ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі
517

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ –  ЖАСТАРҒА  ӨНЕГЕ


Кентау қаласы әкімшілігі жастарды еңбекке, патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлуде.

Елге еңбегі сіңген, қаладағы өндіріс орындарында қажырлы еңбек еткен ардагерлерді ұлықтау сол жастар тәрбиесінің бір көрінісі болса керек. 

Құрметке лайық адамды қашанда қадірлеген дұрыс. Өткен ғасырдың 60-жылдарында білікті мамандар мен кадрлар болғанына ой жүгіртсек, олардың көргені мен білгені, іс-тәжірибесі, өмір өткелдері қазіргі жас ұрпаққа тамаша өнеге. Сондай абзал жандардың бірі, ел десе елпілдеп тұратын жайсаң жан, белгілі кенші Әбдіхан Бегімбеттің ұстанымы – адалдық, ең бастысы адамдық.

Әбдіхан Бегімбет Жаңақорғанда 1933 жылдың желтоқсан айының 21-і күні дүниеге келген. Анасы Әметей бақуатты адам болыпты. Дүкен, асхана ұстаған көрінеді. Әкесі Ермахан Бегімбетұлы 1909 жылы осы Жаңақорған ауданының Жайылма қыстағында дүние есігін ашқан. Сол кездің жастарындай асық ойнап, көкпар шауып өскен. 

1968 жылы күзде Әбдіхан ағаны қызмет бабымен мемлекет сонау Африка континентіндегі Алжир мемлекетіне іссапарға 2 жылға жібереді. Бауыржан мен Ғалымжанын бауырына басып, жары Әзиза да жолдасымен бірге Алжирге аттанып кете барды.

Алжирде Әбдіхан мен Әзизаның отбасы үлкен құрмет пен ілтипатқа ие болып, оларды барша әріптестер мен жора-жолдастар, тіпті жергілікті араб ұлтының өкілдері сыйлап, қатты қадірлеген.

1980 жылы қаңтар айында Шалқия кен орнын игеру жұмыстары басталатын кезде оны Мырғалымсайдан Шалқия кенішін игеруге, құрылысын салуға аттандырды. Жобаларда қарастырылған барлық құрылыстарды басқаруға тура келді. Біліктілікпен ұйымдастырылған шаралардың арқасында құрылыс жұмыстары да қарқынды жүре бас­тады.

Ол атқарған ерен еңбектері үшін 1985 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Өндіріске де көптеген жаңалықтар енгізіп, 5 рет өнертапқыш патентін алды. Мәскеудегі бүкілодақтық көрмеде бірнеше пайдалы ұсыныстары орын тепті. 1984 жылы Одақтық өнертапқыш деген атақ алды.

«Еңбек ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деген қанатты сөз текке айтылмаса керек. Тау-кен институтын ойдағыдай бітірген Әбекең мамандығы бойынша еңбекке қызу араласып, көп жылдар бойы Кентау кеніштерінде жай мамандықтан бастап, бас инженерлікке дейін көтерілген. Сонан соң, біраз жылдар туған жері Жаңақорғандағы Шалқия кенішінде құрылыс дирекциясының бастығы болды.

 «Мынау жалған дүниеде жасымнан жалған сөйлемеуге, тек шындыққа жүгінуге бел буғанмын. «Жақсының басқан ізі – алтын» дегендей, мен жасымнан жақсыларға жақын жүруге тырыстым. Жамандық ойлайтын жандардан бойымды аулақ ұстадым. Қолыма билік тиді деп қисық істерге бармадым. Тек таза арымның айтқанымен еңбек еттім. Мені тірліктің түрлі қалтарысты өткелдерінен аман алып шыққан осы жас кезімнен ұстанған қағидам мен істеген оң істерім, елге деген адалдығым ғой деп ойлаймын», – деп отырады Әбекең.

