ОН ЖЫЛДАН СОҢ…

ОН ЖЫЛДАН СОҢ…

ОН ЖЫЛДАН СОҢ…
ашық дереккөзі

Отыздан енді ғана асқан осы бір тұйықтау жігіттің ойлы жанары әлдебір сырды жасырып тұрғандай сезілетін. Әлде маған солай көрінді ме, жоқ болмаса өзім солай қабылдадым ба, білмеймін. Өте сыпайы да салмақты кейпіне қарап дәл осындай қасіретті жайды басынан өткізгеніне, оны жан баласына айтпай ішіне қалай сақтап жүргеніне таңдандым. Әлде азаматтығы болар, әйел баласы сыр ғып айтса мөлдір моншақтан сел-селі шығар еді. Дегенмен, әңгімелеп отырғандағы оның көңіл-күйі, дауыс дірілі, тіпті іштей езіліп отырғанын түйсігі бар пенде аңғарар еді.

…Ана алақанының жылуын, үнемі шуақ шашып тұратын мейірімді жанарын енді-енді сезіне бастағанда жетім қалдым. «Әкенің ең жақсысы жездедей» деген сөздің қадір-қасиетін әлі толық ұқпаған кезім. Әкем тірідей тас­тап кетті, басқа отбасы бар.

Он жаста болсам да, өзімнен гөрі қарындасыма жаным ашиды. Қолынан жетелеп жүріп ағайын-туыстың үйіне қонамыз. Шешем марқұмның да әке-шешесі ертерек дүние салған, жалғыз сіңілісі бар еді. Сол жылы күзде көрші ауылға тұрмысқа шықты. Барған жері берекелі екен. Енесі: «Әпкеңнің көзі ғой, ағайын аралатпай қолыңа ал»,– депті. 

Сонымен, нағашы әпкемнің қолында он жылдықты бітірдім. Әке тірлігіне іштей кектеніп өстім десем өтірік болмас. Өйткені әйелі жылда ұл туып жатқан оның бізден мүлдем бейхабарлығы жанымды ауыртты. Ұлдары менен артық па екен деп ойлаймын. Ұлдарының маңдайынан иіскеп жатып мені, тұңғыш рет әке атандырған мені неге ғана ойламайды екен?!

Қанша дегенмен сәбилік сезімімді жоғалтып алдым. Бала боп ойнап, бала боп ержетпедім. Санамды өзіме түсініксіз бір сезім билейді. Бозбала боп қызға да хат жазбадым. Маңайыма көз салу үшін де ең алдымен көңіл-күй керек екенін сезіндім. Балалары не жесе, біздің аузымызға да соны тығатын әпкемнің көңілі қаншалықты таза болғанымен, тамақ тоқ, киім бүтін болғанымен, көңілім қырық жамау еді. 

Қарындасым әдемі қыз боп өсіп келеді. Бір күні жездем екеуміз сырттан келсек, үйде танымайтын кісілер отыр. 

– Өзі келді ғой, әне, азамат боп қалды, өзі шешсін,– деді әпкем. Әңгіменің өзім жайлы екенін білдім, әкем екеумізді татуластыруға келген көрші ауылдың ақсақалдары екен. Шайдан кейін есіктен екі бүктеліп кірген әкемнің жүзіне алғаш көз салдым. Небәрі бесінші сыныпта оқитын кезімнен көріп отырғаным осы. Көзіме көзі түскенде төмен қарады. Тұла бойымда жып-жылы бір сезім бүлк еткенімен, жүгіріп құшақтай алмадым. Отырған орнымнан қозғалғаным жоқ. Менің бұл отырысым басқаға қалай әсер еткенін қайдам, шәй жинап жүрген әпкем иегі кемсеңдей жөнелді. «Ажар байғұс екі бала сүйгізгеннен басқа не ғып еді ол сорлыға. Ана әкең құрығанда асын беріп, басын қарайтпады-ау» дегені…

Үйден атып шықтым да, ауыл сыртындағы бейітке қарай жүгірдім. Жылап келем, бірақ көзімнен жас шықпайды. Ен дала менің өксігіме толып кетті. Іштей булығып, тұйықтау боп өскенмін ғой, көмейімнен шығып жатқан ащы даусымнан өзім шошыдым. Анамның аты-жөні ғана жазылған ағашты құшақтап жыла­йын кеп, жылайын… Анасын аңсаған ботаның боздағанын көріп пе едіңіз?..

Ол темекі тұтатты. Талай жасқа келіп қалсақ та, әлі күнге анамызды аңсайтын менің нәзік жүрегім шым етіп, жанарым жасқа толып кетті. Оның да жылағанын қаладым. Азаматтың көз жасын көргім келмесе де, өзіне, оған жеңілдеу соғатынын ойладым. Көмейіне келіп қалған ащы өксік темекінің ащы түтінімен қосылып, бүкіл жан-дүниесін жаулайтынын ойлап жаным ауырды. 

– Қанша жатқанымды білмеймін. «Серкеш, мұның не? Азамат боп қалғанда…» деген әлсіз дауысты естіп, орнымнан ұшып тұрдым. Анамның, асыл анамның даусы. Дәл сол үн, дәл сол қоңыр үн! 

Алдымнан жүгіріп жылап шыққан қарындасымды көргенде де көзімнен жас шықпады. Сегізінші сыныпқа көшіп, бой түзеп қалған оған сүйсіне қарап бетінен сүйдім. Менің жылаудың орнына күлгеніме таң қалып, бақырайып қалыпты. Шешемнің «азамат боп қалғанда…» деген даусы күн сайын құлағымның түбінде тұрды. Күзде әскерге кеттім. Ондағы тәртіп мені ширата түсті. Лезде өткен екі жыл есейтіп жібергендей. Ауылға келіп, тірлікке араластым. Әскерден алған мінездемемен кез келген оқуға түсуге болатын еді. «Жанарды оқытайын, сосын көрермін» дегенімді әпкем де, жездем де құптады. Бұл сөзден кейін әпкем байғұста тіпті ес қалмады. 

Жанар студенттік билет алып келген күні қандай бақытты едім. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздаған. Жездемнің жанында трактор айдап тапқан бір айлығымды шашып, тойдың ырымын жасадық. Неге екенін қайдам, шешем қайтқалы есігі құлыптаулы тұрған үйді жөндеп жатқанымды қарындасыма айтқым келмеді. Алаңсыз оқысын деген болуым керек. Ол кеткенше қасында, әпкемнің үйінде болдық.

Күндіз-түні еңбектендім. Күндіз егіс басында трактормен жер жыртамыз. Кешкі тамақтан соң, үйге барып кірпіш құямын. Түн ауа жаяулатып әпкемнің үйіне қайтамын. Еңсесі көтеріліп келе жатқан сайын маған да қайрат біткендей қанаттанам. Жанарымның алғашқы демалысын үйде, өзі кіндік кескен үйімізде қарсы алғым келеді… 

Аузынан айналайыны түспейтін көрші кемпір анда-санда сусын әкеп береді. Құйып жатқан сабан аралас кірпішке ұзақ қарап, ойға кетеді. «Ой, жалған-ай, десеңші, Ажар десе ажарлы-ақ еді» дейтін шешем жайлы. Жұмысты тастай сала қолыма темекі алатынмын. Әңгімесін айта түссін деп бірінен кейін бірін тұтатамын. Жұқалау шашына сары бантик байлаған қызы келіп шақырғанша отыра беретін. «Осы қыз туғанда сен төртке кеп қалған кезің. Қасынан шықпайтынсың, сөйтіп жүріп Жанар келді өмірге»,– деді бірде. Осындай әңгімеден кейін ұзағырақ отырып қаламын. Шешемнің аппақ жүзін елестеткім келеді. Бүкіл жан-дүнием босайды. Еміс-еміс еске түскенмен көмескілене бастапты. 

«Шіркін, тезірек үйімді бітірсем, қалған кірпіштен анамның басын қарайтсам» деген арман көкірегімді тілгілейді. Бірде ойға батып отырсам керек, қасыма келіп қалған әкемді байқамай қалыппын. «Бітіріп қалыпсың ғой», – деп болар-болмас қана жымиды. Мен үндей қоймаған соң, жақынырақ келіп қасыма жайғасты. 

– Соңғы кезде ауырыңқырап жүрмін. Сенің жібімей қойғаның бір жағынан жасытса, бір жағынан мақтаныш көремін. Мінездің бірбеткейлігі де ақылдылықтан болар, дегенмен әкең екенімді ұмытпағайсың. Балалы-шағалы болғанда түсінерсің, шешең қайтқанда отызға толмаған менің не ойлап, не байыптар кезім еді, – деді де үнсіз отырып қалды. «Мен ше, – дейді ішкі ойым, – жиырмадан енді ғана асқан шағымда қандай тірлік жасап жатқанымды көріп отырсың ғой» дегенді айтқым келеді. 

Қараша айының жып-жылы бір күнінде үйге кіру рәсімін жасадық. Бір аптадан кейін шешемнің басын тұрғыздым. Қазақ қазақ болғалы мәңгі көз жұмған кісінің асы мұндай ұзаққа созылмаған болар. Анам марқұмның асы он жылдан кейін, азамат боп толыса бастаған шағымда өтті. Қыз-қырқын, қызық думанның бәрін ысырып қойып, әруақ алдындағы перзенттік борышымды өтедім… 

Бірақ… бейіт басынан тағы бір парыз арқалап қайттым. «Ажар-ау, Ажар, өшкенің жанды, түтініңнің иесі азамат болды», – деп өкіріп жылап келіп шешемнің топырағын уыстаған күйі әпкем ес-түссіз құлады… 

Мен қатты толқыдым. Ол тағы да темекі тұтатты. Бір сәт үнсіз қалған оған әлі де жастықтың оты шарпып тұратын жас дәурен шақтағы бала жігіт емес, ерте есейген азамат сияқты қарадым. Байсалды, тым байсалды кейпіне қарап жүзіндегі «онысы рас» дегендей тағдыр таяқшаларын ап-анық көргендей болдым. 

– Жұмыстан келген сайын әпкемнің көз алды ісіңкі, шаршап жүргенін сезетінмін. Үйемелі-сүйемелі алты баласының алды енді-енді тірлікке жарап қалғанда ол кісінің кенеттен кеткені, әсіресе маған өте ауыр соққы болды. Жалғыздықтың, жетімдіктің не екенін әпкем кеткеннен кейін ғана таза сезіндім десем, өтірік болмас. Ең қимасымды жоғалтып алғандай ойсырап қалдым. Ес біліп, етек жаба бастаған шақтағы қимас адамыңды, тіпті мен үшін ана орнында ана болған кісіні жоғалту – есеңгіретіп тастады. Бір кіндіктен әпкелі-сіңлілі екеуі бірін-бірі қаншалықты жақсы көретінін дәлелдеп кеткендей болды. Бауыр дегеннің, бауырмалдық дегеннің қандай екенін түсіндіріп кетті. 

Жанар екеуміз елге барған са­йын бата жасауды алдымен нағашы әпкемнің басынан бастаймыз…

Ол тағы да темекі тартты. Бастапқыдай емес, жүзі сәл-пәл ашаң тартып, қызыл аралас қан жылым жылылық жүгіргендей. Мүмкін, іштегі қасіретті жеңілдетіп, сыртқа шығарған соң, бойын енжарлық сезім билеген шығар. Әйтеуір, көңілі сәл-пәл болса да ашылғандай. 

– Енді, міне, өзім де Әкемін. Келіншегіме, екі балама қарап елжіреген сайын Әке алдындағы қаталдығым еске түседі. Жаныңдағы тіршілігіңді, ұрпағыңды жалғастырушы асыл жарымның, көздері жәудіреп қамсыз өсіп келе жатқан балаларымның бағына тірі болсақ екен деп тілеймін. Мені Сізге жолықтырған тағдырыма шексіз ризамын, – деп жымиды ол. – Дәл осылай ешкіммен сөйлесе алмас едім. Қанымды тасытып, жан-жүрегімді жиырма жылдай мазасыз күйге түсіріп келген сырымды айтып, жеңілдеп қалдым.

Осы кезде «Көке» деп кіріп келген ұзын бойлы ақсары жігіт әлдебір қағаздарды стол үстіне тастап шығып кетті. «Әпкемнің тұңғышы», – деді ол. Осы бір тұйықтау жігіттің ішінде талай сыр бар екенін сезсем де, дәл осындай ауыр жағдай деп тіпті ойламап едім. Әңгімелескен сайын жаныма жақын тарттым. Бірте-бірте жап-жас бозбала емес, биіктеп өсіп бара жатқан саналы азаматты көргендей болдым. Сондықтан болар, жан-тәніммен осынау отбасының амандығын, азаматтың амандығын тіледім. Қуанғанда, қиналғанда қасынан табылар дос, қимас сырласы болғым келді… 

Cырласқан 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