Биыл 330 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды

Биыл 330 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды

Биыл 330 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды
ашық дереккөзі
362

Санаулы күннен кейін оқушылар алтын ұя – мектептерімен қайта қауышады. 1 қыркүйек күні құшақ-құшақ гүлдері мен оқулықтарын арқалап, білім ордаларын бетке алатын бүлдіршіндердің 330 мыңы – мектеп табалдырығын енді ғана аттағалы отырған балалар. Оларды білім мен ғылымның даңғыл жолы тосып тұр. Перзентінің ғұмырлық азық болар ілім жинағанын қалайтын ата-аналар үшін тағы бір ақжолтай жаңалық – биыл 157 жаңа мектеп пайдалануға берілмек.

Жаңа оқу жылы жақсы жаңа­лықтармен басталғаны көңіл­ге медеу. Әсіресе, апатты және үш ауысымды мектептер саны­ның азайғанына қуандық. Үш ауысыммен сабақ беретін мектеп­тердің саны 20 пайызға төмендесе, апатты жағдайдағы мектептер саны 2 есеге азайды. Өткен жылы 130 мектептің халі мүшкіл болса, қазір апаттық жағдайдағы 66 мектеп қалды. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені 2017 жылдың соңына дейін толығымен шешуге уәде берді.

2015-2016 оқу жылы білім беру бағдарламасына да елеулі өзге­рістер әкелмек. Білім ошақ­та­рына енгізілер тың ережелер мен талаптар, оқушылар мен ұстаз­дарға жүктелер жаңа міндеттер сейсенбі күні елордада «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсіл – табысты мектепке бастар қадам» деген тақырыпта өткен білім беру қызметкерлерінің республикалық педагогикалық тамыз кеңесінде талқыланды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты. Жиында алдымен сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы ұсынған жаңа экономикалық саясат бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыру үшін орта білім беру саласын жаңғыртуды талап ететінін айрықша атап өтті.

Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымына мүше елдердің білім беру жүйесі біліктілікті арттыруға негізделген. Сондықтан да жаңа білім беру моделі оқушылардың жағдайды бағалауға және саралауға, сондай-ақ функционалдық сауаттылығын арттыруға оны Корея, Жапония, Финляндия сияқты елдердің тәжіри­белеріне сүйене отырып дайындаған. Білім берудің жаңа моделі бойынша мектепке дейінгі дайындық 1-сыныпқа алмастырылып, «1+11» құрылымы негізінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшірілетін болады. 2015-2016 оқу жылынан бастап қанатқақты жоба 30-ға тарта мектепте бейінделуден өткі­зілмекші. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі биыл республиканың 30 мектебіне енгізілетіні де жиын барысында айтылды.

Аслан Сәрінжіпов жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқыту біртіндеп енгізілгенімен, басымдық бәрібір мемлекеттік тілге берілетінін ескертіп, «Қазақ әдебиетi», «Қазақстан тарихы» жәнге «География» пәндерiн қазақ тiлiнде оқыту керектiгiн айтты.

– Мектептерде үш тiлде оқыту моделі енгізіледі. Жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Бұл рет­те мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру міндетінің басымдығын ұмытпауымыз қажет. «Қазақ әдебиеті» пәніне қоса, «Қазақстан тарихы», «География» пәндерін бүкіл мектептерде қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр, – дейдi А.Сәрінжіпов.

Тамыз кеңесінде болашақта мектеп бағдарламасына енгізілетін жаңа пәндер де таныстырылды.

«Үшiншi сыныптардан бастап «Жаратылыстану», «Ақпараттық-коммуникациялық технология­лар» пәндерi енгiзiледi және «Әлемтану» пәнi жаңа мазмұнмен толығады. «Жаратылыстану»­ пәнi жоғары сыныптарда өтетiн «Биология», «Физика» сияқ­ты пәндердiң кiрiспе курсы ретiн­­­де оқытылады. Ал, «Әлем­тану» пәнi қоғамдық-гума­ни­тар­лық пәндер үшiн ортақ база болмақ. Ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар пәнi компьютер мен жаңа техноло­гия­ларды игерудiң бағыты ретiнде оқытылады. Үшiншi сынып оқушылары қарапайым дағдыларға қалыптасып, кесте, диаграмма құруды үйренедi», – деп ведомство басшысы жаңа пәндердің мақсаты мен міндетіне тоқталды. Сонымен қатар, Аслан Сәрiнжiпов оқушылардың сабақ кестесі «Жаһандық перспектива және жобалау қызметi» атты пәнмен толығатынын жеткізді.

– Мектептерде жаратылыс­та­ну-ғылыми бағыт үздiксiз оқытылмақ. Кез келген елдiң тарихы бүкiл әлемнiң дамуымен байла­нысты болады, сондықтан, «Қазақстан тарихы» пәнi бұрын­ғыдай алтыншы сыныптан емес, бесiн­шi сыныптан бастап, яғни, «Дүниежүзі тарихы» пәнiмен қатар оқытылатын болады. Жоғары сыныптарда мiндеттi пән­дердiң санын азайтамыз да, терең­детiлiп оқытылатын үш мiн­деттi пән және стандартты төрт мiндеттi пәндi оқытамыз. Жаратылыстану-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағы­тындағы мектептерде осы мiндеттi пәндер және оқушы­ның өзі таңдайтын пәндер терең­детiлген және стандартты бағыт­тарға бөлiнбек. Сонымен қатар, «Жаһандық перспектива және жобалау қызметi» деген пән енгiземiз, – деп толықтырды министр.

Аслан Сәрінжіповтен кейін мінбеге көтерілген Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова білім саласы бойынша жуырда қабылданған заңдық құжаттарға тоқталса, белгілі ұстаз Балзия Оразбаева білім беру жүйесінде қазақ тілін үзіліссіз оқытудың жаңа моделі тақырыбында баяндама жасады. Ал оқушы мектептегі өмірінің 17 мың сағатын сыныпта өткізетінін, осы уақыт аралағында 40-қа тарта мұғалімнің алдынан өтетінін тілге тиек еткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ұстаздың біліктілігін арттыру уақыт талабы екенін айтты.

Тамыз кеңесін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қорытындылады. Вице-премьер тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына ұдайы көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Егемен ел болған 24 жылдың ішінде Қазақстанда 1200 мектеп пен 450 мектепке дейінгі мекеме салынғаны – Президенттің саланы дамытуға бағытталған ныса­налы нұсқаулары мен жүйелі тапсырмаларының жемісі. Әсіресе, «100 нақты қадам» – Ұлттық жоспарын, индустриялық-инновациялық және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыруда, сондай-ақ 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына енуде білім мен ғылымды пайдаланып, бәсекелестікке сай мамандарды даярлау жөнінде Елбасы берген нақты тапсырмалардың елдің білімі мен ғылымына берері мол екені шүбәсіз. Бердібек Сапарбаев Президент жүктеген міндеттерді жүйелі түрде орындау үшін министрлік пен жергілікті билік арасында тығыз байланыс орнауы тиіс екенін ескертті.

Үкімет басшысының орын­­ба­сары саланың жеткен жетістік­те­рімен бірге, кемшін тұстарын да санамалап берді. Бердібек Сапарбаев, әсіресе, мектептен тыс уақытты дұрыс пайдалану деңгейінің 25 пайыздан аспай отырғандығын қатты сынға алды.

– Баланың дамуына мүмкiндiк берiп, қызықты үйiрмелерге баруы үшiн қосымша бiлiм беру бағдарламасын дамыту керек. Қазiр елiмiзде қосымша бiлiм беру жүйесiне оқушылардың 25 пайызы ғана тартылған. Кейбiр облыстарда, мысалы Алматы облысында оқушылардың 10 пайызы, Оңтүстiк Қазақстан облысында оқушылардың 14 пайызы, Атырау облысында оқушылардың 16 пайызы ғана қосымша бiлiм, тәрбие беру жүйесiне тартылған. Сосын келiп, суицид, зорлық-зомбылық болды деймiз. Егер балаларымызды сабақ бiткеннен кейiн қосымша тәрбие, бiлiм беруге тартпасақ, бұл жалғаса бередi. Қазақ қыздарының төбелескенiн, асылып өлiп жатқанын қашан көрiп едiк?! Бұл соңғы уақытта тәрбиенiң нашарлап кеткенiн көрсетедi. Әрине, баланың тәрбиесiне ең бiрiншiден жауапты кiсi – ата-анасы мен отбасы. Бiрақ бала тәрбиесiне көңiл бөлетiн мемлекеттiк ұйымдар бар және сол үшiн мемлекеттен ақша алып отыр. Менiң ойымша, бұл бағытта бiзде бiрiккен жұмыс жоқ. Сiздерге айтарым, бiздiң «Мәңгiлiк ел» болуымыз, болашағымыз тәрбие мен ұлттық дәстүрiмiзге байланысты. Егер бұлардан айырылып қалсақ, ел болмаймыз, – дедi вице-премьер.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев ҰБТ төңірегінде жыл сайын дау-дамайдың, арыз-шағым­ның азаймайтынына наразылық білдіріп, министрлікке сынақтың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Вице-ми­нистр ұлттық жоғары оқу орын­дарының жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. 14 жыл ішінде бұл университеттерді қаржыландыру 14 есе өссе де, олардың кейбірі 14 жыл бұрынғы көрсеткіштерінен аса алмай отырғанын сынға алды. Б.Сапарбаев Аслан Сәрінжіповке ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларынан жүйелі түрде есеп алып отыру керегін ескертті. Тамыз кеңесі Білім және ғы­лым министрлігіне жүктелген міндеттерді еселей түсті. Енді ведомствоның босаңсуға қақысы жоқ.

Серіктес жаңалықтары