Әбекеңнің еңбек жолы үлкенді-кішіге үлкен үлгі. Өзінің зор адамгершілік қасиеттерін, іскерлігі мен адамға деген қамқорлығын Әбекең әруақытта таныта білген. Соның арқасында Кентаудың әріптестікті, достықты қимайтын асыл азаматтары қанша уақыт өтсе де, естерінен шығармай, Әбдіханды ерекше құрметтейді, сыйлайды. Елдің, халықтың рахметін алу – адам үшін ең үлкен бақыт емес пе?!

Әбдіхан ағамыздың дарындылығы жан-жақты екені кейінгі жылдары айрықша байқалып жүр. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін көптеген өлеңдер жазып, ақындық қырынан таныла бастады. Жалпы, Әбекеңнің ән шығару қасиеті жас кезінен басталған екен. Осы уақытқа дейін ағамыз нотаға түсіріп 12 ән, бір күй шығарған. Оның ішінде «Әлди, әлди, бөпешім» деген әні қазақ радиосынан әрдайым беріліп тұрады. Ең бастысы, бұрынғы инженердің ән ноталарын жетік үйренгеніне таң қаласың.

Иә, біздің Әбдіхан ағамыз өзі – ақын, өзі – композитор.

«Бастау көзі қалай тұнық болса, оның етегіндегі су да сондай мөлдір болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Әкесі мен анасынан үлгі-тәрбие алған, олардың жолын қуған Әбдіхан ағамыздың ұрпақтары оқып-жетіліп, абыройлы қызметтер атқарып, үлгілі өмір сүріп жатыр.

Буырқанған өмірдің тұңғиығына батып кетпеу де бірегейлік… Жолдасы Әзиза дүниеден өткен соң балаларымның қызығын бірге көрсем деген арман қуған ақтабан жолының бірде көктемдей күлімдеп, бірде жаздай жадырап, бірде күздей қоңырлатып, бірде қыстай шытымырланып, қилы-қилы кезеңдермен өрілгенін өзі ғана білер, ал біз оның әрдайым жаратылысынан, өзгермейтін жақсы қалыбынан, танымы мен талғамы телөрім табиғи ауанынан танимыз. Соның бәрі ол үшін мойындау мен мойымау, бір өкініш, бір үміт. Бәріне де уақыт – төреші, уақыт – емші…

 Музыка деген өмірден тыс емес, керісінше бірге қайнайтын процестің қара қазаны. 

Талант – ғажайып құбылыс. Расында да мұны біз де мойындай отырайық. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза: «Ешкімге де өмірде – жүруім керек бас ұрмай, Айтуым керек көңілде – жүрген ойды жасырмай» деп жырлағандай түп-түйсініспен егіліп шыққан ойларға ерік береді.

 Осылай Сырдың жағасында өскен бозбаланың көкірегін кернеген мұң да, сағыныш та, аңсау мен арман да күй болып тамшылай жуып, қорғасындай құйылып жатқандай боп көрінеді, ақжауындай себелеп, төгіле толқып, шырайланып шырқап кетеді.

Әбдіхан аға жазған ән мен күйлері жайлы былай дейді: «Күй жазуды арнайы кәсіп еткен емеспін. Кейде адамның көңіл күйі ауытқып, толқып тұрады… Сондай бір сәттерде шабыттың шалқары қалай ақын атандырып, қалай әнші қылып жіберетінін байқамайсың».

Жақында Әбекең кеншілер қаласы Кентау шахарында дүрілдетіп 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Күнделікті көп тойдың бірі ретінде емес, үлкен әсерге толы шығармашылық жиын ретінде өтті. Осы тойды өткізуге бірден-бір мұрындық болған адам – Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов мырза.

Той өткізудегі негізгі мақсат өмірден көргені көп, еңбегі аңызға айналған тау-кен инженер маманы Әбдіхан Бегімбеттің кейінгі толқын-жастарға үлгі боларлық өмір өрнегін паш ету, өнеге ету. Қала әкімі өзінің кіріспе сөзінде Әбекеңнің өткен еңбек жолына қысқаша тоқтап, еңбек ардагеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, арқасына шапан жауып, басына бөрік кигізді. Осы торқалы жиында келесі сөзді ел ақсақалы, Шымкент облысының құрметті азаматы, Ащысай түсті металдар комбинатының бұрынғы директоры Мауленқұлов Сақ жалғастырды.

Әбекеңнің өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қазақ тау-кен инженерлерінің ұжданын қорғау жолындағы, сол кездегі қылышынан қан тамып тұрған компартияның саясатына қарамай Әнуархан Әйменовпен бірге Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа хат дайындау жолындағы ерлік істері де әңгіме болды.

 Сол тойда ақындардың арнау өлеңдері аз болмады. Сол арнау өлеңдердің бірінде былай делінген еді:

Өтті ғой бастан заман Кеңес деген,

Ұшқыны коммунизм елестеген.

Іштен тынып, көтере алмай басымызды,

Өз тілің өзіңдікі емес деген

Тайсалмай сол заманда қаһарланған,

Байқамаса шаш орнына бас алдырған.

Бірігіп қырық үш жігіт Қонаевқа,

Хаттарын беріп еді Әнуарханнан.

Жиын соңында Әбекең қорытынды сөз алып, жиналған көпшілікке шын жүрегінен алғыс айтып, жастарға сенім білдірді.

Өскенбай Құлатайұлы, Бекжігіт Сердәлі,

еңбек ардагерлері


«КӨТЕРГЕН ОН АЛТЫ ПҰТ
КІРДІҢ ТАСЫН»…


Балуан Шолақтың 150 жылдығы республика көлемінде аталып өтілсе…

Қазақтың ат құлағында ойнайтын өнерінен әрі әнші-серілігімен дараланып, балуандығымен атағы Алаш жұртына жайылған Балуан Шолақтың орны ерекше.

1864 жылы өмірге келген Балуан қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданын мекен еткен. Ұлы жүздің Дулатынан тарайтын Сәмбет руынан шыққан.

Жамбылдық жазушы Арғынбай Бекбосынның дерегіне сүйенсек: Сәмбеттен Қосы, сол Қосы батырдың кенже ұлынан (жеңгелері Кенжесары деп атаған) Қойайдар, одан Сейтімбет, Сейтімбеттен-Есентай, Есентайдан-Қазанқап, одан Жарықшақ, Одан Баймырза, Баймырзадан-Нұрмағанбет-Балуан Шолақ туған.

Шудағы Хантауының етегіндегі Далақайнар, Бұланбай секілді мекендерден Көкше өңіріне Балуан Шолақтың төртінші атасы Есентай бір қауым жұртымен келген.

Нұрекең шулық ағайындарына ара-тұра атбасын бұрып тұруды дәстүрге айналдырған екен. Балуанның әр келгені ұлан-асыр тойға ұласып, ат үстіндегі өнерімен жұртты тамсандырып, бірде төртіншілік (қазіргі Қонаев ауылы) Горбунов пен Максимов деген көпестер бәйтерек пен 7 жасар бұқаны сұлатқаны үшін бәске тіккен 40 өгізше мен 80 ісекті жоқ-жақыбайларға таратып бергені жайлы әңгіме 1913 жылдан ел аузында аңыз болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

…Жетіқоңырда жер-жерге ат шаптырылып, хабар берілген үлкен жиын өтті. «Осы жиынға Жетіқоңырдың атақты палуаны Найымбаймен күресуге Балуан Шолақ келіпті» – деген дақпырт ел-елді кезіп кеткен. Жетіқоңырлық Найымбай аса кірпияз адам екен. Күресер алдында оңаша отырып, бал ашып алатын болған. Сірә, «құмалақ «қарсыласыңды жығасың» деген ыңғай көрсеткенде ғана күреске түсетін болса керек. Ал енді өзі «мен бұл күреске шықпаймын» деп безірейіп отырып алса, бай-бағланың да, ел жақсылары да өлердегі сөзін айтып көндіре алмайды екен.

Осы Жетіқоңырда өтетін күресте Найымбай палуан оқыс мінез көрсетеді. Күреске шықпайтынын жарысқа бір күн қалғанда мәлімдейді. Жан-жаққа сауын айтылып, ел жиналып қойған. Әлде Найымбай атағы жер жарып, қазақ даласынан асып, сонау Ресейдің Омбысы мен Томына, Шелебісіне жетіп жатқан Балуан Шолақтың атақ-даңқынан сескенді ме, әйтеуір, күреске шықпай қояды. «Найымбай күреске шықпаса шықпасын, Ба­луан Шолақтың өзі ортаға шығып, бой көрсетсін» – дейді Найымбайға қатты ренжіген халық.

– Халайық, шуламаңыздар, ортаға Балуан Шолақ шығады, – деп хабарлайды тойды басқарып жүрген жігіт ат үстінен. Сол заматта шапанын үстіне желбегей жамылған төртбақ, дембелше келген Балуан Шолақ ортаға шыға келіп, оң қолын көтеріп, екінші қолымен кеудесін басып, басын иеді. Тойды басқарып жүрген жігіт:

–Нұреке, шамалы күте тұрыңыз, ел іші ғой. Мүмкін таудай талабы бар жастар табылып қалар! Жас та болса, сіздей атақты, жауырыны жерге тимеген палуанның белін ұстап көрудің өзі де мәртебе ғой. Кәне, ортаға шығатын кім бар? Кім жықса, соған сәйгүлік жегілген пәуеске бар! Қане, кім шығады?

– Ой, Балуан Шолаққа қарсы кім шығады?! Жықпақ түгілі, оған қарсы келетін жігіттің жүрегінің түгі бар шығар.

Жиылған жұрт осылайша дабырласып, теңіздей толқып, бір сәт тұрып қапты. Сонда көп ішінен балағын түрініп, екі бүйірін таянып, Бисары шыға келіпті: «Жығылсам жер көтереді. Қайта осындайда Балуан Шолақ ағамның белін ұстап қалайын», – деп анадай жерде жымиып тұрған Балуан Шолаққа жақындай береді. Ортаға шыққан адам топ жарып шығатындай па­луан кісі емес. Шағын денелі, басқадан өзгеше бітімі жоқ жан болатын.

– Ей, мына Бисарыға не жоқ? Қабырғасы күйреп, өлейін деп жүрген болар.

– Ешкім шықпаған соң қайтсін. Жаңа жығылса жер көтереді деп айтқан жоқ па! Ел намысы үшін шығып отыр ғой, – деп нөпір көп дабырласып кетті. Тек Балуан Шолақ қолын көтергенде халық құлаққа ұрған танадай болып, тез тынышталған. Балуан Шолақ қолын көтерген қалпы, қарсыласына жақындап келіп, орнынан тік көтеріп, арқасынан қағып:

– Ниетіңе рахмет, бауырым! Сен жықтың, мен жығылдым! Бас бәйге сенікі! – депті. Жұрт алғашқы кезде түсінбей аң-таң болған. «Бұған аңтарылатын ешнәрсе жоқ. Бисарының жүректілігіне атақты палуанның көрсеткен мәрттігі. Атасына рахмет»! – дейді ел жақсылары.

Көпшілікке беймәлім осындай таңғажайып мәрттігі де жетерліктей Балуан Шолақ бабамыздың аты аңызға айналғаны белгілі. Оның атын ардақтап, өскелең ұрпаққа мұра ете насихаттау баршамыздың парызымыз.

