Павлодар облысында Халықаралық жастар күні және жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы жұмысын бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 120-дан астам белсенді жастар - инженерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары, IT-әзірлеушілер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды. Барлық қатысушылар - 35 жасқа дейін, мақсаты айқын, жаңа сынақтарға дайын және кәсіби өсуге бағытталған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегаттарға құттықтау сөз сөйлеп, жастар қоғамның қозғаушы күші және елді жаңғыртудың басты қозғалтқышы екенін атап өтті. Форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының бейне құттықтауы LED-экран арқылы көрсетілді.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты.
«Бүгін мұнда мықты, бәсекеге қабілетті және технологиялық жағынан дамыған Қазақстанды қалыптастыратын жастар жиналып отыр. Біздің елімізде халықтың үштен бірі жастар, азаматтардың орташа жасы 32 жасты құрайды және бұл үлес өсуде. Сондықтан жұмысшы мамандықтар жылын жариялау олардың беделін арттыру және техникалық мамандықтарды жастар арасында танымал ету үшін маңызды қадам болды», - деп атап өтті вице-премьер.
Ол Үкіметтің жас қазақстандықтарды қолдау бойынша кешенді шаралар іске асырып жатқанын хабарлады:
- студенттік шәкіртақылар екі есеге ұлғайтылды (жұмыс біліктілігі бойынша - 43 574 тг., орта буын бойынша - 41 896 тг.);
- 4,5 мың орындық 17 жатақхана салынуда (колледж студенттерінің 85%-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген);
- шетелдік колледждер мен университеттердің филиалдары ашылды;
- «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары іске асырылуда;
- жұмысшы мамандарға арналған жеңілдетілген «Наурыз», «Отау» тұрғын үй бағдарламалары және «Наурыз жұмыскер» жаңа жобасы жұмыс істейді;
- «Болашақ» стипендиясына қайта бағдарлау жүргізілді — гранттардың кемінде 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді.
Ермек Көшербаев Қазақстан кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын белсенді енгізіп жатқанын атап өтті: 10 елден келген ұйымдармен 50 меморандум жасалды, WorldSkills қозғалысына қатысу дамуда, WorldSkills Kazakhstan Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылды, ал Ақтауда сегіз мемлекеттің мамандарының қатысуымен алғашқы ТurkicSkills чемпионаты өткізілді.
«Біз қоғамның жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертуіміз керек – бұл тұрақтылыққа, лайықты жұмысқа және кәсіби өсуге апаратын жол», – деп түйіндеді Премьер-Министрдің орынбасары.
Іс-шара барысында бір салада көп жылдар еңбек етіп келе жатқан Павлодар облысының еңбек әулеті - Әміреновтер марапатталды. Олар көмір өндіретін кәсіпорында 180 жылдан астам уақыт жұмыс істеуде.
«Мен еңбекке деген құрмет ұрпақтан-ұрпаққа берілген отбасында ер жеттім. Менің атам, әкем, ағаларым өмір бойы аймақтың игілігі жолында аянбай еңбек етті. Мен солардың жолын жалғастырып жатқанымды мақтан тұтамын. Мен үшін жұмысшы мамандық – тұрақтылық, лайықты өмір және қажырлы еңбектің нәтижесін көру мүмкіндігі. Мен осы форумда біздің, яғни жас мамандардың елімізге қажет екенімізді және оның дамуына өз үлесімізді қоса алатынымызға көз жеткіздім», - деп бөлісті әулеттің жас өкілі Ерқанат Әміренов.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде 80 мыңнан астам адам жұмыс істейтін 1000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейтінін және оның 75%-ы жұмысшы мамандықтар екенін атап өтті.
«Техникалық мамандықтардың жас мамандары үшін біз нақты жағдайлар жасаудамыз – кепілді жұмысқа орналасу, лайықты жалақы, әлеуметтік пакет. Бүгінгі форум – бұл күш-жігерді біріктірудің, жаңа идеялармен алмасудың және елдің дамуына ықпал ететін нақты ұсыныстар енгізудің бірегей мүмкіндігі», - деп атап өтті өңір басшысы.
Форум пікір алмасу, оқыту және тәжірибемен бөлісу форматында өтті. Қатысушылар пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессияларға қатысты, өнеркәсіп, бизнес және креативті индустрия өкілдерінен тәжірибелік кеңестер алды, тренингтер, диалог алаңдары мен шеберлік сыныптарынан өтті, сондай-ақ өңірдің жетекші кәсіпорындарында болды.
Форум аясында «Павлодар – жұмысшы мамандықтар аймағы» көрмесі, ал кешке – Ertis Promenade жағалауында «Жастар FEST» ауқымды жастар фестивалі ұйымдастырылды. Талантты жастар мен танымал орындаушылардың қатысуымен Open AIR форматындағы концерттік бағдарлама мыңдаған көрермендерді шығармашылық және ашық диалог атмосферасына біріктірді.
Республикалық жастар форумы тек мереке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдауды, кәсіби жандардың тәжірибесі мен жаңа буын ұрпақтың энергиясын біріктірген ауқымды пікірталас алаңына айналды. Мұндай іс-шаралар елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді, жұмысшы мамандықтардың беделін арттырады және жастардың Қазақстанды жаңғыртуға белсенді қатысуына жағдай жасайды.