Оймақтай ой!
Оймақтай ой!
Қаинар Олжай
КӨҢІЛДІҢ КІРІ …КЕТПЕДІ
Өзіміздің еркіміздегі уақыт –
жексенбідегі таңғы тоғыз бен он бірдің арасы. Шамасы Қалихан Ысқақта болуы керек,
қазақтың орыстан ат сатып алатыны туралы кеп бар еді. Аптаның алты күні
айтқанға көніп, айдағанға жүретін жануар жексенбі күні мүлде ұстатпайды.
Сөйтсе, құлын кезінен орыстың қолында болған жылқы жексенбіге үйренген екен.
Қожасы бұл күні ешқашан жұмысқа жекпеген. Тиыштықбек ақын «маңдай тері
сорғалап, мал баққан боп жүр әлі» деп сипаттайтын байғұс қазаққа қарағанда бір
күн дем алуға орыстың аты да үйренген. Біз сол ат сияқты ең болмаса екі
сағат… Тоқтай тұрыңыз, өзін атқа теңегеннің алғашқысы емеспіз. Бірер жыл
бұрын Ермек Серкебаевтан сұхбат алғанбыз. Ауырып та, қартайып та жүрген кезі.
Жамбасы жерге тигенше біз алғаннан басқа сұхбаты көзге түспеген. Соңғы
жүздескен журналистің бірі болғанымыз хақ. Тек беріде «Парасат» журналынан
Зәкір Асабаевтың Ерекең туралы аса тартымды эссесін оқыдық. Жалпы, Зәкір аға
қазақ мәдениетінің өр тұлғалы өкілдері туралы теңдессіз мақалалар жазып жүр.
Біз оқыған сайын Жұмекенге қызыққан Қадырдың күйін кешеміз. Тек поэзиядағы
Оразақын Асқар сияқты көсемсөздегі Зәкір де ескерусіз қалып келеді. Бағалар
кісі болса, бір емес, бірнеше мәрте лауреат болатын журналист – осы. Әттең! Өй,
тақырып қайда, біз қайда? Ермек ағамыз сол сұхбатында өзін колхоздың қартайған
көк атына теңеген. Бала кезінде кәрі көк атпен қырман бастырғанын еске алған. Әкесіне
жастықпен «Алаш Ордада» нең бар еді?» деп ренжігенін айтқан. Өзінің қазақша
жақсы білмегені үшін театрдағы ағалардан кертоқай алғанын жасырмаған. Алматының
әкімінен анда-мұнда әулетін жинау үшін үй салуға жер сұрағанының соңы
үкіметтегі дауға айналғанына кейіген. Атымыз бен ел алдындағы еңбегіміз,
жасымыз бен талантымыз, әулетіміз бен таралу аймағымыз Серкебаевтардың қасында
Алатау мен елеусіз төмпедей ғана біз де бала-шаға бас қосатын «үлкен үй»
салудың қамымен жүрдік қой. Даңқты әншінің алдында басқалар үшін қысылғанбыз
сол жолы. Ал сұхбаттың тақырыбы «Көз алдыма көк атты елестетемін» болып шыққан
бір газетке. Кейін кітапқа енді. «Қанат байлаған қазақ». Оқимын десеңіздер,
2000 данасы байтақ елдің кітапханаларына кеткен. Сонымен орыстың аты сияқты толық
меншігіміздегі екі сағатымыз …моншаға арналады. Алматының іргесіндегі
«әулеттің жиналатын жері» ретінде салынған үйде өз моншамыз бар. Енді ол монша
да, арқаны ысып беретін жеңгелерің де алыста, соқа басымыз сопайып Астанада
жүрміз. Әлгі екі сағатты пайдаланып көпшілік моншасына барамыз. Бұл сулы-булы,
сабынды-көбікті жерге қатысты әңгіме де көп. Студент жылдары деканымыз Темірбек
Қожакеев жарықтық, рас, ол кісі көзімізден тізіп моншаға апарған емес, «жақсы
журналист тақырыпты партия мен атқару комитетінің қабылдау бөлмесінен табады»
дейтін. Онда басшының қабылдауына келгендердің мұңы мен зарынан күніне кемі он
фельетон шығатын. Қазір қай әкім жай журналисті қабылдау бөлмесіне кіргізеді?
Тіпті, кіргізген күнде баяғыдай топырлап отыратын келушілер қайда? Әрі,
Қожакеев арнайы оқытқан фельетонның өзі жанр ретінде баспасөзден көрінбейді.
Қазақ даласынан жойылып кеткен жолбарыс сияқты Нұри
Муфтах марқұммен бірге қаза тапқандай көрінеді де тұрады. Енді біз Темекең
сияқты декан болып жатсақ, болашақ журналистерге «тақырып іздесеңдер көпшілік
моншасына барыңдар» деп кеңес берер едік. Бірақ, оны қолданатын жанр қайда?
Мылтықсыз оқты қалай атарсың?! Тағы қайда шығып кеткенбіз, түге! Қотанымызға
қайтайық та. Моншаның әңгімесі демекші, совхоз орталығындағы он жылдық орта
мектептің жанындағы интернатта жатып оқығанда жексенбі сайын Бекбосын мұғалім
жуынуға көзімізден тізіп апаратын. Қазір ауылда малшы қалмағанын әкім де,
министр де айта бастады. Ал орта мектептің жанынан толық мемлекет асырауындағы
интернат салмай малшы атты әлеуметтік қатпар қайта қалыптаспайтынын ешкім
айтпайды. Осыны зерттейтін бір журналистің шықпайтыны өкініші. Қайран
Қожакеевтей декан жоқтығы жиырма бес жылдан соң сезілді! Әке-шеше мемлекеттің
малының қамымен бөлімшеде отырғандықтан интернатта тұрдық. Әкемізбен қатар
Бекбосын аға – интернаттың меңгерушісі. Ұлдарды моншаға өзі бастап барады.
Жазығы жоқ, момын кісі. Біздер, кекшіл балалар анда-санда айтатын ескертуінің
өзін қабылдай алмасақ керек. Кек алудың реті моншада түсетін. Бекең булану
бөлмесіне кіргенде тегештегі суына кезекпен …кіш етіп қоямыз. Шабынып,
бусанып шыққан интернат меңгерушісі «сол» аралас суды рахаттана үстіне құйып
жатқаны. Қайран балалық! Содан бері жексенбінің моншасы – бұзылмас заң. Орыстың
аты сияқты. Бүгін жексенбі. Тура ашылған уақытында топты адам жиналып қалдық.
Бәрі қазақтар. Бір шайынып, булану бөлмесіне кірдік. Айтпақшы, өзіміз буланудан
соң ешкім іліп кетпесін деп су толтырып, ысқы батырып қойған суды сол қалпы
төгіп, жаңалап құямыз. Кім білсін, бізге де тіс батырып жүрген біреу…кіш етіп
кетсе. Ал бу бөлмесіндегі сәкіге шығарда аяққа ілген қытайы шарқайды шешіп
қоямыз. Әйелдер жағын қайдам, еркектер жағында сөйтеді. Әйелдер жағы демекші,
баяғы совхоз орталығындағы моншадағы екі жақты бөліп тұратын қабырғада тесік болды.
Былай ешкімге байқалмайды. Өйткені, тура су ағызатын шүмектің астында. Бекбосын
бастық шабынып жатқанда шөкелеп отырып сығаласаң қабырғаның арғы жағында су
алуға келген әйелдің тізесі көрінетін. Тағы не деп кеттік… Хош, мына моншаға
оралайық. Шарқайды шешіп сәкіге шыққанымыз сол рахаттанбақ ниетімізге кедергі
кездесті. Сәкіден түскен біреу шарқайымызды іліп, жуынатын жаққа талтаңдап
барады. Жан-дәрмен: -Көке, андағы – біздікі,- дедік. Ол бері бұрылды. Біз
моншаға түсерде мәңгілік жолдас – көзілдірікті шешінетін шкафта қалдырамыз.
Сондықтан түрін анық көрмедік. Бірақ етжеңді, қарны қабақтай кісі екен. Түрі
анық көрінбеді дегеннен шығады, бірде Алматыда тұрғанда моншадан үйге келіп
әйелімізге «ағаң сәлем айтты» дегенбіз. «Қандай ағам?» «Моншада отырғанда бір
кісі «үйдегі қарындасыма сәлем айт деген». Онда киім жоқ, менде көзәйнек
жоқтықтан кім екенін танымадым». Біздің бастан осындай да оқиға өткен. Мына
бейтаныс бері бұрылғанмен, затымызды қайтарғысы жоқ. -Не, сенен басқалар
жалаңаяқ келеді деп пе едің. Өзімдікі,- деп тым өктем сөйледі. -Тура осы жерге
шешкенмін. Осыны айтты да, есіктен шығып кетті. Көпе-көрнеу қиянатқа тап
болдық. Тура төбелесетін жағдай. Бала кезімізде, қай сықақшы екені есте жоқ,
«дүниенің рахаты моншада төбелескен екен» дегенді оқығанбыз. «Жағаң жыртылады
деп жасқанбайсың, денең жұдырық тиген сайын былп-былп рахаттана түседі» деп
күлдіріп еді сабазың. Сол тұстағы сатира мықты еді. Кейінгі сатирамен
салыстырғанда Серкебаевтар мен Олжаевтар әулетінің ара қашықтығына ұқсас. Бір
Оспанхан неге тұратын! Бразилияның Пелесі сияқты. Өй, сатирада неміз бар. Тал
түсте, жоқ, таң атар-атпаста бәсіре шарқайымызды біреу өктемдікпен киіп бара
жатса. Әттең, біз… төбелесе алмадық. Жыртылатын киім жоқ, үстіге тиетін
жұдырық массажға айналатын болса да, бойдағы тәрбие жібермеді. Атын Шорманның
Мұстафасы тартып алған Жаяу Мұсаның әнін іштен айтып қала бердік. Өткенде бір
рет аяққа ілерді жататын жерімізде ұмытып кетіп, моншаның бірінші қабатындағы
шағын дүкеннен тағы сатып алғанбыз. Енді қызметші қырғызды жұмсап және біреуін
алармыз дедік. Сонда үш пар шарқай шығады. Басқа амал қайсы. Өзі – 600 теңге.
Қырғызға қол ақысына – 200 теңге. Қайда қалмаған Қайнардың ақшасы! Сөйтіп
тебіренгенше болмады, анау зорлықшы қайта ішке кірді. «Мә, шарқайың» деп
аяғындағы шешіп кетті. Өзіміздікін қайтып бергеніне міндетсінгені хақ. Бұл жолы
жаңағыдан қатты қорландық. «Кешір, бауырым» демегеніне. Бұл өмірде кім
қателеспейді? Кім қатесін түземейді? Бірақ, екінің бірі сол үшін кешірім сұрай
алмайды. Тағынан түсіп қалатындай көрінеді. Кешірім сұрауды үйренгенше біздің
дамыған ел боларымызға дауымыз бар. Сөйтіп, бұл жолғы моншадан әдеттегідей
тәніміз тазарғанмен, көңіліміз қатты кірлеп шыққан. Жиырмасыншы ғасыр басындағы
қазақ әдебиеті классиктерінің бірі «Ауырмай есімнен жаңылғаным» деген әңгіме
жазған. Біздікі – оның жалғасы болуға жарай қоймас, бір жұқанасы деп
қабылдаңыздар. Қайнар Олжай. 1 желтоқсан 2013 жыл. Астана.