«Үндемей қала алмадым»: Дариға Бадықова шындығын айтты

/
«Үндемей қала алмадым»: Дариға Бадықова шындығын айтты
коллаж: turkystan.kz

Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Актриса әлеуметтік желі арқылы кәсіпкер Алмаз Малдыбаевқа қолдау білдірді. 

«Көреалмаушылық — ұлт рухының ең үлкен жауы. Қолдау — ең ұлы ерлік.
Киноға алғаш қадам басқан сәтімде мені сеніммен қарсы алып, жол сілтеген, шабыт берген, қазағым деп қолдаған адам — Алмаз аға Малдыбаев еді. Сол кезде кішкентай сенім, жылы сөз, артылған үміт – мен үшін үлкен демеу болды. Жеке басым Алмаз ағаны қазақ киносының діңгегі, жүйе қалыптастырған, таланттарға жол ашқан тұлға деп білем. Кино саласын тұрақтылыққа, кәсібилікке, әлемдік деңгейге бағыттаған адамдардың бірі, рас!

Қазір түрлі әңгіме көбейген кезеңде, мен үндемей қала алмадым. Өйткені өнерде ең қажет нәрсе – әділдік пен адамдық. Бір адамның еңбегін бағаламау – тұтас саланың дамуына кедергі!», - деді актриса.

Дариға Бадықова Оскарға жолдама алған алғашқы үміткерлердің бірі болған фильм жайлы сөз етті.

«Кадет фильмі – еліміз атынан Оскарға жолдама алған алғашқы үміткерлердің бірі еді. Өкініштісі, сол қуанышты сәтті біз өз ішіміздегі көреалмаушылықпен көлегейлеп алдық. Шындығында, бұл тек бір фильмнің тағдыры емес, біздің өнерге деген көзқарасымыздың айнасы болды… Өнерде жеңіліс те, жеңіс те – ортақ. Қуанбасақ, қолдамасақ – ешқашан биікке шыға алмаймыз. Қазақ киносы – біздің рухани қазынамыз, ал оны көтеру – әрқайсымыздың міндетіміз. Мен өзіме кезінде сенім артқан адамға қазір қолдау білдіруді парыз санаймын.
Өйткені мен сенемін: қазақ киносының күші – бірлікте, болашағы – қолдауда, рухы – әділдікте», - деді Дариға Бадықова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары