Бір күнде үш нысан

Алдымен Леңгір
қаласындағы нысанның лентасы қиылды. «Ұлар шың» балабақшасы жеке кәсіпкер Роза
Ешанқұлованың қаражатына салынған. Бұл балалар мекені бұрын кәсіпкердің өз үйі
болған екен. Қаладағы мектеп жасына дейінгі жеткіншектердің оқуы мен тәрбиесіне
арналған мекеменің қажеттілігін байқаған Роза атасынан қалған үйдің құрылысына
қайта жөндеу жүргізіп, балабақшаның кейпіне келтіріпті. 120 бала сиятын нысан
құрылысын ыңғайластыруға кеткен қаржы 20 миллион теңгені құрайды. 

Аудан әкімі Әуелхан
Елтайұлы: «Бұл – аудандағы ең үлкен бала­бақ­ша. Балаларды мектепке дей­ін­гі
тәрбиемен және оқытумен қам­тамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған
«Балапан» бағдарламасының қолдауымен жү­зеге асып отыр. Аталмыш бағ­дар­ла­маның
IV кезеңі бойынша ауданда жыл соңына дейін 4-5 осындай балабақша ашылады», –
дейді. 30-ға тарта қызметкерді жұмыс орнымен қамтамасыз еткен мекемеде балалар
бес топқа бөлініп, тәрбиеленеді.

Келесі нысан аудан
орталы­ғы­нан жырақта, тау ішіндегі Нысанбек елді мекенінде екен. Мұнда
Нысанбек медициналық тірегінің ашылу салтанаты өтті. Алатау ауылдық округіне
қарасты, 800-ге жуық тұрғыны бар Нысанбек елді мекенінде бұған дейін жеке
медициналық тірек болмаған. Дәрігерлер ауылдағы мектептің екі бөлмесін паналап,
ем іздеген жұртшылыққа сол білім мекемесінің ішінде қызмет көрсетіп келген.
Нысанбек жұртшылығының хал-жағдайы басшылықтың көзіне биыл ғана ілініп,
бюджеттен 32 миллион теңге бөлініпті. «ОҚО құрылыс басқармасы» мемлекеттік
мекемесінің тапсырыс беруімен Нысанбек медициналық тірегінің құрылысы маусым
айында басталып, пайдалануға беріліп отыр. 9 бөлмеден тұратын тіректің міндеті
– халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Фельдшер, акушер, санитар мен
күзетші, бас аяғы төрт адамға жұмыс беріп отырған медициналық тіректің
ашылуында аудан әкімі сөз сөйлеп, лентасын ауыл ақсақалдары қиды. 

Үшінші сапардың көші
Тасарық ауыл округіне бағыт алды. Осы округ­ке қарасты Жамбыл елді ме­ке­нінде
балабақша пайдалануға берілді. Халыққа қажет нысан ашатын болғандықтан да
жүздері жадырай кабинеттерінен шыққан әкімдік қызметкерлері тау арасында бұйығы
тіршілік кешіп жатқан Жамбыл елді мекеніне түске тақау жетті. 100 балаға
арналған «Инабат-ару» жекеменшік балабақшаның иесі – Маликова Үрзада.
Тұсаукесерге халық көп жиналыпты. Мұнда бұған дейін екі қабатты тұрғын үй
болған екен. Сол үйге қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақша талаптарына
ыңғайластырылған. Құрылыс жұмыстарына 48 миллион теңге жұмсалса керек. 24 жанға
еңбек етер орын болып, нәпақасын айыруға мүмкіндік жасап отырған мекеменің де
ашылуына аудан әкімі қатысты. Ауыл ақсақалдары балабақшасының лентасын қиғаннан
кейін, жиналған көпшілікке арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 


Дәурен Әбдіраманов

Back to top button