Қолдауы бар да, қорытындысы жоқ кәсіпкерлік

Апта басында Орталық ком­­муникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов брифинг өткізді. 2014 жылға арналған міндеттерді саралай келе, бизнеспен шұ­ғылданамын деген адамға әдіс­темелік көмектен бас­тап, қар­жылай демеу шараларына дейін қарастырылғанын айтты. Бірақ кедергі әлі де көп. Соның бірі – әкімшілік рәсімдердің аяқтан шалатынын палата төрағасының өзі мойындап отыр. Одан басқа да кедергілер етектен шалуда. 
Бүгінге дейін шағын және орта кәсіпкерлік туралы жиі айтылды. Барлық пікір шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы экономиканың кілті, басты тетігі екенін дәлелдеді. Алайда кәсіпкер деген атауға саудагер де, шаруа мен малшы да ілігетін еді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов біз білген кәсіпкерліктің нақты анықтамасын енді ғана берді. Бас сарапшының айтуынша, кәсіпкерлердің 98 пайызы – микро кәсіпкерлікті жүргізушілер. Олар заң бойынша 5 жыл жарнадан босатылған. 
Қазіргі таңда еліміздің экономикасын ілгері сүйреп тұрған әрине, шағын кәсіп емес. Керісінше ірі компаниялар мен монополиялы холдингтер. Олардың ұзын саны 2 жарым мың. Жылына 8 миллион теңге шамасында жарна төлейді. Жарна төлеушілердің екінші легінде жылдық табысы 103 миллион теңгеден басталатын компаниялар бар, олардың есебінен төленетін жарнаның жалпы құны – 300 мың теңгені құрайды. Елімізде жылдық табысы 103 миллион теңгеден басталатын кәсіпкерлердің саны – 20 мың екен. Мырзахметов мырзаның айтуынша, бұл сома компанияларға еш ауырлық түсірмейді. Бүгінде 70-ке жуық компания жарна беруге дайын. 
Жарна есебінде төленген қаражат қайда кетеді? Бюджетке түскен қаржыны жұмсау аймақтық филиалдарға беріледі, яғни өңірлердегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын мамандардың жалақысына бағытталмақ. Елімізде 1,5 миллион тіркелген кәсіпкер бар. Солардың ішінде жарна төлеушілері 22 мыңы ғана. 
Бүгінде кәсіпкерлердің жағдайын ел болып тілеп отырмыз. Оларды аяғынан тұрғызса, Дүниежүзілік Сауда ұйымына есік өзі-ақ ашылмақ. Десек те кәсіпкер құқығын қор­ғайтын, солардың кәсібіне демеу көрсететін ұйымның өз ішінде дау шығуда. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қармаумен ғана айналысады екен. Сондықтан журналистермен өткен кездесуде палата басшылары ақталғандай болды. Олардың айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жағдайы қарапайым кәсіпкерлерден де мүшкіл. «Президиум мүшелері жарнадан пайда көріп, сыбайлас жемқорлыққа барған емес», – дейді ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов. 
Басқосуда Ұлттық палатаның басқармасы президиумның бүгінгі тыныс тіршілігімен таныстырды: «Президиум мүшелері мүлде жалақы алмайды, біз қоғамдық бастамамен жұмыс істейміз, оған өзіміз құлшыныс білдірдік. Жалпы қалыптасқан жағдайды басқа арнаға бұруға, кәсіпкерлікке деген көзқарасты өзгертуге ынта бар. Мұнда келген адамдардың барлығы қалталы, олар қармайтындай мұнда ештеңе жоқ. Бізде қызмет көліктері, кеңсе де жоқ», – деді ол. 
Сондай-ақ Кәсіпкерлер пала­та­сының ұлттық компания­лар секілді пакеттерінің де жоқтығы белгілі болды. «Бізге министрліктерден, ұлттық компаниялардан келуші сарапшылар көп. Басқарма басшылары да бар. Біз оларды қуана қарсы аламыз. Олар бізге жалақы үшін ауысқан жоқ. Оның үстіне Кәсіпкерлер палатасында қызметтік мәнсап да өспейді. Алайда бізде олар өз ойларын жүзеге асыра алады», – деді Мырзахметов мырза. Жалпы палата мүшелік жарна емес, республикалық бюджет есебінен ашылуы тиіс болатын. Бірақ бұлай болған күнде кәсіпкерлікті дамыту екіталай екен. 
Ал тариф мәселесі әлі де өзекті. Ақтөбе мен Оралда тариф шағын және орта кәсіпкерліктің еңсесін түзеуіне қолбайлау. Алдағы наурыз айында нақты ұсыныстар Үкімет назарына ұсынылатынын айтты Мырзахметов мырза. 

А. Бейімбет

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button