ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МҰРАТЫ – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МҰРАТЫ – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ  МҰРАТЫ – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
ашық дереккөзі

Туасы демократияны жалпы адамзат баласы бостандығының қарапайым атрибуты деп түсінген, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірі – «Сот реформасы туралы жазбасында»: «қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәрселер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару және тергеусіз сот», – деп жазған болатын. Ал, шындығына келгенде, бұл қағиданың астарында ұлттық мемлекет туралы логикалық ой да жатқан еді. Заманы туғанда Алаш қозғалысының жетекшілері бұл идеяны әуелі патшалық Ресейдің отаршылдығынан, сонан соң кеңестің қыспағынан құтылудың бірден-бір жолы ретінде ұғынды. 

Мемлекеттігіміздің бастауы болған Қазақ хандығы ХV ғасырда этникалық үдерістер мен қатынастар, мәдени-әлеуметтік мен экономикалық дамудың, қазақ этносының жетілуі нәтижесінде құрылғаны белгілі. Оның басында Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған ұлтымыздың зиялы тобы болды. Мемлекеттіліктің бір нысаны ретіндегі хандық жүйенің өзіндік дамуы, аймағының кеңейе және нығая түсуі патшалық Ресейдің әуелі 1822 және 1824 жылдары қабылдаған «Сібір және Орынбор қазақ-қырғыздары туралы» жарғыларынан соң, одан кейін территориялық басқарудың отарлаушылық жүйесі ендірілуімен тоқтаған еді. Ресей мен оған өз еркімен кірген Кіші және Орта жүздің арасындағы құқықтық қатынаста қазақ жерін иемденуге байланысты сөз болмағанымен бұл үдеріс басталып кеткен болатын. 1867-1868 жж. «Уақытша ережелерге» байланыс­ты жүргізілген саяси-әкімшілік реформаға сәйкес арнайы қаржыландырылғаннан кейін орыс шаруаларының қазақ өлкесіне көшірілуі жүйелілік сипатқа ие болып, бұрын-соңды болмаған жаңа қарқын алған-ды. Мұны 1886-1891 жылдарғы ережелер жалғастыра түсті. 

Ресей империясы қазақ халқын өзіндік өсіп-өркендеу жолы бар этникалық қауым ретінде өз халқымен тең көрмеді. Қайта ол өзінің табиғи ерекшелігінен қол үзіп, дамудың орыстану жолына түсуі тиісті деп ұғынды. Осы үшін сан түрлі айла-шарғыларға барды. Ең бірінші, жергілікті патша әкімшілігінің күшімен орыс қоныстанушыларына ежелгі тұрғындардың ата қоныстары, оты-суы мол, ең шұрайлы, шөбі шүйгін жерлері тартып әперілді. Қазақ шөл және шөлейт, т.б. құнарсыз жерлерге еріксіз ығыстырылды. Осы үдерісті жіті байқаған кәсіби тұңғыш ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин өз достарының біріне жолдаған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы жазғанын айта келіп, былай деген еді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Бұдан сөз иесінің соншалықты көрегендігін еліміз тәуелсіздік алғанда ғана терең сезіне алып отырмыз. 

Ұлттық намыс пен сана-сезімге тию, ежелгі дәстүрлі мәдениет мен ата салтты аяқ асты ету, рухани өркендеуіне кедергілердің қойылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын келтірді. Жүздеген бас көтерулер болды. Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы пен Махамбет Өтемісұлы, 1837 – 1847 жылдарғы Кенесары Қасымұлы, Есет Көтібарұлы және Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов басқарған көтерілістер, 1916 жылғы Қазақстанның талай жерін қамтыған бас көтерулер халқымыздың жадында мәңгілік орын алды. Бұлардың барлығы да жеңіліс тапты, бірақ азаттық идеясы бір сәт халық жадынан жоғалған жоқ.

ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдай қазақ өлкесінде жаңа әлеуметтік-саяси күштің пайда болуына алып келді. Мұндай ұйым 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен Бірінші Бүкілқазақтық съездің шешімімен дүниеге келді. Ол ұлттық-демократиялық «Алаш» саяси партиясы еді. Оның басы-қасында Әлихан Бөкейхан бастаған бірсыпырасы Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты қалаларда оқып, арысы Батыстың, берісі Ресейдің демократиялық ұстанымынан сусындаған, өз заманына сәйкес жоғарғы білім алған, озық ойлы сол кездегі Алаштың алдыңғы қатарлы азаматтары болды. Олар жетекшілік еткен күрес алдымен қазақ өлкесін, бірте-бірте бүкіл Түркістан аймағын қамтыған ұлт-азаттық қозғалысқа айналды. 

Алаш қозғалысы қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының ұйымдасқан түрдегі іс-әрекеті, ұлттық сананың оянуының қоғамдық көрінісі болатын. Бұл өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты және қамтыған аумағы жағынан қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Мұның басқалардан басты артықшылығы, жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеу мәселесін көздеуінде болды. 

«Алаш» партиясының бағдарламасының жо­басында негізгі идея еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болды. Бұл партия бағдарламасындағы «Мемлекет қалпы» деген бірінші тараудан айқын аңғарылады. Онда «Россия демократическая, федеративная республика болу. (Демократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп жазылған. Осындағы аса бір принципті мәселе – федерациядағы бірлескен мемлекеттердің құрдас, яғни олардың құқықтары тең, ынтымағы бір, бірақ іргелерінің бөлек және өз тізгіндерінің өздерінде болуы деген идея нағыз ұлттық мемлекеттіліктің болмысы болатын. 

 Мұндай мемлекеттің мәнін жақсы түсінген Әлихан Бөкейхан ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын Батыстық буржуазиялық қатынас жолын таңдай отырып, қазақтың тарихи және ұлттық ерекшеліктерін қатаң сақтауды естен шығарған жоқ. Осы ғылыми әдістемелік қағиданың бүгінгі күні мәні ерекше зор болып отыр. Кейбір министрліктердің жиі тықпалайтын, кейде пайдалы реформаларының жүзеге аспай қалып жатқандығының да көбіне-көп сыры осында жатыр.

Ұлттық мемлекет құру туралы идея 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда жүзеге асты. Тоғыз күнге созылған Бүкілқазақтардың екінші съезі Автономия құру туралы шешімге келді. Уақытша Халықтық кеңес құрылып, Әлихан Бөкейхан соның төрағасы болып сайланды. Алайда жаңа замандағы ұлттық мемлекеттің үлгісіндей болған «Алашорда» автономиясы екі жарым жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқының азаттықты аңсаған идеяларының жемісіндей болған Алашорда мекемелерін таратып тынды. 

Алайда тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет құру идеясын Алаш жетекшілері әсте ұмыта қоймады. Біреулері кеңестік құрылымда қызмет ете жүріп, екіншілері сыртта болғанымен бұл асқақ мұраттар үшін күрестерін тоқтатпады. «Найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» қолдамай Мәскеуге жер аударылғанымен, Әлихан Бөкейхан өмірлік ұстанымынан айнымады. Халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі лауазымын ала жүріп Ахмет Байтұрсынұлының 1920 жылы В.И.Ленинге жазған хатында көтерілген қазақ өлкесін басқарудың басында жергілікті ұлт зиялыларының арасынан шыққан таза идеялық қызметкерлердің болуы, қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін қазақтардың басқаруы және т.б. ұлттық мемлекеттіліктің мәселелері болатын. Бірақ кеңес көсемі үнсіз қалды, жауап бергісі келмеді. Ал елдегі ішкі жағдайдан шетелде қоныс табуға мәжбүр болған Мұстафа Шоқай 1929 жылы «Біздің жол» деген мақаласында «Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп бодандықтан құтылуының бұдан басқа жолы болмағанын, қазір де жоқ екенін және бұдан соң да болмайтынын кесіп айтқан еді.

Азамат соғысында жеңіп, жаңа саяси-экономикалық және құқықтық бағдармен мемлекеттің қаңқасын құрып, іргесін бекітіп алғаннан кейін кеңес көсемдері азаттық пен ұлттық мемлекеттілік идеясын жүректерінде мәңгі сақтаған қазақ халқының саяси жетекшілері мен рухани көсемдеріне қайта оралып, оларды түгел дерлік әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыратты, жан-жаққа айдады, атты. 

 Сөйтіп қазақтың талай ұрпағының ғұмырын қиған асқақ арман, биік мақсат жүзеге аспай, бар тізгін Мәскеудің қолына көшіп, жетпіс жыл бергені аз емес, бірақ алғаны әлдеқайда көп болған кеңестік Ресейдің құрамында болдық. Қазақ елі қағаз жүзінде «одақтас», ал іс жүзінде «тәуелді» республикалардың біріне айналды. Осы жылдары Қазақстан басшыларының арасында екі-ақ қазақтың болуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ең негізгісі – қазақ қауымы адамзат қоғамының толыққанды мүшесі ретінде саяси һәм рухани еркіндікте болмады. Алайда азаттық идеясы қазақ жүрегінде сөнген емес. Оған кеңес заманындағы әртүрлі көтерілістер мен бас көтерулер айқын дәлел бола алады.

Жаңа мемлекеттілік жолында

ХХ ғасырдың соңы кеңес Одағы кеңістігінде саяси ахуалды өзгертті. Эконо­ми­калық-әлеуметтік салада қордаланған қиын­шылықтарды шешуге жалғыз коммунистік партия басшылық жасаған тоталитарлық жүйе дәрменсіздік танытты. Басшылық жаһанданудың оң ағыстарымен санаспады. Тиісті реформалар жүргізілмеді. Сондай-ақ ұлттық республикалардың мұдделерімен есептеспеу, олардың ұлттық мәселелеріне тоңмойындық таныту іштей бірліктің жойылуына алып келді. Мұның барлығы өзін мәңгілік санаған алып мемлекеттің ыдырауымен аяқталды. Сөйтіп жеке билікке негізделген мемлекеттің ғұмыры ұзақ болмайтынын кәрі тарих тағы да дәлелдеді.

Енді ұлттық республикалар өз тағ­дыр­ларын өздері шеше бастады. Осындай жаңа заманның елең-алаңында Алаш көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары алғы шепке шығарды. Сөйтіп 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заңы қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. 

Шындығында, бұл кезең еліміз үшін аса бір сындарлы шақ болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар тұғын. Осындай жағдайда ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, шын мәнісіндегі, зор мәні бар оқиға болғаны сөзсіз. Бұл туған тіліміз азаттықтың әліпбиіндей қазақтың табиғи құқығы, тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген қоғамдық түсініктің нәтижесі болатын. 

Ұлттық тарихымызға алтын әріппен жазылған егемендік пен тәуелсіздіктің сәулелі таңдары да атты. Алаш көсемдерінің: «Біз құл болып отыра алмаймыз. Ұлт азаттығын аламыз» деген сенімдері, асқақ арман, биік мақсаттары шындыққа айналды. Кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы үшеуі қол қойып, Ақпан революциясы туралы «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ» деулерінің шын реті енді келген-тұғын. 

1990 жылғы 25 қазанда және 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда мемлекетіміздің ұлттық сипаты атап көрсетілумен бірге оны сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды. 1995 жылғы Ата заңда мемлекетіміздің құқықтық құрылымы айқындалды. Арнайы конституциялық заңдарда мемлекеттің биліктің үш тармағы туралы принципті мәселелер шешілді. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы дамудың құқықтық негіздері қаланды. 

Әрине, тоталитарлық жүйеден өзінің саяси мәні мен тұрпаты жағынан бөлек қоғамға өту – аса күрделі болды. Бұл бағыттағы қоғам дамуында төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетті. Бір жағынан жаңа саяси институттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босатып жатқан жоқ. Бұл – өмір заңы. Жаңа заманның талабымен астасқан ежелгі құндылықтар терең орнықпай, ескі дүние өз-өзінен кете қоймайды. Оның үстіне бүгінгі ақпараттың құдіретімен кеңістік пен қашықтықты мо-йындай қоймайтын жаһандану үдерісінің күшімен де есептеспеуге болмайды. 

Алайда еліміз қысқа мерзімде сан алуан асуларды алды. Ең бірінші әрі ұлы жетістігіміз – Конституцияда атап көрсе­тілгендей, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық көздің қарашығындай сақталуда. Республикада тұратын халықтардың бірлігі мен достығын нығайту бірінші дәрежелі міндет саналып келеді. Бұл мемлекетіміздің, Елбасымыздың сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси сипатының саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымдылыққа тұрақты негізделіп келеді. Осының арқасында бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Қазір қазақ елін дүние жүзі таныды.

Жаңа мемлекеттің ордасы Сарыарқаның төрінен орын теуіп, Астанамыз күш-қуатымыздың символына айналып, бүкіл еліміздің тұла бойына тіршілік тынысын таратып отыр. Тәуелсіздіктің ырғақты желбіреген қасиетті Туы астында Қазақстанның бүкіл халқы иықтасып, бір мақсатқа жұмылып, бір бағытқа бет алуда. 

Алдағы экономикалық және әлеуметтік шыңдар «Қазақстан – 2050» стратегиясында барынша айқындалды. Бағдарламаның өзегі – еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан орын алуы. Дүниежүзілік қауымдастықтың ең танымал ұлттарының біріне айналудың бірден бір жолы болып отырған бұл асқаралы міндеттерді шешу сөзсіз мемлекетіміздің ұлттық сипатына да қатысты. 

Бүгінгі бар рухани құндылықтарымызды жаһандану заманы ұсынып отырған жаңалықтарымен байыта отырып, мықты да толыққанды ұлт болып қана әлемдік адамзат қауымдастығына лайықты үлес қоса аламыз. Бұл еліміздің алғашқы аса маңызды құжаттарындағы бүгініміз үшін де, келешегіміз үшін де аса маңызды «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген қағиданың жүзеге асуына батыл әрекеттерді қажет етеді. Өйткені қазір еліміздегі бүкіл халықтың 65 пайызын құрап отырған қазақ ұлтын басқа этностармен теңестіріп, ресми құжаттарда «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген сөз тіркесін қолданатын болдық. Біздің қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің ұлттық сипатын, оны құрап отырған өз ұлтымызды толыққанды мойындата алмай отырғанымыздан болып отыр.

Өркениетті мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстанды көпұлтты мемлекет деуге негіз жоқ. Мемлекеттіміздің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» деп жазылғанымен «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алмады. Біріншіден, осыдан алты ғасырдай бұрын осы аймақта хандық мемлекет құрған – қазақ ұлты. Бұған басқа халықтың қатысы болған жоқ. Екіншіден, қазақ америкалықтар сияқты өзге елден көшіп келмеді, осы жердің қашаннан иесі. Үшіншіден, өз тарихында талай қырғынды көріп, бір ғасырдан кейін болса да, еліміздегі халықтың басым көпшілігі болып отырған да қазақ. Бұл жайлармен санасу қажет. Сондықтан алдымен мемлекет құраушы ұлттың мұраттары шешілмей, ол өзіне тарих жүктеп отырған қасиетті миссияны – елдегі басқа этностардың басын біріктірушілік, ұйытқылық рөлді толыққанды атқара алмайды. 

Осы бағытта ең бірінші ойға қазақ тілі оралады. Бұл ұлтымыздың ең басты белгісі ғана емес, рухани күші де. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ана тілімізге тұрақты көңіл бөлуі тегіннен-тегін емес. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегеннен қалай қарапайым айтуға болады? Үш тілдің бірлігі туралы айта отырып, қазақ тілі үш тілдің бірі емес, біріншісі, негізгісі, бастысы деп атап көрсеткен жоқ па? Сондай-ақ Елбасымыздың осы «үштілдің бірлігі» деген формуласында қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерін білумен қатар үш тілдің иесі болып отырған халықтардың тарихын, әдебиеті, білімі мен ілімін, т.т. рухани құндылықтарын игерсек, біздер өркениеттің жаңа сатысына көтерілер едік деген де терең ой жатыр емес пе?

Алайда әлі көбімізде тәуелсіз сананың орныға қоймауы, ұлттық намыстың жетіспей жатқандағынан осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз мемлекеттіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылмай, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізудің толыққанды тілі бола алмай отыр. 

Ал енді, әсіресе орыс тілді басылымдарда әдейі орыс тілін ресми тіл деп атау көп кездеседі. Шындап келгенде бұл көп оқырмандарды шатастырады, шындықтан алыс ойларға жетелейді. (Monitor.№44 (464). 8-14 ноября 2013 г. Руслан Жангазы. «Грани постепенно стираются»). Бұл конституциялық норманы бұрмалау болып саналады. 

Бүгінгі жаһандану жағдайында тек бір тілмен ұзаққа бара алмайтынымызды өмір көрсетіп отыр. Бұл – қазақтың қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуының әлеуметтік амалдары. Егер тарихымыздың төріне тереңірек зер салсақ, кейбір фарабист ғалымдарымыз әл Фараби жетпіс жеті тіл білген дейді. Ұлы ойшылдың әлемнің екінші ұстазы атануы тегіннен-тегін емес қой! Кешегі дәстүрлі қазақ қоғамында өмір сүрген ұлы ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхандар да бірнеше тіл білген. Ал бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жетекші жеті тілін білген, сол тілдерде жаза, сөйлей алған. 

Тәуелсіздік халқымыздың рухани дүние­сі­нің бір тіні саналатын өзінің дәстүрлі ді­німен қайта қауышуына алып келді. Дінге сенушілер көбейіп, діни бірлестіктердің саны артты. Осы аймақтың ежелден жалғыз иесі болып келе жатқан қазақтың дәстүрлі ислами бірлестіктері қарқынды өсті. Мешіттер көбейіп, көптеген діни мектептер ашылды. Олар имандылық пен ізгіліктің орнына айналуда. 

2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң қоғамдағы діни қатынастарды реттеуде жаңа бетбұрыс болды. Жалпы діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс айқын аңғарылып отыр. Әсіресе, ислам дінінің ханафи бағытының (кейбіреулердің «ханаби бағытындағы ислам» деп жазып жүргеніндей емес) халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы заңдық қағиданың қазір басқаны былай қойып, ежелгі ислам дініміздің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, олардың арасындағы дау-дамай кейде жасырын, кейде ашық жүріп жатқанда маңызды екеніне дау жоқ. 

Дегенмен еліміздегі діни қатынасты құқықтық жағынан реттеуді жетілдіре түсуде алда тұрған мәселелер баршылық. Қазір елімізде 70 пайызды құрайтын мұсылмандардың – 2229 және халқымыздың 20 пайызынан астамы болып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болса, неше пайыз екені белгісіз католиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болып отыр. Тіркеуден өткен еліміздегі шетелдік 237 миссионерлердің басым көпшілігі католиктер мен протестанттар. Шетелдік миссионерлер заңды қатаң сақтай отырып, өз мақсаттары мен міндеттерін толық шеше алады. Оған олардың теориялық дайындықтары да, тәжірибелері де, қалталары да жетеді. Бұл мәселелер ұлтымыздың шынайы зиялы қауымын ойландырмайды емес, ойландырады. Жалпы адамзат тарихында көп конфессиялылық тиімді бола бермеген.

Тіл де, дін де – қазақ халқының тұтас­тығын қамтамасыз ететін аса маңызды факторлар. Мұны қазақ жүзге, руға бөлінбей, жерлестікке салынбай, ішкі рухани тұтастығын сақтай отырып қана шеше алады. Сол себепті қазір қазаққа ішкі бірлікті нығайта түскеннен артық мәселе жоқ. Өзіміз тұтаса отырып, еліміздегі басқа этнос өкілдерін ұйыстыра аламыз. Бұл қазақ халқына бүгінгі тарихи жағдай жүктеп отырған ерекше миссия. Сондықтан өз жағдайымызды толық біле отырып, орын алған кемшін тұстарды жетілдіре және алдымыздағы асуды айқындай отырып, біз жетіле аламыз, толыққанды ұлт бола аламыз. 

Ешкім бізді біріктіре алмайды, бірігетін де, берекемізді байытатын да тек өзіміз. Елбасының «Біз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз» деуінің үлкен мәні бар. Сондықтан алда да халқымыздың ұлттық ділінде жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогрессивті белгілерін – бостандық сүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше қатынас, үлкендерге құрмет, тұрмыста өнегелі мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын ескеру сияқты адами қасиеттерді дамыта отырып, мемлекетіміздің ұлттық сипатын күшейте аламыз. 

Тәуелсіздік тағылымы

«Тәуелсіздік», «бостандық», «еркіндік» – жалпы адам баласы мәңгілік ұмтылып келе жатқан қасиетті ұғымдар. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік – сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі. 

Мемлекетіміздің тәуелсіздік сипатқа ие болғанына 20 жылдан асса да, қоғамымызда «Тәуелсіздік» ұғымына әлі тереңдеп бара алмаудың, оның Алаш жетекшілерінің түсінігіндегі құдіретті мәнін толық игермеудің салдарынан еркін сананы қалыптастыра алмай келеміз. Баяғы құлдық психологиядан арыла алмау, өзгеге жалтақтау, басқаға жөн-жосықсыз еліктеу, саяси белсенділігіміздің әлсіздігі, рухани жұтаңдық ұлттық мәселелеріміздің батыл шешілуіне, ұлттық рухымызды көтеруде тұсау болуда. Осы орайда халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының осыдан 60 жылдай бұрын айтқан: «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет» деген өсиетін айта кетсек артық болмас. 

Қазір біразымызға ұлттық рухпен суарылған ұлтшылдық қасиет жетпей отыр. Тіпті осы «ұлтшылдық» ұғымды ресми қолдануда көбіне кешегі кеңестік кездегіден аса алмай жүрміз. Өз ұлтын шынайы сүйгенді Алаш көсемдері ұлтшыл деп атаған еді. М.Әуезов 1923 жылы жазған Ыбырай Алтынсарин туралы мақаласында: «Біздің ойымызша, Ыбырай барып тұрған ұлтшыл болғандықтан, өзінің сүйікті ана тілінде жазды», – деген еді. Қазақ сөзінің мән-мағынасын Мұхаңнан артық біле қоймайтын шығармыз.

Осыларды ескере отырып, өз халқын шынайы сүйгенді Алаш жетекшілерінің тілімен «ұлтшыл» деп, өз ұлтын өз­ге­ден артық санауды, яғни ұлттық астам­шылдықты «шовинизм» деген жөн болар еді. Әсілі, өз ұлтын сүйе алмаған өзгенің де қадір-қасиетіне жете қоймайды. Өз ұлтын биік санаған өзгенің асқарын көре алмайды. 

Қазіргі жаһандану заманында рухани иммунитеті күшті, өз ұлтын жанындай жақсы көретін, ұлттық рухы мықты, бірақ өзге этностардың да қадір-қасиетін тани білетін шынайы ұлт­шылдарды тәрбиелеу аса қажет болып отыр. Бұл бағытта барлық тәрбиенің негізі, темірқазығы болып саналатын отбасының рөлін айрықша көтеруіміз керек. Өйткені қоғам отбасынан бастау алған. Қазіргі қоғамдағы келеңсіз көріністердің барлығы отбасындағы шындық. Осы бір аса маңызды әлеуметтік ортаның өзінің ежелгі дәстүрінен айрылуы көп жағдайларда ұлттық тәрбиеде жүйелілікті жоғалтуға, туған тілді тұғырынан тайдыруға, жарасымды ұлттық салт-санамызды әлсіретуге әкеліп отыр. 

Ал батыстың жаман әдеттерін, алдау мен арбаудың, адам өлтірудің алпыс айласын үйрететін, айлап, жылдап көрсетілген телесериалдар жасымызға да, жасампазымызға да тәлім беріп жатыр деу қиын. Шетелдік мультфильмдер балаларымыз жаулап алды. Ал жас жеткіншектер күннен күнге жақсарып келе жатқан «Балапан» телеарнасын көре бермейді. 

Тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет – егіз ұғымдар. Бірінсіз бірі бола қоймайды. Оны бүгінгі өміріміз көрсетіп отыр. Өйткені тәуелсіздік үшін күрестің бағдары – ұлттың мүдде-мұраты екені белгілі. Сол себепті тіліміз бен дінімізді, айналып келгенде ділімізді ұлттық бұлақтың қайнарынан қандыра отырып қана бүгінімізді ба-йытып, келешегімізді кемелдендіріп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете аламыз. 

Әбдіжәлел Бәкір, 

 саяси ғылымдарының докторы, 

профессор