Биыл Балуан атамыздың 150 жылдық мерейтойын исі қазақ жұрты болып тойлап, ақындар айтысы мен ғылыми конференция өткізіп, Тараз қаласында өткен жылы пайдалануға берілген спорт сарайына ардақты бабамыздың есімі құрметпен берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мәкен УАҚТЕГІ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

ӘУЕЗДІ
ӘНДЕР ӘУЕЛЕГЕН ТҮН


Қазақ халқының бойына ән мен әуенге, күй мен жырға деген ерекше құштарлық, ыстық ықылас, дарын, қабілет дарыған. Халқымыздың осы бір қасиетін терең сезінген ақын Кеңшілік Мырзабеков: 

Бір дәстүр қанға сіңген халқымызда,

Қазақтың тууы да, өлімі де ән,

Ән біздің сертіміз де, антымыз да!

Дем берер шаршағанда, шалдыққанда,

Әншіні сыйлайды елі сондықтан да!

Халықтың жүрегіне бұл қасиет,

Адалдық ар ісі боп орныққанда.

Халқының мұңын мұңдап, қарсы тұрар,

Әншісі қорлықтарға, зорлықтарға.

Халқынан айыра алмас сүйікті әнін,

Иесін ажал алып, жер жұтқанда.

Өнерді жасардағы көзсіздікпен, 

Өнерді сүйе алудай ерлік бар ма?,– деп жырлаған екен.

Шыр етіп дүниеге келген пенденің дұрыс жол табуына, адамдық ізгі қасиетті, парасатты азамат болып қалыптасуында қазақ әнінің берері мол.  Адам баласына ойлы әннің, есті әннің берер тәлімі айрықша. Осындай есті әндердің орындаушысы, әндері тыңдарман жүрегіне ұялаған күміс көмей әнші, Қазақстан Республикасының Халық Әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісованың Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Алматы төрінде «Ерке қыз елуде!» атты шығармашылық ән кеші өтіп, жұртшылық тамаша ән кешінің куәгері болды. 

Республика сарайында өткен ән кешіне Атырау қаласындағы шынайы жанашыры әрі тыңдарманы ретінде қатысудың сәті түсті. Ән кешінен алған әсеріммен бөліссем деген оймен қолыма қалам алдым.

Қазақ әні әуелейтін сахна төрінің шымылдықтары ашылатын сәтті тағатсыздана күттік. Қазақ әні! Барша қазақтың мұң-зарын, шаттық сезімін әуенмен өрнектеген концерттен рухани ләззат алатынымызға сенімді едім. Сарай іші лық толы. Ара-арасында жиналған халыққа көз тастап қоямын. Мүмкін, өзім секілді қазақ әнін сүйетін, қастерлейтін жас­тарды іздегендіктен шығар…

… Көңілім шат. Өйткені біз іздеген жастар осы жерден табылды. Ендеше, бұл қазақ әнінің жоғалмағандығын, жоғалмайтынын сездірсе керек. Тағы бір айтар жайт, құшақтары гүлге толы орыс кісілер де отыр. Жүздері нұрланған. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Ұлттық әнімізді орыстар да тыңдайды екен, олар да сүйеді екен… Орындаушысы келіссе.

Өзінің қарапайымдылығымен, үлкенге – құрмет, кішіге – ізеттілігімен ақ жаулықты аналар, аға-әпкелер, жастардың көңілінен шыға білген Мақпал апай сезімге, сырға толы әсем әндерімен залды дүр сілкіндірді. Әншіні сағынған, әніне риза болған халық құшақ-құшақ гүл шоқтарын беріп, сый-құрмет көрсетті. 

Қазақтың ең жас ақыны Жамбыл Дүйсенов Мақпал апасына арнап жазған өлеңімен «Періште тілегін» жеткізіп, аса бір тебіреніспен оқыды. Жас ақын өзінің дарынымен көпшілік қауымды таң қалдырып, жырдан шашу шашты. 

Қазақтың талантты ұлы, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі де Ш.Сүлейменовтің Мақпал апайға арнаған «Жалғыз аққу» әнін тарту етті.

Кеш барысында әнші өзінің әнші ретінде қалыптасуына, танылуына, ел еркесіне айналуына ықпал еткен Ш.Қалдаяқов, Ә.Есбаев, Ә.Бейсеуов сынды композиторлардың, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев, К.Салықов, Ф.Оңғарсынова, Иран-Ғайып, т.б. ақындардың да еңбектерінің зор екендігін атап өтіп, тағзым етті. 

 «Әннің де естісі бар, есері бар», – деп Абай атамыз айтқандай, жезтаңдай әншінің орындауындағы философиялық толғаулары тың­дармандарын зор ықыласқа бөледі. М.Мақатаевтың «Жанымды менің кім ұғар…», К.Салықовтың «Бір ауыз сөз», А.Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды», Т.Мол­дағалиевтің «Өмір, қымбатсың маған», Ұ.Есдәулеттің «Көздеріңе ғашықпын», Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ» т.б. әндерін қазақтың қара домбырасымен сахна сарайында әуелетті. 

Жоғарыда атап өткендей, орыс халқының өнерді құрметтер өкілдерін байқаған Мақпал Жүнісова солардың жанына барып, алғысын білдірді де, орыс халқының романсын шырқады. Орыс ағайындарымыз да құр қол келмеген екен, ерке қызға арнаған жырларын оқыды. 

Мақпал апамыздың Алатау баурайында әуелеткен нәрлі де, сезімге толы әндері сарайға жиналған көпшіліктің көңілінен кете қоймасы анық. 

Мұқағалидай ақындарымыз, Шәмшідей сазгерлеріміз болса, қазақ әні көкке өрлей беретіні сөзсіз. Ендеше, біз қазақ әнін өлді дей алмаймыз. Керісінше, қазақ әні өрлей бермек. Оның дәлелі, Мақпал Жүнісованың осы жеке ән кеші. 

Бүгінде көгілдір экран бетінен көріп жүрген кейбір әншілердің олқылықтарын осындай ғажайып әншілеріміздің әндері елетпей тас­тайды. БАҚ беттерінде жазылып жүрген “бір күндік” жас әншілер шет елдің жұлдыздарына еліктегенімен, өзіміздің қазақи дәстүрді насихаттайтын аға-апаларымыздан өнеге алса, нұр үстіне нұр болар еді-ау…

Гүлжүзім ІЗТІЛЕУОВА

Атырау қаласы


АЙТЫСТЫҢ
ЭСТРАДАДАН ЕНШІСІ БӨЛЕК


Қазақ айтыс өнері халық кәдесіне жарап, сөз өнерін ел мұраты үшін қызмет еткізіп, елдің еңсесін көтеріп, ердің егесте есесі кетпеуі үшін айбатты болуға табысы зор. Кешегі көшпелі өркениетте заң мен биліктің шындығын айтып, көшпенділер демократиясының өкілдері болған – айтыскерлер. Бірақ ол кездегі айтыс саяси сөз өнеріне айналған жоқ. Ол кезде халықтың, елдің бар хал-ахуалы, күш-қуаты, әлеуметтік жағдайы айтыста ерекше жырланып келді. Ал бүгінгі айтыс саяси жағдаятты ғана жырлайтын сияқты. Біздің ойымызша, айтыстың ең әуелгі мазмұны ойын-сауық. Яғни айтыс кезінде бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының міндетін бір өзі арқалаған өнер түрі болатын. Сол көпқырлылығының арқасында айтыс қазақ руханиятында көп жасап келді. Бүгінгі айтыс осы өміршеңдіктен айрылып, шындықты айтам деп сұмдыққа бастау,  ұлықты тұқыртам деп бүлікке бастау болып барады. Бұл дегеніміз ақындық та, батырлық та емес. Кезіндегі Шынболаттың шыңғыртқан шындықтары, Аман­жолдың қиыннан қиыстырып, астарлы жеткізген ақиқаттары, Әселхан мен Шорабектердің сарказммен айтқан ойлы cөздері, Айтақын мен Қуаныштың естен кетпес қимыл-әрекеттері шындықтың шырайын аша түсетін. Айтыста олар сияқты айта алған ақынның аузына ешбір қақпақ қойылған кез болған емес.  Ендеше бүгінгі ұраншыл, шындық айтамын деп құр күшенетін, пафосшыл ақындардың қатары көбейсе, көп жылғы көшпенділердің мұрасы көпке жетпесі анық. Әсіресе бүгінгі жастар айтысында «әттеген-ай» дейтін тұстар өте көп. Жастар айтысында көбіне-көп тақырыпты меңгермей, шындықты тақырыппен байланыстыра алмай, ақындар желбуаздыққа бой алдырып жатады. Тақырыптық айтыстың мазмұнына қатысы жоқ жайттарды көтеретін жас айтыскерлер қиыннан қиыстырып, шындықты жая білмейді. Бір-біріне сауал тас­тап, оған жауап беруді жастар тіпті құп көрмейді де. Олар көбіне басқа мәселе төңірегінде ой айтып, басқа бағытқа адасып жатады. Тіпті, жас буын өкілдері Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов сынды айтыскер ақындардың қолданған ұйқастарын қайта пайдаланып, оларды да жұрт назарына ұсынып жатады. Оны байқамау мүмкін емес. Жас айтыс­керлер әуен табу жолында адасып та жүр. Айтыс өнерінің нағыз көркемдігін кіргізетін аранжировкасы – әуенінде. Тіпті, көрермен қауым да айтыскерлердің әуеніне қол соғатын болды. Сондықтан жастар да бұл арада халыққа жағымды әуенді іздеп, қулыққа басып келеді. Айтыста мақамға салып, халықты улатып-шулатып ештеңе таба алмаймыз. Тіпті, айтыс соңында айтылатын әндердің өзі бүгінгі хитке айналған қазақ және шетел әндерінің үлесіне ауып кетті (Қайрат Нұртас, Бейбіт Қорған, Ақылбек Жеменей,  Дәурен Сейітжанов, PSY). Бірақ бір күндік әндермен мыңжылдық тарихы бар айтыс өнерінің дәрежесін төмендетпеу керек. Керісінше, халық әндері мен жыршы-термешілердің әндерін айтыс соңындағы түйінді мақамдарға алып келуге болады. Айтыста шоу жасап, халықты алдау деген ұлттық рухани мұраны алдау­мен тең.  Орынсыз тұстарда да хит әндерді айтыс мақамына салып ала беретін болдық. Айтысқа шоу, халық қошеметі керек шығар. Бірақ хит әндерсіз де оны жасауға болады. Оған дәлел – 2013 жылы Елордада ұйымдастырылған «Кіл жүйрікте, кім жүйрік?» аламан айтысы «Құлмамбет айтысы» түрінде өтті. Мұндай айтыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғаннан соң, әу баста көрермендерге оғаштау көрінді. Бірақ төрт ақынды қатар отырғызып, суырып салмалығы жағынан сынға түскен айтыскерлер халықтың қошеметіне бөленіп, нағыз шоу айтыстың үлгісін ұсынды. Енді мұндай айтыс түрінің қатарына  «Мысал айтыс», «Дін айтыс», «Жұмбақ айтыс», «Жазба айтыс» секілді түрлерін қайта жандандырып әкелер болсақ, шоудың көкесі сонда болмақ. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» екені рас.  Дегенмен, айтыс ақындары мемлекеттік, ұлттық мәселелерді астарлап, байыппен, қалжыңмен қытығына тигізіп айтса, ұлттық брендіміздің де ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Өйткені шындықты жеткізетін де сөз, шындықты өтірікке айналдыратын да  – сөз. Айтыс  – ақиқат.


Алтынбек Құмырзақұлы


Беттi дайындаған Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары