1049
Түркілер өркениеті: Оғыз қаған кім?
Түркілер өркениеті: Оғыз қаған кім?
Елімізде енжар дамып келе жатқан салалардың бірі тарих ғылымының теория-методологиясы мен философиясы десек, әсте қателеспейміз. Оның айқын дәлелі – соңғы ширек ғасырда осы сала бойынша әлемдік ғылыми жаңалығы бар бірде-бір сүйекті, ірі ғылыми еңбек жарық көрмепті. Керісінше, тарихи оқиғаларды жеткізумен шектелетін қаптаған кандидаттық һәм докторлық диссертациялар қорғалып, ғылымға кездейсоқ келген қаншама “жиенбайлар” мен “жолбикелер” профессор атағын алды. Әсіресе, тарихи қолжазбалар мен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесін кешенді түрде тұжырымдап, түркі мәдениеті мен өркениеті турасында жаңа көзқарас, соны пікір айтқан ғылым иелерін, өкінішке қарай, өз ортамыздан көре алмай отырмыз. Әлбетте, өткен тарихымыздың белгілі бір кезеңдерін жан-жақты зерделеп, өзіндік пайым жасаған парықты азаматтар мүлде жоқ емес, сирек болса да бар. Бірақ төл тарихымыздың шындығын паш ететін кешенді жаңа философиялық байламдар жасалған жоқ. Айталық, “түркілерде өркениет болған ба, болмаған ба?” деген мәселе ғылымда әлі күнге дейін басы ашық күйде қалып отыр. Біз бүгін талайдан бері түйіні тарқатылмай жүрген осы мәселеге қатысты өз ой-тұжырымымызды ортаға салмақпыз. Сонымен, еуроцентристер айтқандай, түркілер шын мәнінде варвар болған ба, жоқ әлде, белгілі бір өркениет иелері ме?
Өркениет дегеніміз не?
Өркениет туралы сөз қозғағанда атақты неміс философы О.Шпенглердің «Еуропаның сөнуі», ағылшын философы А.Тойнбидің «Тарихты меңгеру», тегі жапондық тарихшы Ф.Фукуяманың «Тарихтың ақыры», американ философы С.Хантингтонның «Өркениеттің қақтығысы» атты іргелі еңбектеріне соқпай өте алмайтынымыз белгілі. Аталмыш зерттеушілердің өркениет туралы әртүрлі пайымдаулар жасағанымен, олар өркениет ұғымының латынның “cіvіlas” сөзінен шығып, XVIII ғасырдан бастап ғылымға нақты ұғым ретінде енгендігін, сондай-ақ, өркениеттің «азаматтық қоғам», «мемлекет», «қала» мағыналарын беретінін парықтайды.
О.Шпенглер мәдениет пен өркениетті бір-бірімен қабыспайтын құндылықтар ретінде бағалап, мәдениеттің рухани құндылықтардан тұратынын, ал технократиялық жаңалықтарды игеруімен өркениетті қоғамның құрылатынын айтады. Оның тұжырымындауынша, қоғам қаншалықты өркениет белгілерін бойына сіңірген сайын соғұрлым мәдени құндылықтардан аза бастайды. Мәселен, ол өз пайымдауларында: «Мәдениет пен өркениет дегеніміз жанның тірі денесі мен оның мумиясы тәрізді…» (Шпенглер О. «Закат Европы». 461 с) деп, өркениетті әспеттелген өлі тіршілікке теңейді. Неміс философының бұл теориясы ғалымдар арасында әлі күнге дейін талас-тартыстың тұздығына айналып отыр. Әсілі, нақты ғұмырлық тәжірибе тұрғысынан қарайтын болсақ, әлбетте Шпенглердің шындығымен келісуге болады. Себебі Батыс елдері өркениетке қадам басып, ғылыми технократиялық тұрғыдан дамығанымен, мәдени азғындануды басынан кешіріп отыр. Әйтсе де, өркениетті ақыл-ойдың жетістігі ретінде бағалаған болсақ, ақыл алға шыққан тұста, руханият кейінге кетеді деп біржақты қорытуға болмайды.
А.Тойнби тарих сүрлеуіндегі елдерді «өркениетті қоғам» және «қарабайыр (примитивті) қоғам» деп шартты түрде бөліп қарастырады да, тарихта жиырма бір «өркениетті қоғамның» болғандығын, оның он төрті жойылып, жетеуінің дәл қазір өмір сүріп жатқандығын жеткізеді. Сонымен бірге, Батыс антропологтары Хобгауз, Уэлер и Гинзбергтің зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, алты жүз елу «қарабайыр қоғамның» өмір сүргендігін айтып өтеді. Оның пікірінше, «қарабайыр қоғамның» халқының саны аз, территориясы тар, ғұмыры келте болады. Ал «өркениетті қоғам» ұланғайыр аумақты қамтып, соған қарай тұрғындарының саны мол һәм ғұмыры да өміршең болады. «Өркениетті қоғамдар» өзінен төмен «қарабайыр қоғамдармен» тайталаста оларды әртүрлі айла-әдіспен бағындырып, ассимилияцияға ұшыратып, жұтып жіберіп отырады (Арнольд Тойнби. «Постижение истории» . 70-71 сс).
А.Тойнбидің көзқарасынша, «өркениетті қоғам» ұдайы динамикалық қозғалыстың нәтижесінде пайда болады. Томаға-тұйық, бір орында тұрып қалған өркениеттер заман ағысына ере алмай, жойылып отырады. «Қарабайыр қоғам» да мутациялық тотығу арқылы өркениетке қол жеткізуі мүмкін. Дегенмен, «қарабайыр қоғамның» барометрі көбінесе өткен өмірдің заңдылықтары мен өкілдері болып келеді. Осы себептен де примитивті ортада немқұрайлылық басымдыққа ие. Ал «өркениетті қоғам» тек алға жылжып, жаңашылдыққа үйірсек болады (Арнольд Тойнби. Постижение истории. 77 с).
АҚШ философы С.Хантингтон: «Біз өркениетті мәдени қоғамның жоғары сатысы ретінде, яғни кең ауқымдағы мәдени тұтастықта анықтай аламыз. Өркениеттің келесі сатысын адамзат баласының өзге тіршілік иелерінен ерекшелігі құрайды. Әлемдік өркениет тіл, тарих, дін, әдет-ғұрып, институттар, сондай-ақ, өзге де қоғамдық бірлестіктер тәрізді ортақ белгілердің көлемімен анықталады» (С.Хантингтон. «Полис», 1994, №1) деп, өркениет хақында жаңаша пікір білдіреді. Иә, әрбір өркениеттің өзіндік ерекшелікке ие екенін ескерсек, «өркениеттер қақтығысы» теориясының авторының бұл пікірімен әбден келісуге болады. Дегенмен, С.Хантингтон бұл ерекшеліктердің соңы ғаламдық бейбітшілікке селкеу түсіретінін болжайды. Оның бұл теориясы айтылған күннен бастап саясаткерлер мен ғалымдар арасында қызу талқыға түсіп қана қойған жоқ, бүгінде адамзат баласының тынышын ала бастады.
Илаһи ілім – өркениеттің бастау бұлағы
Біздіңше, илаһи ілім қанат жайған өңірлердің барлығы өркениет құшағында өмір сүрген. Өйткені адамзат баласына ең қолайлы қоғам үлгісін нұсқаушы Ұлы Жаратушы болып саналады. Задында, Хақ Елшілерінің әкелген илаһи ілімімен сусындаған өлкелер жауыздық пен кертартпалықтан тыйылып, иман нәріне малынған ақыл-ойды алға шығарып, шын мәнінде өркениет биігіне көтеріле алған. Мәселен, Месопотамия пайғамбарлар көп жіберілген өңір болғандықтан, мұнда ұзақ уақыттар бойы озық мәдениеттер мен өркениеттердің үлгісі қалыптасты. Әйтсе де, бұл өңірге пайғамбарлардың көбірек келуінің себебіне үңілместен, мәселеге геосаяси тұрғыдан қарап, тарих ғылымында өркениетті меншіктеп алу немесе өркениетті белгілі бір ұлттарға телу белең алды. Жоғарыда айтылған теоретиктер өркениетке қанша жерден объективті баға бергісі келгенімен, өз ойларын негізінен еуроцентристік тұрғыдан қорытындылаған. Осындай себептерге сүйенген көптеген зерттеушілер өркениетті белгілі бір қауымдарға ғана тән құбылыс деп жүр.
Біздің пайымдауымызша, тарих қойнауындағы әрбір өркениетті тудырушы илаһи ілім деп білеміз. Себебі Хақ Елшілері Алла Тағаладан тікелей нұсқау алғандықтан, олар адамзат баласының бақытты өмір сүруінің ең тұрлаулы тұрпатын паш ете алған. Мәселен, Ислам тарихшысы Мәулана Шибли «Сират-ун Нәби» (Пайғамбардың ғұмыры) атты еңбегінде әз Пайғамбардың: «Адамдардың ең жақсысы менің дәуірімде өмір сүргендер», — деген хадис-шарифін, сондай-ақ, Хақ Елшісі Мұхаммед (с.а.у)-ның жасаған ірі-ірі рухани ізгі реформаларын негізге ала отырып, Исламның алғашқы кезеңін «Аср-Саадат» (алтын ғасыр) дәуірі (Islam ansiklopedisi. III cilt. Istanbul 1991. 501 б) деп атайды. Бұл жерде Мәулана Шибли өзінің діни парықтауымен өркениетті қоғамды «Аср-Саадат» деп атап отыр. Яғни, біздің пайымдауымызша, тарих көшінде әрбір Хақ Елшісінің әкелген илаһи ілімінің негізінде қаншама өркениетті қоғамдар ғұмыр кешкен.
Жалпы, Құран-Кәрімде жиырма бес пайғамбардың ғана есімі аталғанымен, Алла Елшісінің хабарлауына қарағанда, адамзат баласына «жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілген (Ахмат ибн Ханбал, Мүснад, 5/266, Суюти, әд-Дурул-мәнсур фит-Тафсирил-Мәсур, 1/126). Діни анықтамалық еңбектерде «расул –Алла Тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уахи арқылы Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі» дегенді білдіреді. Ал «нәби» сөзіне «Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан хабардар етуші», өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырушы деген анықтама берілген (Имам Тафтазани, Шархул-Макасид, II/173).
Задында, Құран-Кәрімде аты аталған жиырма бес пайғамбардан өзге де Хақ Елшілерінің болғандығы жөнінде: «Сондай-ақ, саған бұрынғы елшілерді баян қылдық, сондай-ақ, елшілерден саған баян етпегеніміз де бар (Ниса, 164). «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» (Фатр, 24). «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар» (Жүніс, 47) деп бірнеше рет үкім түсірілген. Яғни, көріп отырғанымыздай, жер бетіндегі қауымдардың барлығына Хақ Елшілері жіберіліп, арғы-бергі тарихтағы әлейім жұртшылық хақиқатпен қауышып, өркениетті қоғамды басынан кешірген. Осы себептен де біз өркениетті белгілі бір өлкелер мен қауымдарға тиесілі деген қасаң түсінікті жоққа шығарамыз. Десе де, әртүрлі себептерге байланысты, руханият пен ақыл-ойдың азғындануының нәтижесінде өркениетті қоғамдар күйреп отырған. Мәселен, Құран-Кәрімде Сәмуд, Ғад, Лут секілді қала мәдениеті дамыған өркениетті қоғамдардың азғындануының соңы тып-типыл, жойылып кетуімен аяқталғандығы баяндалады.
Оғыз қағанның
символдық сипаты
Құран-Кәрімдегі «Ескертуші пай-ғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» (Фатр, 24) деген аятты негізге алсақ, біздің ата-бабаларымызға да Алла Елшісінің келгені хақ. Осыны алғаш аңғарған зерттеушілердің бірі тарихшы Дархан Қыдырәлиев болатын. Ол «Түркілерде де пайғамбарлар болған-ды» атты мақаласында Исламға дейінгі түркілердің діни түсінігін талдай келіп, ата-бабаларымыздың ханиф дінін (монетеизм) ұстанып, олардың тәңірді кейде Баят, Иди, Чалаб, Ачу деп атағанын жеткізеді. Тіпті, көне түркілердің жаратылыс туралы аңыздарында Ібілісті Еркілік деп атағанын, оның Құдайдың тапсырмасын (адамзаттың жаратылуына қарсы шыққаны үшін) орындамағаны үшін лағынеттелгенін айтып, бұл әпсананың Құрандағы Адам пайғамбардың жаратылуы жайлы аяттармен сабақтас екенін алға тартады. Сондай-ақ, түркілердің ақырет сенімінің де исламмен терең үндестік табатынын айтып өтеді. Мысалы, түркілердің тозақты – тамұқ, жаннатты – ұшпақ (ұжмақ) деп атағанын жеткізеді (Дархан Қыдырәлиев. Атымды адам қойған соң. Алматы 2008. 15-16 беттер).
Дінтанушы-философ Досай Кенжетай ағамыз да түркілердің діни сенімінің хақиқи сенімнен алшақ емес екенін айтады. Ол Исламдағы сопылық ілім мен түркілердің мистикалық түсінігінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін өз зерттеулеріне арқау еткен. Бұл тұжырымдамасына Қорқыт атаның мистикалық ғұмырын негізге алған. Қорқыт ата мен Қожа Ахмет Ясауидің ғұмырлық діни көзқарастарын салыстырып, екі ғұламаның дүниетанымы мен ойлау жүйесінен ұқсастықтар іздейді (Қараңыз: Досай Кенжетай. Қожа Ахмет Иассауидың дүниетанымы. Түркістан 2005).
Бұл екі зерттеушіден өзге С.Аюпов, М.Әуезов, Ә.Қодар, А.Сейдімбек, О.Біләлов секілді зерттеушілер түркілердің Исламға дейінгі сенімі турасында өзіндік ой-тұжырымдарын ортаға салып, ата-бабаларымыздың монетеистік сенімде болғанын айтқанымен, түркілерге келген Хақ Елшісінің есімін нақ атай алған емес.
– Десекте, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың келтірген дерегіне қарағанда, түркілерге Озған атты пайғамбар келген көрінеді. Оның айтуына қарағанда, түркілерге жаңа пайғамбар Мұхаммед (с.а.у)-ның діні туралы хабар жеткенде, бабаларымыздың бір тобы араб түбегіне сапар шегіп, Мұхаммед (с.а.у)-мен жүздесіп, өздерін: «Озған (Оғыз қаған) пайғамбардың үмбетіміз деп таныстырғанда (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8-том 59-бет) Алла Елшісі түркілердің бұрынғы пайғамбарын терістемеген көрінеді. Сондай-ақ, белгілі фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың жинаған аңыз-әңгімелерінде де Озған атты пайғамбардың есімі ұшырасады (Қараңыз: Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырған Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Ғылым баспасы. Алматы 2002).
Тегінде, түркі халықтарында Озған пайғамбар немесе Оғыз қаған туралы «Оғызнама» атты көне дастанның бар екендігі баршаға аян. Бұл дастанның бүгінгі күнге аздаған ерекшеліктері бар Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі екі нұсқасы жеткен. Екі нұсқаның мәтінінде кейбір атаулар мен терминдердің өзгешелігі болғанымен, жалпы екі нұсқаның желісі бір. Көптеген зерттеушілер осы шаққа дейін «Оғызнаманың» бұл екі нұсқасын зерттеп, бұл туындыға қатысты өз пікірлерін берген. Әйтсе де, зерттеушілердің басым көпшілігі «Оғызнаманың» әдеби һәм тілдік қырын зерттеумен шектелген. Тек, кейбір зерттеушілер ғана Оғыз қаған қиялдан туған образ емес, оның тарихи тұлға екенін болжайды. Мәселен, Н.Я. Бичурин Оғыз қағанды хұндардың тәңірқұты Мөде екенін айтады (Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрания сведений о народах, обитавших а Средней Азии в древние времена. Москва 1950 т. 1. 46-47 сс). Иакинф әкейдің бұл болжамын түрік зерттеушісі Ахмет Кабаклы да жақтап, ол да Мөде мен Оғыз қағанды бір кейіпкер деп біледі (Ахмет Кабаклы. Түрік әдебиеті. Ыстанбул 1997. 12 б)
Жалпы, Оғыз қағанның образын Ескендір Зұлхарнайын, Шыңғыс хан, Бұқа ханмен, Жәнібек ханмен теңестірген басқа да зерттеушілер болған. Дегенмен, біздің Бичуриннің болжамына тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Иакинф әкей Оғыздың өз әкесі Қараханды жеңіп таққа отыруын, Мөденің әкесі Туманды өлтіріп билікке келуіндегі ұқсастықты алға тартып, екеуін тарихи бір тұлға деп болжайды (Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрания сведений о народах, обитавших а Средней Азии в древние времена. Москва 1950 т. 1. 46-47 сс). Сонымен бірге, екі тұлға да жарты әлемді жаулап алған ұлы жиһангер болатын. Мысалы, тарихи еңбектерде Мөденің Шығыстағы Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы 36 мемлекетті жаулап алғандығы айтылады (Қазақстан тарихы. Алматы 1998. І том. 245-246 беттер). Әбілғазы да өзінің «Түрік шежіресінде» Оғыз қағанның бір тәңірге сенуді дәріптеп, Моңғол, Татар, Шүршіт, Қытай, Тұран, Үндістан, Иран, Шам, Мысырға жорық жасап, жаулап алғандығын жеткізеді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 18-22 беттер).
Әсілі, біздің айтпағымыз бұл емес. «Оғызнама» дастанындағы кейіпкер кім деген мәселе-тін. Оғыздың туыла салып, анасына Тәңір-Тағалаға иман келтірмейінше, емшегін ембейтінін айтуы (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 36 б), пайғамбарлық сипат екені талассыз шындық. Себебі бүкіл пайғамбарлар «исмат» (күнәсіз, пәк) сипатымен ғұмыр кешеді (Журжани. Китабут-Тарифат. Бейрут 1987. 150 б). Тіпті, Оғыз қағанның тілі шығысымен «Алла, Алла» деуі, Көр хан мен Көз ханның қыздары кәпір болғандықтан, олармен төсектес болмауы, дінсіз әкесін жеңіп таққа отырғаннан кейін, кәпірлерге қарсы ғазауат жасауы (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 16-22 беттер), оның шынында да пайғамбар болуы бек мүмкін екенін аңғартса керек. Дегенмен, Оғыз қаған әкелген илаһи ілімнің жұрнағы ретінде қандай мәдениет пен өркениетті көрсете аламыз?
Шяньшидағы
түркі пирамидасы
Иә, Оғыз қаған Хұндардың тәңірқұты Мөде қаған (б.э.б 174ж) болса, хұндардың, олардан тараған түріктер һәм оғыздар мен қыпшақтардың мәдениеті қандай тарихи мәнге ие? Исі бүтін әлем осы күнге дейін біздің ата-бабаларымызды көшпелі мәдениеттің өкілдері ретінде танып келді. Расында да, хұндардың ізашары қыпшақтардың басым көпшілігі көшпелі ғұмыр кешті. Бірақ, көшпелі өмір дегеніміз жа-байылықтан тұрмайды. Біз көшпелі өмір сүргенімізбен, америкалық үндістер секілді бұтымызға жапырақ байлап, лашық пен күркеде тұрған жоқпыз. Біздің көшіп-қону салтымыз бен киіз үйіміз жоғары мәдениетке ие-тін. Сондай-ақ, көшпелі ғұмырдың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығынан тұрды. Әсіресе, қыпшақ қауымы интенсивті түрде мал шаруашылығын дамытуға ден қойған (Қазақстан тарихы. Алматы 1998. І том). Тегінде, адамзат баласы ықылым заманнан бері мал шаруашылығымен шұғылданып келеді. Адам атаның бір баласы Қабыл отырықшы өмір сүруді таңдап алса, ал Абыл мал шаруашылығын кәсіп еткен (Пайғамбарлар қиссасы. Алматы, 2010. Кәусар-Саяхат баспасы. 33-36 беттер). Яғни мал шаруашылығы сонау арғы бабамыз Абылдан қалған асыл мұра кәсібіміз десек, әсте қателеспейміз. Бүгінгі күні де мал шаруашылығы тіршілігіміздің бір парасын құрап келеді. Ет, сүт, май секілді ішпек-жемектен өзге, күнделікті киім кию мәдениетіміздің, сондай-ақ, кейбір медициналық құрал-жабдықтардың да шикізатын мал өнімдерінен аламыз. Яғни мал өнімде-рісіз тіршілігімізді көз алдымызға елестету мүмкін емес.
Түркілердің шаруашылығы тек мал шаруашылығын дамытудан тұрмаған. Оларда қала мәдениеті де біршама дамыған. Тіпті түркілер көне мысыр перғауындары секілді аспанмен тілдескен биік пирамидалар да тұрғызған. Мысалы, түрік зерттеушісі Октан Келеш Қытайдың Шяньши провинциясының орталығы Шянь қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан ежелгі пирамидаларды зерттеп, бұл тарихи кешендерді түркілерге тән деп тұжырымдады. Ол 2009 жылы осы пирамидалардың біріне бас сұғып, бірнеше мумияланған денелер мен ескерткіштерді көргенін, ескерткіштің біріне «ай жұлдыз, қасқыр басылары» деген жазу бар екенін, үш метрге тақау гранит тасынан жасалған бір ескерткішті қытай жолбасшысы: «Бұл — сіздердің бабаларыңыз Оғыз қаған», — деп таныстырғанын хабарлады.
Жалпы, Қытайдағы түрік пирамидасын ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде американдық ұшқыш Жамес Гауссман Үндістаннан Қытайға ұшып бара жатып байқап, бұл мәліметті алғаш болып әлемге таратқан болатын. Бұдан кейін бұл тарихи кешенді германиялық зерттеуші Харлвиг Хаус Дорф зерттеді. Оның жеткізуіне қарағанда, осы жазықта ірілі-ұсақты 100-ге тарта пирамида бар екен (Мұхан Исахан. Қытайда түркілерге тән пирамида табылды. Қазақстан-Заман. 2010 №13). Сөз жоқ, бұл ғылыми жаңалықтар тарихта түркі өркениетінің болғандығын айғақтайды.
Трансоксания – түркі өркениетінің алтын бесігі
Зерттеушілердің көпшілігі көне Орталық Азияны «Трансоксания» деп атайды. Ф.А.Брокгауза мен И.А.Ефрона «Энциклопедиялық сөздігінде» «Трансоксания» деп — бүгінгі Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан аймағын көрсетіп, «Оксус» деп Амудария өзенін атайды. Белгілі тарихшы Зәки Валиди Тоған «Оксус» деп Амудария мен Сырдария жағалауы айтылатынын, бұл сөздің түбірі «Өгіз» сөзінен шығатынын айтып өтеді (З.Валиди Тоған. Аму Дария. Ыстанбул 1950. 419-б). Археологтар К.Байпақов пен А.Нұржанов Сырдария жағалауын Оғыз даласы дей келіп, Түркістан алқабындағы Қарашықтың көне атауы Өгіз қаласы деп аталғанын айтады (К.Байпақов пен А.Нұржанов. Ұлы жібек жолы және Ортағасырлық Қазақстан. Алматы 1992. 80-бет). Ал оғыздардың мекені осы Сырдария жағалауы, саяси орталығы бүгінгі Қазалы қаласының төңірегіндегі Жаникент қаласы болғандығы тарихшы қауымға аян (Қазақстан тарихы. Алматы 1998. І том. 314-321 беттер)
Трансоксания мәдениетін зерттеген тарихшы-археологтардың көпшілігі бұл өлкеде ірі-ірі қалалардың болғандығын көрсетіп өтеді. К.Байпақов пен А.Нұржанов өз зерттеулерінде Оғыз даласында Ортағасырлық жүзге жуық дамыған қалалардың атын атайды. Қалаларда шахристан, рабад, мешіт-медресе, сауда нүктелері, сондай-ақ, ғажайып тарихи ескерткіштердің тұрғызылғандығын, тұрғындардың сумен қамтамасыз етілгендігі, тіпті кәріз (канализация) жүйесін де пайдаланғандығын жеткізеді. Қала тұрғындарының қолөнер, сауда-саттық, егіншілік және кен қазу жұмыстарымен шұғылданғандығын дәлелдейді (Қараңыз: К.Байпақов пен А.Нұржанов. Ұлы жібек жолы және Ортағасырлық Қазақстан. Алматы, 1992). Айта берсек, трансоксания қалаларының архитектуралық-мәдени ерекшеліктерін бір мақалаға сыйғызу әлбетте мүмкін емес. Дегенмен, ата-бабаларымыздың қала мәдениетін де дамытқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Түйін
Сонымен, түркілерде өркениет болған ба, болмаған ба? Әлбетте, бұл сауалға бірден жауап беру қиын. Дегенмен, өркениеттің белгісі саналатын жазу түркілерде болған. Кен өндіру саласы өзгелерден көш ілгері дамыған. Мал шаруашылығымен қатар, отырықшылық пен қала мәдениеті де біршама өркендеген. Өркениетті қоғамның бастау-бұлағы болуы тиіс Хақ Елшісі де түркілерге келген. Түркілердің өмір сүру заңдылықтары, яғни ар-ұжданды ұлықтайтын әдет-ғұрып құқықтық нормалары осы илаһи ілімнен бастау алған. Демек, біздің ата-бабаларымыз да белгілі бір өркениетті қоғамда ғұмыр кешкен. Түркілер өркениетті «Алтын ғасыр», «Жерұйық», «Жиделі байсын», «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман» деп атаған. Әрине, түркі өркениеті турасында айтсақ, әлі де біраз толғауға болар еді. Десе де, біздің міндет – санаға ұялаған ізгі ойды оқырманға жеткізу ғана. Одан арғысын көпшіліктің талқысына салдық…
Мұхан Исахан, Нұр-Мүбәрак Египет
Ислам мәдениеті
университетінің докторанты