ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ҚАРАМЕНДИН

ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ҚАРАМЕНДИН

ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ҚАРАМЕНДИН
ашық дереккөзі

Халық мұраларының ел арасынан жиналып, хатқа түсуі, баспа жүзінде жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталып, мұрағат, қолжазбалар қорларында сақтала бастағанына жүз елу жылдан астам уақыт болды. Ол қолжазбалар Қазан төңкерісінен бұрын Петербург, Москва, Омбы, Томск, Қазан, Уфа, Орынбор қалаларындағы қолжазба қорларында сақталды. Сол кездегі қолжазбаларды жинаушылар В.Радлов, Е.Алекторов, Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, И.Аничков, Н.Пантусов, А.Васильев Ә.Диваев т.б. болды. Солардың бастамасымен ХІХ ғасырдың өзінде-ақ көптеген қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері жиналып, «Дала уәлаяты» газетінде, «Торғай облыстық ведомосында», «Ақмола облыстық ведомосында», «Астрахань газетінде» т.б. үзбей басылып тұрды. Халық мұраларының шын мәнінде мол көлемде жиналуы, зерттелуі Кеңес дәуірінде қолға алынды. Ғылыми тұрғыда жинау, жүйелеу, сақтау, зерттеу шаралары бір орталыққа шоғырландырылып, ұлттық қолжазба қорларын ашуға мүмкіндік туды. 

Қазақ халық әдебиеті үлгілерін жинау, баспа жүзінде шығаруды Қазан төңкерісіне дейін жеке адамдар ғана жүргізсе, 1920 жылы Қаз ССР-і құрылғаннан бастап, қазақ қолжазбаларын жинауды мемлекет өз қолына алды. Арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, ел арасынан халық әдебиеті үлгілерін жинады. Ел ішінде ұқыпты жинаушылар болған. Бұл ретте М.Көпеев, Е.Есенжолов, Ү.Толыбеков, К.Байғұлыұлы, Ж.Шайхсламұлы, Х.Ғали, С.Шорманұлы, Ш.Білтебайұлы т.б. ұлт азаматтарының еңбектерін ерекше атауға болады.

Туған елінің халық әдебиетін қастерлеген, халқымыздың қымбат қазынасын жинау, жариялау, насихаттау, Республика көлемінде таныстыру саласында үлкен еңбек сіңіріп, ұлттық мәдениетіміздің алтын қорының толығуына үлкен үлес қосқан адамның бірі – Сейітқали Қарамендин. Сейітқали Ыдырысұлы Қарамендин 1913 жылы Семей облысы, Абай ауданы ( бұрынғы Шыңғыстау өлкесінде) Өтей ауылы Қарадыр-Қыдыр деген жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Семей қаласында бастауыш қазақ мектебінде оқыған. 1928-1932 жылдары Семей қаласындағы алғашқы ашылған мал дәрігерлік техникумды, 1940 жылы малдәрігерлік институтты бітірген. 1932 жылдан бастап зейнетке шыққанша өз мамандығымен қызмет атқарған. Аралықтарында комсомол, партия ұйымдарында қызмет істеген.

Сейітқали Ыдырысұлы өз халқының ұшан-теңіз ақындық өнерін, таусылмас эпостық жырларын, ертегілерін, аңыз-әңгімелерін, шешендік сөздерін жасында қанып тыңдап, есінде берік сақтап, олардың терең ішкі мазмұны мен көркем сұлу сырларына қызыға білді. Бұдан Сейітқалидың фольклорға деген құмарлығы жас кезінен бас­тап оянғаны аңғарылады. Техникумда оқып жүргенде көпшілік қоғам жұмысына қатысып, сол жылдарда Семейде облыстық «Жаңа ауыл», кейін «Қызыл дала» газеттері шығып, сол газеттерде белсенді тілшінің бірі болып біраз әңгіме, мақалаларын, өлеңдерін басып тұрған.

 Халқымыздың ауыз әдебиетіне құрметпен қарап, асыл үлгілерін жинау, зерттеу С.Қарамендиннің 1940 жылдары Малдәрігерлік институтта оқып жүрген кезінде, одан кейінгі көптеген іссапарларына шыққан жылдарында құмарта айналысқан жұмыстарының бірі болды.

 Ол осы мәселеге алғаш назар аударған Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин, И.Березин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, Е.Есенжолов, Ү.Толыбеков, Қ.Байғұлыұлы, М.Біркеұлы т.б. ғалым-жинаушылардың дәстүрін кең көлемде ілгері дамытуды өзіне мақсат етіп қойды.

Ол алпысыншы жылдардың орта шенінен бастап қазақ даласының көп жерін: Семей, Жезқазған, Шымкент, Жамбыл т.б. облыстарды аралап, көптеген адамдармен, суырып салма жыршылармен кездесіп, өзінің белгілі адамдармен әңгімелерін, олардың айтқан жырлары мен маңызды нақылдарын, ұтымды өткір сөздерін жазып отырған. Сейітқали ел арасында жүрген кездерінде күнделік жазған. Ол күнделікке өзінің ой-пікірлерін, көргендерін, ел аузынан естіген әңгіме-аңыздарын жазып алып, кімдермен кездескенін, уақытын, қай жерде болғанын баяндап отырған. Бұл да Сейітқалидың фольклор жинаушы ретінде жүйелі тәсіл ұстанғандығын айқын аңғартады. 

Сейітқали Қарамендиннің өзіне тән ерекшелігі – халық әдебиеті үлгілерін елді аралап, өзі жазып алып отырған. Ол болған өлкелердің географиялық, этнографиялық, тарихтық сипаттарымен қатар жергілікті тұрғындардың өткен-кеткенді жақсы білетін адамдарымен кездесіп, жырлары мен аңыз-ертегілерін тыңдап, бірсыпырасын жазып алып отырған. Және халық мұрасын айтушы, жазылған жері, уақыты сияқты т.б. деректерді жазып алуды естен шығармаған. 

Қорда сақтаулы материалдарды байыптап қарап отырсақ, Сейітқали кейде халық мұрасы үлгілерін айтушының өзіне жаздырып алуды қолайлы көргенін байқаймыз. Мысалы, С.Қарамендин 1980 жылдары Семей өңірін аралап, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды. Осы сапардың бірінде «Қазақ халқының қысқаша шежіресі» атты нұсқаны айтушы, орындаушының өзіне жаздырып алады. Бұл тұста жинаушы орындаушының стилін, материалдың дәйектілігін өте қажет деп білгені аңғарылады. Сон­дықтан С.Қарамендин жинаған материалдардың ішінде «қолжазбадан көшірме» деген анықтамалар да ұшырасады. 

Еліміздің сирек қорларында шежірелердің ұшан-теңіз мол қоры бар. Бұлар әр жылдардағы экспедиция материалдарымен молайып, қомақтана түсуде. Соның нәтижесінде шежірелерді белгілі бір ғылыми жүйемен саралап, олардың қолда бар әртүрлі нұсқа-үлгілерін өзара салыстыра зерттеп, шежірелердің ғылыми басылымын бастыруға мол мүмкіндіктер туғызды. Осы салада «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарияланып жатқан «Бабалар сөзі» жүзтомдығының ғылыми басылымының жарық көріп жатқанын айтуға болады. «Бабалар сөзі» сериясы бойынша шыққан жүзтомдықтың 2006, 2012 жылдары шыққан төрт томын қазақ халқының шежіре мәтіндері құрайды.

Бүгінгі күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорында Сейітқали Қарамендин тапсырған төрт томдық қолжабалар (881,881/1,948,1024 бумалар) сақтаулы. Төрт томдық қолжазбалардың ішінде 70-80-жылдары қорға түскен 881-буманы алып қарасақ, бұл ауыз әдебиеті үлгілері 10 дәптер көлемінде, 332 бет. Қолжазбадағы дәптерлердің басым көпшілігі ел аузынан жиналған әңгіме, өлең, шешендік сөздер. Әсіресе қазақтың белгілі ақындары Әсет, Байкөкше, Есенбай, Көкбай ақынның өміріне қатысты сөздерге көңіл аударады. Сонымен қатар бұл қолжазбалардың арасында Көкбай ақынның «Абылайхан» поэмасы, Шығыс сарынындағы «Һарун Рашид патша», «Еренғайып», «Шаһи Барбар» атты дастандар да кездеседі. 

Енді Көкпай ақынның «Абылай хан» атты жырына назар аударып көрсек, жырға Абылай ханның «Сабалақ» атануы, үйсін Төле бидің тәрбиесінде болып, жекпе-жекте қалмақ ханы Шарышты өлтіруі, сөйтіп ерлігімен танылған соң, хан тағына отыруы сияқты оқиға желісі арқау болған. С.Қарамендин тапсырған «Абылай хан» туралы жырдың тарихи да, мәдени де мәні мол. Жыршы шығармада Абылайды ел-жұртын, халқын сүйген, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен патриот ұл, шын батыр етіп жырлайды. Оның ерлік істерін басқаға үлгі етеді. Бұдан ХVІІІ ғасырда ел билеген, сыртқы шапқыншылыққа халықты жұмылдырып, ішкі-сыртқы саясатта зор дипломатиялық қатынас жүргізе білген ұлы ханға деген халықтың терең сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы аңғарылады. Бұл әңгімелер ХVІІІ ғасырдағы жаугершілік кездің шындығын толығырақ, тереңірек танытуға көмектеседі. Тарихи деректерден онша алшақ кетпейді.

Осы қолжазбалардың арасында құнды дүниенің бірі – Нұрлыбек Баймұратовтың Мағауия, Назигүл және Айтқазы өмірінен алып жазылған дастаны дер едік. Дастанда жер дауы туралы Абайдың әділдік кесімі де айтылады. Бұл дастанның тілі көркем, өлең өрнегінде бағалы жолдар баршылық.

Бұл қолжазбада кездескен кейбір дастандардың варианттары бар. Алайда туған әдебиетімізді терең зерттеу, дастандардың версияларын салыстыру саласында бұл қолжазбалардың пайдасы зор деп санаймыз.

Төртінші дәптерге 1944 жылы 1 тамызда өткен Жезқазған, Балқаш ақындарының айтысы енген. Солар­дың бірі – балқаштық Шашубай Қошқарбаев, жезқазғандық Болман Қожабаев айтысы. Және де «Қазақ республикасының 28 жасқа толуы», 1916 жылғы көтерілістің басталғанына 50 жыл толуына байланысты 16 жылдың оқиғасын өз көзімен көрген Болман Қожабаевтың «Қаһарлы жыл» атты шығармасы да бар. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Болман ақынның нағыз қылшылдаған жігіт кезі болатын. Болман ол кезде әкесі Қожабай ақынның жолын қуып, қос шекті домбырасын қолына алып, ел мұңын, ел сырын әнге қосып жүрген кезі еді. Болман өзі қатысқан сол қанды қырғынның тірі куәсі ретінде 16 жылдың оқиғасына арнап жоғарыда аталған жырды жазған. 

Аталған бумадағы бесінші дәптер ақындар айтыстарына арналған. Мұнда араб әрпінде жазылған «Шортанбай мен Орынбай», «Орынбай – Сералы», «Тоғжан – Сералы», «Көкбай ақын сөздері», «Саржан ақын Байғыз», «Кемпірбай – Орынбай», «Кемпірбай – Шөже», «Абай, Көкбай, Кемпірбай», «Тауке – Рухия» атты барлығы – 44 бет айтыстар қолжазбасы бар.

881/1-бумада ел аузынан жиналған Күсетай Нұрсименовтің өлеңдері, Қабдуәли Әзімжанұлы, Садық Тәңірбергенұлы және Омарбай Шахаұлының қолжазбалары, онда «Мұхамет-Әнәпия», «Сәтбек батыр», Нұрмағанбет дегеннің құрдасы Ахметолла дегенге жазғаны, «Айсұлу», «Еңлік-Кебек», «Баян-Ноян», «Қалқаман-Мамыр», «Абайдың жарияланбаған өлеңі», «Қазақ халқының қысқаша шежіресі», Мүсірәлі ақынның «Тарбағатай елінің отаршыларға қарсы халық көтерілісі», Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», Шәңгерей Бөкеевтің «Қашқын» (Лермонтовтан аударма) кітапшаларының фотокөшірмесі т.б. шығармалар кездеседі. Бұл томның көлемі 8 дәптерді құрайды. 

Осы аталған шығармалардың ішінен «Мұхамет-Әнапия» дастанына тоқталар болсақ, еліміздің сирек қорларында сюжеттер желісі мен композициялық құрылымында, тілдік, стилдік сипатында, поэтикасында, көлемінде әртүрлі өзгешеліктер бар дастанның онға жуық нұсқалары сақталған. Алайда туындының негізгі идеясы бәріне ортақ. Бұл шығарманың сюжетіне Ислам дінінің басты тұлғаларының бірі – төртінші әділетті халиф хазірет Әлидың ұлы – Мұхаммед-Ханафия ерліктері арқау болған. Мұхаммед-Ханафия – тарихи тұлға. Ол шамамен VІІ ғасырдың орта шенінде дүниеге келіп, 700 жылдары қайтыс болған, мұсылман дінін орнату мен нығайту жолында көп тер төккен Пайғамбар ұрпақтарының бірі. Дастанда оның батырлығы ержүректілігі кейіпкердің басты қасиеті ретінде баяндалып, батырдың тұлғасы дәстүрлі эпикалық канондарға сай сомдалған. Бұл жазылып алынған жыр мәтіні «Мұхаммед-Қанапия» туралы дастандарды салыстыра тексеру, олардың көркемдік келбетін, негізгі идеялық сарындары, түбірлі оқиғаларды аңғаруда және өзара ықпал ету мәселесінің жағдайларын көруге көмектеседі. 

Сейітқали ауызекі мұраны жинауда ғылыми құнды әдіс қолданған. Бір жырды не әңгімені бірнеше адамнан тыңдауды әдетке айналдырған, сол шығармалардың шындыққа жақын келетіндерін жазып алып отырған. Бұл оның «Сәтбек батыр» жырын жазып алуынан анық көрінеді. 

С.Қарамендин өзі жинаған халық әдебиеті үлгілерін нақты фольклорлық тұрғыда жіктемесе де, біз оның жазып, жинап алған қолжазбаларын зерттей отырып, оларды жанр жағынан былайша жіктеуге болатынын анықтадық: 1. Әңгіме. 2. Өлең. 3. Жыр. 4. Айтыс. 5. Тарихи жыр. 6. Хикаялық дастандар. 7. Ғашықтық дастандар. 8. Діни дастандар. 9. Шежіре. 10. Шешендік сөздер. 11. Тарихи мәліметтер т.б. Бір сөзбен айтқанда, фольклордың үлкенді-кішілі барлық түрлерін түгел қамтыған. Туған халқының географиясы, әдебиеті, тілі, тарихы, аңыз-ертегілері, жырлары жөнінде бағалы ғылыми ойлар айтып, елінің фольклорлық мұраларын жинап, қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпақ игілігіне айналдыруы Сейітқали тарапынан ғылым қазынасына қосқан үлесі. Бұл айтылғандар С.Қарамендиннің ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылық қызметі сан қырлы, елеулі болғандығын аңғартады.

Жалпы алғанда халық арасынан жиналған бұл деректерді ауыз әдебиетімізді зерттеуде, болашақта жоспарланып отырған «Ғасырлар үні» көптомдығының құрамында жариялауда қажетті құнды материалдар деп санаймыз. 

Қарашаш Алпысбаева,

 М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Қолжазба бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері