АЛМАС СЕЗІМ

АЛМАС СЕЗІМ

АЛМАС СЕЗІМ
ашық дереккөзі
841
Біздің елімізде жазушы Дүкенбай Досжанды білмейтіндер кемде- кем десек қателеспейміз. Тырнақалды әңгімесін он бес жасында жариялаған, содан бері өз оқырмандарына жүздің үстінде әңгіме, жиырмадан астам хикаят, оннан астам роман ұсынған Дүкең қазақ әдебиетінің көсегесін көгертіп жүрген қабырғалы қаламгерлердің бірі еді. Әлі де беретіні мол еді. Әттең, сұм ажал арамыздан ертерек алып кетті. Мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың иегері, есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясына, Ұлттық және Абай энциклопедияларына енген Дүкенбай Досжанның кітаптары әлемнің 20-дан астам тіліне аударылып, 7,7 млн. таралыммен басылған. Ол – біздің еліміздегі оқырманы ең көп жазушы еді. Қалың оқырман оның әр кітабын асыға күтетін, әріптестері де осыған дейін кітаптан кітапқа көшіп, халықтың көңілінен шығып жатқан көл- көсір дүниені төгіп- төгіп тастаған Дүкең енді не берер екен дегендей, әр қадамын жіті қадағалап, шығармашылық табыстарына ортақтасып отыратын. Белгілі қаламгер Герольд Бельгер: «Д.Досжан тақырыбы бейне домбыраның қос ішегі секілді: бірі – қоңыр үнді көне тарихи оқиғалар тізбегі; келесісі – ащы шындығымен құлаққа қытымыр, шыңылтыр естілетін қазіргі өмірдің өз үні»,– деп оның парасат-пайымына, азаматтық ұстанымына тәнті екенін білдірсе, қазіргі қазақ әдебиетінің көшін бастап келе жатқан заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «… жазушының суретшілігі басым, сөздің ішіне түсіп жазатын қазбагер жазушы», – деп оның тереңдігі мен шеберлігін дәріптейді. Жалпы алғанда, жазушының сынға, әдебиетші-зерттеушілерге өкпесі болмауға тиіс. Бүгінге дейін Дүкенбай Досжан шығармашылығы туралы айтылмаған сөз жоқ. Десек те, Д.Досжан шығармашылығында бұрын-соңды тілге тиек болмаған бір тақырып бар сияқты. Ол – махаббат пен ғадауат. Бүгін біз осы тақырып төңірегінде әңгіме қозғағалы отырмыз. Махаббат. Сүйіспендік. Құштарлық қызуы. Адам бойындағы осынау үш бірлік – өнердің алдына ұстаған шамшырағы. Бұл үшеуі болмаса дөңгеленген дүниенің қызығы ортайып, пендесі құрғыр күйкіленіп, көзі тұнып адасар ма еді, қайтер еді. Француз жазушысы Бальзактың: «Дүниенің билеушісі түптің-түбінде құштарлық. Құштарлық – жазушы қаламына шабыт қосады, қолбасшыны не қилы жорықтарға бел буғызады, корольдердің тақталасы, пенделердің бақталасы адам бойындағы құштарлықтан бастау алады», – деген сөзі шындық. Кейіпкердің қуаныш, реніш, мұң, нала, өкпе, ыза, жақсы көру, жек көру сезімі, бәрі-бәрі, кісі бойындағы қан қызуынан бастау алады. Тіршілікте бары-жоғы белгісіз, көлеңке секілді құр әншейін тірі жан болады, олардың қан қызуы кемшін, сүлесоқ жүретіні содан дейді ғалымдар. Ал жүрген жерін дүбірге толтырып күйіп-жанған мазасыздар қаншама, олардың қан қызуы шыдатпай бет шарпиды. Көзге ерте түсіп, ерте піседі. Өмірдегі қақтығыс, тартыс – әлгі патша сезімнен бастау алады. Әлгі құштарлық қызуы күндердің-күні иесін тауға шығарады, я болмаса күйдіріп-жандырып күйретіп тынады. Генетик ғалым ашқан жаңалық осы. Махаббат тақырыбы мәңгілік, ол – өнердің гүлі, көркі. Жазушы Дүкенбай Досжан сөзімен айтсақ: «Ол – қан қыздырған күю мен сүю, я кейіпкердің жар басынан өзін-өзі ылдиға тастап жіберуі, я өмірі жетіп болмайтын биіктерге ұмтылу». Сүйіспендік, құштарлық сырына тереңдеп барған «Ине ұшындағы өмір» хикаятын алайық. Оқиға Болашақ бағдарламасымен алыс­тағы Кембридж университетін үздік тәмәмдап елге оралған, биік лауазымды қызметке жаңа кіріскен бозбала Айбар Арыстанұлының кешқұрым баспанасына жетіп, ұзын диванға сұлай кетіп, ауыр ой кешуінен басталады. «Не болып барамын, – деп бозбала іштей мүжіледі, – түріме не болған?.. Әлде ауырып жүрмін бе, әлде ойнап жүріп от басып алдым ба?» деп күйзеледі ол. Айнадағы Айбар жиырманың сегізіне шыққан, тепсе темір үзетін, үлкен бизнес орталығында компьютердің құлағында ойнайтын программист – тосын тест енгізушіге мүлде ұқсамайды. Жанарының оты азайып, бетінің қызылы тарап, жағы сопая бастапты. Айдың жаңасында мұндай емес еді. Оң қолын білегінен жалаңаштап алақанын аударып-төңкерді, көк тамыры көрінбей, ет пен терінің арасына сіңе түсіп әзер шалынады. Бармағымен басып еді, тамыр соғысы білінбеді. Терезе алдындағы кәрі үйеңкі қарауыта сықырлайды. «Не деген мықтылық десеңші. Осы ағаштың қасында мына біздер құр әншейін жел қуған қаңбақ, үрген қарын, қураған қурай секілдіміз. Бәле қайда – бассақ аяқ астында. Андыздаған пәле, вирус, сырқат, өкпек жел, бәрі-бәрі пенделердің аяғынан шалып омақастырып келеді… омақастыра бермекші» деп, Айбар қалың ойын уайыммен тұздықтай түседі. (Д.Досжан, Ине ұшындағы өмір, Астана, «Фолиант», 2002, 11-бет). Қызметтен қайтып келе жатып көзтаныс дәрігерге көрінген. «Белгісіз бикештермен жыныстық қатынасқа түсіп пе едіңіз?» – деп дәрігер сұрақты төтесінен қойды. «Несіне жасырайын, жаңа жылдан кейін екі-үш мәрте сұлу бикешпен мейрамханаға барып көңіл көтергенім еміс-еміс есімде», – дейді Айбар. «Өзіме жұққан қатерлі вирус па сонда, ашып айтсаңшы» – дейді бұл. Қатерлі деген сөзді қылқынып барып әзер айтады. Дүние көз алдында шыркөбелек айналып, аяғын аспаннан келтірген секілденеді, жүрегі аузына тығылып, тынысы тарыла бастады. Оқиға сезім шарпысуынан басталады… Оқып көрелік. «Жұмысында бірге істейтін, бә­дені ұршықша үйірілген, үзіліп піскен мәуедей Аяу­лым алдында ғана: «Айбар орталықтан екі бөлмелі үй алды, басы бос» дегенді естіп, ертеңгісін телефон шалып, бозбаланы өз аяғымен іздеп келген еді… Аш қарынға аздап шарап ішеді, шамалап шала мас кепке түседі… Өз көзіне өзі сенбеді дейді автор. Айбардың жүрегі атқақтап аузына кептеледі. Үлбіреген бойжеткен тырдай жалаңаш әппақ болып диванға жатып қапты. Жігіт еңкейіп кесе төңкергендей дөңгеленген анарынан иіскеп елтіді… Ендігі баян аллегорияға ауысады. «Айбар бала кезінде көшкен қойшыларға ілесіп Қызылқұмның шөліне шығатын. Құм – теңіз толқынына ұқсап бірінен ассаң – келесісі көлденеңдеп, адымыңды тұсап жүргізбейді, ындыныңды кептіреді, шөл қысады. Қиянда мөлдіреген көлге жетем деумен бала Айбар адымын санап басып, ілгерілей түседі. Шекесінен күн өтеді. Шөлге шығандап шығып, қаны қоюлап қаталап өліп қала жаздаған сол бір күн Айбардың көз алдына қайта елестейді. Шағыл баурайына тырмыстым дегені – қыз анарын уысына толтырып, қырға шыққандай өңмендей ұмтылып, төсіне төсін тигізіп, бойының балқып ерігені екен. Ындыны кепкені – жон арқасынан тер су боп ағыпты. Бейне, шағыл құмның арғы қабағынан құлағына қыздың әлсіз үні жетеді. «Жапалағым… жаным…» Бір мезетте теңіз толқынына қайық салып жағалауға жете алмай әлсіреген балықшыға, ендігі кезекте – қар жамылған әппақ тауға жандәрмен тырмысқан альпинистке ұқсайды. «Бұл не сонда? Махаббат па, құштарлық па? Ертелеп үйіне келген үзіліп піскен мәуе-қызбен осынша ұятсыз, арсыз жалаңаш құмарлыққа барғаны әлде азабы, әлде тозағы, лездің арасында арбауға түскен торғайдай аяқ астына топ ете түскенім қалай деп Айбар қинала толғанады». Ертесіне есін жиса жігітіміз екі оттың арасында қалыпты. Сол жағында – ерін ұшында тарыдай меңі бар, қыр мұрынды, ашаң жүзді, еріні сөлді, жалын өрті шарпыған Аяулым бойжеткен – «ә» дегеннен арбап-матап жолын тосқан әзәзілге ұқсайды. Таңсәріден үйіне басып кіргені әлгі. Оң жағында – өзге қыздай емес, бір қарағаннан-ақ рентген сәулесі секілді ішіндегісін сезіп-біле қоятын, соншалық терең жанарды ешкімнен, ешқашан ұшыратпаған; ну шалғын арасынан ойылып шаққан тұнық көл секілді тұнжыраған, сөз байласып жүрген Жансая қыз – желеп-жебейтін періштесі. Алғаш кездескенде қыз баланың көзінде тұна қалған сыр, мұң, саз, бояу, осыншалық тереңдік болады екен-ау деп таңғалған. Алғаш рет танысқанда тұнық көлге ұқсаған қыз жанарына қарай-қарай… үңіле-үңіле… жиегіне ернін тигізіп, сүйіп алған мезетте – өзіне-өзі ие бола алмай талып қала жаздаған. «Сен мәңгілік менікісің!» – дегені есінде қалыпты. Екі оттың арасында күйіп-жанбағанда несі қалды! Кеше ғана… иә, дәп солай… кешіккен айыбын жуып-шайғысы кеп Жансаяның жанарынан еңкейіп сүйіп алғысы келіп ұмтыла бергені есіне түседі. Періштесі шегініп кеткен еді. Айбардың жан әлемі жел үргендей уілдеген. Айбар айдалада жалғыз қалғандай сезінді дейді автор. «Үйге жүр, – деді Жансая күбір етіп, – папам, мамам «көреміз, батамызды береміз» деп күтіп отыр. Күнде келеді деп күткендеріне айдан асты, олай-бұлай түрлі сылтау айтып, сырғақтатып, бұлқынып көріп едім. Безектетіп жіберді. «Бүгін қайтсең де ертіп кел» деді…» Мына сөз Айбардың төбесінен тас түскендей әсер етеді. Қайтпек керек? Азғырғыш әзәзілден құтыла алмай, желеп-жебеуші періштеге жан сырын, болған оқиғаның бүге-шігесін айта алмай тірідей өртенді деген осы болар-ау! Алыстағы ауданға телефон шалып, азамат­тық, қылмыстық кодексті езіп ішкен, жалғыз ұлы­ның жолына қарап отырған әкесіне мән-жайды түсіндіріп: «Қызметке тұрдым, үй алдым, тағы бір маңызды жаңалығым бар, келіп қайтыңыздар…» демекке оқталып жүр­ген. Көзі түскен қалыңдығы оңай жердің қызы емес. Сарыарқаның қызғалдағындай дәп осы қалада туған, білдей министрдің орын­басарының үлпілдетіп өсірген, жоғарғы лауазымды бастықтың үкілі үміті. Алыстағы қауым ел мұның сыртынан «Болашақты бітірген бола­ша­ғымыз есепті Айбарымыз бар» деп көңіл тоғайтып, иықтанып, алдағы айдың басында үйіліп поезға отырмақшы. Жолына қарап, тілеуін тілеген ағайынның сәлемін жеткізіп, батасын беріп қайтпақшы… Осылайша, оқиға желісі оқырманды бірден баурап алады. Жансая қояр да қоймай Айбарды ата-анасымен таныстырмақ оймен үйіне алып келеді. Үйдегі кейуана жөн-жосықты білетін, мол пішілген киімдей, әрі сөзшең, әрі көреген, екі жасты жылы жүзбен қарсы алады. «Отағасын әлгіде министр аяқ астынан шұғыл шақыртып әкетті, қысылмай отырып, шай ішелік… Шын сүйетін болсаң – қызымның қадіріне жетерсің, ұшып-қонған көбелекке ұқсасаң – быж-тыж болмашымен әйтеуір бір күніңді өткізерсің. «Бақыт дегенді қалай ұғасың, қарағым?» – дейді суып қалған шайын қызметші қызға ұсынып жатып. Айбар су боп ағып терлеп отырып: «Бақыт деген үлкен сөз ғой», – деп өз әлінше жауап берген болады. «Түсінікті, – дейді сабырлы кейуана – Жансаяның шешесі, – қызымның мінезі тұйық еді, екі тұйық қосылып ақпайтын, жаңа арнасын таппайтын әншейін бір тіршілік көлшігіне айналмасаңдар неғылсын!», – деп бір кідіреді кейуана. «Қаныңның группасы қалай?» – деп екінші рет сауал қояды. «Бірінші резус, отрицательный!» – деп жауап береді Айбар. «Апырмай, осыншалық ыстық қанмен бір нәрсені бүлдірмей, я от қойып жібермей, я бұрынырақ үйленбей қалай шыдап жүрсің?.. Жә, үлкейген кісі күдікшіл келеді, көңіліңе алма», – деп кейуана сөз аяғын жуып-шаяды. Осы мезет бұлт арасынан сытылып көрінген күнге ұқсап төр бөлмеден Жансая шығады дейді автор. Келесі күні көзтаныс дәрігер Айбарға ойда жоқта телефон шалады. Қала шетіндегі клиникаға дереу жетіңіз дейді. Келеді. Дәрігер мұның жүзіне тесіліп ұзақ қарайды. «Анализ жақсы емес, қалай жұқтырғаныңызды бір құдайым біледі, сізде иммуножетіспеушілік синдромы бар, яғни СПИД жұқтырып алғансыз», – дейді. Дәрігердің байыппен айтқан сөзі: өміріңізде оңбай қателік жібердіңіз, сол қателігіңіз үшін Жаратқан Ие көп ұзамай тіршіліктің таразы басына келіп, сізге аманат қып тапсырған жанын өзіне қайтарып алуға қам жасайды деген үкім секілді естіледі. Жас жігіт талып түсе жаздайды. Тіршіліктің уыз дәмі, алғаш Жансаяның ерніне ерні тиген кездегі шырын ләззаты, қарсы беттегі асқар ала тауға ұқсаған арман асуына аяқ салғаны, дос-жаранға үлкен белдей зорайып көрінген абырой-атағы… биік мансабы… тым жырақта… Қызылқұмның іргесінде құммен алысып тіршілігі азаппен өтіп жатқан ата-анасы… түбінде үміт еткен жұлдызымыз… Айбарымыз өмір жасымызды ұзартады, өмірімізді жап-жасыл әлемге айналдырады деп иек артып отырған ата-анасының үкілі үміті – тасқа түскен құмырадай күлпаршасы шыққаны ма сонда?! Жас құрақтай жетіліп, өмір туын желбірете аспандатқан мұның жанын алуға Жаратқан Ие асықпаса неғылады? Жастайынан білім қуғаны… қатарынан оза шапқаны… Жансаядай әдемі үркек қызды есі кете ұнатқаны… бәрі-бәрі, шолақ тайдың құйрығындай шолтаң етіп шыға келгені несі? Бір минөт бір кісінің өміріне ұқсас деген ақын сөзі еске оралады. Өмірдің қызық-шыжығы, құмарлықтың жөні тап осылай болар деп тіршілік тізгінін тым-тым жіберіп алғанын жаңа ғана шындап ұғынды бейбақ басы. «Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, – деп жазыпты абыз Абай, – өлшеуінен асса жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс… Іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса – боғы шығады…» Ұстаз айтқандай лапылдап өршіген өмірін айналмай жатып қи басқандай ластап алғанын, бойдағы қуатқа ие бола алмай – көзі аспандап жүріп омақасқанын – Айбар кеш түсінеді. Түсінгенмен не пайда! Домбыраның үстіңгі ішегін шерткендей хи­каят­тың қан қыздырған махаббат сазы осылайша ойыңызды он саққа жүгіртеді, сілкіп оятқандай күйге енгізеді. Астыңғы ішек үні әлгіден мұңлы, тұнжыр. Хикаяттың дәрігер ойымен берілген фи­ло­софиялық астары аза бойыңызды қаза етеді. Бірте-бірте Жоғарғы Иені естен шығарған адам өзін айдалада жалғыз қалғандай сезінеді. Құ­жынаған халықтың арасында жүріп жал­ғыз­сырайды. Сыр бөлісіп, іш тазартысар серік азаяды. Техника дамыған. Гендік инженер адам ағзасындағы мың-миллион тектік құрылым – хромосомды есептеп шықты. Жарық дүниеге әлі келмеген нәрестенің келешегін болжайтын тетік тапты, ақыл алға озып шықты. Жүрек сорлы бәз-баяғы атам заманғы елжірегіш, елп еткіш, иланғыш нәзік қалпында қалды дейді автор кейіпкер ойын тарқата түсіп. Ең жаманы – адам санасын өзімшілдік, күдік, сенімсіздік жайлап алды. Не істесек те өзіміз білеміз, есеп алып, таразылап, біліп-білмей істеген күнәмізді өлшейтін Жоғарғы Ие тым жырақта… жердегі пенделермен ісі жоқ… деп ойлайды. Ең сұмдығы – күндіз сұлу киініп, сыпайы сөйлесіп, дүниенің ілім-білімін меңгерседағы, түнде үйіне келіп, оңашаланып, жалғыз басы қалғанда – пенде шіркін шешініп кәдуілгі сайтанға айналады. Күндізге кеткен есемізді, тата алмаған ләззатты түнде аламыз деп ойлайды. Жоғарғы Иеден шімірікпейді, сескенбейді. «У мен дерт қоймасына айналған жер жа­рық­тық ырғағынан жаңылады. Әр қиырда жер сілкіну, тайфун дүлейі, теңіздің тартылуы, дауыл, аштық, індет, тұмау өршіп, адамдар арасында қит етсе ереуіл, көшеге шығу, бір-біріне тас ату дендейді. Көрсеқызар, қызықшыл, қатыгез, «өзімнен кейін топан су қаптасын» деген өзімшіл көбейеді. Көріпкел, тәуіп, құмалақшы, сыйқыршы, жорамалшы көбейіп: «Бұл не деген заман болды!» – деп жұрттың есін алып гөй-гөйлеуін үдетеді. Жер мәйегінен қамырдай көпсіген атом қалдығы, улы зат, радиация, шірінді, ерітінді адам ағзасына ауысты»,– дейді хикаяттағы көзтаныс дәрігер пәлсапалық ойды тарқата түсіп. Мұны естіген Айбардың төбе құйқасы шымырлап, борша- борша болып терлейді. Бозбаланың өз мұңы өзіне жетеді. «Көктей солатын Жоғарғы Иеге не жаздым!» деген Айбардың жан айқайына дәрігер жігіттің жауабы жүрек сыздатады. Бейне, ғадауаттың қыл көпірінің үстінен үн қатқандай естіледі. «Мен айтайын, сіз құлақ салыңыз,» –дейді көп оқимын деп көзінен қалған көзілдірікті дәрігер. – Әлгіде айттым: адамдар бір-бірін сағыну, аяу, жек өру, жақсы көру сезімінен баяғы атам заманғы қалпынан оншалық ұзап кете алмады. Бойындағы құштарлық отын ақылға билете білмеді. Тән ләззатының қызығына көп салынды. Құрлықтың ең ыстық нүктесі – экватор бойлығында адамдар айуанмен, маймылмен жыныстық қатынас жасады. Бей-берекет, тежеусіз қатынас тажал; көктамырға есірткі екті, көкнәр, тамырдәрі, қарасора, күшәлә, темекіні езіп ішті. Қайтсек жарық жалғанның миды қажаған ызы-қиқу алыс-жұлысынан бір пәс жырақтап, бұ дүниенің құлаққа ұрған танадай тыныш, шуақты, бей-жай, рахат кебіне шомамыз деп шаршады… дәмеленді… бірте-бірте ой дерті ағза дертіне ауысты. Дүниеге жәһіл-жауыз иммундық антителожетіспеушілігі – СПИД келді, басбағып жол тосып адам ағзасына өтті». Дәрігер сөзін тыңдап отырған Айбардың көз алдына тұнжыраған жанары үзіліп Жансая елестейді. «Құдай-ау, қыз жанарынан хатқа жазылғандай нешеме сауал қаулап шықты десеңші! Бейне, алыс жағалауға салып ұрып лықсыған мұхит толқыны секілді… бірін-бірі қуалап… айғыржалданып кетіп барады… жосып жылжиды… «Жалғызсырама, жабықпа, – дейді әлгі тұнжыр жанар, – дүниеде өзіңді жан-тәнімен жақсы көретін бір кісі болса – ол мына өзім. Жаза басқаныңды кешіруге күш салайын… айбыным… жаңылмасам Жоғарғы Иенің екінші есімі кешірім емес пе еді»,– дейді қалыңдығы». Айбар уақыт өте жазылмайтын дерт жұқ­тыр­ғаны жақын-жұрағатына белгілі болатынын ой­лағанда ғадаут майданына түскен жалғызілікті жауынгерше жаны ышқынып, ұстараның жүзімен жүргендей сезінеді. …Түстік өңірінен шыққан жүйрік поезд Астанаға таң алакеуімде келіп жетеді. Ата-анасын күтіп алуға шыққан Айбар суық жел өтінде қалтырай түседі. Ортаңғы вагон есігінен әкесінің қақпақтай нұсқалы жауырыны шалынды, шешесінің шаршылап жаулық тартысын таныған кезде жүрегі езіле соқты дейді автор. Арсалаңдап жүгіріп келіп әкесінің құшағына жұтылған кезде – Қызылқұмның жыңғыл, сексеуіл, жиде, күн иісі сезіледі. Ұлының бет-жүзіне назар салған кейуананың жанарына жас үйіріледі. «Қарағым-ау, не болғансың?»- деп, ботадай боздап дауыс салып жібереді. Анасының әлемді жаңғыртқан ащы үні шыңылтыр ауаны тіліп-тіліп өтеді. «Не болғансың, ұлым!» деген өзекжарды дауыс­ жүрекке жетеді. Әсемай ананың таңғы ауаны сілкіген жан дауысы бүгінгі баршамызға, әсіресе, жас ұрпақтың құлағына жетсе ғой дейсің! Хикаяттың лейт­мотиві, жұлынды ойы оқырманға: «Қарақтарым, не болғансыңдар!.. Абайласаңдар нетеді!..» болып естіледі. Хикаят бір әулеттің бетіне қарап, жолын күтіп отырған, өршіп, өсіп келе жатқан бозбала Айбардың өзіне-өзі қол салуымен аяқталады. Бүгінгі проза бүге-шігесіне дейін жайып салатын жорналшының баяны емес. Жазушы өзіне тән магиялық реализм, ой ағыны әдісіне бұл жолы ат басын бұрмапты. Мың қатпарлы өмірді түкпірлей зерттеген шынайы суретті реалистік сурет алдымыздан қаулап шығады. Автордың төл машығы шендестіру мен аллегорияға жиі жүгінеді. Мысалға, «Жансая, бейне, жылы жаққа ауа көтерілген серіктерінен жырылып қалған аққуға ұқсады», «ендігі кезекте жігіт денесі дөңбекшіген теңіз толқыны», «мидай жазық құба дүзде өзегіне құрт түсіп, құлауға шақ қалған алып ағашқа ұқсады», «дүниені өз бояуымен сезіну – кісінің бақытты шағы», «қоламтаға ұстаған темір қалақтай күлбеттеніп кетті», «Арыстан-әкенің төсегін салып жатыңыз десе – жатады, киін десе – үнсіз киінеді, тамағын аузына тосса – ішеді, ешкімді жыға танымайды… жанды роботқа айналды»… секілді теңеу абзац, бет сайын сізді көркемдіктің төріне жетелейді. Абай сөзі әрәдік шығармаға дәм кіргізген тұздық есепті. «Мансапсүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын… нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек» (сонда, 71-бет). Шағын хикаяттың махаббаттан жылыстап өтіп, ғадауатқа тартып бара жатқан тәлімі терең. Көркем фильм тіліне сұранып-ақ тұр. «Суретші» әңгімесі сұлу сезім мен іңкәрлігі құп үйлескен әдемі саз, тән сұлулығы мен жан сұлулығының біте қайнасуы. Бет ажары көз тартып тұрса-дағы ішкі әлемі тақыл-тұқыл бойжеткен ешкімді қызықтырмас-ау. Ақылды арудың дене бітіміндегі кемшілік – тағдырына тұсау, өмірде жолы болмай көп шаршайды. Ал бет ажары мен ақылы құба-құп үйлесім тапқан бойжеткен ағарып атқан таң секілді, көз тойғызып, көңіл көншітеді. Өнерге өзек болады, сіз бен бізді өмірге құлшындырады. Оқиықшы. Дарынды суретші Жасбай кедейшілік құрығынан құтыла алмай, бояу езіп, сурет салуға қаржысы болмай жабығып жүргенде – министрліктің «Жасбайдың көрмесі өткізілсін» деген жарлығы шығады. Астанада, Президент орталығында. Жүрегі жарыла қуанған суретші алқын-жұлқын шабылып Астанаға суретін жөнелтеді, мерзімді күні өзі де келіп жетеді. Аспандаған көңілі су сепкендей басылады. Көрме лентасын қиюға министрліктің лауазымды кісілері келмей, арқанмен сүйрегендей бөлім бастығы әзер жетеді. Там-тұмдап екі-үш журналист төбе көрсетеді. Ұялғаннан бірер кісі қолпаштап сөз сөйлейді. Фуршетке ақша қаралмаған. Кісі аяғы жиналмаған. Жасбайдың майлы бояуы құбылып, жарық пен кеңістікке құлаш ұрған ғажайыбы қаракөлеңке қабырғада жетім баладай елеусіз қалады. Суретші үш-төрт күн өте қалтасы қағылып, қар­­ны қабысып қайтуға бет алады. Вокзалға келсе – жүрдек поезға билет жоқ, автобус әл­деқашан кетіп қалған. Сандалып жүріп тәу­лік­тік пәтерші іздеген келіншекке кезігеді. Жас әйел иығында мольберті салақтаған жүдеу суретшіні үйіне ертіп келеді. Басы бос. Қарайды: келін­шек­тің көзінің асты көгіс, жүзі сынық. Ашып-жұмған жанарына айрықша көрік сызған ұзын кірпігі. «Жайғаса беріңіз. Өзім ас үйге қисая салам. Шайлық дәм-тұз табылады. Ертең бір-ақ есептесерміз», – дейді сыпайы сызылған келіншек. Мына Жасбай жүзге жуық кескіндеме са­лыпты… әлденеше елде көрмесі өтіпті. Мың салса бір баспайтын жауыр ат секілді ке­дей­ші­ліктен құтыла алмай көлеңкеге ұқсап әлі жүр. Қалтадағы азғана теңгесін ойша он санап, арзан пәтер жалдап, арзанқол шай ұсынған кірпігі ұзын, қолы қысқа келіншекке көзін сатып мөлиіп отырысы мынау. Осы да өмір болып па дейді іштей қапа болған Жасбай. Пәтер иесі – Айменкеш суретшінің ойын оқып отырған секілді. «Күйеуім сәулетші еді, сыз­ған нобай-нұсқасын қала әкімі жиеніне жаздырып жіберді… күйікке шыдай алмай ішіп кетті… мәшиненің астына түсті… дүниеден түңіліп біттім», – дейді. Әппақ табақтай ай терезеден сығалайды. Жасбай түрегеліп барып жарықты өшіреді. Келіншек жүзін көтереді. «Неге өйтесіз?» – дейді. «Бала жастан ай сәулесін жақсы көремін. Ай сәулесіне шомылып жатып ұйықтағанды ұнатамын», – дейді Жасбай. Айменкеш келіншек болайын деп бола алмай қалған дизайнер суретші екен. Жасбайды түсінеді. Құйылып түскен әппақ ай сәулесі жан тербейді. Ұзын кірпігін жиі қағып, бірде мұңайып көз жасын сығып алып… бірде әппақ қаланған тісін көрсете жарқылдап күліп… сыр бөлісіп отырып… суретші бейбақ табиғатқа бір табан тақай түскенін сезінеді. Келіншектің үгітілген саусағынан ұстайды. «Осы қалпыңда… ай сәулесінің астында… қырын қарап отыршы… эскизіме түсіріп алайын…» – дейді өтініп. Келіншек көнеді. Жасбай түннің бір уағына дейін сурет салып әлектенеді. Беу, жалған-ай! Жалған болмасаң – мына тірнекшіл, бейнетқор, қолы қысқа еркек пен ұрғашыны осыншалық жан азабына салып; бірін – терезе түбіне кеудесін жалаңаштатып үкіше үрпитер ме едің!.. Екіншісін – қылқаламды басына көтере ұстап бос ауаны қармалатып… арбаңдатып… далбаңдатып сурет салғызар ма едің!.. Ойда жоқта аруағы қозып, шабыты ұстап жанталасқан Жасбай сүмек боп терлеп, түннің бір уағында іші түскен диванға гүрс құлап ұйықтап кетеді. Түс әлетінде басын көтереді. Жастығының жиегінен тілдей қолхат табылады. Оқиды. «Жамбаспұл төлемей-ақ қойыңыз. Кілтті есік жақтауындағы ойыққа жасырып кетіңіз. Айменкеш». Жасбай тұрып жуынып-шайынады. Жатып ләззат ойынын ойнаудың орнына сурет саламын деп үй иесі – келіншекті қарадай натурщица бол деп шаршатқаны есіне түсіп жер боп ұялады. Өзі ілді ме, әлде келіншек ілді ме, оншасы есінде жоқ, түнгі салған суреті қабырғада. Жанарын уқалап жіберіп тақап келгенде – көзіне не түсті дейсіз ғой. Нәзік әйел бітіміндегі әдемілікке – әппақ айдан құйылған ұлы мұң – құп үйлесіп сұлулық симфониясын желдей ескізіпті. Осымен әңгіме тәмәм. Жоғарыдағы «Ине ұшындағы өмірде» эротика мен құштарлық, қан қызуы мен құмарлық кезек алмасып есті алса; мына әңгімеде – арам ой мен астам сөзді – желпілдетіп алдыға тартып табиғат-Тәңір жаратқан сұлулықты бұзып алмайық деген философия өріледі. Әдемілік пен иба-ұят жалғасын таба берсін дейді. Әдемілікті әспеттеп ұстауға үндейді. Әдемілікті сақтайық десек – денедегі құштарлықты тежей түсейік. Тазалық болған жерде: көрік – тәңір дәулеті, көріктің гүл қауызы ашылады. Саф өнер – сұлулық сақшысы. Әдемілік, әсемдік, әсершілдікті өнерге арқау етіп қана өмір жасымызды ұзарта аламыз дейді автор мегзеуі. Іңкәр сезім симфониясы бір деммен оқылады. Жазушы «Шахеризаданың мың үшінші түні» арқылы махаббат тақырыбына қайта оралады. Әңгіме төмендегіше басталады. «Мың бір түнді» елестетіп отырып ұлы Бальзак «Сайқалдың жұлдызды шағы мен қайыршылық халін» жазды. Америкалық жазушы Эдгард По «Шахеризаданың мың екінші ертегісіне» қалам тербеді. Дүние әйелдің сұлулығы мен әйелге деген сағыныштан басталады. Дүние әдемілікке деген көз құртынан, ынтығудан күш алады. Ұлылар жүріп өткен сүрлеуге біз де түстік дейді кейіпкері Досбол аузымен. Сөйтіп, автор от жалыны бет шарпыған күйініш, сүйініш сезімін сәуір нөсерінше төгіп өтеді. Үркек қояндай аққұба, күлкісі сыбызғы шалғандай, төсі тікшиіп, еріні көпсіген Ақива есімді студент қызбен Досбалдың сөзі жарасады. Өзі де студент. Екі-үш мәрте мейрамханаға шақырады, бірер театрға барады, аяқ астынан жазған басы ғашық боп қалады. Қызды ойласа – бірде от, бірде мұз болып аласұрады. Қыздың сәмбі талдай қыпша белінен қысып, көпсіңкі ернінен балшырын татқанға бұл көкең төбесі көкке жетіп жүре беріпті. Кітапхананы күзетшімен қосыла жауып жүріпті. «Дон Жуаннан» лекітіп лекция оқыған еврей кемпірдің сөзіне ұйып иланыпты. «Жарайсың, Досбол!.. Әуезов степендияты болдың!» – деп, деканның арқасынан қаққанына мәз болыпты. Сөйтсе. Сәмбі талдай бойжеткен кітап бетін ашпай-ақ, лекцияға қатыспай-ақ қопақардай қоқырайып жүрген жайсаңдардың қолжаулығына айналыпты. Бұл көкең құр тұлыпқа мөңіреп жүріпті. Қыздың жел ашпаған етегін ашқаны, көпсіңкі ернінен балшырын татқаны алдамшы ғана таңғы бу… сахараның сылаң сағымы… түс көргендей түскі көлеңке екен. «Мың бір түннің» ертегісін есі кетіп тыңдай беріпті. Күндердің күні есін жиып, көзін ашып қараса – мына адамдар мүлде басқаша, өмір көп өзгерген. Нарық заманында «Мың бір түннің» ертегісін ешкім есі шығып тыңдап жатқан жоқ, бәрі тіршілік қамында тырбаңдап жүр. Сәмбі тал сұлу бұл көкеңді әлдеқалай ке­регі боп қалар деп запасқа ұстап жүріпті. Досболдың мінезі – қой аузынан шөп алмайтын мондыбас көрінгенімен; жан сарайы байтақ, төзім шеңбері тастай берік, беттегені я алып тынады, я шалып жығады. Алғашқы «Мың бір түннен» тауы шағылды, беті қайтты. Баяғы профессор Поссе кемпірдің: «Сайтанға бейнетіңді сатсаң да, жаныңды сатпа» деген сөзі жадында қалыпты. Әрәдік бұл көкең баяғы сүйкімді сәмбі талы кіммен… қай жерде дөңгелене билеп жүр екен деп сағына ойлап қояды. Алғашқы күйіп-жанған күндерін есіне алса-ақ отыра қалып жер тепкілеп жылағысы келеді. Уақыт зырлап өте береді… Досбол діттеген арманына жетеді. Дүниені суретпен оқитын, сөздің жанын ұстайтын жазушылық шеберлік биігіне көтеріледі. Басына бұлт ораған алып дараққа ұқсайды. Бір заманда мұның жазушылық атақ-даңқын естіген баяғы сәмбі тал сұлу өз аяғымен іздеп келеді. Жаздым-жаңылдым… құлдығың болайын… өткен-кеткенді еске алып оңашаланып – «Мың бір түннен» ертегі айтып берейін деп жатып азғырады. Баршаға белгілі жай: ертегі елінде құм кешкен қаңғыбас бәдәуи болады. Шендестірумен сөйлесек – бұл көкең аяқ астынан бәдәуиге ұқсайды. Баяғы сүйіспендік балшырыны жадымнан жуылмады ғой, шығыстың жан баласы естімеген ертегісін таң атқанша тағы бір тыңдайыншы деп елп етеді. Түнімен тоған судың ұйығына батып бара жатқандай күй кешеді. Таң алакеуімде келіншектің қасынан құлазып түрегеледі. Тіршіліктің ызың-ызың бәйітін ыңырсып қана изектеген бәдәуиге ұқсаған екем дейді. Көз жеткізгені – тоған мен тоғанның, ұрғашы мен ұрғашының бір-бірінен айырым белгісінің аздығы… деп аяқтайды кейіпкер ойын – жазушы тастай ғып шегелеп. Ұққаны – алғашқы сүю, күю сезімінің мәңгілікке жоғалғаны. Уақыт – уыстағы құм. Қатты қысқан сайын жылдам сусиды. Сүйіспендік сезімі де сол секілді. Қаншалық жалын боп лапылдап, от боп күйіп жантаптырмай құмартқан сайын – соншалық бықсып жанып тез өшеді. Адам бойындағы қан қызуы да сол секілді. Бүгін басын тау-тасқа ұрып өршіген бозбала – ертең қаны суып қарттық қырқасына тақағанда – көкейінде өзегін өртеген өкініш, тұма тоған ғана қалады. Баяғы алақұйын естелік ұмытылады. Өмір, бәлкім, осы өткіншілігімен қызық шығар дейді кейіпкеріміз. Дүкенбай Досжанның «Шахеризаданың мың үшінші түні» өксік толы өкінішті махаббат реквиімі, сұлу сезім, өршіген жастықтың тірі сөздегі суреті. Жадыңнан жуылмайтын ләззат ойыны. Махаббат әлімсақтан бері жырланып та, жазылып та келе жатқан ең көне тақырып. Көнелігіне қарамастан қай-қай мезгілде құм арасынан екшеп алынған алмас тасындай жарқ етіп шалынады. Әлі күнге әр қырынан жанарды арбайды, кісі көңілін өрекпітеді һәм көншітеді. Толстой махаббатты өмірдің ең асыл қазынасы – шындықпен ғана салыстырған. «Ақыл-парасат қай жерде көрінеді? – Махаббатта. Ақыл-парасаттың жалғыз күші махаббат». Махаббат дегеніміз ең ақылды, мөлдір күй. Махаббаттың тұқымына «тек қана бір-ақ нәрсе – оны өсіретін парасат күнін ештеңенің де көлегейлемеуі керек. Махаббат дегеніміз өмірдегі барлық қарама-қайшылықты шешетін, және тек қана өлім үрейін жеңіп қана қоймай, өзгелер үшін адамды өмірін құрбандыққа шалуға итермелейтін нағыз, ұлы игілік: …басқа біреу үшін жаныңды қиюға даярлықтан басқа жерде махаббат жоқ. Махаббат – құрбандыққа басыңды тіге алатын кезде ғана махаббат бола алады» – дейді ұлы суреткер. Оңтүстік Африка еліндегі алмас өнді­ру­шінің кітабын оқығаным бар еді. Сонда жазады. Асыл тас тым тереңде, әрі оқшау жынысқа жасырынып жатады-мыс. Мың, миллион жылдар бойына жер кіндігінің қызуына балқып, қырланып, қорытылып қаттыға айналады-мыс. Күн көзіне түспей, шемен мен қаратүнек құрсауында жата береді. Геологтар жер кіндігіне түтікше салып әзер алады. Бір күндері төзімді кісілер әлгі асылды күн көзіне жарқ еткізгенде – жарық дүниеге жаңалық енеді. Әлгі асылдың қаттылығы, ауырлығы қайран қалдырады. Жер қыртысын қақыратып сөгетін бұрғының ұшына орнатады, айға ұшатын кемеге қолданады. Алмастай өткір деген сөз содан қалған. Махаббат та алмасқа ұқсайды. Жүрек тереңінен қайнап шығатын сүйіспендік, қан қыздырған құштарлық сезімін жазушы Дүкенбай Досжан сияқты жаңа қырынан көркем сөзбен жарқ еткізгенге не жетсін!
 
 
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
 
Астана қаласы
 

Серіктес жаңалықтары