіруіне келсе: «жеті қат көк» деп түсіндіруінде алғаш бір нұр пайда болып, одан бір түтін бөлініп шығып, одан он сегіз мың ғалам пайда болғанын, сол ғаламда урикундар (планета) дүниеге келді дегенді айтады. Егер осыларға тайпа-тайпа елдер қондырар болса, олары кеңістіктегі бір тарының қауызына ғана сиып кеткендей болар еді дегенді айтады. Міне, ой да, қиял да осы секілді. Оның кеңдігінде, жүйріктігінде шек те, шекара да жоқ. Сонда біз ғаламдық емес, жер уақытының өлшемі шеңберімен жүрміз, одан қара үзіп кете алғамыз жоқ. Сондықтан да біздің даналардың данасы, данышпандардың данышпаны дегендеріміздің өзі сондағы шектеулі мүмкіндіктердің болмашы ғана бөлшегін кәдеге асырып қажетке жаратып жүрміз. Сонда Әуезовке оларды білудің, діндер тарихына шұқшия үңілудің қаншалықты қажеті болды дегенді еріксіз ойлайсың. Абай бітімінің жан-дүниесінің басым бөлігі саналар исламды, басқа да діндер тарихын білмей тұрып, оны танимын деу түсінгенге күпірлік болатынын білді. Содан ба оған «Құран Кәрім» түгелдей дерлік жадында жатталғандай орнығып қалды. Атасы Абайды жаттата жүріп, Құранға да қатты ден қойдырған еді. Бұларды білмеу, дүние шындығына, хақиқат шындығына көз жеткізбеу болып табылады. Шын суреткерді өзгелерден бөлектендіріп, дараландырып тұратын ең негізгі басты қасиеті не? Ол оның білім-біліктілігі, өмірді танып-талғай білу жолы қашан да ауыр – талмай ізденуді, талмай көп оқуды, сол оқығандарын бойына сіңіруді, көкейіне тоқуды қажет етеді. Мысалға мұражайды аралап жүрген көрермендердің патшалар киетін тәждің қасына келгендегі сезінісін алайық. Сонда олардың әрқайсының сезінуі де, әсерленуі де, қабылдауы да әрқилы, әртүрлі болатынын көреміз: зергер болса тәждің ою-өрнегіне, сапасына, қандайлық шеберлікпен орындалғанына қызықса, ал әлжуаздау біреу осыншалықты ауыр затты оның басы қалай көтеріп жүрді екен деп, таңданысы мен таңқалысын жасыра алмайды, ал саудагер тәждің бағасын, одан қанша бұйымдар жасап, пайда табуға болатынына ой жібереді. Сәнқой әйел өзінше бұдан қаншама жарастықты бұйымдар жасауға болатынына және өзіне қаншалықты үйлесіп, жарасым табатынын көз алдына келтіреді. Ғалым адам бұның қай заман, қай дәуір, қай елде жасалғандығына, оған қанша уақыт, қанша замандар өткендігіне ой жібереді, саяси қайраткер осы үшін халықтың қыруар қаржысы бостан-босқа шашылғанының қаншалықты қажеті бар еді деп қынжылыс білдіреді. Осылайша ойлар ағыны жалғаса береді, жалғаса береді. Ал, нағыз қаламгердің қаламгерлігінің танылар жері де, шік түсетіні, бүк түсетіні де, король болатыны, пешкі болатыны да, осы тұс. Өйткені жазушы олар білгеннің, олар сезінгеннің, ойлайтынның бәрін білуі, сезінуі, ойлауы тиіс. Осының бәрі оның қайығын, сол біліп сезінулердің шет-шексіз мұхитына салып, еркіне жібереді. Сонда ғана жазушы оның дауылына да, таудай-таудай асау толқындарының қақпақылдары мен суырып ала жөнелер үйірім-иірім қақпақылдарына да шыдас бере алады. Егер осы бағытпен үңіле берсе, оның қилы-қилы қырлары мен сырларына ене берсе, тарам-тарам соқпақтарына тереңдетіп батыра береді, әрқайсысы өз алдына жеке-жеке ой-толғауларды қажет ететіндігін сезіндіре береді. Табиғаты, тұлға бітімі ерекше жаратылған жазушының ойланып-толғануларының, ізденіп-еңбектенулерінің де жөні бөлекше екенін, нағыз ғұламалықты, дана данышпандықты көргізгендей, сезіндіргендей, тұшындырғандай етеді, оның дана – данышпандығы, ғұламалығы қай кез, қай заманда да бұлжымас үлгі, жол, соқпақ, арна болып қала береді.

Талатбек Әкім,

«М.О. Әуезов үйі» ғылыми мәдени

орталығының жетекші ғылыми қызметкері