Тәжікстан Аяз Ата мен Ақшақардан бас тартты

Тәжікстан Аяз Ата мен Ақшақардан бас тартты

Тәжікстан Аяз Ата мен Ақшақардан бас тартты
ашық дереккөзі

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына – 22 жыл. Осы уақыт
ішінде бағындырған белесіміз бен қол жеткізген жетістіктеріміз көп. Бұл
бақыттың бәріне тәуелсіздіктің арқасында жолығып, көзайым болдық. Бірақ біз
осынау ерекше күнді қалай қарсы алып жүрміз?

Жыл сайын 16
желтоқсан – Тәуелсіздік күні жаңа жылдың тасасында қалып қояды. Тіпті, жаңа
жылға деген дайындықты қарашаның аяғында-ақ бастап жіберетініміз бар. Көшенің
бәрі шырша мен жарқ-жұрқ еткен жылтырауыққа оранғандықтан жұрттың көңілі де сол
мейрамға ауып кететіндей көрінеді. Ал, есесіне басқа мемлекеттің бәрі
дүркіретіп, думандатып өткізетін Тәуелсіздік күні жәй қатардағы мереке
іспеттес. Неге? Бұл сұрақты өзімізге қойғалы 22 жыл болыпты. Өкініштісі сол, әрбір
Қазақстан азаматының жүрегінен қасиетті, қастерлі күн ретінде орын алуы тиіс
Тәуелсіздік ұғымы әлі күнге өз деңгейінде ұлықталмай келеді.

Өткенде «Paradise»
асханалар желісіне барсақ, қызмет көрсететін қаракөз ұл-қыздардың бәрі Санта
Клаустың шошақ қалпағын киіп алыпты. Ал, үстерінде қазақы оюмен өрнектелген
жейде. Үйлеспейді. Еріксіз күлдік те, ас мәзірін ұсынған інімізге: «Өзің әп-әдемі
жігітсің. Мына телпек сені неге ұқсатып тұрғанын байқайсың ба?» дегенімізде,
қызарақтап қалған. Ыңғайсыздық танытқан ол іле-шала: «Біз бастығымыздың берген
тапсырмасын орындаймыз. Ки деді, кидік. Бірақ осы түрім үшін кешірім сұраймын»
деп кілт бұрылған еді. Иә, ол қазіргі тұрпатына ұялса да, нәпақа табу үшін
осыған барды. Талап солай. Бәлкім, мұны басшылар клиент тартудың жолы деп
түсінетін шығар, кім білсін? Алайда, Аяз атаның киімін Тәуелсіздік мерекесі
өткеннен кейін кисе де, жарасар еді ғой.

Осындайда көрші
мемлекеттердің іс-әрекетіне разы болады екенсің. Мәселен, Тәжікстан мемлекеттік
телеарналардағы мерекелік бағдарламаларға Аяз Ата мен Ақшақарды шақыртудан бас
тартыпты. «Озади» радиосының хабарлауынша, оларға шыршаға кіруге де тыйым
салынады екен. Ал бұл бастамаға түсініктеме берген Тәжікстан теле-радио тарату
жөніндегі комитеті жетекшісінің орынбасары Дилафруз Амиркулова салтанатты
мерекелік бағдарлама мен думанды тойдың бәрі Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылатынын
жеткізді. Ол мұсылман елдерінің жалпыхалықтық ұлттық мерекесі – Наурыз екенін
еске салады.

Алайда, жаңажылдық
шыршаға Аяз Ата мен Ақшақардың жіберілмеуіне қарсылар да бой көрсетуде. «Бұл
Жаңа жылды асыға күтетін және екі символмен қарсы алатын халықтың сезімімен
ойнау. Сонда оларға деген құрмет қайда?» депті ескіні көксегендер. Айта кету
керек, былтыр Душанбеде Аяз Ата болып киінген 24 жасар Парвиз Даулатбековты
тәжік жастары соққыға жыққан болатын. Себебі, ислам дінін мансұқ еткен мемлекет
үшін мұның бәрі сайқымазақтың кейпіндей көрінеді. Тіпті, Тәжікстан бас мүфтиі
Саидмукарам Абдукодирзоданың өзі батыс журналистеріне берген сұхбатында: «Діни
тамырын тереңге жайған елде григориандық Жаңа жылды тойлау – бұл Ислам
заңдылықтарына ғана емес, тәжік ұлтының салт-дәстүріне де жат нәрсе» деп жауап
берген. Демек, Тәжікстан мемлекетінің Аяз Ата мен Ақшақарға тыйым салуы
тектен-тек емес. Ал, біз неге үлгі алмаймыз? 


Динара Мыңжасарқызы