Дәрігерлерден көңілім қалды

 Дәрігерлерден көңілім қалды

 Дәрігерлерден көңілім қалды
ашық дереккөзі
 Соңғы кезде медицинада жағымсыз жаңалық көп. Еліміздің әр өңірінен күн сайын жаға ұстатарлық оқиғаларды естіп жүрміз. Тіпті, құлақ та, көз де үйреніп кеткендей. Ал ақ халаттылардың білімсіздігі мен біліксіздігіне келгенде әңгіме мүлдем басқа. Өткенде аурухана басшысынан сұхбат алғам. Барған сәттен «Осы журналистер бізді қаралауға құмар. Ондай кемшілік қай салада болмай жатыр?» деп бұлқан-талқан болған еді. Бірақ та әңгіме арасында медицина саласына келіп жатқан жас мамандардың білімсіздігіне қатты қарны ашатынын жасырып қалмады. Демек, ақ халатқа қара күйе бекер жағылып жүрген жоқ. Бұған дейін дәрігердің салғырттығынан қаншама ана мен бала бақилық болғанын дүйім жұрт біледі. Кейбір өңірде мәселені жауып-жастағысы келсе де, шындық түптің-түбінде судың бетіне қалықтап шығады. Айы-күні жетіп, сәби сүюге дайындалып жүрген бейбақ ана бармағын тістеп қалса, кім кінәлі? Әуелі Аллаға, сосын дәрігерге сенетін қарапайым халық кімнен араша сұрайды? Құдай-ау, алдына келіп тұрған адамға мейлінше жедел түрде көмек көрсетіп, жанын аман алып қалу – дәрігерлердің міндеті емес пе? Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтірейін. Осыдан бір-екі жыл бұрын №5 перзентханада өмірге келген нәрестесінен көз жазып қалған ананың мұң-зарын тыңдаған едім. Байғұс ана тіркеуге тұрарда өзінің ағзасына зиян дәріні қанша рет қадап айтса да, толғағы жақындап қалған оған дәл сол дәріні еккен медибикенің ойында не бар? Бұдан соң жағдайы қиындаған ана дөңбекши берген соң, дереу ота жасауға тура келген. Анаға егілген дәрі балаға да әсер етіп, көп ұзамай шетінеп те кеткен. Бұл дәрігердің салғырттығы емей, немене?! Ал кеше телеарна жаңалықтары тағы бір сұмдық хабарды таратты. Көкшетау қаласының 24 жастағы тұрғыны Айгүлді кемтар қылған Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінің мамандары туберкулезді қатерлі ісікпен шатастырып алыпты. Онкология диспансері оған бірден рактың 3-ші сатысы деген диагноз қойып, химиятерапия курсын бастап жіберген. Сорақысы сол, диагнозды нақтыламай-ақ пациенттің омырауын кесіп тастаған. Сөйтіп, әлі тұрмыс құрып, бала сүймеген қыз жауапсыз дәрігерлердің құрбанына айналды. Ол ол ма, Айнұр отаға дейін химиятерапияның 4 курсын алып, ағзасын да әлсіретіп, шашын да түсіріп алған. Бірақ ісік сол күйі кетпей, ақыры асқынған көкірегін кестіруге тура келіпті. Тек кейін  Алматыдағы онкология орталығына келген Айгүлді жан-жақты тексерген дәрігерлер оның кеудесінде іріңді мастит әбден ушығып, туберкулезге айналғанын анықтаған. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Ал қателігін толық мойындағысы келмейтін Ақмола облыстық онкология диспансерінің патологоанатомы Қарлығаш Қапарова: «Өйткені материал кішкентай болды. Менен кейін де қараған дәрігерлер бар емес пе? Химиятерапияда іріңдеген соң дәрігерлер неге ойланбайды. Олар неге қарамаған?! Мен тек диагноз қойдым. Кеудесін кесіңдер дегем жоқ» деп басын ала қашыпты. Бір өкініштісі, бұл жайтты тексерген медициалық бақылау басқармасы 3 дәрігерге сөгіс жариялаумен ғана шектелген екен. Сонда дәрігерлер мән-жайды анықтамай, өрімдей қыздардың омырауын кесе бере ме? Оларға адамның өмірі ойыншық па екен? Бұдан кейін медицинаға қалайша қарның ашпайды?