БАС МҮФТИДІ МАСҚАРАЛАҒАН КІМ?

БАС МҮФТИДІ МАСҚАРАЛАҒАН КІМ?

БАС МҮФТИДІ МАСҚАРАЛАҒАН КІМ?
ашық дереккөзі
299
Қырғызстанда, оның ішінде республиканың астанасы Бішкекте мұсылман дінінің ықпалы жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанына дәлел көп. Ораза айт және Құрбан айт намаздарын қаланың орталығындағы ескі алаңда оқудың дәстүрге айналғанына да жиырма жыл болып қалыпты. Осы ертеңгілік намаздарға жиналған тақуалардың саны жыл сайын он мың адамға көбеюде. Бейресми ақпарға қарағанда, өткен жылдың 15 қазанындағы Құрбан айт намазына кем дегенде 80 мың адам жиналған. Елмен бірге намаз оқуға Жоғарғы Кеңештің төрағасы Асылбек Жиенбеков келді. Мемлекет басшысы – президент Алмазбек Атамбаев болса, сол мезетте Бішкектің іргесіндегі өзінің туған ауылындағы мешітте болатын. Бұлар – Қырғызстандағы мұ­сыл­маншылықтың дәрежесін байқататын сырт­қы жағдай. Шын мәнінде ахуал қалай? Осы мәселе 3 ақпанда Қыр­ғыз­станның Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне қойылды. «Діни ортадағы үрдістерді, әсіресе мұсылмандар арасында болып жатқан істердің барысын мемлекет бақылауға алып, оны тура бағытқа салмаса, бөтен күштер еліміздің бірлігіне, отанымыздың болашағына балта шапқалы тұр. Кейбір мұсылман өлкелерінде саясатшылар дінді өздерінің мақсатына икемдеп, саяси құрал етіп алған. Діндарлар саясатқа кіріскенде мемлекеттің не болатынын Ауғанстан, Ирак, Египет, Сирия сияқты өлкелердің мысалынан анық көрсек болады. Бұл елдерде ел екіге бөлініп, азаматтық соғыс жүріп жатыр. Қырғызстанда да кейбір сая­сатшылар кейбір дін қызметкерлерімен бірге дінді саясатқа араластыруға әрекет ете бастады. Бұл өте теріс көрініс. Бұл саяси ойындарға бөгет қою керек», – деді президент Алмазбек Атамбаев кеңесте сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы Қыр­ғызстанның дін істері бойынша мем­лекеттік комиссиясының директоры Оразбек Молдалиевтан мәселеге егжей-тег­жейлі тоқталмай, жалпы мәлімет беруін өтінді. Оразбек Молдалиевтың айтуынша, Қырғызстанда дін саясаттанып барады, кейбір ұйымдар ислам атын жамылып, экстремизмге үгіттеуде, өздерінің ұстанымдарын мемлекеттік жүйеге қарсы қоюда. Сондай-ақ, соңғы жылдары шетелдік донорлардың есебінен мешіт салу үрдісі күшейген, ал мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын теріс пайдаланып, қажыға тегін баруы әдетке айналған. «2010 жылы мұсылмандардың құрылтайын өткізуде және мүфти сайлауда мүфтияттың мүшелері бұл қызметке өз адамдарын қойғандығын ашық жариялап, тіпті мемлекеттен үстем болғандығын тойлаған. Бұл дінді саясаттандыру емей не? Мұның бәрі мұқият талқылауды және тиісті шешім шығаруды талап етеді», – деді комиссияның директоры. «Діни экстремизм және лаңкестік – Орталық Азияның проблемасы. Біздің территориямызға белгісіз адамдар кіріп кетуде. Біз заңнамалық базамызды тәртіпке келтіруге тиіспіз. Бар болғаны діни ұйымдарды тіркеуден бас тарта аламыз. Тіркелмеген болса, 500 сомға дейін айып төлетеміз. Күн сайын дінді бетке ұстап, экстремистік істермен шұғылданатын ұйымдардың саны көбеюде. Өлкеде әртүрлі діни ағымдар көп. Олар Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасына бас имейді. Дәстүрлі исламның бірлікке бастайтын саясатын жүргізбейді», – деп күйзелісін білдірді Оразбек Молдалиев. Қырғызстанның Жоғарғы Кеңешінің төрағасы Асылбек Жиенбеков: «Бұл бірінші кезекте республикамыздың мұсылмандар басқармасына қатысты. Қазіргі жағдайда бұл мекеме өзі дербес реформа жүргізе алмайды. Мемлекеттік органдар мен діни ұйымдар бірігіп, діни ортадағы мақсатқа жетуге болады», – деп мемлекет басшысының өлкедегі діни ұйымдарды реформалаудың толғағы жеткендігі жөніндегі пікірін қуаттады. Негізгі бөлігі жабық есік жағда-й­ын­да өткен Қауіпсіздік кеңесінің мә­жілісінде кеңес мүшелері дін мәселесіне мемлекеттің аралас­пау ұстанымы дұрыс емес деген бітімге келді. Адамның конституциялық құқықтарын, діни еркіндігін сақтай отырып, діни ұйымдардың істерін жөнге салатын нақты жүйені кіргізу туралы шешім қабылданды. 1 сәуірге дейін «Қырғыз Республикасында 2014-2020 жылдар аралығындағы діни ортадағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын» жасайтын жұмысшы топ құрылды. Ресми дерекке қарағанда, Қыр­ғыз­станда 2393 діни бірлестік және ұйымдар бар. Оның 2005-і мұсылман, 372-ісі христиан, біреуі иуда, тағы біреуі будда бағыттарында, 14-і жаңа пайда болған діни ағымдар. Христиандық бағыттың ішінен – Кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған Иегово куәләрі, Жетінші күн адвентистері, сондай-ақ баптистер емін-еркін уағыз айтып, істерін жүргізуде. «Иеговоны» «Жақаба» деп қырғызша атап алған «куәгерлер» бүгінгі күні қырғыз қоғамына дендеп кіріп алды. Жақында тағы бір қоғам бас көтерді. Бұл – тәңіршілер. Оларды Қырғызстанның дін істері бойынша мемлекеттік комиссиясы тіркемей қойыпты. Тәңіршілер 31 қаңтарда Президент Алмазбек Атамбаевқа «тіркелуге мүмкіндік жасап беріңіз» деп ресми хат жолдаған. Қол қойғандардың ішінде Қырғыз ұлттық ғылым академиясының президенті, академиктер, халық жазушылары, халық артистері, Жоғарғы Кеңештің депутаты бар екендігіне көңіл аударсақ, мұның да оңай ағым еместігі байқалып тұр. Қырғызстандағы діннің жағдайы ту­ралы сөз қозғай отырып, әлі ша­тағы басылмаған Қырғызстан мұсылмандарының бас мүфтиі туралы хикая туралы айтпай кетуге болмайды. Жылан жылының соңғы күні бас мүфтидің «әлдебір әйелмен» төсек қатынасын түсірген бейнетаспаның ғаламторға шығуы, оның үзінділерін қазақстандық КТК телеарнасының көрсетуі мүфтидің өзін ғана емес, шынайы мұсылман баласын жылан шағып алғандай күйге түсірді. Жоғары дәрежелі дін адамын мұншалықты масқаралау «порноның» ұйығы болған Батыс өлкелерінде де бұрын-соңды болған емес екен. Сол «әлдебір әйел» бас мүфтидің некелі екінші жұбайы болып шықты. Бас мүфти оны қыздың әке-шешесінің рұқсатымен төрт жыл бұрын алған және ол бас мүфтидің бәйбішесімен араласып-құраласып тұрады. Бас мүфти Рахматулла қажы Егембердиев ұятқа шыдамай ертеңіне, жаңа жылдың алғашқы күні өз еркімен қызметінен кететінін жариялады және «Құрметті президент, мені осындай жолмен қызметтен кетіру, бері дегенде, адамгершілікке жатпайды. Егер біздің өлкеде азаматтардың құқығы қорғалады деген кепілдік іс жүзінде бар болса, менің құқығымды қорғап беріңіз», – деп мемлекет басшысына шағым жасады. Жоғарғы Кеңештің депутаты Карамат Орозова парламенттің 14 қаңтардағы жиналысында интимдік бейнетаспа Қырғызстанның арнайы қызметтерінің ісі деп мәлімдеді. «Олардан басқа ешкім мұндайды түсіре алмайды», – деді ол. Ал енді Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметі дереу депутаттың пікірін теріске шығарған мәлімет таратты. Бір айдан астам уақыт өткеніне қарамастан «даңғазалы» бейнетас­паны кім түсіргені белгісіз болып отыр. Мақсат белгілі – бас муфтиді қызметінен кетіру. Бас мүфти қызметінен кеткенімен ол Діни басқарманың Ғұламалар кеңесінің мүшесі болып қала берген. 3 ақпанда Ғұламалар кеңесі оны сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп мүшеліктен шығарып тастады. Енді 4 наурызда мұсылмандардың құрылтайы өткізіліп, жаңа мүфти сайланбақшы және діни басқарманың жаңа жарғысы қабылданады. Сөйтіп, іс сәтімен болса, 2010 жыл­ғы сәуір төңкерісінен бері есептегенде өл­кеде жетінші мүфти сайланады. 7 сәуірдегі биліктің ауысуы уақытында сол кездегі бас мүфти Мұраталы қажы Жұмановты қылмыскер топ ұрлап кетіп, ұрып-соққан. Алған жарасы асқынып, ол қайтыс болды. Орнына Қырғыз ислам университетінің ректоры Әбдішүкір қажы Нарматов сайланып, біреулердің қорқытып-үркіткеніне байланысты ол сегіз күннен кейін қызметінен бас тартты. Оны ауыстырған Сүйін қажы Құлиевке де біреулер қоқан-лоққы жасаған. Ол 45 күн шыдап, басшылықты Руслан қажы Жұмабаевқа өткізді. Оны бір айдан кейін Шуақ қажы Жалилов алмастырды. Бір жылдан кейін Шуақ қажыға қажылық сапардан түсетін сегіз миллион сом салықты төлемеді деген қылмыстық ісі қозғалып, қызметінен кетті. Одан кейінгі бас мүфти Рахматулла қажы Егембердиевтің жағдайы мынау. Айта кетсек, осыдан тура үш жыл бұрын «Түркістан» газетіне сол кездегі бас мүфти Шуақ қажы Жалилов туралы жазған едік. Бұл кісі қазір Қырғызстанның «Манас жаңғырығы» телеарнасынан апта сайын, жексенбі күні бір сағат оқырмандармен тіке байланыс жасап, діни сұрақтарға жауап береді. Сөзінің реті келгенде, ол өзіне жала жабылғанын, соттасып жеңіске жететінін құлаққағыс етумен келеді. Қаңтарда Шуақ қажы мүфтияттың Бішкек қаласы бойынша қазысы болып сайланып, 3 ақпанда Діни басқарманың Ғұламалар кеңесінің мүшелігіне қабылданды. Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңе­­сінің мәжілісінде өлкенің діни бас­қар­масы мұсылмандарды Меккеге қа­жы­лыққа апаратын коммерциялық ор­талық қана болып қалды деп қатты сын­ға алынды. Рахматулла қажы Егембердиев әу бастан дүрдараз болып жүрген және бейнетаспаның тү­сі­рілуіне қатысы бар деп күдіктенген Қырғызстанның дін істері бойынша мемлекеттік комиссиясының директоры Абдилатиф Жұмабаев «атышулы оқиғадан» кейін мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен алынып, орнына Оразбек Молдалиев тағайындалған болатын. Белгілі чекист, Қырғыз Рес­пуб­ликасы президентінің аппаратында қызмет істеген генерал Оразбек Молдалиевтың бұл қызметке келуінде де үлкен сыр жатқандай. Қырғызстан мұсылмандарының дін басқармалығының бас мүфтиі неге тұрақтамайды, ақырғы бас мүфтиді кім масқаралады? Сауал көп, жауап табу қиын.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» 

Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары