РЕФОРМАДАН САНСЫРАҒАН БІЛІМ САЛАСЫ
РЕФОРМАДАН САНСЫРАҒАН БІЛІМ САЛАСЫ
Сейсенбі күні білім саласындағы түйткілдерді күн тәртібіне шығарған Елбасы министр Асланбек Сәрінжіповке білім беру сапасын жақсарту, жоғары оқу орындарының қиындықтары, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету, апатты жағдайда тұрған мектептерді қалпына келтіру, жаңа нысандар салу, бюджеттен бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануды тапсырды.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен ҚР Білім министрі Асланбек Сәрінжіпов Елбасыға отандық білім саласындағы мәселелер жайлы баяндады. Мемлекет басшысы білім және ғылым саласын дамыту мақсатында биыл бюджеттен 1,5 трлн. теңге бөлінгенін айтты. «Бүгінде мектептерде оқушыларға орын жетіспейді, апатты жағдайда тұрған мектептер бар, балалар үш ауысыммен оқиды», – деген Н.Назарбаев халық қазынасынан бөлінетін қаражатты нысандардың құрылысына, сондай-ақ, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілік шеңберіндегі қаржыны тиімді пайдалану керектігін ескертті. «Шығыс Қазақстан облысында 52 апатты мектеп бар. Соған қарамастан, 2013 жылы осы аймақта 1,5 млрд. теңгеге Бокс пен күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында 48 апатты мектеп есепке алынған. Бірақ бюджеттен тыс және жергілікті бюджеттен 2012-2013 жылдары 500 млн. теңге Салтанат сарайын салу үшін жұмсалған. Қызылорда облысында 25 апатты мектеп тізімде тұрғанмен, былтыр Мұз алаңын салуға 1,3 млрд. теңге шығын шыққан. Аталған нысандардың барлығы да халық үшін қажетті. Алайда, қайсысы маңызды, қайсысына басымдық берілуі тиіс деген мәселенің басын ашып алу керек. Ең алдымен апатты мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымдық білім беруді жою қажет», – деп мәлімдеген Елбасы жоғары оқу орындарына қатысты түйткілдерді де назардан тыс қалдырмады. Университеттердің дербестігі туралы айтқан ол: «Білім беру бағдарламалары, кәсіби біліктілікті көтеру, білім сапасы, сабақ беруге профессорлық-оқытушылық құрамды тартуда дербестік болуы мүмкін. Бірақ кейбіреулер дербестікті жоғары оқу орындарының өз бетінше білгенін істеуі, ректорлардың орнынан мызғымауы, келешекте жоғары оқу орындары жекеменшікке өткізілуі мүмкін деп ойлайды. Осыған байланысты жоғары оқу орындарына қатысты дербестікті нақты анықтау үшін мақсаттар, міндеттер мен талаптарды айқындап алу керек», – деді.
Президент еліміздегі компаниялар мен кәсіпорындарды жас мамандарды дайындауға үлес қосуға шақырды. Ол үшін еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйенген абзал. Біліммен қатар ғылым саласына да айтарлықтай назар аударуды тапсырған ол ғылыми кеңестердің жұмыстарын жетілдіру, олар қабылдайтын шешімдердің шынайы да әділ болуын қамтамасыз етуге пәрмен берді.
Мемлекеттің келешегі – жас буынның көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін жан-жақты әрі кең ауқымда сауат ашуы маңызды. Сол үшін мектеп жасына дейінгі балаларды барынша көптеп тартуды тапсырған Н.Назарбаев университеттердегі білім беру сапасын көтеру мен мемлекеттік білім беру гранттарын тиімді таратуға тоқталды. Өз кезегінде А.Сәрінжіпов «Балапан» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына сәйкес, үйде отырған балалардың 80 пайызы қамтылғанын жеткізді. Сонымен қатар алдағы үш жылда барлық аймақтардағы үш ауысымдық білім беру мен апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешу қарастырылып жатқан көрінеді: «Халық көп шоғырланған екі облыста – Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында аталған проблема 2017 жылы шешіледі». Алайда, министрдің сөзіне қанағаттанбайтындар да бар. Мысалы, соңғы кездері Министрлер кабинетін жиі сынап жүрген Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «2000 жылдан бері білім мен ғылым саласында 7 министр ауысыпты. Әрқайсысы өз жұмысын аса кең ауқымдағы реформалардан бастаған. Олардың ешқайсысы соңына дейін жеткізілмеді. Аталған салаға бөлінетін орасан зор көлемдегі қаражаттан айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Мен де басқалар сияқты «Білім саласын жайына қалдырыңдар, реформалардан ендігі жүрек айниды», – дегім келеді. Бірақ Қазақстан білім беру саласындағы реформалардан әзірге бас тарта алмайды».
Реформаға қатысты тағы бір жаңалық: бастауыш сыныпта оқитын балаларға информатика пәні енгізілетін көрінеді. Бұл хабарды да сын тезіне алған депутаттар мен ұстаздар қауымы оқу бағдарламасы онсыз да оқушыларға ауыр тиетінін, сондықтан қосымша жүк бермеу керектігін жеткізді. Мұғалімдердің айтуынша, бастауыш сыныптарға арналған жаңа жобада балалардың денсаулығына зиян тигізетін тұстары да көп көрінеді. Тағы бір түйткіл – біраз уақыттан бері қоғамда қызу пікірталас тудырған он екі жылдық білім беру мәселесі. Халық қалаулылары мен оқытушылар қауымы халықаралық стандарттарды көлденең тартуға құмар шенеуніктерді алдымен отандық білім беру саласындағы ерекшеліктер мен айырмашылықтарды ескеру қажеттігін жеткізді.
Бүгінде мектептердегі бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қатысты проблема да күн тәртібіне шыққан. Тендер арқылы жеңіп алатындардың тамақ сапасына көңіл бөлмейтінін, балалардың тоя тамақ жемейтіні де сынға ұшыраған мәселелер қатарында. Енді 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап оқушылардың тамақтануына тендердегі баға нормалары көрсетілмейтін болды. Қазір әр балаға тиесілі қаражат 160 теңгенің шамасында. Егер жаңа заң жобасы қабылданса, 2014-2015 оқу жылында балалар қарындары тоя тамақ ішетін болады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