Грузияда қазақстандықтарды ел аумағына кіргізуден бас тарту жағдайы азайды, деп хабарлады сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров.
"Бас тарту саны күрт азайды. Грузия тарапы естіді, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз", - деді Қуантыров.
Сонымен қатар грузин тарапы қазақстандықтардың неліктен кері қайтарылғанын түсіндірмеді, деді вице-министр.
Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде Грузия әуежайларында паспорттық бақылаудан өту кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып шағымданған болатын. Олардан ұзақ жауап алынған, содан кейін кейбіреуіне елге кіруге тыйым салынған.
Ал СІМ өкілдері Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Грузияға туристік мақсатпен баратынын және қабылдаушы елдің заңнамасын берік сақтайтынын атап өтті.
Грузия тарапы биылғы жылдың мамыр айының басынан бері Грузияға кіруден бас тарту жағдайы айтарлықтай азайғаны туралы хабарлады және бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп сендірді.