РЕФОРМАДАН САНСЫРАҒАН БІЛІМ САЛАСЫ

Сейсенбі күні білім саласындағы түйткілдерді күн тәртібіне шығарған Елбасы министр Асланбек Сәрінжіповке білім беру сапасын жақсарту, жоғары оқу орындарының қиындықтары, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету, апатты жағдайда тұрған мектептерді қалпына келтіру, жаңа нысандар салу, бюджеттен бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануды тапсырды. 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен ҚР Білім министрі Асланбек Сәрінжіпов Елбасыға отандық білім саласындағы мәселелер жайлы баяндады. Мемлекет басшысы білім және ғылым саласын дамыту мақсатында биыл бюджеттен 1,5 трлн. теңге бөлінгенін айтты. «Бүгінде мектептерде оқушыларға орын жетіспейді, апатты жағдайда тұрған мектептер бар, балалар үш ауысыммен оқиды», – деген Н.Назарбаев халық қазынасынан бөлі­нетін қаражатты нысан­дар­дың құрылысына, сондай-ақ, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауап­кер­шілік шеңберіндегі қаржыны тиімді пайдалану керектігін ескертті. «Шығыс Қазақстан облысында 52 апатты мектеп бар. Соған қарамастан, 2013 жылы осы аймақта 1,5 млрд. теңгеге Бокс пен күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында 48 апатты мектеп есепке алынған. Бірақ бюджеттен тыс және жергілікті бюджеттен 2012-2013 жылдары 500 млн. теңге Салтанат сарайын салу үшін жұмсалған. Қызылорда облысында 25 апатты мектеп тізімде тұрғанмен, былтыр Мұз алаңын салуға 1,3 млрд. теңге шығын шыққан. Аталған нысандардың барлығы да халық үшін қажетті. Алайда, қайсысы маңызды, қайсысына басымдық берілуі тиіс деген мәселенің ба­сын ашып алу керек. Ең алдымен апатты мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымдық білім беруді жою қажет», – деп мәлімдеген Елбасы жоғары оқу орындарына қатысты түйткілдерді де назардан тыс қалдырмады. Университеттердің дербестігі туралы айтқан ол: «Білім беру бағдарламалары, кәсіби біліктілікті көтеру, білім сапасы, сабақ беруге профессорлық-оқытушылық құрамды тартуда дербестік болуы мүмкін. Бірақ кейбіреулер дербестікті жоғары оқу орындарының өз бетінше білгенін істеуі, ректорлардың орнынан мызғымауы, келешекте жоғары оқу орындары жекемен­шікке өткізілуі мүмкін деп ойлайды. Осыған байланысты жоғары оқу орындарына қатысты дербестікті нақты анықтау үшін мақсаттар, міндеттер мен талаптарды айқындап алу керек», – деді.

Президент еліміздегі ком­па­ния­лар мен кәсіпорындарды жас мамандарды дайындауға үлес қосуға шақырды. Ол үшін еуро­палық елдердің тәжірибесіне сүйен­ген абзал. Біліммен қатар ғы­лым саласына да айтарлықтай назар аударуды тапсырған ол ғылыми кеңестердің жұмыстарын жетілдіру, олар қабылдайтын шешімдердің шынайы да әділ болуын қамтамасыз етуге пәрмен берді. 

Мемлекеттің келешегі – жас буын­ның көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін жан-жақты әрі кең ауқымда сауат ашуы маңызды. Сол үшін мектеп жасына дейінгі ба­лаларды барынша көптеп тар­туды тапсырған Н.Назарбаев универ­ситеттердегі білім беру сапасын көтеру мен мемлекеттік білім беру гранттарын тиімді таратуға тоқталды. Өз кезегінде А.Сәрінжіпов «Балапан» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына сәйкес, үйде отырған балалардың 80 пайызы қамтылғанын жеткізді. Сонымен қатар алдағы үш жылда барлық аймақтардағы үш ауысымдық білім беру мен апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешу қарастырылып жатқан көрінеді: «Халық көп шоғырланған екі облыста – Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында атал­ған проблема 2017 жылы шеші­леді». Алайда, министрдің сө­зіне қанағаттанбайтындар да бар. Мысалы, соңғы кездері Минис­трлер кабинетін жиі сынап жүрген Мәжіліс депутаты Дариға Назар­баева: «2000 жылдан бері білім мен ғылым саласында 7 министр ауысыпты. Әрқайсысы өз жұмысын аса кең ауқымдағы рефор­малардан бастаған. Олар­дың ешқайсысы соңына дейін жеткі­зілмеді. Аталған салаға бөлі­нетін орасан зор көлемдегі қара­жаттан айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Мен де басқалар сияқты «Білім саласын жайына қал­дырыңдар, реформалардан ендігі жүрек айниды», – дегім келеді. Бірақ Қазақстан білім беру саласындағы реформалардан әзірге бас тарта алмайды». 

Реформаға қатысты тағы бір жаңалық: бастауыш сыныпта оқитын балаларға информатика пәні енгізілетін көрінеді. Бұл хабар­ды да сын тезіне алған депутат­тар мен ұстаздар қауымы оқу бағдарламасы онсыз да оқушы­ларға ауыр тиетінін, сон­дықтан қосымша жүк бер­меу керектігін жеткізді. Мұғалім­дердің айтуынша, бастауыш сыныптарға арналған жаңа жобада балалардың денсаулығына зиян тигізетін тұстары да көп көрінеді. Тағы бір түйткіл – біраз уақыттан бері қоғамда қызу пікірталас тудырған он екі жылдық білім беру мәселесі. Халық қалаулылары мен оқытушылар қауымы халықаралық стан­дарт­тарды көлденең тартуға құмар шенеуніктерді алды­мен отандық білім беру сала­сын­дағы ерекшеліктер мен айыр­машылықтарды ескеру қажеттігін жет­кізді. 

Бүгінде мектептердегі бас­тау­ыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қатысты проб­лема да күн тәртібіне шық­қан. Тендер арқылы жеңіп алатындардың тамақ сапасына көңіл бөлмейтінін, балалардың тоя тамақ жемейтіні де сын­ға ұшыраған мәселелер қата­рын­да. Енді 2014 жылдың 1 шілде­сінен бастап оқушылардың тамақтануына тендердегі баға нормалары көрсетілмейтін болды. Қазір әр балаға тиесілі қаражат 160 теңгенің шамасында. Егер жаңа заң жобасы қабылданса, 2014-2015 оқу жылында балалар қарындары тоя тамақ ішетін болады. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button