Ұлт саулығы – келешегіміздің кепілі

«Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімдік жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында. Елбасы ұлт саулығы – табысты болашағымыздың негізі екенін атап айтып, бұл саладағы басты 6 басымдықты анықтап берді.
Бірінші басымдық – халықты сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету. Мәселен, 2010 жылы енгізілген Ортақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (ОҰДЖ) жүзеге асыру барысында ем-домның тиімділігін және көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын барынша арттыруға мүмкіндік туды. Бұл жетістік денсаулық сақтау жүйесі қызметінің негізгі көрсеткіштерін жақсартудан (мысалы, мүгедектер мен адам өлімінің санын азайту) анық байқалды. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен алынған мәліметтерге сүйенетін болсақ, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 5 жылда 17,7 пайызға азайған. Соңғы үш жылдың ресми деректері көрсеткендей, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын адам өлімінің деңгейі 1,6 пайызға кеміген. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында қан айналымы жүйесінің ауруларын анықтау үшін 1 миллионнан астам адам тексеріліп, соның нәтижесінде 77 мыңға жуық науқас анықталып, есепке алынған.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілуде. Мысалға, бүгінге дейін елімізде 20 мыңнан астам науқастың жүрегіне ота жасалған. Атап айтарлығы, Қазақстан жасанды жүрек салудан әлемдік үштікке кіріп, Германия мен АҚШ-тан кейін орынды иеленді. Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасының шеңберінде 2013 жылдың 1-жарты жылдығында ісік ауруларын алдын-ала анықтауға арналған 7 скринингтік бағдарлама іске асырылды, 37 онкологиялық, 113 маммологиялық және 18 проктологиялық бөлмелер ашылды. Барлық онкологиялық диспансерлерде амбулаториялық химиотерапия бөлмелері бар. Сонымен қатар, қолжетімді дәрігерлік қызметтің бірі – дәрі-дәрмек тарату. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын (зейнеткерлер, мүгедектер, тұрмысы төмен отбасылар) қолдау мақсатымен бұрын 50 пайыздық жеңілдікпен сатылып келген 400-ден астам дәрі-дәрмектердің түрлері өткен жылдан бері тегін таратылуда. Оған себеп, соңғы 2 жылда Мемлекеттік міндетті тегін дәрігерлік көмек (ММТДК) шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы көлемі 1,8 есеге артты.
Соңғы кездері шалғай ауыл­дардың тұрғындарына қол­жетімді дәрігерлік көмек көрсету үшін, көлік медицинасын дамыту қолға алынды. Қазір елімізде 49 қозғалмалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Аталған кешендер ағымдағы жылдың 6 айында 285,6 мың адамды тексерістен өткізді. «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» деп аталатын консультативтік-диагностикалық по­йыздар 163 теміржол станцияларының тұрғындарын қамтып, 40 мыңға жуық адамды дәрігерлік тексерістен өткізді. Бедеулікті емдеуде халықты жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2010 жылдан бастап ММТДК тізіміне жасанды жолмен ұрықтандыру (ЖЖҰ) қызметі енгізілді. Егер де алдыңғы қатарлы еуропалық емханаларда ЖЖҰ-дың тиімділігі шамамен 35-40 пайыз аралығында болса, біздің еліміздегі бұл көрсеткіш 39 пайызды құрады.
Екінші басымдық – аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету. Атап айтарлығы, ауруларды диагнос­тикалауда Қазақстанда скрининг (бейнені экранға шығарып тексеру) тәсілі сәтті қолданылуда. Бұл тәсіл әлеуметтік маңызы бар ауруларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.
Глаукомаға скринингті жеке қарастырайық. Әрине, нашар көрушілік пен соқырлыққа алып баратын глаукома дерті бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда да алдыңғы орында тұр. Ал, әлемде осы аурумен ауыратын адамдардың саны 66,8 млн.-нан 105 млн. адамға көбейді. Алаңдатарлығы сол, жыл сайын әлемде глаукоманың жаңа түрлері тіркеледі. Көптеген мәліметтерде 50-ден 87 пайызға дейін аурудың диагнозы анықталмайды. Тіпті, дамыған Еуропа мемлекеттерінің өзінде бұл кеселдің тек 50 пайыз ерте сатысында диагнозы анықталады екен. Қазақстан бұл бағытта көптеген елдерден озып шықты. Соның бір дәлелі, 2011 жылдан бері «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік инновация – глаукомаға скринингтен өту тексерісі қолға алынды. Яғни, 40 жастан асқан адамдар 2 жылда бір рет осы тексеруден өтуге міндетті. Екі жыл бұрын қолға алынған шараның нәтижесі де жаман емес. Бүгінге дейін 4 098 263 адам тегін тексеріліп, 11 854 адамда алғаш рет глаукома дерті бары анықталды. Ал, жалпы алғанда елімізде глаукомасы бар 85 202 адам ресми тіркеуде тұр.
Отандық офтальмолог-ма­мандардың пікірінше, біздің қоғамда ақпараттың қажетті көлемде таратылмауы глаукома скринингінің тиімділігіне кедергі келтіруде. Тұрғындарға профилактикалық білім беруге бұқаралық ақпарат құралдарын тарту керек дейді мамандар. Бұл скринингтің артықшылығы неде? Біріншіден, дертті дер кезінде анықтап, дұрыс диагностика қою. Екіншіден, хирургиялық араласуды қолдану пайызын азайту мүмкіндігі бар. Үшіншіден, тексерудің қысқа мерзімі және науқасты ауруханаға жатқызуға қажеттіліктің жоғы. Өйткені ауруханаға жатқан науқас емделуге қыруар ақша жұмсайды. Аурудың бастапқы сатысында жылына 1 науқасқа кететін шығын Еуропа елдерінде 455 еуроны құрайды. Терминалды кезеңде бұл шығын 886-969 еуроға дейін өсетін көрінеді. Украинада аталған ауруды емдеуге жұмысқа қабілетті адамға – 3848 АҚШ доллары, зейнеткерлерге – 824 АҚШ доллары жұмсалады. Яғни, қорыта айтсақ, дер кезінде қойылған диагноз бен емделушінің дәрігер тағайындаған ем-домы қадағалау барысында аурудың үдеуін көп жағдайда тоқтатады екен. Бұл дегеніміз – адамның ең маңызды дене мүшелерінің бірін сақтау және толықтай алаңсыз өмір сүру.
Соңғы уақытта жоғары ма­мандандырылған медициналық көмектің (ЖММК) бір түрі болып табылатын отандық трансплантология­ны дамыту бағытында айтарлықтай іс-шаралар атқарылды. 2011 жылы 9 желтоқсанда елімізде тұңғыш рет А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында тірі донордың бауыры науқас адамға ауыстырылды. Туған апасының бауырын өз сіңлісіне ауыс­тыру отасы сәтті жасалды. Донор ота­дан 10 күннен кейін, ал науқас 1 айдан кейін ауруханадан шығарылды. Екеуі де қазір қалыпты жағдайда өмір сүруде. Ал, бауыр ауыстыру – трансплантологиядағы ең күрделі оталардың бірі. Өйткені бауыр ісігі, бауыр циррозы сияқты аурулар емделуге келмегендіктен, еріксіз басқа бір адамның бауырын салуға тура келеді. Дамыған елдердің өзінде бауыр циррозы 35 пен 60 жас аралығындағы науқастардың өлімінің негізгі 6 себептерінің қатарына кіреді. Алғашқы билиарлық бауыр циррозы ешқандай себепсіз де пайда болуы мүмкін. Бауыр ауруынан әлемде 35 пен 55 жас аралығындағы әрбір 100-ші адам көз жұмады. Қатты алаңдатарлығы, Қазақстанда да күллі әлемдегідей бауырды вирустық, аутоиммундық және токсикалық зақымдау жиілігі өсіп барады. Содан шығар, бауыр ауыстыру мәселесінің маңыздылығы жылдан жылға артып отыр.
Сонымен бірге, елімізде халыққа кардиохирургиялық көмек көрсету жүйесі де нәтижелі жұмыс істеуде. Қазір бұл сала бойынша 5 республикалық, 11 өңірлік кардиохирургиялық орталық, көпбейімді ауруханаларда 11 бөлімше халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 26 инсульт орталығы ашылса, биыл тағы 22 орталық ашу жоспарланған. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанда ашық жүрекке жекелеген ғана оталар жасалса, биыл олардың саны 28 мыңнан асқан. Сол 28 мыңның ішінде 10 мыңнан астамы – ашық жүрекке жасалған оталар. Кешенді іс-шаралардың нәтижесінде соңғы 2 жылда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20 пайызға дейін азайды. Әрине, бұл – үлкен жетістік. Донордан жүрек алмастырып салу – кардиохирургияның ең жоғарғы шыңы. Қазіргі кезде қазақстандықтар осындай жоғары мамандандырылған дәрігерлік көмекті шетелдерге бармай-ақ, өз елімізде алатын болды.
Мемлекет басшысы атап көрсеткен 6 басымдықтың қатарына, сондай-ақ, профилактикалық медицина, «смарт-медицина», «электрондық медицина» қызметтерін енгізу, дәрігерлік білім беру жүйесін түбірімен жақсарту, бала денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдерді енгізу сияқты мәселелер де жатады. Ең маңыздысы, жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ана мен баланы қорғау жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың негізгі құрамдас бөлігі болатынын атап айтты. Себебі, ана мен баланың денсаулығын қорғау, бала мен ана өлімін азайту мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Онымен қоса, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері мемлекеттің жаһандық бәсекелестік индексінің негізгі өлшемі ретінде қарастырылады. Айта кетелік, бір қуанарлығы, 2013 жылдың 1-жарты жылдығында еліміздегі ана өлімінің көрсеткіші – 15,2 пайызға, бала өлімінің көрсеткіші – 17,7 пайызға төмендеді.
«Үкіметіміз атқарып жатқан іс-шаралар ана мен бала денсаулығының көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді, – деді Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Отбасы күніне арналған жиында сөйлеген сөзінде. – Соңғы жылдарда республикада өмір сүру ұзақтығы 2,5 жылға (2008 жылы – 67,11; 2012 жылы – 69,61) өсті. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылы 70 жасқа жету қарастырылған. Кейінгі 10 жылда еліміздегі туу көрсеткіші 1,3 есеге артқаны байқалады. Халықтың табиғи өсімі 2,1 есеге ұлғайды. Ана өлімі 3 есеге азайып, бала өлімі еліміздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған тірі және өлі туу өлшеміне көшуі ескеріліп, 1,5 есеге кеміді».
Министрдің айтуынша, бала өлімін төмендетуге жоғары мамандандырылған медициналық көмектің дамуы айтарлықтай үлес қосуда. Балалар хирургиясы, соның ішінде кардиохирургия қарқынды дамып келеді. Оған дәлел, соңғы 11 жылда кардиохирургиялық оталардың жалпы саны 23 есе, оның ішінде балаларға жасалған оталардың саны 4 есеге дейін артыпты. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, практикада емдеудің заманауи әдістерін пайдаланудың арқасында балалардың өмірін сақтау 93,2 пайызды құраған. Соңғы үш жылда елімізде кезең-кезеңмен балаларды пневмококк инфекциясына қарсы егу енгізілуде. Бүгінге дейін Қазақстандағы 10 өңір вакцинаның осы түрімен қамтамасыз етілген. 2015 жылға дейін аталған инфекцияға қарсы егу шараларымен барлық өңірлер қамтылады. Ең бастысы, бұл шаралар республикадағы балалар өлімін 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Жүкті әйелдердің бала туғанға дейін арнайы скринингтен өтуі туабітті ақауларды, тұқым қуалайтын ауруларды анықтауға мүмкіндік береді. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнар Төлегенованың айтуынша, 2013 жылдың бірінші жартысында елордада 417 926 адам скринингтік тексеруден өтіпті. «Соның ішінде, 5379 адамның патологиялық ақауы барын, 10 адамның сүт безі ісігіне, 2 адамның асқазан ісігі мен колоректальдық ісікке, 1 адамның жатыр іші ісігіне шалдыққанын анықтадық. Әрине, аталған науқастарды жедел диспан­серлік емдеуге қабылдап, ем-дом шараларын бастадық», – дейді ол. Г.Төлегенованың айтуынша, қаладағы емха­налар мен балалар ауруханаларында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Бала жасындағы ауруларды ықпалдастырып жүргізу», бала тууға көмектесетін мекемелерде «Тиімді перинатальдық технология­лар» бағдарламасы табысты қолданылуда.
Қол жеткізілген нәтижелерге қа­рамастан, ана денсаулығы мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайыр­бекованың айтуынша, БҰҰ-ның сарапшылары растағандай, бала өлімінің құрылымында барлық оқиғалардың 42 пайызы анасының денсаулығының төмендігінен болған. «Халықаралық тәжірибеде әртүрлі аурулардың алдын алу үшін, әйелдердің ішетін тамағына ағзаға пайдалы микроэлементтер қосып береді. Мұндай шара халықтың, әсіресе, аналар мен балалардың денсаулығының көрсеткіштерін жақсартуға көмектеседі. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында ұнға микроэлементтер қосудың нәтижесінде әйелдер арасындағы қан аздық ауруы 1,7 есеге азайған. Сондай-ақ, еліміздегі 5 жасқа дейінгі балаларға А дәруменін асқа қосып беру тәсілін енгізу бала өлімін 25 пайызға кемітеді деп санаймыз. Азық-түліктерде йодтың қажетті мөлшерде болуының өзі балаларды физикалық және психикалық ауытқушылықтардан қорғайды»,– дейді Салидат Зекенқызы.
Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жеке меншік медицинаның дамуына жағдай туғызу қажеттігіне тоқталды. «Барлық дамыған елдерде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жекеменшік сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі таңда жекеменшік компаниялардың үлесі аурухана секторында – 13 пайызды, ал емханалар бойынша – 25 пайызды құрайды. Ортақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аясында министрлік жанынан комитет есебінде бірыңғай төлем институты құрылып, онда стационарлық қызметтерге төленетін барлық қаражат шоғырландырылды. Елімізде стационарлық қызмет көрсетуге бірыңғай тарифтер бекітіліп, «ақша науқаспен бірге жүреді» қағидасы іске асырылды. Қаржыландырудың жаңа қағидасының нәтижесінде жеке­меншік емдеу ұйымдарының үлесі 16 пайызға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, бірқатар емдік-диагностикалық қызметтерді бәсекелестік ортаға беру тәжірибесі қолға алынуда. Атап айтарлығы, бұл тәжірибенің оң нәтижесі бар. Нақты мысал ретінде гемодиализ қызметінің 90 пайызын жекеменшік мекемелер атқарып отырғанын айтуға болады. Оған қоса, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізу және дамыту стратегиясы дайындалды. Осы бағытта ауруханалар мен емханаларды жекеменшік компанияларға, ірі медициналық басқармаларға жалға және сенімді басқаруға беру тәжірибесі жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов 2014 жылдан бастап еліміздегі 15 аурухана өз ұжымдарымен бірге білікті менеджерлердің басқаруына берілетінін мәлімдеді. «Қазіргі кезде көптеген ауруханалар дұрыс басқарудың болмауынан зардап шегуде. Денсаулық сақтау саласында түйіні тарқатылмаған мәселелердің көбеюі – ескі, нашар менеджменттің нәтижесі. Бұл мәселені түбірімен шешу үшін, ескі сүрлеумен, кеңестік заңдармен жүрген бас дәрігерлерді жаңа заманның менеджерлерімен ауыстырумыз қажет. Мысалы, науқастарға қолайлы жағдай туғызамын деген адам қолындағы бар қаражатын ұқсата білуі тиіс. Ол үшін электр қуатын, газды, жылуды үнемдеуі керек. Жаңаша ойлайтын басқарушылар палаталардың аузы-мұрнына дейін толуы, сын көтермейтін тамақ, қараусыз күзет сияқты негізгі мәселелерді өздері шешеді», – дейді Ерік Әбенұлы.

Таңатар Табынұлы

Back to top button