Премьер өзгерді . ал үкімет?..

Өткен аптадағы кадрлық өзгерістер кезінде астаналық шенеуніктер бір қопаңдасып қалса да, тез басылды. Саяси науқанның көрігі қажетті температурасына дейін қызбай жатып, тез суынды. Үкімет те, Парламент Мәжілісі де өз құрамын толықтай дерлік сақтап қалса да, басшыларын ауыстырды. 

Премьер өзгерді. Парламенттің регламенті өзгерген жоқ, Төраға қайта сайланды. Не өзгерді?

Бір жарым жыл ғана премьер-министр болған Серік Ахметовтің отставкаға кететіні өткен күзден бас­тап түрлі меңзеу, талдау, сараптауларда көп айтылған. Президенттің ел алдында қайта-қайта сын айтуы оңай емес. Бірақ дәл сол сыннан соң іле-шала Үкімет басшысын ауыстыратындай лайықты тұлға болмаған секілді. Ондай тұлғаның қазір табылғаны да күмәнді. 

Шын мәнінде, әдетте премьер-министр отставкаға кеткенде, Үкімет құрамы жаңадан жасақталады. Серік Ахметов премь­ерлікке тағайындалғанда, өз командасына оған дейінгі Үкімет мүшелерінің жартысына жуығын «мұрагерлікке» алған еді. Қазір ол қызметін тастап кеткенімен, оның командасы түгелдей дерлік өз құзыреттерін сақтап қалды. 

Әдетте, атқарушы билік органы өзіне жүктелген міндет-тапсырмаларды ойдағыдай орындай алмаса, оларға ескерту беріліп, одан да нәтиже шықпаса, толық құрамымен отставкаға жіберу тәжірибеде бар іс. Бірақ Үкімет құрамын сақтап қалып, тек оның басшысын ауыстыру нені білдіреді?

Үкімет құрамын емес, Пре­мь­ер­ді ауыстырудың не қажет­тілігі болды?

Өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш берсе де, бұл шешім Ахметовтің жеке ырқы емес екені бесенеден белгілі. Ол премьерліктен бас тартып, келесі күні кеше ғана өзі басқарған Үкіметке оның бір мүшесі болып, қорғаныс министрі лауазымында қайта келмес еді. Билік ойластырған «Сtrl+Alt+Del» операциясының бір жүрісі бұл.

Жалпы, Ахметовтің аяқ астынан қызмет орнын ауыстыруы оның жеке билігінің әлсіздігінен ғана емес, биліктің бар тармағын қамтыған үлкен ойынның алғы­шарты ғана болуы ғажап емес. Үкіметпен бір мезгілде Парламент Мәжілісінің төрағасының ауысуы – осының белгісі.

Ахметов отставка жайлы хабарлама жасаған тұста Мәжіліс төра­ғасы Нұрлан Нығматуллин де өзінің осы қызметтегі соңғы күні екенін әріптестеріне хабарлады. Ол өзінің орнына бұрынғы орынбасары Қабиболла Жақыповты қалдырып (дұрысы, ол ұсынып, ал депутаттар 99 пайыз дауыс берген соң), Президент Әкімшілігін басқаруға кетті.

Нығматуллиннің қызмет ауыстыруы Парламент Мәжілісіндегі бірлі-жарым депутаттың салмақ қосуына түрткі болды. Ашығын айтқанда, депутат Дариға Назарбаева «Нұр Отан» партиясының фракция жетекшілігімен қоса, Мәжіліс вице-спикері қызметін қатар алып жүретін болды.

Ахметовтің орнына келген Кәрім Мәсімов жөнінде әңгіме тіпті бөлек. Осыдан аз уақыт бұрын ол Ах­метов­ке осы орынтақты беріп, Прези­дент Әкімшілігі жетекшілігіне тағайын­далған еді. Енді өзі босатқан орынға қайта отырды.

Егер бұған дейінгі премьерлерді рет саны бойынша санамалайтын болсақ, онда мынандай тізбек шығады:

Терещенко – Қажыгелдин – Балғымбаев – Тоқаев – Тасмағамбетов – Ахметов (Даниал) – Мәсімов – Ахметов (Серік) – Мәсімов…

Кезінде Мәсімов премьер-министр қызметіне бірінші рет тағайын­далғанда, мұны «уақытша тағайындау» деп қабылдағандар да болды. Тіпті «ол Үкімет басында ұзақ отырмайды» деп болжағандар табылды. Бірақ Мәсімов – тәуелсіз ел тарихында премьер-министр қызметінде ең ұзақ отырған тұлға. Аттай алты жыл!

Осыдан соң бір жарым жыл ғана премьерлікте отырған, оның үстіне сыннан көз ашпаған Ахметовтің орнына Мәсімовтің қайта тағайындалуын енді «қысқа мерзімдік шешім» деп кім айта алар? Керісінше, оның «дағдарыс кезінде іс басына келетін менеджер» деп көпшік қойып жатқандар аз емес.

Келесі жылы ердің жасы елуді толтыратын Мәсімов бұған дейін банк саласында да, мемлекеттік қызметте де біраз жыл еңбек еткен. 2007-2012 жылдар аралығында Үкіметті басқарды. Өзі заңгер, өзі экономист әрі халықаралық байланыстарда тісқаққан маман, оның үстіне, полиглот. Мәсімов өзінің жұлдызы оңынан туған шақты айшықты сөздермен одан әрі әрледі. «Нұрсұлтан Әбішұлы, бірінші рет менің кандидатурамды 2007 жылы ұсынғанда айтқан сөздерімді қазір де қайталаймын: Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сіздің көмекшіңіз болғанмын, қазір де көмекшіңізбін және сіздің көмек­шіңіз болып қала беремін», – деді. «Тұрақты болғаның жақсы екен», – деді Президент қарымта жауап ретінде.

Ал Мәсімовтің Ақордадан шығып, Үкімет үйіне кетуі көптен бері Президент Әкімшілігіндегі кезекті «рокировкаларға» себепші болды. Әкімшілікті басқаруға Нұрлан Нығматуллин, ал Мем­лекеттік хатшылыққа Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. 

Шындығында, жартысына жуығы экономист мамандығына ие Үкіметтің біраз жылдан бері сүрінер тұсы – экономикалық реформаларды жүзеге асыру болды. Үдемелі индустриалды-инновация­лық бағдарламаны орындау болсын, экономиканы диверсификациялау болсын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау болсын, отандық өндірісті аяғынан тұрғызу болсын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту болсын – Ел мақтап, Елбасы жақтайтындай іс болмай тұр.

Сондықтан, Үкіметтер ауысады, Премьерлер кетеді, ал Экономика сол күйі қалады…

Кезекті «Сtrl+Alt+Del»-қа дейін…

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Back to top button