КӨКПАРҒА ТҮСКЕН ҚЫРЫМ

КӨКПАРҒА ТҮСКЕН ҚЫРЫМ

КӨКПАРҒА ТҮСКЕН ҚЫРЫМ
ашық дереккөзі

16 наурызда Қырымда өткен референдум нәтижесі бойынша, тұрғындардың 95 пайызы Қырымның Ресей құрамына енуін қолдағаны айтылды. Алайда, әлемдік қауымдастық елдері мұның шындыққа жанаспайтындығы жөніндегі пікірін ашық білдіруде. Тіпті, Еуропа, АҚШ елдері «заңсыз референдум» деген баға берсе де, сол күні-ақ Ресей үкіметі тез арада Қырымды қоластына алу жөніндегі құжатты рәсімдеуге кірісетіндігін жеткізген болатын. 

Путиннің көкірегін буған империялық өктемдік дегеніне жеткізді. Сейсенбіде Қырымның Ресей Федерациясы құрамына кіргендігі жөнінде келісімге қол қойылды. Бұған сәйкес, осы күннен бастап Қырым мен Севастополь Ресейдің қарамағына еніп, республиканың мемлекеттік тілі – орыс, украин және қырым-татар тілі болып бекітілді. Келісімге қол қою шарасын ресейлік телеарналар тікелей эфирден көрсетіп мәре-сәре. Жиналған көпшілік Ресейдің әнұранын бір кісідей шырқағанда, Путин нағыз империялық саясатты көксейтін отарлаушы қожайынның кейпін байқатты. 

Өзара келісім салтанаты РФ президенті В.Путин мен Қырымның жоғарғы кеңесінің басшысы Владимир Константинов, республиканың премьер-министрі Сергей Аксенов және Севастополь қалалық кеңесінің төрағасы Алексей Чалый арасында өткен. Тіпті, Ресей Қырымға қаржылай көмек беруді де қарастырып қойыпты. Қырымның бірінші вице-премьері Рустам Темиргалиев ақшаның алғашқы траншына да қол жеткенін қуанышпен мәлімдеді. Есесіне, «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко Украина Ресеймен арадағы дипломатиялық байланысын күрт үзуі керек деп есептейді. Сондай-ақ ол өз мемлекетін сатып кеткен Аксенов, Константинов пен оның жақтастарына қарсы санкция енгізуге шақырды. «Бұл азаматтарға Украина шекарасына кіруге тыйым салып, еліміздегі кәсіпорындары мен есепшотын бұғаттау керек», – деді ол. 

Шын мәнінде, Украинаның жаңа билігі Путиннің озбыр саясатын аяусыз әшкере етуде. Украина Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде: «Мемлекет Ресейдің Қырымды қарамағына алуға байланысты шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Ресейдің бұл әрекеті Украинаның территориялық тұтастығына кепілдік беретін біржақты және көпжақты халықаралық міндеттемелерге жауап бермейді. Қырымды өз субъектісі ретінде жариялауы да халықаралық қауымдастық алдында өрескел қателікке жол берді», – делінген мәлімдемеде. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі: «Қырымда өткен референдумды осы Автономиялық Республика халқының өз қалауын еркін білдіруі ретінде қабылдады және орын алған жағдайда Ресей Федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайды.

Біз Украинаның дағдарыстан бейбіт түрде шығуын қолдаймыз және оны БҰҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың қолдауымен келіссөздер жолымен еңсеруін қалаймыз», – делінген. 

Айтпақшы, Лондонда өтетін «Үлкен сегіздік» Ресейсіз өтетін сияқты. Себебі, бұдан бұрын «Егер Ресей Украинаға агрессиялық саясатын жүргізуді жалғастыратын болса, сегіздік жеті мемлекет басшысының қатысуымен ғана өтеді» делінген еді. Ал, мұны Путиннің құлаққа ілер түрі жоқ. Демек, бұл үлкен басқосудан Ресейдің шеттетілуі ғажап емес. 

Біз Ресейдің Қырымды қол астына алуы жөніндегі өткізген референдумы мен келісіміне байланысты саясаттанушылардың пікірін білген едік. 

Әміржан Қосанов, саясаткер: 

«Бұл – Путиннің әу бастағы сценарийінің жалғасы»


bee9f87d7e4356bf2d3883e05e91ba3f.jpg

– Қырымдағы референдумды тек Ресейдің өзі мен Солтүстік Корея ғана мойындауында біраз гәп бар. Сөз жоқ, тәуелсіз бір мемлекеттің аумақтық біртұтастығын жоққа шығару сияқты осынау сепаратизмнің жарқын көрінісі өркениетті елдердің, соның ішінде батыстың дамыған елдерінің наразылығын туғызып отыр. Бірақ оған пысқырып жатқан Кремль жоқ. Меніңше, оның екі себебі бар. Біріншіден, халықаралық оқшаулау (изоляция), экономикалық санкциялар мен эмбарго енгізуі механизмі тиімді болудан қалған сияқты. Мәселен, бір топ ресейлік шенеуніктерге шетелге шығуға тыйым салу жекебастық тұрғыдан қиын соққанымен, саяси тұрғыдан соншалықты ауыр емес. Сондықтан да халықаралық ықпалдың осы механизмін қайта қарап, толықтыра түскен дұрыс деп санаймын. Екіншіден, Қырымға қатысты Ресейдің қазіргі саясаты бір күнде туған құбылыс не талпыныс емес. Мұның бәрі ертең төртінші мәрте президенттікке сайланбақ ойы бар Путиннің имиджін ұлттық, орыстық патриотизм тұрғысынан күшейте түсудің о бастағы сценарийінің жалғасы іспеттес. Есіңізде болса, Ресейдің кейбір ұлттық аймақтарының атын жойып, облыстар құрамына енгізу, Приднестровье, Абхазия мен Осетияға қатысты сұрқия қадамдары тарихта орын алды. Батыс елдері біраз улап-шулады, бірақ нәтижесінде ешнәрсе істей алмады. Меніңше, Ресей бұл жолы да солай болады деп ойлап отыр. Постқырымдық жағдайдың саяси басқыншы ретінде өзін танытқан Ресей үшін салдары ендігі жерде халықаралық қауымның, әсіресе, Ресейдің шын мәнінде күні түсетін жетекші елдердің позициясына байланысты. Егер де олар формальды түрде санкция жариялап, Кремльмен байланысын үзбесе, бәрі ұмытылады да кетеді. Ал егер де ол қауымдастық шын мәніндегі принципті позиция ұстанып, ұжымдық түрде қарсылық таныта алса, Ресей өз саясатына өзгерту енгізуі әбден мүмкін. Өйткені не дегенмен әрбір ел басшысы өзінің халықаралық деңгейдегі имиджін ойлайды. Әйтпесе, 60 миллиард долларға Сочидегі екі апталық Олимпиаданы өткізіп несі бар еді Ресейдің?! Сонымен бірге көп нәрсе қазіргі украиндық билікке де байланысты. Мен әзірше оның тарапынан мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу үшін танытылған әсерлі ниет пен жігер көріп тұрған жоқпын. Осынау халықаралық дағдарыстан біз түйер бірнеше тағылым бар. Біріншіден, бұл оқыс оқиғаның география һәм саясаттық салдары бар. Өйткені бір түбектегі референдум тұтас бір континенттің болашағына әсер етуі әбден мүмкін! Мен ең алдымен, постсоветтік кеңістікті айтып отырмын: Хрущев кесіп-пішіп берген картаны дұрыс емес дегендер ертең Ленин бекіткен шекаралар дұрыс емес деп айтпауына кім кепіл?! Мұның өзі әлем картасын жаңаша түзуге әкеп соқтыруы әбден мүмкін! Ал оның арты – соғыс! Себебі ешбір ел өзінің жерін жайдан-жай бере салмайды! Екіншіден, Батыс елдерінің экономикалық санкциялары, сөзсіз, Ресей экономикасына әсер етпек. Онсыз да тоқырауға ұшыраған экономика одан сайын құлдырауы хақ. Ал Кеден және Еуразиялық Одақ құрамында экономикасы Ресеймен тонның ішікі бауындай араласып, өзара ымы-жымы бір боп кеткен Қазақстан үшін бұл өз теріс ықпалын тигізеді. Кеден қайығындағының жаны да, қамы да бір болмақ. Үшіншіден, бұл оқиғаның моральдық, психологиялық, керек десеңіз, саяси-патриоттық салдары бар. Мәселен, қазір Ресейдің туын көтеріп, соның құшағына ұмтылып жатқандар күні кеше Украина секілді дербес те тәуелсіз мемлекеттің азаматтары емес пе еді? Сол елдің «Конституциясына адал боламыз, ел Тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын қорғаймыз» деп ант-су ішкен адамдар емес пе? Сая­си тарихта «бесінші колонна» деген қалыптасқан термин бар. Оның қазақша аналогы «іштен шыққан жауға» саяды. Сол колонна өкілдері ертең өз ішімізден шықпасына кім кепіл? Ол жағын да мықтап ойлануымыз қажет!

Расул Жұмалы, саясаттанушы: 


«Қауіпсіздігімізді терең ойлауымыз керек»


839bbacf722dd4ca470a3e4452cb1ac7.jpg

– Референдум шын мәнінде заңсыз өтті. Халықаралық тәртіптерге, Украинаның заңына қайшы. Оған 90 пайыз дауыс берді ме, 2 па­йыз ба, мұны талқылаудың қажеті шамалы. Дәлірегінде, Ресей барлық халықаралық заңдарды өрескел бұзып, өктемдігі арқылы тәуелсіз Украина мемлекетінің жерін басып алды. Осыдан он жылдай бұрын Ресей билігіне келген Путиннің әу бастағы мақсаты – бұрынғы Кеңес одағын қалпына келтіру. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Ресей Федерациясы мен Кеңес одағының арасында айырмашылық жоқ. Тіпті, Киевтегі оқиғаларда Украина мемлекетінің жалауын таптап, Ресей мен Кеңес одағының туын көтеруі, шерулерін Лениннің ескерткіші жанында өткізуі осыған дәлел. Сөз болып отырған интеграция емес, ынтымақтастық емес, біржақты ресейлік империяны қайта қалпына келтіру, бұрынғы отарлық саясатты іске асыру жағдайы. Ресей бұрын да Грузияның талай бөлігін басып алды, енді Украинаға ауыз салды. Ең өкініштісі, Ресей басшылығы мұнымен тоқтайтын түрі жоқ. Әлі де отарлық саясатты жалғастыруға бар күшін салады. Оның ішінде Қазақстан, Кавказ, Балтық жағалауы елдері, т.б. болуы мүмкін. Халықаралық қауымдастық, Еуропа, АҚШ басқа елдің аумақтық тұтастығын бұзып, ішкі істеріне араласып, жеріне иелік танытып отырған Ресейдің өрескел әрекетіне тоқтау салу қажет. ТМД мемлекеттері «Ресей бізге тиіспесе болды» деген немқұрайлы пікірден аулақ болуы керек. Үндемей, көз жұмып отыра берсек, ертеңгі күні бұл қара бұлт басқа елдердің басына төнетіні айдан анық. АҚШ, Еуропа не істейді деп қарап отырмай, өз ішімізде қамдану керек. Бұған дейін Ресейдің жекелеген өкілдері – Лимонов, Жириновский, Солженицын, Панфиловтар қазақтың жерін басып алу жөнінде пікірін айтты. Бұл өрескел мәлімдемені ресейлік басшылар айыптады ма? Жоқ. Сондықтан кеш те болса, Ресеймен арадағы интеграциядан қол үзіп, ақты – ақ, қараны – қара деп айтуға тырысқанымыз жөн. Меніңше, тәуелсіздігімізге қатысты мәселені белсенді түрде жүргізу керек. Бұл – ресейлік ақпараттық ағыннан қол үзу, ақпараттық кеңістікті шектеу арқылы қауіпсіздік күшімізді, экономикалық тәуелсіздігімізді әртараптандыру. Кешегі біз таңдаған көпвекторлық саясат интеграцияның көлеңкесінде қалып отыр. Шын мәнінде, Ресей ғана емес, Қытай және АҚШ-пен, Еуропамен қатынасымызды белсенді түрде нығайтуымыз керек. 

Путин халықтар түрмесін қайта жаңғыртуды қолға алуда. Ресей – АҚШ сияқты қуатты мемлекет емес. Оның әлемдік экономикадағы үлесі 2, 5 пайыз ғана. АҚШ пен Еуропаның үлесі – 20 пайыз. Яғни, Ресей шикізатқа тәуелді мемлекет. Ресейдің қарсы қоятын амалдары кемде-кем екеніне қарамастан, Путин озбырлық әрекетін іске асыруда. Оның көздегені – Ресейдің экономикасы емес, азаматтарының әлеуметтік жағдайы емес. Шын мәнінде, оның бұған түкіргені бар. Ең бастысы, өзінің империялық амбициясын іске асыру. Ол асығыс-үсігіс Кедендік одаққа қол қойғызды, енді Еуразиялық экономикалық одақты жандандырмақ. Ойында басқа мемлекетті жұтып алу саясаты жатыр. Сол арқылы экономикасына қожайындық жасап, тізе бүктіруді аңсайды. Путин Қырымды басып алу үшін талай жылдан бері тыңғылықты күш салды. Ұзақ уақыт дайындалды. Соңғы жылдары мұны ақпараттық насихат ретінде жүргізді. Путиннің алға тартып отырғаны – «орыстілді азаматтардың құқығын қорғау». Ол орыс халқын ғана емес, орыстілді басқа ұлттың өкілдерін де өз азаматы санауда. Оның ішінде біздің де азаматтар болуы мүмкін. Мұның өзі алаңдатарлық жағдай. Шын мәнінде, Қырымды қосып алады да, ертең ондағы халқын ұмытып кетеді. Татарлар, украиндар былай тұрсын, өзінің орыстары сорлап қалады. Қазір Ресейдегі орыс халқының жағдайы мәз емес. 70 па­йызы кедейліктен төмен деңгейде өмір сүруде. Нашақорлық, маскүнемдік, демографиялық құлдырау басым. Түрмеде отырған азаматтары санынан әлемде бірінші орында. Өз ішіндегі әлеуметтік мәселені шешіп алып, жөнге келтіріп жатса, мейлі ғой. Сөйте тұра, Украинадағы орыстарды жарылқағысы келеді. Сорақысы сол, Ресейде тұратын басқа ұлттар референдум өткіземіз десе, үзілді-кесілді қарсы шығады. Кезінде конституциялық мүмкіндігін пайдаланып, бөлініп шығамыз деген шешенді он жыл бойы қырды. Мысалы, Украинаға қандай айып тақты? Басқа ұлттың азаматтарына қысым жасап отыр деді. Өз ішінде ше? Азаматтарын былай қойғанда, гастарбайтерлерден орыс тілі мен әдебиетінен емтихан алады. Орыс тілін білмесе, жұмыс бермейді. Республикалардың атауынан татар, башқұрт дегенді алып тастағысы келеді. Демек, Путиннің ойында не бар екен, ертеңгі жағдай қалай болады екен деп отыруға болмайды. Өз тәуелсіздігімізді баянды ететін әрекеттерді іске қосу керек. Ерте қамданбасақ, біздің мәселемізді ешкім шешіп бермейді. Қазақ мемлекетінің қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ. 


Нәбижан Мұхаметханұлы, тарихшы:

«Ресей әлі қатты өкінеді»


91dd4afe0ebb621410c4ffcc6637f9d8.jpg

– Украинадағы жағдай әлемнің назарын аударды. Халықаралық ақпарат құралдары Ресейге қарсы түрлі пікір білдіруде. Ресейдің БҰҰ-ның заң жарғыларына, халықаралық ережелерге бағынбайтындығы әшкере болуда. Осы мәселеге Қытайдың көзқарасын бағамдап отырмын. Біріншіден, Қытай соғыстың болмауын қалайды. Мәселенің саяси дипломатиялық жолмен шешілуін дәріптейді. Екіншіден, Қытай Еуропаның Ресейге санкция жасауын да құптамайды. Қытайдың өзінің дипломатиялық басты принципі бар. Ол – мемлекеттің үшкен-кішісіне қарамастан, егемендігі сақталу керек. Қытай БҰҰ-ның сенбі күнгі шешімінде бейтарап қалатынын мәлімдеді. Қытай Ресеймен стратегиялық әріптес, Украинамен де солай. Қытай мұндай саяси мәселеде өз мүддесі тұрғысынан қарайды. Екі жақ үшін де жаға жыртысуға бармайды. Қырымның өзіне порт салуға 3 млрд. доллардан астам қаржы салып отыр. Украинаның бұрынғы президентімен 3 млн. гектар егістік жерді пайдалануға келіскен. 

Ал Ресейдікі нағыз басқын­шы­лық. Бұған жәй қарамау керек. 2002 жылы оралмандар мәселесіне арнап мақала жазған едім. Мемлекет құраушы ұлт өз аймағында басым болу керек. Мемлекет ел ішіндегі ұлттық мәселесін өз конституциясы, заң ережелеріне сәйкес шешеді. Бірауыз сөзбен айтқанда, Солтүстік аймақтарға оралмандарды қоныстандыру қажет. Әр облыста қазақтың саны 60 пайыздан басым болу керек. Біз Қырымдағы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз. Осы әрекеттің салдары басқа мемлекеттердегі арандатушыларға дем береді. Қаржылық қолдау көрсетуі мүмкін. Бірақ күшпен мәселені шеше алмайды. Ресей әлі қатты өкінеді. 

Динара Мыңжасарқызы