«БЭБИ-БУМ»: БІРЕУГЕ – БАҚ, БІРЕУГЕ – СОР...

«БЭБИ-БУМ»: БІРЕУГЕ – БАҚ, БІРЕУГЕ – СОР...

«БЭБИ-БУМ»: БІРЕУГЕ – БАҚ, БІРЕУГЕ – СОР...
ашық дереккөзі

«Баланы көп тусаң, жұмыссыздыққа тап
болуың мүмкін» деп сәуегейсіген шенеунік демографиялық ахуалға кері әсер етпей
ме? Қисынсыз уәж айтып, сыңаржақ пікірге сүйенетіндер Н.Назарбаевтың елді нығайтуға
талпынған сарабдал саясатына қарсы келмей ме?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы 13 жылда Қазақстандағы
бала тууға қабілетті әйелдердің туу қарқыны күрт артқан. Мәселен, 2000 жылдары
220 мың болған нәресте саны 380 мыңға дейін өсіпті. Өткенде Статистика
агенттігіндегілер сайттарында «ҚР халқының саны 17 миллионнан асты, оның 11
миллион 38 мыңы – қазақтар» деп елден сүйінші сұраған болатын. Алматы қалалық
Статистика басқармасындағылардың айтуынша, 2000-2013 жылдар аралығындағы ең жоғарғы
көрсеткіш 2008 жылдың еншісінде екен: сол кезде 357 мыңнан астам сәби дүниеге
келіп, әрбір мың адамға шаққанда 23 адамнан келген. Соны көре алмады ма, әлде
шынымен қатты алаңдады ма, ҚР Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Ербол
Орынбаев енді он жылдан кейін елде жаппай жұмыссыздық белең алуы мүмкін
екендігін айтты. «Қазіргі «бэби-бум» 2023 жылға қарай еңбек нарығындағы
проблемаға ұласуы мүмкін», –  деп мәлімдеген
ол сол сөзінен кейін арада сәл уақыт өткенде Президенттің көмекшілігіне тағайындалды.
Жұрт қазақтың санын көбейте алмай қара терге түсіп жатқанда демографиялық ахуалға
кері әсер ететін мұндай орынсыз мәлімдемені Орынбаевтың неге жасағаны белгісіз.
Белгілісі, оның өзі 4 баланың әкесі, яғни, көп балалы отбасылар қатарына
жатады. Сірә, «Қазір екі қолға бір күрек табу аса қиынға түспейтін себебі,
90-жылдары бала туу қарқыны күрт төмендеп кеткенінен», –  деген тұжырымдағы жас шенеунік әке ретінде балаларының
болашағына алаңдаған болар…

Шенеунік осылайша жұмыссыздыққа алаңдап, балалардың көптеп
туылуына қамықса, сарапшылар қауымы керісінше, жұмыссыздыққа себеп болатын
«бэби-бум» емес деген сенімде. Өйткені елдің қаржылық қоры 50 млн. адамды жұмыспен қамтамасыз
етуге қабілетті.

Өткенде еліміздегі әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын
63-ке дейін көтеруге құлшынған экс-бас банкир Марченко: «Адамдардың ұзақ өмір сүре
бастағанына ешкім кінәлі емес» деп айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Марченконың
сол «ерлігін» қайталағысы келді ме, Орынбаев: «КСРО кезіне қарағанда адамдар ұзақ
өмір сүре бастады», – деп салды.

Бір сөзінде «нәпақасын ауылдан емес, өндірісі бар қалалардан
іздеуге көшкен халықтың басым бөлігі Алматы, Астана, Алматы облысы мен Оңтүстік
Қазақстан облыстарына шоғырлана бастағанын, бұл мектептер мен балабақшалар,
емханалар мен ауруханалар санын көбейтуді талап етеді» деп қынжылған Орынбаев
табиғи ресрустардан түскен кірісті өндіріс орындарын дамытуға, жаңа зауыттар
мен фабрикаларды көптеп салуға керектігін айтпады. Бұл айтпаса да түсінікті
жайт. Мемлекет оған қажетті қаржыны бөліп, шараларды атқаруға тырысуда. Тек нәтижесі
шамалы. Мәселен, соңғы үш жылда жүргізілген “Жұмыспен қамту-2020”
мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жұмыссыздардың небары 5 пайызы ғана жұмыспен
қамтылған. Парламент қабырғасында осы мәселені көтерген депутат Айгүл Самақова:
«Аталған бағдарламаға орасан зор көлемде (170 миллиард) қаражат бөлінгеніне қарамастан,
еңбек нарығындағы түйткілдердің тиімді шешімін табу туралы Үкімет есеп ақпарат
берген жоқ. Сонда әр адамды жұмыспен қамту үшін 3 миллион теңге бөлінген.
2014-2015 жылдары бюджеттен тағы да 200 миллиард теңге бөлінбек. Ендеше бұл бағдарламадан
шыққан нәтиже неге онша емес? деген сұрақ туады. Бағдарламаның мақсаты дұрыс айқындалмаған
ба, әлде қаражат желге ұшып жатыр ма?»,–  деп сұрақты төтесінен қойды. Әлбетте, халық қалаулысының
сұрағына құзырлы органдар тарапынан да тұшымды жауап болмады. Есесіне,
«бэби-бумға» қатысты айтылған «аттандар» сияқты қисынсыз уәждерге кенде емеспіз.
Өкініштісі, мұндай мәлімдемелер бала тууға құлшынып отырған қазақ
келіншектерінің санасына кері әсер етуі мүмкін. «Баланы туғанмен, ертең жұмыссыздықтың
зардабын тартсам, бала-шағаны қалай асыраймын» деп ата-ана да ойлануы, яғни,
бала санын көбейтуден бас тартуы мүмкін ғой.

Абайлау керек.

  Нәзия Жоямергенқызы