Қазақстан Жазушылар одағы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді

Қазақстан Жазушылар одағы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді

2025 жылғы 29 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қазақ әдебиетінің дамуы және мемлекет пен әдебиет арасындағы рухани диалогтың қажеттілігі туралы сауал жолдаған болатын. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәлімдемеде Одақ депутат Қазыбек Иса көтерген мәселелердің басым бөлігі бұған дейін Жазушылар одағы тарапынан бірнеше рет көтеріліп, кейбірі жүзеге асып жатқанын атап өтті. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдағанда да осы тақырыптар қозғалған. Президент жас қаламгерлерге ерекше көңіл бөліп, мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын айтқан еді. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Жыл сайын беріліп келе жатқан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы, Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы – осының айғағы. Жазушылар одағы ел руханиятының тірегі ретінде ұлттық әдебиетті дамытуда, қаламгерлер буынының сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Ұйым Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен, өңірлік әкімдіктермен және шет мемлекеттермен бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондықтан «құзырлы орындар әдебиетке немқұрайлы қарайды» деген пікір орынсыз деп саналады.

Сондай-ақ Одақ депутаттың «Үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысуды жүйелі диалогтік платформа ретінде бекіту» туралы ұсынысына қатысты өз ұстанымын білдірді. Мәлімдемеде: «Қаламгер қауымы билікпен диалог жүргізумен уақыт өткізсе, әдебиетті кім жасамақ?» – делінген.

Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің болашағын жас буынмен байланыстырып, жас таланттарды қолдау мен әдеби үдерісті жаңа бағытта дамытуға басымдық беріп отыр. «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасы аясында 20 жасқа дейінгі жастарға арналған байқаулар, шеберлік сабақтары мен әдеби кештер өткізіліп келеді. Балалар әдебиетін дамыту мақсатында халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығы тағайындалған. Бұдан бөлек, былтыр Алматыда өткен «Алматының жас жазушысы» жобасы ендігі жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен бүкіл республика бойынша «Қазақстанның жас жазушысы» атауымен жалғасын табады.

2024-2025 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, үш ірі жоба іске асырылған: «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» және «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылар туралы зерттеу жұмыстары». Соңғы жоба аясында қазақ әдебиеті институтын ашу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі қазақ әдебиетінде заманауи адамның бейнесін бейнелейтін шығармалар жеткілікті екені де айтылды. Бұл – былтыр жарық көрген 20 кітап пен биыл жарық көретін тағы 20 еңбектен анық көрінеді. 2026 жылдан бастап Одақ «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында түркі елдерінің үздік туындылары қазақ тіліне аударылып, отандық оқырманға ұсынылады. Бұл бағыттағы жұмыс Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан Жазушылар одақтарымен қол қойылған меморандумдар арқылы басталып кеткен.

Сонымен қатар, Жазушылар одағы жанындағы проза, поэзия, балалар әдебиеті, әдеби сын, драматургия, аударма, детектив және жастар кеңестері әдебиеттің жан-жақты дамуына серпін беріп отыр.

Мәлімдеменің соңында Одақ Басқармасы депутаттық сауалда көтерілген мәселелердің ұйымның күн тәртібімен толық үндесетінін атап өтті. «Қазақ әдебиеті – іргетасы берік, рухани қуаты зор, болашағы жарқын әдебиет. Біз әдебиетті дамыту ісінде мемлекетпен бірлесе жұмыс істеуді, жас қаламгерлерге қолдау көрсетуді және ұлттық руханиятты жаңғыртуды басты міндетіміз деп білеміз. Қазақ әдебиеті – ұлт рухының айнасы. Оны дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз!» – делінген мәлімдемеде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары